Алматыдағы модульді госпиталь құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңгенің 4 млрд теңгесі ұрланған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматыдағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру туралы қылмыстық іс тергеліп жатқанын растады, деп хабарлайды Informburo.kz

«16 қаңтарда департамент 280 төсек-орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 189-бабы, 4-бөлігі – «аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» бойынша жүргізіледі. Толық ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің хабарламасында.

Бұған дейін «Время» газетінің журналисі Михаил Козачков өзінің Telegram-каналында Алматыда ковидтік госпиталь құрылысы кезіндегі ұрлыққа қатысты қылмыстық іс туралы хабарлама жариялаған болатын.

«Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа және «Bi-Industrial» ЖШС директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу тіркелді, олар 2020 жылдың сәуір айында Алматыда коронавирустың таралуын азайту шараларын күшейту үшін 280 төсек-орынға арналған модульді инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңгенің 3,9 млрд теңгесін ұрлады», – делінген хабарламада.

Михаил Козачков жариялаған ақпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте теріске шығарылған жоқ және расталмады ма, бірақ сапар Нұрашевтің ұсталуы жоққа шығарылды.

Айта кетейік, Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының модульді госпиталі Алматыда 2020 жылдың сәуір айында 18 күн ішінде салынды. Бұған дейін хабарланғандай, оны салуға 5,5 млрд теңге жұмсалды.

Back to top button