WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионаты ашылады

WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионаты ашылады

WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионаты ашылады
ашық дереккөзі
2016 жылдың 12 қыркүйегінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионаты ашылады. Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленгендей, жұмыс мамандықтарының әлеуетін арттыру және жалпы еңбек қоғамын қалыптастыру бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жүргізілмек. WorldSkills халықаралық қозғалысының мақсаты – техникалық мамандықтарды насихаттау, дүниежүзі бойынша кәсіби мамандар даярлау, сапасын сынау, біліктілік мәртебесін арттыру. Бүгінгі таңда ассоциацияның құрамына әлемнің 75 мемлекеті кіреді. Қазақстан WorldSkills қозғалысына 2014 жылы еніп, 2015 жылы елімізде алғаш рет ұлттық чемпионатын өткізді. Онда белгіленген 7 құзіреттілік бойынша 14 облыс және Астана, Алматы қалаларының 70-ке жуық өкілі қатысты. Ұлттық жарыстың жеңімпаздары Сан-Паулу қаласында (Бразилия) өткен 43-ші «WorldSkills Competition – 2015» әлем чемпионатына қатысып, кәсіби шеберліктерін көрсетті. Биыл өтетін ұлттық жарыстың негізгі мақсаты – мамандық иелерін әспеттеп, адамдарды кәсіп игеруге тарту. WorldSkills қозғалысы еліміздің жас мамандарын ынталандырып, әлемдік чемпионатта бақ сынауына мүмкіндік туғызбақ. WSK ұлттық чемпионаты Астана қаласында 2016 жылдың 12-15 қыркүйек аралығында өткізіледі. Биылғы бәсеке 15 құзіреттілікті қамтиды. Олар: кірпіш қалау; сылау және гипсокартонмен жұмыс істеу; малярлық және безендіру жұмыстары; плиткамен қаптау; электр-монтаждау жұмыстары; веб-дизайн; желілік және жүйелік басқару; мехатроника; дәнекерлеу жұмыстары; шаштараз ісі; мейрамхана ісі (аспаз); мейрамхана қызметі; кондитерлік іс; мектепке дейінгі тәрбие; киім үлгісі; Жарысқа еліміздің 16 өңірінен келетін 140 үміткердің біліктілігін 140 сарапшы сынамақ. Тағы бір қуантарлық жағдай – ағымдағы жылы Қазақстан, EuroSkills халықаралық ұйымына мүшелік етіп, биылғы жылдың 30-қарашасы мен 5-желтоқсаны аралығында Швецияның Гетеборг қаласында өтетін чемпионатқа жолдау алды. Бұған ел құрама командасына енген ұлттық жарыс жеңімпаздары қатысады.