Тәуелсіздік ұрпақтары ой толғайды
Тәуелсіздік ұрпақтары ой толғайды
Биыл сан ғасыр бойы армандап жеткен Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Президент
Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берді. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл мақсатта азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды. Осы орайда Túrkistan халықаралық газетіне өндірістік тәжірибеден өтуге келген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттерінің Тәуелсіздік туралы ойларын тыңдап, басылым бетіне жариялауды жөн көрдік.
Аяулым ШАХМАШОВА:
Бақытты ұрпақ екенімді түсінемін
– Маған Тәуелсіздіктің бергені көп. Ең бастысы ата-анам мені бейбіт заманда дүниеге әкелді. Мен Тәуелсіздіктің жарқыраған таңында жарық дүниенің есігін ашқаным үшін бақытты ұрпақ екенімді түсінемін!
Енді біздің ең басты мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, елге қызмет қылу. Әрине, біз әлі жаспыз, бірақ бұл алдағы уақытта еліміздің дамуына үлес қосуға кедергі емес. Елімізді көркейту үшін аянбай еңбек етеміз. Туған өлкеміздің кең байтақ Қазақстан екенін ес біліп, мектеп табалдырығын аттаған сәттен-ақ зердемізге түйіп, санамызға сіңіріп келе жатқан ұрпақпыз. Халқымыздың жағдайын бүгіннен бастап ойлануымыз қажет. Біздер егемен елдің тізгінін ұстайтын жастармыз. Елге, халыққа қызмет етіп, келешек ұрпаққа үлгі болғымыз келсе, біздер әуелі өзіміз саналы да тәрбиелі, білімді де жігерлі болуымыз керек. Сонда ғана біз шын мәнінде нағыз жаңашыр азаматқа айналамыз.
«Менің елім, менің тағдырым» деп ойлайтын әрбір азамат елінің болашақтағы тағдырын бүгіннен ойлауы қажет. Өйткені егемен еліміздің болашағы өзіміздің қолымызда.
Виктория ГОРЕЛОВА:
Қазақша сөйлегенімде бәрі таңғалатын
– Мен қазақ елінде тудым. Орыс тобында орын болмағандықтан балабақшада қазақ тобында тәрбиелендім. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, ойымды жеткізе алғандықтан ата-анам қазақ мектебіне берді. Бастауыш сыныпта қазақша сөйлегеніме бәрі таңғалып қарайтын, кейін үйреніп кетті. Қазір жанымдағы студент достарымның барлығы қазақ. Тіпті менің өзге ұлт екенімді ұмытып кетіп жататын кездері де болады. Өзім тәуелсіз елде дүниеге келгеніме қуанамын. Болашақта өз мамандығымды жан-жақты меңгере отырып, мемлекеттік тілді жетік білетін сапалы маман болғым келеді. Өзім болашақ журналист болғандықтан қазақ тілін білуімнің көптеген артықшылықтары болады деп ойлаймын. Тілді меңгеру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, рухани әлемін тани түстім деп айта аламын. Президентіміз айтқандай, мемлекеттік тілді меңгеремін деген адамда ниет болса жеткілікті. Жастар бірнеше тілді меңгеріп жатса, бұл да Тәуелсіздікке қосқан үлесіміз деп білемін.
Әсел ИСЛАМОВА:
Мақсатым – ел дамуына өз үлесімді қосу
– Тәуелсіздік оңай келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы.
Тәуелсіз мемлекетке айналу, бізге үлкен серпіліс, күш берді. Тарихи күш десе де болады.
Тәуелсіз мемлекет бола салысымен, көптеген шұғыл сұрақтарға шешім табылды. Неше түрлі ауыртпашылық әкелген Семей полигоны жабылды, Арал теңізі мәселесі шешілді, тарихи мұра, мәдениетіміз, қазақ тілі қайта жаңғыртылды, табиғи байлығымызды өз иелігімізге қайтара алдық.
Қазір біз болашағымызға сеніммен қарай алатын, зайырлы, өркениетті, индустриалдық жаңғыру жолында жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан мемлекетпіз.
Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде экономика, ішкі және сыртқы саясатпен қатар, табиғи қорларымыз да басқа мемлекеттің қарамағында еді. Сол қиын-қыстау кезеңде, қазақ халқының сана-сезімі, намысы оянды. Жігерлі қазақ жастары өз жерімізде лайықты күн көруге талпынды, өз ана тілімізді, мәдениетімізді құрметтеді.
Президентіміз жастардың білімі, жұмыс орындары жайында өз Жолдауында да айтып өтті. Осы тұста жастарға заманауи білім берумен қатар, өңдеуші өнеркәсіпті жақсарту мақсатымен жаңа мамандар даярлау керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда жастар көбінесе билікке ұмтылады. Мемлекетімізде бірі заңгер, бірі мұнайшы, бірі экономист болғысы келеді. Қазір осының салдарын көріп келеміз. Халықаралық нарықтың кесірінен болған мұнай бағасының түсуінен қаншама жұмысшы жұмыс орнынан босатылды. Артынан қол қусырып қарап отырған жанұялары, іні-қарындастары бар. Мұндай сценарий қайталанбау үшін жастардың экономиканың игерілмей қалған салаларына құштарлығын ашу керек. Жастармен жұмысты тек сауаттылық жағынан ғана емес, мектептер мен жоғары оқу орындарын қазіргі заманға сай техникалық құралдармен, инновациялық жабдықтармен қамтамасыз ету керек.
Әрине, жас буын ретінде менің болашаққа деген сенімім мол. Біз өз еліміз үшін еңбек етеміз. Жеткен жетістігіміз де өз еліміздің дамуына ықпал етеді. Яғни әрқайсысымыздың атқарған жұмысымыздың нәтижесі өз елімізде қалады. Польшада жарты жыл жұмыс істеп, елге оралатын кезде «Неге шетелде ары қарай жұмыс істей бермедің?» деп сұрады. Шетелде жұмыс істеуге мүмкіндік болды, бірақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, өз елімнің патриоты болғандықтан Қазақстанға қайтып келдік. Еліміздің дамуына өз елімізде жүріп үлес қосу – мақсатымыз.
Жазып алған
Арайлым Бимендиева