Жаңалықтар

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

ашық дереккөзі

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Өтіп бара жатқан апта ішінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен және Мәжіліс депутаттарының қолдауымен еліміздің Премьер-Министрі қызметіне Асқар Мамин қайта тағайындалды. Сонымен қатар 7-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің спикері лауазымына Нұрлан Нығматулин сайланды. Мұнан бөлек, төменгі палатаның 7 тұрақты комитетінің төрағалары да қызметтеріне кірісті. Сонымен Асқар Мамин 1965 жылы Целиноград қаласында дүниеге келген. Целиноград инженер құрылысы институтын, Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын инженер-құрылысшы, экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтаждаушы болып бастаған. 1996–2008 жылдар аралығында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, көлік және коммуникациялар вице-министрі, индустрия және сауда бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар министрі, Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2008 жылғы сәуірден бастап — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті. 2016 жылғы 9 қыркүйектен бастап — ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары. 2019 жылғы 25 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен (1998), «Құрмет» орденімен (2006), екінші дәрежелі «Барыс» орденімен (2011), Әулие князь Мәскеулік Даниилдің үшінші деңгейлі орденімен (2010), Француз Республикасының Құрметті Легионы (2013) және Латвия Республикасының «Таным кресті» екінші деңгейлі орденімен (2013), Испания Корольдігінің «Азаматтық еңбегі үшін» бірінші деңгейлі орденімен (2014) марапатталған. Астана қаласының құрметті азаматы (2011), Құрметті теміржолшы (2012), Қазақстанның құрметті құрылысшысы (2013). Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин 1962 жылы Қарағандыда туған. Қарағанды политехникалық институтын бітірген. Саяси ғылымдарының докторы. Институтты бітіргеннен кейін «Қарағандыоблгаз» өндірістік бірлестігі автоколоннасының инженері, бастығы болып жұмыс істеген. 1985-1990 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Ленин аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы. 1990-1993 жылдары – Қазақстан жастар ұйымдары комитетінің төрағасы. 1993-1995 жылдары – «Тенгри» қазақ-американ бірлескен кәсіпорынның президенті. 1995-1999 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1999-2002 жылдары – Астана қаласы әкімінің орынбасары. 2002-2004 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі. 2004-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары. 2006-2009 жылдар аралығында – Қарағанды облысының әкімі. 2009-2012 жылдар аралығында – «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. 2012 жылғы 20 қаңтар – 2014 жылғы 3 сәуір аралығында бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі. 2014 жылғы 3 сәуір – 2016 жылғы 21 маусым аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметін атқарды. 2016 жылғы 22 маусымнан бастап алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып бірауыздан сайланды, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. 2019 жылғы 22 тамызынан - «NurOtan» партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі. «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Құрмет», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған. Ал Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетіне парламенттік оппозициядан Ерлан Барлыбаев, («Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы), Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне Жәмила Нұрманбетова, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне Қанат Мусин, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне Айгүл Құспан, Қаржы және бюджет комитетіне Марат Құсайынов, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне Альберт Рау, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне парламенттік оппозициядан Александр Милютин (Қазақстан халық партиясы) төраға болып сайланды. Сондай-ақ осы аптада Юрий Залыгин Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып тағайындалды. Юрий Залыгиннің екі жоғары білімі бар. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «гигиенист-эпидемиолог дәрігер» мамандығы бойынша, Қазақстан-Ресей университетін «экономика бакалавры» біліктілігі бойынша бітірген. Санитарлық қызметте 2001 жылдың шілдесінен бастап жұмыс істейді. Жезқазған мен Теміртауда түрлі лауазымдарда еңбек етті. Жезқазған қаласы бойынша Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасын, Жезқазған қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасын басқарды. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау, қоғамдық денсаулық сақтау, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері басшысының орынбасары болды. 2020 жылғы қарашадан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Қарағанды облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Қостанай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы болып Ермұханбет Дәулетбаев тағайындалды. Ермұханбет Дәулетбаев өңірдің бас санитар дәрігері қызметін де қоса атқарады. Ол Қарабалық ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы болған. Қызылорда облыстық экология департаментіне жаңа басшы келді. Бұл қызметке Нұржан Өмірсерікұлы тағайындалды. Нұржан Өмірсерікұлы 1985 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық және Қазақ гуманитарлық заң университеттерін бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы Қызылорда қалалық қаржы бөлімінде есепші болып бастаған. Кейінгі жылдары облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің жетекші маманы, ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі, Қызылорда облысы бойынша Тексеру комиссиясы ұйымдастыру-құқықтық бөлімінің басшысы, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы секілді жауапты қызмет атқарған. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың өкімімен Инвестициялар және туризмді дамыту басқармасының басшысы болып Венера Мұстапаева тағайындалды Венера Мұстапаева  1966 жылы туған. Білімі жоғары. «Қаржы және несие», «Теміржол көлігімен тасымалында үрдістерді басқару» мамандықтары бойынша жоғары білім алған. 1993 жылы Маңғыстау облыстық Қаржы басқармасының акционерлік қоғамдарын, шаруашылық жүргізуші субъектілерін және компанияларды тіркеу бойынша жетекші маман болып жұмыс істеген. 2013 жылға дейін Кәсіпкерлік басқармасында әртүрлі лауазымдарды атқарды. 2013 - 2015 жылдар аралығында Кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары болды. 2015 жылдан бері Маңғыстау облысы Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы қызметін атқарып келді. Мемлекет басшысының өкімімен Бақытжан Темірболат «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды. Бақытжан Берікбайұлы Темірболат 1972 жылғы 10 желтоқсанда дүниеге келген. 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек өтілі: – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында ғылыми қызметкер (1998-2000); – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жұмысқа шақырылып, Ішкі саясат бөлімінде, Ақпараттық-талдау орталығында консультант, бас сарапшы, сектор меңгерушісі лауазымдарында қызмет етті (2000-2006); – Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығында бас инспектор (2006-2007); – Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының орынбасары (2007-2018); – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі (2018-20.03.2019); – Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының уақытша міндетін атқарушы (20.03.2019-07.2019); – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы (07.2019 ж). Соңғы қызметінен 2020 жылғы 28 желтоқсанда босатылған еді. ҚР Парламенті Сенатының баспасөз хатшысы қызметіне Данияр Рамазанов тағайындалды. Данияр Рамазанов М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Ұлыбританиядағы Глазго, Кардифф университеттерінде білімін шыңдаған. Әр жылдары «Қазақстан» РТРК» Батыс Қазақстан облыстық филиалының тілшісі, «Хабар-24» телеарнасының тілшісі, халықаралық ақпараттар бөлімінің бас редакторы, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің баспасөз хатшысы болып еңбек еткен.