Шыңғыс хан жайлы шындық

Шыңғыс хан жайлы шындық

Шыңғыс хан жайлы шындық
ашық дереккөзі
Белгілі бауыржантанушы, филология ғылымының кандидаты Мамытбек Қалдыбай Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың «Шыңғыз хан» кітабы туралы пікір білдірді. Әр елдің терең тамыры мен бай тарихы барын көзіқарақты жандардың бәрі мойындайды. Мойындау бар да, оны  нақты білу тағы бар десек, түрлі бұрмалаушылықтың кесірінен кешеге дейін халқымыздың қайдан және қашан шыққан тарихын  дәл біле алмай, сорлап келгеніміз жасырын емес. Бұл қасіретті «Жалын» журналында жарияланған жазушы  Нұрғали Рахаевтың «Тайгадағы кездесу»(№12, 2020 ж,8 б) шығармасындағы ақиық ақынымыз Мағжан Жұмабаев пен даңқты қолбасшымыз Бауыржан Момышұылының төмендегі диалогінен терең пайымдай түстік. «Бауыржан: – Мағжан аға, қазақ ханы Әбілхайырдың орыс патшасына ерікті түрде  қосылғаны туралы келісім шартты ойдан құрастырып,  патшаның «өзі жазған» деген сөз қауесет емес, шындыққа жақын секілді көрінеді маған... – Бұл таза ақиқи шындық. – діні мен ділі бөлектердің қашанда  бір ені ішінде болады.  Түркістан туралы тарихи дастан жазбақ болып біраз мұрағат ақтардым, бірақ үлгере алмадым. Үлгертпеді. – Ұлтшыл «пантюркист» атағын алып берген атақты «Түркістан» деген өлеңіңіз бар емес пе? – Бар. Ол әншейін  кіріспесі ғана болатын. Ақын достарым (мәскеулік М. Қ.) мен Горкийдің жәрдемімен құпия мұрағаттарды ақтарып отырып, адам сенгісіз жәдігерлерге жолықтым. Моңғолдар иеленіп жүрген Шыңғыс хан – біздің төл бабамыз. Қият руынан. Анасы да, әйелі де – Қоңырат. Шыңғыс ханды қазаққа жолатпай, халқының саны аз моңғолға  тели салу алпауыт екі көршіміз үшін тиімді еді. Ол мақсатына жетті де.  Қазаққа енді Шыңғыс ханды қайтарып алу көп күшке түседі». Ұзақтау бұл үзіндіні көздеген мақсатымызға қызмет ететін болғандықтан әдейі таңдап алдық. Оны оқырманымыздың іші  сезер деген ойдамыз. Мың бір тәубе, «шын тарихқа қашан қол жеткізе алармыз» деп Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, т. б. бабаларымыз армандаған азаттың таңы атты.  Жан-жағымызға жалтақтамай, еркін тыныстап, жоғымызды түгендеудің жолына түстік. Бұл бағытта біраз ауыз толтырып айтар нәтижелерге қол жеткіздік.Әсіресе, тұңғыш Президентіміз ­- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру» деген бағдарламасы аясында талай бұрмалаушылықтар мен әділетсіздіктердің сыры ашылып,  тарихи шындықты қалпына  келтіруге талпынған сүбелі еңбектер жарық көре бастады. Сондай айтулы еңбектің бірі – ­ саясат ғылымдарының докторы Ержан Бекбауұлы Исақұлов пен  Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Түркітану» ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Жұманұлы Оразбайдың «Шыңғыз хан» (Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020 ­) атты ғылыми-танымдық кітабын бөле-жара атар едік.  width= Аталған ғалымдар,   2018-2019  жылдары Халықаралық Түркі акдемиясында жарық көріп, оқырман қолына тиген Рашид ад-дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарихы» («Тарихтар жинағы») мен Шараф ад- дин Али Йаздидің «Зафар нама» («Әлемді жеңіп алушының тарихы») атты кітаптарындағы деректерге сүйеніп, тарихымыздың бұрмалану себептері мен сырларын бұлтартпас деректерге сілтеме жасау арқылы ғылым талабына сай  дәлелдеген. Сондықтан,бұл талпынысты аса құптарлық қасиетті іс деп санаймыз. Авторлардың тайпалар мен ру-ұлыстардың шығу тегін,  олардың мекен жайлары мен жер-су аттарын, тыныс-тіршілігін, даму жолдарын, өмір сүрудегі салт-дәстүрлерін жүйелі түрде, нақты деректер негізінде дәлелдеп, түрлі түсініктер берудегі ғылыми ізденістері көңілімізге сенім мен үміт отын жақты. Кітап әркімнің қызығушылығын тудырары сөзсіз,  қарапайым жандарға да түсінікті тілде жазылған. «Жамиғ ат-тауарихтың» француз, ағылшын, орыс және қытай тілдеріне аударылған нұсқаларын салыстырып, олардың бір-біріне ұқсамайтынын, араларында үлкен айырмашылықтар барын, әрқайсысының әртүрлі нұсқалардан шалағай, атүсті, жауапсыз  аударылғанын анықтап, 1994 жылы Иранда жарық көрген «Жамиғ  ат-тауарихтың» дәл көшірмесін қазақ тілінде сөйлетіп,  нақты   дереккөзге арқа сүйеп, жер-су аттарына,  әралуан сөздерге, әсіресе «мұғул» сөзіне нақты түсініктемелер беруден бастауын сәтті қадам деп білеміз. Авторлар жоғарыда аталған екі  кітаптың  орысшаға аударылған нұсқасында көп қателіктер мен бұрмалауға жол берілгенін, соның салдарынан  «мұғул» сөзі «моңғол» делініп, Шыңғыз хан мен оның ұрпақтарының  тегі «моңғол» болып кеткен себебін нақты дереккөздер арқылы  ашқан. Мұны  тарихымыздың үлкен жеңісі деп бағаладық.Бұл шын мәнінде  көңіліміздегі тұманды, күмәнді ойларымызды  сейілтті. Шыңғыз ханның түркілердің ішінен шыққанына күмәнданып, кешегі күнге дейін екі ойлы  болып, бір-бірімізбен таласып келгеніміз, әрине, өте өкінішті. Зерттеу барысында авторлар бәріміздің екі ойлы болмауымыз үшін  Алатау мен Қаратаудың  бір-бірімен ұштасатын тұсы  Түркібас деп аталғаны, ол түркілердің  ең алғашқы ата қонысы  болғаны, Түркі сөзі  сол жердегі олардың тегінің атауына айналғаны, бүгінгі Түлкібас ауданы бұрын Түркібас  деп аталғаны, ол атаудың кезінде қолдан өзгертілгені  туралы келтірілген дәлелдер де көңілге қонады. Алатау мен Қаратау аралығы  бүкіл түркі халықтарының қара шаңырағы, алтын бесігі, құтты ата қонысы болған,   кейіннен өсіп-өніп, көбейе келе түркілер басқа жаққа жылжи көшіп, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Алтай аймағын  мекен еткен деген тұжырымдарының да бұлтартпас ғылыми негізі, қалқан болар нақты дереккөздері бар. Зерттеушілер Шыңғыз хан мен оның ата-бабасының қазіргі Шығыс Қазақстан облысында өмір сүргенін жан-жақты дәлелдеген.Шыңғыз ханның ата-бабасы мен әулетіне дейін «моңғол» болып аталып кеткенінің басты себебін-жер мен су аттарының бұрмаланғандығына байланысты  екенін дәл анықтаған. Олар, Рашид ад-дин Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих»  пен Шараф ад-дин Али Йазидің «Зафарнама» кітаптарында Қара Ертіс деген атау кездеспейтінін,  Шыңғыз хан дәуірінде ол Қилураң деп аталғанын, қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтарма,Қара Ертіс,Күршім,Нарын(көне заманда Бұқтарма- Ұнан,  Қара Ертіс – Қилураң,  Күршім – Туғла және Нарын- Өрқұн деп аталған-М.Қ.) атты өзендердің аттары ешбір негізсіз бүгінгі Моңғолия жеріндегі өзендердің атауларына ауыстырылғаны туралы деректерді келтірген.Сондай, бұрмалаулардың іздерін авторлар көне шетел және Ресей карталары мен кітаптарынан іздеп тауып,оларды кітап беттерінде дәлме-дәл көрсеткен.Солардың ішіндегі айырықшасы - Ф.Л. Гюссфельдтің 1786 жылы  Нюрнбергте шыққан «Карта Российской империи и Великой Татарии» деген картасы. Ол картада «онон» және тағы басқа көптеген атауларды қолмен баттитып жазғаны, әсіресе ол картаның электрондық нұсқасында  анық көрінеді. Осындай қолдан жасалған өзгерістердің нәтижесінде -Шыңғыз ханның  шыққан тегі «моңғол» деген жалған ұғым қалыптасқан деген  авторлық тұжырымдар да ешқандай талас тудырмайды. Қос автордың Шыңғыс ханның «моңғол» емес, түркілердің мұғул тармағынан  шыққанына көз жеткізер тағы бір құнды дерегі – мұғулдардың өз ата-бабасының шежіресін сақтай білгендігі туралы «Жамиғ ат-тауарихтан» алынып келтірілген дәлелдер. Оның сыры мұғулдар әр балаға шыққан тегін, руластарының кімдер екенін айтып, жаттатып, түсіндіріп отырған,сондықтан,мұғулдардың ішінде  өздерінің ата-бабасы мен руының шежіресін білмейтін  бірде бір адам болмаған деген дерек әр қазаққа түсінікті ұғым екендігі белгілі. Авторлардың тағы бір жетістігі  деп  ғасырдан ғасырға мұғулдар мен түркілер тарихының анық мұғул тілінде жазылғанын Мұхаммед Хайдар Дулатидың  «Тарихи Рашиди»( 103-104 беттер)  кітабына сілтеме жасай отырып  дәлелдегенін айтар едік.  Біздіңше, олардың тұжырымдары ғылыми тұрғыдан ешқандай талас тудырмайды. Себебі, келтірілген дереккөздердің, оқиғалардың бәрі  сол дәуірдегі жазылған еңбектерде бар, керек десеңіз ол еңбектердің жылы, беті сілтемелер  арқылы нақты көрсетілген.Авторлардың: «Ата-бабаларымыздың  кейінгі ғасырларда  бұрмаланған тарихы  оқырманның жадына әбден сіңіп кеткендіктен олар қазіргі уақытта кез келген  тың деректерге күмәнмен қарайтын, ал шынайы тарихты аңыз деп қабылдайтын жағдайға жеткен» («Шыңғыз хан», 15 бет) деген ескертулері орынды әрі шындық. Біздің  бүгінгі рухани өмірімізде Шыңғыз ханды Жалайыр, Адай, Найман  екен деген әртүрлі алыпқашпа сөз айтылып жүргені баршамызға мәлім.  Оған әр тарап өкілдері  «Пәленше пәлен, түгенше түген деген» тәрізді ауызекі сөздермен көңілдерін жұбататын. Ғылым, тарих мұндай көпірме, көбік сөзді ешуақытта мойындаған емес. Мойындау үшін нақты дереккөзі керек. Мұны мұқият ескерген авторларымыз түркі халықтарының  қалай пайда болғанын, олардың руларға, тайпаларға бөліну тарихына назар аударудан бастап, мұғулдардың ішінен кейін  қазақ халқының құрамына кірген рулардың   тарихын аса ұқыптылықпен зерттеген. Мұғул ханның алғаш Алатау мен Қаратау бауырайында Мұғулстан мемлекеті іргесін қалағанын, мұғулдардың өз жазуы болғанын авторлар Шараф ад-дин Али Йаздидің кітабында жазылған деректерге («Зафарнама», 46 бет) сүйене тұжырым жасаған. Мұғул сөзі  алғашында «мың ұл»  деп аталғанын, кейін ол сөз «мұңды бейшара, ақкөңіл, ақжарқын, кішіпейіл» деген мағынаны иеленгенін,  «қиян» сөзі мұғул тілінде  қият, қият «қиянның» көпше түрі екенін түсіндіре келіп,  сай-сала, шатқалдар мен тар жартастарды мекен еткен мұғулдар темір кенін ашып, 70 сиыр мен жылқының терісінен көрік жасағанын, оны балқытып, жазыққа жол тауып,  Жетісу, Шығыс Қазақстан, Алтай аймағына дейін қоныс аударғанын авторлар жоғарыдағы аталмыш екі кітап деректері негізінде оқырман назарына ұсынып, өзімізше ой қорытуымызға көмектескен. Шыңғыз ханның қият руынан екені ежелден белгілі. Мұны оның әулетінің  жаңа жыл келер түні көріктер мен темір балқытатын ошақтарды,  көмірді, ағашты дайындап, біраз темірді балқытып, төске қойып, балғамен ұрып, созылдырып, шүкіршілік еткендеріне дейін ғалымдардың көңіл бөлуі жай емес. «Зафарнама» атты кітаптың авторы  Шараф ад-дин Али Йаздидің  жазуы бойынша әлем билеушісі Шыңғыс хан мен оның  туысы Әмір Темірдің аталары бір екенін білгеніміз бізге тосын жаңалықтай сезілді.  Тумбине ханның Қабыл мен Қажыулы деген егіз ұлдары болған екен. Қабыл – Шыңғыз ханның үшінші атасы, Қажулы – Әмір Темірдің сегізінші атасы .Олардың түркілердің мұғул тармағығынан тараған шежіресін қос автор  терең зерттеп, бұлтартпас дереккөздермен тиянақтаған. Олар «Шыңғыз хан» кітабын жазуда көп ізденген, көп еңбектенген. Ғылыми тұжырымдамаларында қажет деген деректерді, көне карталарды қайдан алғаны туралы сілтемелер жасап, өз мақсаттарына  орынды пайдаланған,  оқырман көңілінде күдік қалмас үшін қажетті, тарихи мәні терең,ғылыми түсініктемелер беріп отырған. «Шыңғыз хан» кітабының айрықша айтар құндылығы мен маңыздылығы,онда адамзат баласы мен жекелеген қауымдар, тайпалар тарихына да қысқаша шолулар жасалғанына байланысты дер едік. Бұдан өзге де рулар арасындағы билік үшін талас, қанды шайқас туралы да құнды деректер бар. Олардың бәріне жеке-жеке тоқталу мүмкін  әрі қажет те емес деп білдік. Тек бір маңызды мәселеге арнайы тоқтала кеткенді жөн көрдік. Аталмыш екі кітапта белгілі болған деректерді  мұқият қарап шыққан авторлар мұғулдардың қанша рулар мен тармақтардан тұратынына,  әр рудың мінез-құлықтары  мен әдет-ғұрыптары қандай болғанына, олардың мекен жайларына дейін  жазылып қойылғанына  мән беріп, мұғулдардың сайыпқыран, ержүрек, батыр екендеріне дәлел ретінде олардан қытай патшаларының үнемі үрейленіп, жойқын шабуылынан сақтану үшін бір ұшы Қара муран (қазіргі Хуанхэ деп аталатын өзеннің бұрынғы аты), екінші ұшы Журша жұртының шекарасындағы теңізге дейін (қазіргі Сары теңіз) қорған тұрғызғанын дәлел ретінде  келтіргеніне сүйсіндік. «Шыңғыз хан» туралы кітапты оқып шыққандағы ой-пікірімізді қорыта айтсақ, Е. Исақұлов пен З. Оразбайдың бұл көлемді еңбегін рухани өміріміздегі айтулы жаңалық деуімізге әбден болады. Авторлар өзіміздің туған тарихымызға деген көзқарасымызды, жан дүниемізды жаңартып, түйсік-түсінігімізді толықтыра түсті,  сенім мен үміт сыйлады. Осы үшін авторларға ақ ниетімізден алғыс айтымыз.