Сұрамсақтық неге белең алды?

Сұрамсақтық неге белең алды?

Сұрамсақтық неге белең алды?
ашық дереккөзі
Қазіргі кезде ақша сұрап, тіленшілік қылған адамдарды көшелерден, жерасты өткелдерінен ғана емес, ғаламтордан, әлеуметтік желілерден де кездестіретін болдық. Үлкен аудиториясы бар өнер жұлдыздары, блогерлердің парақшаларына кіре қалсаңыз, әр суретінің астындағы пікірлерден кем дегенде ақша сұраған бір адамды табасыз. Пандемия кезінде онлайн ақша сұрайтындар тіптен көбейіп кеткені байқалды. Бірақ әңгіме қыруар ақшаға аяқ асты зәру болып көмек сұраған немесе басына іс түскен шын мұқтаж адамдарда емес. «Интернет – қоғамның айнасы» деген қағида қалыптасқан уақытта онлайн сұрамсақтардың көбеюі нені білдіреді? 23 маусым – онлайн тіленшіліктің «туған күні» Интернет арқылы ақша сұрау біздің елде енді қарқын алып келе жатыр. Ал ақпарат көз­дері­не шолу жасасақ, Ресей мұндай кезеңнен осыдан 15 жыл бұрын, «Ян­декс кошелектің» уақытында өтіп кеткенін байқауға болады. Еу­ропа мен АҚШ-та онлайн қайыр­шылық мүлде басқаша сипат алып, бизнес деп танылатын деңгейге жеткен. Америкада әлеуметтік желі арқылы ақша сұрау баяғыда ес­кір­ген, ол жақта қайыр сұрайтындар же­ке сайт ашады. Оларды cyber-beggars деп атайды. Қазіргі кезде E-Panhandling, cyberbeg сияқты пор­талдар белсенді түрде жұмыс іс­теп тұр. Сайттарға кіріп қара­саңыз несие картасының қарызын өтеу­ге, пластикалық ота жасатуға, ем­делуге немесе оқу ақысын тө­леуге, күйеуіне қаржылай тәуелді әйел­дің ажырасуына, сондай-ақ фильм түсіру немесе альбом жазуға бірнеше центтен миллион долларға дейін сұрағандардың жазбалары­нан көз сүрінеді. Тіпті, Билл Гейтстен де асқан бай болуға көмек сұрай­тындар, су жаңа көлік алуға жәр­демдесуге шақыратындар да кез­деседі екен. Америкалық Wired журналы ки­бер-тіленшілік сайтын ең алғаш аш­қан адам – Карин Боснэк есімді те­лепродюсер екенін жазады. Ол 2002 жылы несиесін өтеуге қи­налып, ақша сұрау мақсатында же­ке сайтын ашқан. Нәтижесінде оған 13 мың доллардан астам ақша түс­кен, сөйтіп аз уақыт ішінде бар қа­рызынан құтылған. Содан бастап ол басқа онлайн тіленшілерді қол­даумен айналысқан. Нью-Йорк Таймс басылымы e-қайыршылық эпи­демиясы осындай сайттардан бас­талғанын растайды және 2002 жыл­ғы 23 маусымды онлайн тілен­шіліктің туған күні деп санауға болатынын жазған. Интернет – қоғамның айнасы Әлеуметтанушы маман Эль­мира Отар мұндай үрдістің кең етек алуына анонимділік мүм­кін­дік беріп отырғанын айтады. – Жалпы, онлайн ақша сұрау, же­­ке өмірін көрсету, тағы да сондай сияқ­­ты жағымсыз әрекеттерге бару­ға онлайн анонимділік мүмкіндік бе­­ріп отыр. Бұл үрдіс болған, қазір де бар. Дегенмен, біреуден алдап ақ­­ша алу, науқас балаларды пай­да­лану, яғни диагнозы мен сурет­терін қол­дану, оны желіде тарату, өнер адам­дарына, аудиториясы кең адам­­­­дарға жіберу қазір бұрынғыдан да көбейді. Бұл – оңай ақша табуды жөн санаудың көрінісі. Қазіргі пан­демия, адамдардың жұмыссыз қалуы, табысынан айырылуы, дағ­да­рыс – бәрі бұл жағдайды тіптен өр­шітіп отыр. Әлеуметтанушы маман ре­тін­де бақылап, байқаған бір нәр­се бар: онлайн тұрмақ, шын өмір­де жақсы киінген, өң-реңі түзу ба­лалар апай маған ана затқа 20 тең­ге жетіспей тұр, 50 теңге жетпей тұр деп ақша сұрайтын болған, – дей­ді маман. Онлайн тіленшілер көбінесе ән­шілерді, өнер адамдары мен блогерлерді жиі мазалайтынын айттық. Ал әнші Өмірқұл Айниязов сах­нада жарқырап жүрсек те, шын өмірде ел қатарлы, қарапайым адам еке­німізді ел ұмытпаса дейді. – Негізінен, бұл – біраз уақыт­тан бері бар мәселе. Instagram желі­сі­нің қолданыс аясы қалай кеңіді – солай интернет арқылы ақша сұ­рай­тындар тіптен көбейіп кетті. Же­кеге жазады, жүктеген суреттің ас­тына пікір ретінде қалдырады. Әсі­ресе, өнер адамдарынан көп сұрай­ды. Менің де басымнан талай өтті, алдағандары да болды. Берген са­дақаңды айтуға болмайды дейді ғой, дегенмен де, қолымыздан кел­генше бес-он тиынымызды бере­тін­біз. Сондай сұраған бір адамға бе­ріп, артынша ол өзіме ұрысқан да жағ­дайлар болған. Аз бердің деді ме, әйтеуір телефон арқылы же­кі­гені есімде қалыпты. Қазір ондай адам­дарды «интернет қайыршы» дейді ғой, оларға үйде жатып алып сұ­рау оңай. «Жаза салайын, біреу бе­рер, біреу бермес, әйтеуір бір­деңе­сі болып қалар» деген ниетпен сұ­рай­тындар сияқты көрінеді кей кез­де. Басында бәрін оқып, жауап бе­ретінмін. Қазір шыны керек, со­лай сұрайтындар көп болғандықтан ба, ашып қарамайтын да, сенбейтін де болдым. Олардың арасында кіш­кене өтірік айтатын, еңбек еткісі кел­мейтін, интернетте отырып, қол­дарындағы телефондарымен ақ­ша сұрайтындар көп екеніне кө­зім жеткендей болды. Интернетке қо­лы жете алмай отырған қаншама адам бар. Сондықтан, қарап, байқап қана көмектесетін болдым. Әншілерді көп адам асып-та­сып жатқан бай деп ойлай­ды. Расында, біз де ел қатарлы қа­ра­­­пайым адамдармыз. Жиған-тер­генімізге костюмдерімізді аламыз, ән жаздыртамыз. Шындығында, кө­мектесу керек адамдар біздің өзі­міздің айналамызда да жетеді. Ағайын-туысымыз бар, өнерге енді қа­дам басып жатқан жас талант­тарға да қолдау керек. Әрине, садақа беріп тұрамын. Сенімді, танитын адамдар шын мұқтаж жандар барын айтып жат­са, ел болып жұмылып жатса, қо­лымнан келгенше садақа ретінде бере­мін, – дейді Өмірқұл Айния-зов. Яғни, киберқайыршылық кө­мектескісі келетін адамдар­ды шатастыруға дейін жеткізіп отыр. Кімнің шын мұқтаж, кімнің алаяқ­тықпен айналысып жүргенін айыру қиын. Қоғамдағы бұл маңыз­ды мәселені қалай реттеуге болады? Заң не дейді? Әлеуметтанушы маман Ораз­бекова Салтанат та онлайн ақша сұрауға белгілі бір шектеулер қойылуы керек, шара қабылдануы қажет деп есептейді. – Соңғы 5 жыл ішінде әлеумет­тік желі арқылы ақша сұрайтындар кө­бейіп кетті. Бұл үрдіс пандемия ке­зінде екі еселеп, үш еселеп өсуі де мүмкін. Көбінесе ақшаны қандай да бір қажеттілікті өтеу үшін, мысалы пә­терақы төлеу, басқа да ақшасы жет­пей тұрған дүниелер үшін сұрап жа­тады. Бірақ онлайн садақа сұрау мен көмек сұрауды шатастырып ал­мау керек. Екеуі – екі басқа. Ба­ла­сы, жақыны ауырып, соған көмек сұрайтындар бар, күрделі отаға ақша жинайтындар да бар, бұларды да онлайн қайыр сұрауға жатқызып жатады. Бірақ, мен бұл қайыр емес, көмек сұрау деп ойлаймын. Онлайн ақша сұрау өзінің теріс әсерлерін де байқатып жа­тыр. Кейбір адамдар осындай жағ­­дайды желеу етіп, теріс мүддеге де пайдаланып кететін болды. Адам­­дар осы себепті бір-біріне се­ну­­­ден қалып бара жатыр. Шы­ны­мен мұқтаж адамдар сұрап жатса да, халық рас-өтірігіне күмәнмен қарайтын болған. Осыған қатысты белгілі бір заң, шектеу болмағаны он­лайн ақша сұрайтындардың арасында алаяқтардың көбеюіне алып келіп отыр. Ондай адамдарды қалай жауапқа тарта аламыз деген сауал туындайды. Екінші жағынан, бұл үрдісті жүйелендіруге де бола­ды. Көмекке мұқтаж адамдардың ортақ базасын жасау керек сияқты. Бұл нәрсенің қажет екені қазірдің өзінде қатты байқалады. Мысалы, ха­лық арасында мұқтаж адамға кө­мектесуге қаншалықты шамаңыз же­теді, ақшалай болсын, заттай бол­сын деген сияқты сауалнама ұйым­дастыру арқылы зерттеп, білу­ге болады. Көмектесуге дайын адам­дар я тапшы адамдар да бар. Дегенмен, қазір «Сіз онлайн садақаға сенесіз ба, көмек­те­сесіз бе?» деген сауалнама ұйым­дастырса, көп адам сенбейді деп ой­лаймын. Қорыта айтқанда, бұл үрдіс қоғамда бар, өзінің шарықтау ше­гіне де жетеді. Осы мәселеге қа­тысты халықты ақпараттандыру жұ­мыстары жүргізілуі керек деп ой­лаймын, – деген маман пікірінен кейін іле-шала осы мәселеге қа­тысты бекітілген заң немесе ереже барын білу үшін заңгер Айсана Сманның пікірін білдік. – Қазіргі уақытта интернет ар­қы­лы ақша сұрайтындар көбейіп кетті. Олардың ішінде шынымен кө­мекке зәру адамдар да бар, бірақ соны пайдаланып, алаяқтықпен ай­налысатындар да жетерлік. Екін­ші жағынан, интернет арқылы бол­ғаннан кейін оны реттеу, бақылауға алу мүмкін емес. Алданып қалып, шағым түсірген күннің өзінде ақша алған адам «шынымен мұқтаж бол­дым, ол өз еркімен маған ақша ау­дарды» деуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені реттей алмаймыз, – дейді маман. Яғни, ақша сұрағандардың бәрі – мұқтаж немесе бәрі – алаяқ деген қатып қалған қағида жоқ. Пандемия кезінде онлайн ті­леншіліктің өсіп кеткеніне қарағанда, бұл мәселенің ушығуына экономикалық факторлар мен әлеуметтік жағдайдың нашарлауы да себеп болып отырғаны анық. Дегенмен, оңай олжа тапқысы келетіндердің ептілері елге ақыл айтып, еріншектері онлайн тіленшілікке иек артқаны да жасырын емес. Осы себепті де онлайн ақша сұрауды ретке келтіретін белгілі бір ереже жасау, шара қолдану қиын. Бұл жерде әр адам жеке өзі үшін жауапты, яғни санасының сүзгісінен, ақыл-ойының таразысынан өткізген ақпаратқа ғана сену – опық жегізбейді.