Ақтау порты рекордтық көрсеткішке жетті
Ақтау порты рекордтық көрсеткішке жетті
Ақтау порты Иран бағдарына жүк өткізуде рекордтық көрсеткішке жетті деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Тамызда Ақтау портынан соңғы бірнеше жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 50% артық жүк жөнелтілді. Оның ішінде Иран Ислам республикасы бағдарына 159 мың тонна металл өнімдері жіберілді. Бұрын орташа айлық көрсеткіш 100 мың тоннаны құрайтын. 2016 жылғы тамыз айында тәулігіне 6700 тонна жүк жөнелтілді, бұрын бұл көрсеткіш 4000 тоннадан аспайтын. Мұндай көрсеткіш соңғы төрт жылда болмаған. Мұндай жетістікке көлікпен тасымалдау үдерісіне қатысатын компаниялар кооперациясының порттағы кәсіпорындармен ынтымақтастығы нәтижесінде қол жеткізді.
Қазіргі таңда Ақтау портында түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Оның ішінде өз қызметінде барынша жариялылықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге кірісуде. Өндіріске енгізілген жаңаша өзгерістер порттың құрылымына да қатысты. Онда порттың дәстүрлі қызметіндегі Ережелер мен тәртіптері түзілімдемесі, порт аумағында көлік қозғалысының тәртібі, техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптары қатаңдатылған.