Сұрамсақтық неге белең алды?
Сұрамсақтық неге белең алды?
Қазіргі кезде ақша сұрап, тіленшілік қылған адамдарды көшелерден, жерасты өткелдерінен ғана емес, ғаламтордан, әлеуметтік желілерден де кездестіретін болдық. Үлкен аудиториясы бар өнер жұлдыздары, блогерлердің парақшаларына кіре қалсаңыз, әр суретінің астындағы пікірлерден кем дегенде ақша сұраған бір адамды табасыз. Пандемия кезінде онлайн ақша сұрайтындар тіптен көбейіп кеткені байқалды. Бірақ әңгіме қыруар ақшаға аяқ асты зәру болып көмек сұраған немесе басына іс түскен шын мұқтаж адамдарда емес. «Интернет – қоғамның айнасы» деген қағида қалыптасқан уақытта онлайн сұрамсақтардың көбеюі нені білдіреді?
23 маусым – онлайн тіленшіліктің «туған күні»
Интернет арқылы ақша сұрау біздің елде енді қарқын алып келе жатыр. Ал ақпарат көздеріне шолу жасасақ, Ресей мұндай кезеңнен осыдан 15 жыл бұрын, «Яндекс кошелектің» уақытында өтіп кеткенін байқауға болады. Еуропа мен АҚШ-та онлайн қайыршылық мүлде басқаша сипат алып, бизнес деп танылатын деңгейге жеткен. Америкада әлеуметтік желі арқылы ақша сұрау баяғыда ескірген, ол жақта қайыр сұрайтындар жеке сайт ашады. Оларды cyber-beggars деп атайды. Қазіргі кезде E-Panhandling, cyberbeg сияқты порталдар белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Сайттарға кіріп қарасаңыз несие картасының қарызын өтеуге, пластикалық ота жасатуға, емделуге немесе оқу ақысын төлеуге, күйеуіне қаржылай тәуелді әйелдің ажырасуына, сондай-ақ фильм түсіру немесе альбом жазуға бірнеше центтен миллион долларға дейін сұрағандардың жазбаларынан көз сүрінеді. Тіпті, Билл Гейтстен де асқан бай болуға көмек сұрайтындар, су жаңа көлік алуға жәрдемдесуге шақыратындар да кездеседі екен.
Америкалық Wired журналы кибер-тіленшілік сайтын ең алғаш ашқан адам – Карин Боснэк есімді телепродюсер екенін жазады. Ол 2002 жылы несиесін өтеуге қиналып, ақша сұрау мақсатында жеке сайтын ашқан. Нәтижесінде оған 13 мың доллардан астам ақша түскен, сөйтіп аз уақыт ішінде бар қарызынан құтылған. Содан бастап ол басқа онлайн тіленшілерді қолдаумен айналысқан. Нью-Йорк Таймс басылымы e-қайыршылық эпидемиясы осындай сайттардан басталғанын растайды және 2002 жылғы 23 маусымды онлайн тіленшіліктің туған күні деп санауға болатынын жазған.
Интернет – қоғамның айнасы
Әлеуметтанушы маман Эльмира Отар мұндай үрдістің кең етек алуына анонимділік мүмкіндік беріп отырғанын айтады.
– Жалпы, онлайн ақша сұрау, жеке өмірін көрсету, тағы да сондай сияқты жағымсыз әрекеттерге баруға онлайн анонимділік мүмкіндік беріп отыр. Бұл үрдіс болған, қазір де бар. Дегенмен, біреуден алдап ақша алу, науқас балаларды пайдалану, яғни диагнозы мен суреттерін қолдану, оны желіде тарату, өнер адамдарына, аудиториясы кең адамдарға жіберу қазір бұрынғыдан да көбейді. Бұл – оңай ақша табуды жөн санаудың көрінісі. Қазіргі пандемия, адамдардың жұмыссыз қалуы, табысынан айырылуы, дағдарыс – бәрі бұл жағдайды тіптен өршітіп отыр.
Әлеуметтанушы маман ретінде бақылап, байқаған бір нәрсе бар: онлайн тұрмақ, шын өмірде жақсы киінген, өң-реңі түзу балалар апай маған ана затқа 20 теңге жетіспей тұр, 50 теңге жетпей тұр деп ақша сұрайтын болған, – дейді маман.
Онлайн тіленшілер көбінесе әншілерді, өнер адамдары мен блогерлерді жиі мазалайтынын айттық. Ал әнші Өмірқұл Айниязов сахнада жарқырап жүрсек те, шын өмірде ел қатарлы, қарапайым адам екенімізді ел ұмытпаса дейді.
– Негізінен, бұл – біраз уақыттан бері бар мәселе. Instagram желісінің қолданыс аясы қалай кеңіді – солай интернет арқылы ақша сұрайтындар тіптен көбейіп кетті. Жекеге жазады, жүктеген суреттің астына пікір ретінде қалдырады. Әсіресе, өнер адамдарынан көп сұрайды. Менің де басымнан талай өтті, алдағандары да болды. Берген садақаңды айтуға болмайды дейді ғой, дегенмен де, қолымыздан келгенше бес-он тиынымызды беретінбіз. Сондай сұраған бір адамға беріп, артынша ол өзіме ұрысқан да жағдайлар болған. Аз бердің деді ме, әйтеуір телефон арқылы жекігені есімде қалыпты. Қазір ондай адамдарды «интернет қайыршы» дейді ғой, оларға үйде жатып алып сұрау оңай. «Жаза салайын, біреу берер, біреу бермес, әйтеуір бірдеңесі болып қалар» деген ниетпен сұрайтындар сияқты көрінеді кей кезде. Басында бәрін оқып, жауап беретінмін. Қазір шыны керек, солай сұрайтындар көп болғандықтан ба, ашып қарамайтын да, сенбейтін де болдым. Олардың арасында кішкене өтірік айтатын, еңбек еткісі келмейтін, интернетте отырып, қолдарындағы телефондарымен ақша сұрайтындар көп екеніне көзім жеткендей болды. Интернетке қолы жете алмай отырған қаншама адам бар. Сондықтан, қарап, байқап қана көмектесетін болдым.
Әншілерді көп адам асып-тасып жатқан бай деп ойлайды. Расында, біз де ел қатарлы қарапайым адамдармыз. Жиған-тергенімізге костюмдерімізді аламыз, ән жаздыртамыз. Шындығында, көмектесу керек адамдар біздің өзіміздің айналамызда да жетеді. Ағайын-туысымыз бар, өнерге енді қадам басып жатқан жас таланттарға да қолдау керек.
Әрине, садақа беріп тұрамын. Сенімді, танитын адамдар шын мұқтаж жандар барын айтып жатса, ел болып жұмылып жатса, қолымнан келгенше садақа ретінде беремін, – дейді Өмірқұл Айния-зов.
Яғни, киберқайыршылық көмектескісі келетін адамдарды шатастыруға дейін жеткізіп отыр. Кімнің шын мұқтаж, кімнің алаяқтықпен айналысып жүргенін айыру қиын. Қоғамдағы бұл маңызды мәселені қалай реттеуге болады?
Заң не дейді?
Әлеуметтанушы маман Оразбекова Салтанат та онлайн ақша сұрауға белгілі бір шектеулер қойылуы керек, шара қабылдануы қажет деп есептейді.
– Соңғы 5 жыл ішінде әлеуметтік желі арқылы ақша сұрайтындар көбейіп кетті. Бұл үрдіс пандемия кезінде екі еселеп, үш еселеп өсуі де мүмкін. Көбінесе ақшаны қандай да бір қажеттілікті өтеу үшін, мысалы пәтерақы төлеу, басқа да ақшасы жетпей тұрған дүниелер үшін сұрап жатады. Бірақ онлайн садақа сұрау мен көмек сұрауды шатастырып алмау керек. Екеуі – екі басқа. Баласы, жақыны ауырып, соған көмек сұрайтындар бар, күрделі отаға ақша жинайтындар да бар, бұларды да онлайн қайыр сұрауға жатқызып жатады. Бірақ, мен бұл қайыр емес, көмек сұрау деп ойлаймын.
Онлайн ақша сұрау өзінің теріс әсерлерін де байқатып жатыр. Кейбір адамдар осындай жағдайды желеу етіп, теріс мүддеге де пайдаланып кететін болды. Адамдар осы себепті бір-біріне сенуден қалып бара жатыр. Шынымен мұқтаж адамдар сұрап жатса да, халық рас-өтірігіне күмәнмен қарайтын болған. Осыған қатысты белгілі бір заң, шектеу болмағаны онлайн ақша сұрайтындардың арасында алаяқтардың көбеюіне алып келіп отыр. Ондай адамдарды қалай жауапқа тарта аламыз деген сауал туындайды. Екінші жағынан, бұл үрдісті жүйелендіруге де болады. Көмекке мұқтаж адамдардың ортақ базасын жасау керек сияқты. Бұл нәрсенің қажет екені қазірдің өзінде қатты байқалады. Мысалы, халық арасында мұқтаж адамға көмектесуге қаншалықты шамаңыз жетеді, ақшалай болсын, заттай болсын деген сияқты сауалнама ұйымдастыру арқылы зерттеп, білуге болады. Көмектесуге дайын адамдар я тапшы адамдар да бар.
Дегенмен, қазір «Сіз онлайн садақаға сенесіз ба, көмектесесіз бе?» деген сауалнама ұйымдастырса, көп адам сенбейді деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, бұл үрдіс қоғамда бар, өзінің шарықтау шегіне де жетеді. Осы мәселеге қатысты халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуі керек деп ойлаймын, – деген маман пікірінен кейін іле-шала осы мәселеге қатысты бекітілген заң немесе ереже барын білу үшін заңгер Айсана Сманның пікірін білдік.
– Қазіргі уақытта интернет арқылы ақша сұрайтындар көбейіп кетті. Олардың ішінде шынымен көмекке зәру адамдар да бар, бірақ соны пайдаланып, алаяқтықпен айналысатындар да жетерлік. Екінші жағынан, интернет арқылы болғаннан кейін оны реттеу, бақылауға алу мүмкін емес. Алданып қалып, шағым түсірген күннің өзінде ақша алған адам «шынымен мұқтаж болдым, ол өз еркімен маған ақша аударды» деуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені реттей алмаймыз, – дейді маман.
Яғни, ақша сұрағандардың бәрі – мұқтаж немесе бәрі – алаяқ деген қатып қалған қағида жоқ. Пандемия кезінде онлайн тіленшіліктің өсіп кеткеніне қарағанда, бұл мәселенің ушығуына экономикалық факторлар мен әлеуметтік жағдайдың нашарлауы да себеп болып отырғаны анық. Дегенмен, оңай олжа тапқысы келетіндердің ептілері елге ақыл айтып, еріншектері онлайн тіленшілікке иек артқаны да жасырын емес. Осы себепті де онлайн ақша сұрауды ретке келтіретін белгілі бір ереже жасау, шара қолдану қиын. Бұл жерде әр адам жеке өзі үшін жауапты, яғни санасының сүзгісінен, ақыл-ойының таразысынан өткізген ақпаратқа ғана сену – опық жегізбейді.