Алматыда үшінші теміржол вокзалын салу жоспарланып отыр

Мегаполисте Алматы-3 теміржол вокзалын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қаласының Бас жоспарын түзетуді талқылау барысында «Алматыгипрогор-1» компаниясы бас директорының орынбасары Алтай Сатыбалдиев мәлімдеді.

Бас жоспарға сәйкес, Алматы агломерациясын дамыту бойынша бірқатар ауқымды жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде:

  • Алматы-1 және Алматы-2 желісі бойынша екінші жолдарды салу;
  • Алматы-3 вокзалының құрылысы;
  • Алматы-1 – Талғар жүк-жолаушылар теміржол желісінің құрылысы;
  • Алматы-Ұзынағаш трамвай желісінің құрылысы.

Алтай Сатыбалдиевтың айтуынша, Алматы-3 вокзалының құрылысын бұған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы ұсынған болатын. Бұл ұлттық компания үшін қосымша станция жүк ағынын түсіру үшін қажет.

«Бұл құрылыс жолаушылар тасымалы үшін де маңызды. Сондықтан Саин көшесі өтіп жатқан Боралдай аумағында магистралды жолдар салуды және қаладан батыс бағытта Алматы-3 вокзалын салуды ұсынамыз. Онда станция бар, тек вокзал салу керек. Осылайша бүкіл батыс аумақтар қамтылады», – деді ол.

Теміржол торабының жалпы ұзындығы 69 шақырым. Ол торапқа Алматы-1 және Алматы-2 станцияларын қоса алғанда, тоғыз станция кіреді.

Back to top button