Мен сендердің жалғыз тал бүршігіңмін

Мен сендердің жалғыз тал бүршігіңмін

Мен сендердің жалғыз тал бүршігіңмін
ашық дереккөзі
Тірісінде кітабын шығара алмай кеткен ұстаз-ақынның арманын жерлестері орындады Ауылда жүріп-ақ айлы түнмен сырласып, жарық күнге жыр арнап өткен талай ақынның әдеби ортаға жете алмай, жазған жырлары сандықта қалып кететін жағдайлар аз емес. Өлеңге өмірін арнаймын деген қайсы адамның айтқаны болып жатыр, кейбірі өлең қуып туған жерден ертерек шығып кетсе, кейбірі кіндік қаны тамған мекеннен ұзамай, өмірін өз жерінде өткізеді. Қалың қазаққа бейтаныстау болса да өзі өскен мекенге танымал, ұзақ жыл орта мектепте мұғалім болып жүріп, қаламын жанына серік еткен ұстаз-ақын Мусағали Бижанов Қарақалпақстан Республикасының Қоңырат ауданындағы Сүйіндіккөл ауылында 1942 жылы дүниеге келген еді. Нөкіс пединститутын бітірген соң Қоңырат ауданының «Көкдәрия» ауылында (бұрынғы Чапаев атындағы совхоз) мектепте ұстаздық қылды. Сол арадан зейнетке шықты. 2000 атамекеніне қоныс аударып, Алматы облысы, Қарасай ауданы Шамалған стансасына тұрақтаған болатын. Алайда ұрпақтарын тарихи отанымен қауыштырып, ойдағы бір арманы орындалған ақын көп өтпей сырқаттанып, 2009 жылы 67 жасында мезгілсіз дүние салды... Дегенмен ақынның артында лирикалық және әнге арналған өлеңдері қалды. Өткен ғасырдың 90-жылдарында Қарақалпақстандағы қазақ тілді басылым – «Достық үні» газетінде өлеңдері жарияланып тұрды. Сондай-ақ, сол тұста М.Бижановтың сөзіне жазылған композитор Жеңіс Естілеуовтің «Іңкәрлік» атты әні «Жалын» журналына нотасымен жарияланған-ды. Бұл ақынның көзі тірісінде көрген азғана қуанышы еді... Өткен жылдың соңында ақын отбасының өтінішімен оның мұрасын баспаға дайындап шығаруды қолға алған жерлестері Алматыдағы Print House Gerona баспа кешенінен Мусағали Бижановтың «Мен сендердің жалғыз тал бүршігіңмін» атты 8 баспатабақтық өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Кітапта ақынның үздік өлеңдері, махаббат лирикалары,  балаларға арналған жырлары, ән мәтіндері және арнау өлеңдері жүйеленіп берілген.  width= Жерлес ағасы, қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновке арнаған өлеңінде: Тыңда мені! Мен – ақын Төлегенмін, Жыр жолында тұтынар өнегеңмін. Тік көтеріп әкемнің шаңырағын, Тік қададым уығын керегемнің. Мен еліме елеулі Төлегенмін, Талайларды сезімге бөлегенмін. Ақындықтың азабын көп арқалап, Баспана іздеп әр жерге түнегенмін. Ақ көңілмін, аңқылдақ Төлегенмін, Алағанмын өмірге берегенмін. Қара жерге нық басып табанымды, Зеңгір көкке төбемді тірегенмін! – деп ақын монологын өлеңмен өрген Мусағали Бижановтың артында қалған азғантай жыр-мұрасы да халқының кәдесіне жарайтын еңбек. Кітапты шығаруға атсалысқан Құтмағамбет Қонысбай, Бегабат Ұзақов, Күнқожа Қайрулла секілді азаматтарға жерлестері ризалығын білдіріп жатыр.