Жаңалықтар

Жүлгелі тарих – жатқа сес

ашық дереккөзі

Жүлгелі тарих – жатқа сес

Алаш арысы Міржақып Дулатов: «бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» десе, ақын Олжас Сүлейменов: «өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып-білу де – қазіргі даму процесіне аса қажетті әрекет» дейді. Бұл айтылған сөздер ел тарихының аса маңызды саланың бірі екенінің айқын дәлелі деуге болар. Үнді халқының қайраткері Жавахарлал Неру «отарланған елдің тарихын отарлаушы жазады» дегені бар. Бірақ біз отарлық бұғаудан босап, егемен ел болғанымызға бір ғасырдың алғашқы үш онжылдығын артта қалдырдық. Ендеше «төл тарихымызды қай деңгейде жаза алдық, тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға әділ бағасын бере алдық па?» деген сауалды елімізге белгілі тарихшыларға қойып көрдік. Берекет КӘРІБАЕВ, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

30 жыл ішінде тарихтың бір саласы – археологтарымыздың қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз

– 2021 жылдан халқымыздың күтер үміті көп. Ежелден бері қазақ халқында сиыр жылы ақтың, молшылықтың белгісі ретінде айтылатыны баршаға мәлім. Ал нақты істерге келер болсақ, президент Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты ма­қаласында айтып өткеніндей, 2021 жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мере­кесі болатын жыл. Осы бір ғасырдың үштен біріндей уақыт ішінде отандық тарих ғылымында қандай жетістіктерге қол жеткіздік деген сауалға газет бетінде жауап беру өте қиын. Өйткені тарих ғы­лымындағы соңғы үш онжылдықтағы бар жетістіктерді жіпке тізгендей етіп, атап шығу үшін газеттің бір беті емес, бір саны да жетпейді. Соған қарамастан қысқаша болса да атап көрейін. «Тарихты халық жасайды, ғалым жа­за­ды», «тарихты жасаудан оны жазу қиын» деген қағидаларға сүйенсек, шы­ны­мен де тарихты зерттеу үшін, жазу үшін теория, методология деген ғылыми ұс­танымдар қажет. Кешегі кеңестік ке­зеңде қоғамтанушы мамандарға арналған дайын әрі үстем және жалғыз ғана маркс­тік-лениндік методология болды. Жет­піс жылдай осы методологияға сүйен­ген қоғамтанушы мамандар үшін тәуелсіз­дігіміздің алғашқы жылдары одан бірден арыла қою қандай қиындықтар туғызса,  ескінің орнына келген жаңа өркениеттік ұстанымды қабылдай қою да сондай қиындықтар туғызғанын бәріміз білеміз. Соған қарамастан жаңа ұстаным­ның толық жеңіске жетуі отандық тарих ғылымындағы ең үлкен жетістік деуге болады. Екі ұстаным арасында қандай басты айырмашылық бар десеңіз, ол мынада. Бұрынғы методология таптық принципке негізделіп, халықтың бір бөлігінің тарихы қарастырылды. Соның нәтижесінде қазақ халқының небір асыл­дары – хандар мен сұлтандарға, билер мен батырларға, ақындар мен шайыр­ларға, дін қайраткерлеріне, XX ғасыр ба­сындағы ұлт қайраткерлеріне ел тари­хынан орын берілмеді. Ал өркениеттік ұста­ным деге­німіз таптық ұстанымға қар­сы халықтық, ұлттық ұстаным дегенді білдіреді. Тәуел­сіздігіміздің алғашқы жылдары қоғамтану саласындағы негізгі теориялық мәселе оң шешілгендіктен, та­рих­шыларымыз да жаңа ұстанымға сүйеніп, тарихымызды зерттеуге белсене кіріседі. Тәуелсіздік жылдары жаңа ұстанымға сай шынайы зерттеліп, оң бағасын алған тарихи мәселелерді атап айтсақ, 1920-1930 жылдардағы Қазақстан тарихының саяси, әлеуметтік, экономикалық мәсе­ле­лерін нақты айтар едім. 1937-1939 жыл­дары жаппай саяси репрессия мен оның құрбандары, 30-шы жылдары басындағы елдегі аштық пен өлім, ұжымдастыруға қарсы көтерілістер мен бас көтерулер, Голощекиннің «кіші октябрь» саясаты, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қыз­меттеріне арналған тақырыптар болды. Осы тақырыптарға байланысты тарих­шы­ларымыз өте қарқынды зерттеулер жүр­гізіп, ғылыми нәтижелері бірнеше жүз­де­ген жеке кітаптар болып жарыққа шық­ты. Тәуелсіздік арқасында ел үшін тер төгіп, жа­нын берген небір тарихи тұлғалар өз хал­­қына қайта оралды. Олардың көп­ші­лігі­нің есімдерін мәңгі есте қалдыру үшін олар­ға ауылдар мен елді мекендерге, мектептер мен көшелерге олардың есімдері берілді, ес­керткіштер орнатылды. 1993 жылы «Орбұлақ шайқасының» 350 жыл­дығына орай арнайы Үкіметтің қау­лы­сы шығып, тарихи мереке арнайы той­лан­ды. Соның аясында қазақ-жоңғар соғыс­та­рын­да ел билеген хандар мен сұлтан­да­ры­мыздың, қол бастаған батырларымыздың, ел бірлігін ту еткен билеріміздің тұлғалық бол­мыстары да зерттеле басталды. Жалпы, XVII-XVIII ғасырлардағы тарихымызға те­реңдеу арқылы қаншама тарихи тұл­ға­ларымыз қайта тірілді. Қазіргі кезеңде олар­дың да есімдерін мәңгі сақтау үшін көп­теген іс-шаралар жүзеге асырылды. Тәуелсіздігіміздің екінші және үшінші он­ж­ылдықтарында мемлекетіміз тари­хы­мызға қатысты бірнеше ауқымды бағ­дар­ла­маларды қолға алды. «Мәдени мұра», «Ха­лық тарих толқынында», «Мәңгілік ел», «Ру­­хани жаңғыру» бағдарламалары тарих­шыларымызды бір жағынан қолдау болса, екінші жағынан олардың ізденістеріне тың серпін бергізді. Олардың нәтижесінде қан­шама шетелдердегі тарихымызға қатысты жә­дігерлер елге әкелінді, қаншама зерттеу ең­бектері жарық көрді, қаншама тарихи та­қырыптарға арналған телехабарлар тү­сірілді. Мұның бәрі халқымыздың тарихи са­насын байытты десем артық айтқандық емес. Осы 30 жыл ішінде тарихтың бір сала­сы – археологтарымыздың қол жеткізген же­тістіктері ұшан-теңіз. 1969 жылы Есік қор­ғанынан табылған бір «Алтын адам» та­рихи санамызды бір байытса, қазіргі ке­зең­де олардың саны 5-6 болды. Әсіресе, Шы­ғыс Қазақстан өңірінде қазба жұ­мыс­тарын жүргізіп жатқан әл-Фараби атын­да­ғы ҚазҰУ археологтарын ерекше айтуға бо­­лады. Олардың ғылыми зерттеу жұмыс­тары әлі жалғасуда. Болашақта әлі де талай ғылыми сенсациялардың болуы ғажап емес. Тәуелсіздік жылдары тарихшы­ла­ры­мыз­­дың қолға алған маңызды тақы­рып­тары­ның біріне қазақ мемлекеттілігі тақы­ры­бы жатады. 2015 жылы мемлекеттің қол­дауымен Қазақ хандығының 550 жыл­дығы арнайы түрде бір жыл бойы елімізде атап өтілді. Осыған орай, осы жолдар ав­торы өзінің ұзақ жылдар бойғы зерт­теулерінің нәтижесін үш монография етіп жа­рыққа шығарды. Одан басқа тағы да қа­зақ, орыс тілдерінде он шақты еңбек жа­рық көрді. Еліміздің бас және ірі қала­ларында, барлық облыс орталықтарында осы мереке­ге арналған ғылыми шаралар өткізілді. Өткен жылы да Алтын Орданың 750 жыл­дығын атап өту аясында тарих­шы­лары­мыз белсенді түрде ғылыми ізденістер жүр­гізді. Әлемде қалыптасқан қиын жағ­дайлар біршама қолбайлау жасағанымен тарих­шыларымыздың ізденістеріне тежеу қоя алмады. Қаншама мақала газет-журнал беттерінде жарияланды, қаншама онлайн форматта ғылыми жиындар өткізілді, теле-радиохабарлар түсірілді. Кезінде бір ғұламаның «Ұлттық сананы оя­тып, дамытуда тарихтың атқарар рөлін еш­бір қоғамдық ғылым атқара алмайды» деген сөзінің растығына тарихшы­лары­мыздың 30 жылда атқарған істеріне қарап көз жеткізгендей боласыз.