Тәуелсіздік ұрпақтары ой толғайды

Биыл сан ғасыр бойы арман­дап жет­кен Тәуел­сіздігімізге – 30 жыл. Пре­зидент
Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрі­нен қым­бат» атты мақаласында еге­мендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің бе­рік болуы үшін қажет ша­раларды да айқындап берді. Сон­дай-ақ, өскелең ұрпақтың әлеуетін дұрыс арнаға ба­ғыттап, тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.  Бұл мақсатта азаттық жыл­дарында дү­ниеге келген, әлі танылып үлгермеген та­лантты жастарды қол­дау мақ­сатында «Тәуелсіздік ұрпақ­тары» атты грант тағайындауды ұсын­ды. Осы орайда Túrkistan ха­лық­ара­лық газе­тіне өндірістік тәжірибеден өтуге кел­ген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ сту­денттерінің Тәуелсіздік туралы ой­ларын тыңдап, басылым бетіне жа­риялауды жөн көрдік.

whatsapp image 2021 01 13 at 12.22.30

Ернұр ЖӘМЕЛ:

Тәуелсіздік дегеніміз – өзіңді азат сезіну

– Тәуелсіздік дегеніміз – өзің­ді азат сезіну, өзіңнің Конс­титуцияң, төл теңгең, шегелеп қойған же­рің­нің болуы. Біздің Тәуелсізді­гіміз­дің та­рихы тереңде жатыр. Пре­зи­ден­тіміз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» ат­ты ма­қаласында сақ заманынан бері осы жерде мекен ет­кен халық екенімізді, ендігі жерде Тәуел­сіз­дікті сақтап қалу үшін нақты іс-қи­мыл жасайтын кез кел­генін атап өт­ті. Менің ойымша, Тәуелсіздіктің ең бас­ты сыйлығы – өзімізді азат сезінуі­міз.

Азаттық пен бостандықты аңсаған бабаларымыз қасиетті жерімізді қорғау үшін өлшеусіз қан мен тер төк­ті. Болашақ ұрпақтың бақытты өмірі үшін жан бе­ріп, жан алысқан бабалардың арманы орын­далды. Олар аңсаған бейбіт күнге біз куәміз. Шүкір, тұғырлы Тәуелсіздігіміз бар. Елбасымыз айтқандай, «Тәуел­сіздік жалпыға ортақ еңбек». Ол бір ғана адамның ең­бегі емес және бір күнде келген жоқ. Ол тарихта ізі, жү­ректе сызы қалған небір оқиғалардың, ата-ба­ба­ларымыздың кіндік қаны тамған жерін қорғау үшін төгілген қан мен терінің нәтижесі.

Мен жүрегінде патриоттық сезімі бар әрбір аза­мат өзі еңбек етіп жүрген саласында нәтижелі жұ­мыс істесе, мемлекет үшін өз үлесін тигізеді деп ойлаймын. Өзім баспагер мамандығы бойынша білім алып жатырмын, дипломдық жұмысымның тақырыбы ретінде кітап жарнамасы немесе әдеби агент қызметі тақырыбын алып зерттегім келеді. Елімізде дамуы кенжелеп отырған әдеби агент қызметінің жан­дануына үлес қосу­ды мақсат етіп отырмын. Жазу­шы­ларды жаңашылдыққа, ізденіске ша­қыра отырып, та­рихи кітаптар­дың көптеп басылуына, әлем тіл­деріне аударылуына мұрындық бол­ғым келеді.

Ойымды түйіндейтін болсам, жас­тар еліктеу­шілік­тен арылып, қан­дай да бір идеологияның же­тегінде кетпей, стереотиптерге көне бермей, өзінше әрекет етіп, түзу жолда жүргенде еліміз де да­му­дың даңғыл жолына түседі деп ойлаймын.

whatsapp image 2021 01 12 at 18.08.07

Аяулым ШАХМАШОВА:

Бақытты ұрпақ екенімді түсінемін

– Маған Тәуелсіздіктің бер­гені көп. Ең бастысы ата-анам мені бей­біт заманда дү­ниеге әкелді. Мен Тәуел­сізд­іктің жарқыраған таңын­да жарық дүниенің есігін ашқаным үшін бақытты ұрпақ екенімді түсі­не­мін!

Енді біздің ең басты мақсат – Тәуел­сіздігімізді тұ­ғырлы етіп, елге қыз­мет қылу. Әрине, біз әлі жас­пыз, бі­рақ бұл алдағы уақытта еліміздің дамуына үлес қосуға кедергі емес. Елі­мізді көркейту үшін аянбай ең­бек етеміз. Туған өлкеміздің кең бай­тақ Қазақстан екенін ес біліп, мек­теп табалдырығын аттаған сәт­тен-ақ зердемізге түйіп, санамызға сіңі­ріп келе жатқан ұрпақпыз. Хал­қымыздың жағдайын бүгіннен бас­тап ойлануымыз қажет. Біздер еге­мен елдің тізгінін ұстайтын жастармыз. Елге, халыққа қызмет етіп, келешек ұрпаққа үлгі болғы­мыз келсе, біздер әуелі өзіміз сана­лы да тәрбиелі, білімді де жігерлі болуы­мыз керек. Сонда ғана біз шын мәнінде нағыз жаңашыр аза­матқа айналамыз.

«Менің елім, менің тағдырым» деп ойлайтын әр­бір азамат елінің бо­лашақтағы тағдырын бүгіннен ой­лауы қажет. Өйткені егемен елі­міз­дің болашағы өзіміздің қолы­мыз­да.

whatsapp image 2021 01 13 at 12.35.30

Ераман ТАЛАПҚАНҰЛЫ: 

Тәуелсіздіктің арқасында Атамекенге оралдым

– Менің отбасым Тәуел­сіз­діктің арқасында Қытай­дың Алтай аймағынан Қа­зақ­станға көшіп келді. Егер елі­міз тәуелсіздік алмаған болса, мұн­дай бақытқа қо­лы­мыз жете ме, жетпей ме, бел­гісіз.  Отаныма келмесем, сол ел­де қа­тардағы Қытай азаматы болатын едім.  Қы­тай­дан көшіп келудің өзі біз­дің әулет үшін оңайға соқ­пады. Қазақтың ұлт­тық құндылықтарын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сақтап келген біз Тәуелсіз елі­міз­­дің дамуына титім­дей болса да үлес қостық деп ай­та ала­мын. Елбасының шетелдегі қа­зақ­тарды елге тар­­тудағы негізгі мақ­саты ұлттық мәдениетімізді, дәс­­­түрімізді қайта жаңғырту бо­латын. Біз соны іске асыра білдік деп ойлаймын.

Тәуелді болу деген бір шаруа­шы­лықты екі үйдің жүргізгені сияқ­ты нәрсе деп ойлаймын. Шаруа­шылық отарлаушы елдің қо­ластында, ал отар ел барлық жұ­мыс­ты істейді. Дәл сол сияқты Тәуел­сіздік сіздің өзіңіздің еңбе­гіңіз, сіздің өзіңізге, яғни Ота­ныңыз­дың игілігіне қалады. Не іс­те­сеңіз де өзіңіз үшін, еліңіз үшін іс­тейсіз.

7582b167 9e4b 4d1c a948 f7dfb48e0136

Виктория ГОРЕЛОВА:

Қазақша сөйлегенімде бәрі таңғалатын

– Мен қазақ елінде ту­дым. Орыс тобында орын бол­маған­дық­тан балабақша­да қазақ тобында тәрбиелен­дім. Қазақ тілінде еркін сөй­леп, ойымды жеткізе алған­дық­тан ата-анам қазақ мектебіне бер­ді.  Бастауыш сыныпта қазақша сөй­ле­геніме бәрі таңғалып қарай­тын, кейін үйреніп кетті. Қазір жа­нымдағы студент достарымның бар­лығы қазақ. Тіпті менің өзге ұлт екенімді ұмытып кетіп жа­та­тын кездері де болады. Өзім тәуел­сіз елде дүниеге келгеніме қуанамын. Болашақта өз маман­дығымды жан-жақты меңгере отырып, мемлекеттік тілді жетік білетін сапалы маман болғым ке­леді. Өзім болашақ журналист бол­ғандықтан қазақ тілін білуім­нің көптеген артықшылықтары бо­ла­ды деп ой­лаймын. Тілді мең­геру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрін, рухани әлемін тани түстім деп айта аламын. Пре­зидентіміз айтқандай, мем­лекеттік тілді меңгеремін деген адамда ниет болса жет­кілікті. Жас­тар бірнеше тілді меңгеріп жатса, бұл да Тәуел­сіз­дікке қос­қан үлесіміз деп біле­мін.

ibraeva ai dana nurlanovna

Айдана ИБРАЕВА:

30 жылдағы жетістік – ел дамуының көрсеткіші

– Мен үшін еліміздің Тәуел­сіз­ді­гі саяси дербестікті, яғни ұлты­мыз­дың басқа мем­лекеттерге тәуел­ді болмауын білдіреді. Тәуел­сіз Қазақстан­да туып-өскенімнің ар­қа­сын­да мен өзімді еркін адам ре­тінде сезінемін.

Еліміз тәуелсіздік жылдарында хал­қымыздың өмір сүру деңгейін да­мытуда алға қарай елеулі қадам жасады. Қазақстан әлемдік аренада қарқынды дамып келеді, белгілі бір салаларда дамыған елдермен бә­секелеседі.

Әрине, біздің ұрпақ көптеген та­рихи оқиғалар­дың куәсі болды. Біз­дің ата-анамыз еліміздің қа­лып­тасуының бастауында тұрды. Ме­нің­ше, Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жы­лы еліміздің одан әрі дамуының бас­ты көрсеткіші болып саналады.

Мен бақыттымын, себебі менің таңдауға құқығым бар. Тәуелсіздігі­міз­дің арқасында біз қалаған ма­мандығымыз бойынша өз елімізде жә­не шетелде білім алып, еркін жұ­мыс істеп, жанымыз қалаған кә­сіп­пен шұғылданып, өз ісімізді бас­тай аламыз.

islamova a

Әсел ИСЛАМОВА:

Мақсатым – ел дамуына өз үлесімді қосу

– Тәуелсіздік оңай келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл – қазақ хал­қы­ның ғасырлар бойы көздеген арман-мұрат­тарының орындалуы.

Тәуелсіз мемлекетке айналу, біз­ге үлкен серпіліс, күш берді. Тари­хи күш десе де болады.

Тәуелсіз мемлекет бола салы­сы­мен, көптеген шұ­ғыл сұрақтарға шешім табылды. Неше түрлі ауырт­пашылық әкелген Семей по­ли­гоны жабылды, Арал теңізі мәсе­лесі шешілді, тарихи мұра, мәде­ние­тіміз, қазақ тілі қайта жаң­ғыр­тылды, табиғи байлығымыз­ды өз иелігімізге қайтара алдық.

Қазір біз болашағымызға се­нім­мен қарай алатын, зайыр­лы, өр­кениетті, индустриалдық жаң­ғыру жо­лын­да жоғарғы қарқынмен да­мып келе жатқан мемлекетпіз.

Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде эко­номика, ішкі және сыртқы сая­сатпен қатар, табиғи қорларымыз да басқа мемлекеттің қарамағында еді. Сол қиын-қыстау кезеңде, қа­зақ халқының сана-сезімі, на­мысы оянды. Жігерлі қазақ жастары өз же­рімізде лайықты күн көруге тал­пынды, өз ана тілімізді, мә­дение­тімізді құрметтеді.

Президентіміз  жастардың бі­лімі, жұмыс орын­дары жайында өз Жол­дауында да айтып  өтті. Осы тұста жастарға заманауи білім беру­мен қатар, өңдеу­ші өнеркәсіпті жақ­сарту мақсатымен жаңа ма­ман­дар даярлау керек деп ой­лай­мын.  Қазіргі таңда жастар көбінесе билікке ұмтылады. Мемлекетімізде бірі заңгер, бірі мұнайшы, бірі эко­номист болғысы келеді. Қазір осы­ның салдарын көріп келеміз. Ха­лық­аралық нарықтың кесірінен бол­ған мұнай бағасының түсуінен қан­шама жұмысшы жұмыс ор­ны­нан боса­тылды. Артынан қол қу­сырып қарап отырған жанұя­лары, іні-қарындастары бар. Мұндай сце­нарий қайта­ланбау үшін жас­тардың экономиканың игерілмей қалған салаларына құштарлығын ашу керек. Жастармен жұмысты тек сауаттылық жағынан ғана емес, мектептер мен жоғары оқу орын­дарын қазіргі заманға сай тех­никалық құралдармен, инно­ва­ция­лық жабдықтармен қам­тама­сыз ету керек.

Әрине, жас буын ретінде менің бо­лашаққа деген сенімім мол. Біз өз еліміз үшін еңбек етеміз. Жеткен же­тістігіміз де өз еліміздің дамуы­на ықпал етеді. Яғни әр­қайсысы­мыз­дың атқарған жұмысымыздың нәти­жесі өз елімізде қалады. По­льшада жарты жыл жұмыс істеп, елге оралатын кезде «Неге шетелде ары қарай жұмыс істей бермедің?» деп сұрады. Шетелде жұмыс істеуге мүмкіндік болды, бірақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, өз елімнің патриоты болғандықтан Қазақстанға қайтып келдік. Елі­міздің дамуына өз елі­міз­де жүріп үлес қосу – мақ­са­ты­мыз.

Жазып алған

Арайлым Бимендиева

 

Back to top button