Шыңғыс хан жайлы шындық
Шыңғыс хан жайлы шындық
Белгілі бауыржантанушы, филология ғылымының кандидаты Мамытбек Қалдыбай Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың «Шыңғыз хан» кітабы туралы пікір білдірді.
Әр елдің терең тамыры мен бай тарихы барын көзіқарақты жандардың бәрі мойындайды. Мойындау бар да, оны нақты білу тағы бар десек, түрлі бұрмалаушылықтың кесірінен кешеге дейін халқымыздың қайдан және қашан шыққан тарихын дәл біле алмай, сорлап келгеніміз жасырын емес. Бұл қасіретті «Жалын» журналында жарияланған жазушы Нұрғали Рахаевтың «Тайгадағы кездесу»(№12, 2020 ж,8 б) шығармасындағы ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев пен даңқты қолбасшымыз Бауыржан Момышұылының төмендегі диалогінен терең пайымдай түстік. «Бауыржан:
– Мағжан аға, қазақ ханы Әбілхайырдың орыс патшасына ерікті түрде қосылғаны туралы келісім шартты ойдан құрастырып, патшаның «өзі жазған» деген сөз қауесет емес, шындыққа жақын секілді көрінеді маған...
– Бұл таза ақиқи шындық. – діні мен ділі бөлектердің қашанда бір ені ішінде болады. Түркістан туралы тарихи дастан жазбақ болып біраз мұрағат ақтардым, бірақ үлгере алмадым. Үлгертпеді.
– Ұлтшыл «пантюркист» атағын алып берген атақты «Түркістан» деген өлеңіңіз бар емес пе?
– Бар. Ол әншейін кіріспесі ғана болатын. Ақын достарым (мәскеулік М. Қ.) мен Горкийдің жәрдемімен құпия мұрағаттарды ақтарып отырып, адам сенгісіз жәдігерлерге жолықтым. Моңғолдар иеленіп жүрген Шыңғыс хан – біздің төл бабамыз. Қият руынан. Анасы да, әйелі де – Қоңырат. Шыңғыс ханды қазаққа жолатпай, халқының саны аз моңғолға тели салу алпауыт екі көршіміз үшін тиімді еді. Ол мақсатына жетті де. Қазаққа енді Шыңғыс ханды қайтарып алу көп күшке түседі».
Ұзақтау бұл үзіндіні көздеген мақсатымызға қызмет ететін болғандықтан әдейі таңдап алдық. Оны оқырманымыздың іші сезер деген ойдамыз.
Мың бір тәубе, «шын тарихқа қашан қол жеткізе алармыз» деп Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, т. б. бабаларымыз армандаған азаттың таңы атты. Жан-жағымызға жалтақтамай, еркін тыныстап, жоғымызды түгендеудің жолына түстік. Бұл бағытта біраз ауыз толтырып айтар нәтижелерге қол жеткіздік.Әсіресе, тұңғыш Президентіміз - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» деген бағдарламасы аясында талай бұрмалаушылықтар мен әділетсіздіктердің сыры ашылып, тарихи шындықты қалпына келтіруге талпынған сүбелі еңбектер жарық көре бастады. Сондай айтулы еңбектің бірі – саясат ғылымдарының докторы Ержан Бекбауұлы Исақұлов пен Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түркітану» ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлы Оразбайдың «Шыңғыз хан» (Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020 ) атты ғылыми-танымдық кітабын бөле-жара атар едік.