97 алаяқ қылмыстық жауапкершілікке тартылды

«Боранды күні қасқыр құтырады» демекші, пандемия кезінде интернет арқылы алаяқтық жасап, жұртты виртуальды түрде тонағандар көбейіп кеткен.

Алаяқтықтың көбі онлайн-сауда жасағандарды қақпанға түсірген. Пандемия кезінде сұранысқа көп ие болған медициналық бетперделер мен қолғаптар, антисептиктер мен дәрі-дәрмектер, ұялы телефондар мен арзан жиһаз сатылады деген хабарламаларды әлеуметтік желілерде таратып, жеке аккаунттарда сауда жасап, жұртты алдаған. Сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамдардың банк карталарының нөмірін, паролдарын алдап қолға түсіріп, жеке шоттардан ақша ұрлаған.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, өткен жылдың екінші жартысында «OLX» және «Kolesa» хабарландыру сайттарын қолданғандар көп алданған. Алаяқтар осы сайт арқылы түрлі тауар сататынын айтып, хабарласқан адамдарға жалған сілтемелер жіберген, сөйтіп банк картасы барлардың реквизиттеріне қол жеткізген. Осы сайттарда тауар сатамын деп, алушы азаматтарға алаяқтар жеткізу қызметін де ұсынған. Ештеңеден күдіктенбеген азаматтарға сайтқа ұқсас сілтемені жіберіп, оларға анкета толтыртып,  шоттарынан ақша ұрлаған.

Сөйтіп, Нұр-Сұлтан қаласында алаяқтық жасағандар құқыққорғау органдары тарапынан ұсталып, 97 адам алаяқтық бойынша жауапкершілікке тартылып, жәбірленушілердің 100 мың теңгесі қайтарылып берілді.

Есте болатын нәрсе: банк қызметкерлері ешқашан клиенттерден банк карточкасының нөмірін, паролін, жеке мәліметтерін сұрамайды. Соған ұқсас жағдай болған кезде дереу банкке қоңырау шалу керек!

 

Back to top button