Рахым ОШАҚБАЕВ: Саясиландырудың жаңа кезеңі басталмақ

Рахым ОШАҚБАЕВ: Саясиландырудың жаңа кезеңі басталмақ

Рахым ОШАҚБАЕВ: Саясиландырудың жаңа кезеңі басталмақ
ашық дереккөзі
Рахым ОШАҚБАЕВ, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры: –Президент VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында жаңадан сайланған депутаттарға бірқатар маңызды міндеттерді жүктеді. Мемлекет басшысы аталған міндеттерді бұған дейін өзінің жолдауында айтқан болатын. Жалпы, өз басым депутаттар мән беруі тиіс екі мәселені ерекше атап өтер едім. Ең алдымен, бізге әлеуметтік саясатты модернизаицялау қажет. Себебі коронавирус салдарынан әлемде және Қазақстанда туындаған дағдарыс дүйім жұрттың табысының ортаюына әсер етті. Былтыр табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалды. Негізі, осыдан екі жыл бұрын халықтың әлеуметтік көмекке сұранысы үлкен болғанын білеміз. Мұның барлығы – дамытуды, модернизациялауды талап ететін әлеуметтік саясаттың элементтері. Негізі, біз тек зәру жандарға көмек көрсетуіміз керек. Былтыр 4 миллионға жуық адам бір мезетте бірыңғай жиынтық төлем алуға өтініш берген кезде мемлекеттік жүйедегі жауапты мамандар кімге берерін біле алмай, дал болғаны есімізде. Сол себепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атқара алмаған қыруар жұмыс биыл толығымен істелініп, оң нәтиже беруі тиіс. Екінші маңызды аспект, индустриалды саясат туралы заңнаманы жетілдіру қажет. 2010-2014 жылдарды қамтыған бірінші бесжылдық пен 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдықтың сәтті өткені белгілі. Бізде индустриалды саясаттың базасы қалыптасқан. Осыны ары қарай дамыту керек. Осы бесжылдықтар ішінде өнеркәсіпті қолдаудың қай құралдары тиімді, қайсысы тиімсіз болғанын зерттеп, мұның нәтижесін заңға енгізу қажет. Елімізде мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын, жаңа үкімет мүшелерін сайлау арқылы жаңа саяси цикл ашылмақ. Саясиландырудың жаңа кезеңі басталмақ. Жаңа президент, жаңа парламент, жаңа үкімет. Ендігі кезекте жаңа күшпен, жаңа серпінмен экономикалық-саяси реформаларды жүргізсек болғаны.