Жаңалықтар

Ағаштың заңсыз оталуына наразы топ жолды кесілген ағаштармен жауып тастады

ашық дереккөзі

Ағаштың заңсыз оталуына наразы топ жолды кесілген ағаштармен жауып тастады

Өзбекстанның Қашқадария облысы Карши қаласындағы "Буюк Турон" махалласының шамамен 200 тұрғыны 13 қаңтарда таңертең әуежайға апаратын жолды кесілген ағаштармен жауып тастады, деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.  Жергілікті халық осы әрекеті арқылы қала әкімшілігінің 12 гектар жерге егілген ағаштарды отап, оның орнына өндіріс аймағын ашу жоспарына наразы екенін білдірді. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнына келген қала басшылары наразы халыққа қысым көрсеткен. Құқық қорғау органдарының жиырмадан астам қызметкері жолды тазартып, наразы үш әйелді милиция бөліміне әкеткен. Дереккөз мәліметіне қарағанда, құқыққорғау органдарының қызметкерлері акцияға шыққандарды, олардың арасындағы үлкен кісілерге дейін балағаттаған. Оқиғаны суретке, видеоға түсірген адамдардың ұялы телефондарын тартып алған. Жергілікті тұрғындар бос жатқан жерге 100 мыңнан астам жеміс ағашые отырғызған. Соның арқасында бірнеше мың отбасы күнелтіп келген. Айта кетейік, былтыр 27 желтоқсанда "Буюк Турон" махалласының шамамен 250 тұрғыны Карши қаласында наразылық акциясын өткізіп, шамамен 20 әйел бензин құйылған бөтелке ұстап тұрған. Олар жеміс ағаштарының заңсыз оталуын тоқтатқысы келген. Биыл 12 қаңтарда жергілікті билік ағаштарды отауға кіріскен. Тұрғындар қала әкімшілігі бұл әрекетін ешқандай ресми құжатпен дәлелдей алмады деп отыр.