Жүлгелі тарих – жатқа сес

Жүлгелі тарих – жатқа сес

Жүлгелі тарих – жатқа сес
ашық дереккөзі
Алаш арысы Міржақып Дулатов: «бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» десе, ақын Олжас Сүлейменов: «өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып-білу де – қазіргі даму процесіне аса қажетті әрекет» дейді. Бұл айтылған сөздер ел тарихының аса маңызды саланың бірі екенінің айқын дәлелі деуге болар. Үнді халқының қайраткері Жавахарлал Неру «отарланған елдің тарихын отарлаушы жазады» дегені бар. Бірақ біз отарлық бұғаудан босап, егемен ел болғанымызға бір ғасырдың алғашқы үш онжылдығын артта қалдырдық. Ендеше «төл тарихымызды қай деңгейде жаза алдық, тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға әділ бағасын бере алдық па?» деген сауалды елімізге белгілі тарихшыларға қойып көрдік.  width= Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, тарихшы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Тарихқа деген қызығушылық 1951 жылдан төмен екені байқалады

– Жаңа 2021 жылдың алғашқы күн­дерінде жарық көрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласында «жетістік­тері­міз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткі­зіп отырайық» деген пікір айтты. Сал­мағы бар сөз. Тәуелсіздіктің 30 жы­лында тарих саласы «неден қалыс қал­дық?» деген сауал Мемлекет басшысының жо­ғарыда айтқан сөзін есіме түсірді. Ра­сында 30 жыл аз уақыт емес. Кәмелетке тол­ған азаматтың аршынды істер атқара­тын шағы. Мен тарихшы ретінде зиялы­лар­дың жүріп өткен жолын зерттеу ісі­мен айналысамын. Беретін ләззатынан, ше­гетін азабы басым жұмыс. Азабы сол – әлеуметтік құрылымның өткені мен бүгінін өзара салыстыра қарастыруға тура келетіндігіне байланысты. Ал бұл контекст бүгінгілердің пайдасына емес. Бүгін біз Алаш буыны туралы көп ай­татын болып алдық. Алаштық буынның мақ­саты мен мұратын түсінетін сияқ­ты­мыз. Ал сол ізгі мақсат пен мұратқа ұста­нымымызды лайықтап түзей алдық па? Қызыл да қысыр сөз төрге шығып, іс есік сығалып, сыртта қалып қойған жоқ па? Маған өткен ғасырдың басында арыстан­дай айбарлы күш ретінде қалыптасу жолына түскен ұлт зиялысы больщевизм­нің дамокл семсеріне жолығып сынған сияқты көрінеді. Өкінішті әрине!.. Жеріміз үлкен, кең, қазба байлығы мол. Ал осы байлық бағымыз ба, сорымыз ба? Жерінің байлығы сорына айналған елдер әлем тарихында аз болмаған! Жері үлкен елдің соған лайық дүниетанымы, білімі, біліктілігі, белсенділігі болуы – бұл тарихи қажеттілік, өзін-өзі сақтау шарты. Бұл сұранысқа елді, қоғамды даярлау бұл биліктің немесе саяси партиялардың ғана шаруасы емес. Тек саяси партияны ға­на тыңдап, соның соңынан ерген қо­ғам­ның тағ­дырын басқаның емес, өз тари­хы­мыз­дан білеміз. Бірақ біздің қоғам осындай өмірге бауыр басып қалған сияқты. Өткен жылы әл-Фараби мен Абай жылы аталды. Бәрі дұрыс, біраз шаралар атқарылды. Деген­мен, бір нәрсе жетіңкіремейтіні байқал­ды. Пікір қайшылығы, көзқарас таласы жоқ. Бас изеу басым. Архив қорында 1951 жылғы маусым­да Ғылым академиясы Абай мұрасына бай­ланысты өткізілген дискуссия мате­риалы сақтаулы. Совет идеологиясы жағ­дайында өткен пікірталас. Тіптен пікір таласы деуге келмейді. Нағыз қыл бұрау. Содан бері 70 жыл өтіпті. Ғылым акаде­мия­сы мен Жазушылар одағына осы дис­кус­сияға байланысты ғылыми конфе­рен­ция өткізу туралы ұсыныс жасалды. Қа­былданбады. Марғаулық басым. Тарих­қа деген қызығушылық 1951 жылдан төмен екені байқалады. Бұл жалпы зиялы қауымға тән сипат па білмеймін. Олай болса әрине, қорқынышты. Сондықтан тарих саласында кеткен «әт­теген-айымыз» бен әлі де атқара ал­маған, толықтыра алмаған, түгендей ал­маған дүниеміз көп. Оны бір шағын пікір­мен айтып жеткізу қиын. Ол үшін нақ­ты мысал, деректерді келтіре отырып айт­қанымыз жөн.  width= Берекет КӘРІБАЕВ, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

30 жыл ішінде тарихтың бір саласы – археологтарымыздың қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз

– 2021 жылдан халқымыздың күтер үміті көп. Ежелден бері қазақ халқында сиыр жылы ақтың, молшылықтың белгісі ретінде айтылатыны баршаға мәлім. Ал нақты істерге келер болсақ, президент Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты ма­қаласында айтып өткеніндей, 2021 жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мере­кесі болатын жыл. Осы бір ғасырдың үштен біріндей уақыт ішінде отандық тарих ғылымында қандай жетістіктерге қол жеткіздік деген сауалға газет бетінде жауап беру өте қиын. Өйткені тарих ғы­лымындағы соңғы үш онжылдықтағы бар жетістіктерді жіпке тізгендей етіп, атап шығу үшін газеттің бір беті емес, бір саны да жетпейді. Соған қарамастан қысқаша болса да атап көрейін. «Тарихты халық жасайды, ғалым жа­за­ды», «тарихты жасаудан оны жазу қиын» деген қағидаларға сүйенсек, шы­ны­мен де тарихты зерттеу үшін, жазу үшін теория, методология деген ғылыми ұс­танымдар қажет. Кешегі кеңестік ке­зеңде қоғамтанушы мамандарға арналған дайын әрі үстем және жалғыз ғана маркс­тік-лениндік методология болды. Жет­піс жылдай осы методологияға сүйен­ген қоғамтанушы мамандар үшін тәуелсіз­дігіміздің алғашқы жылдары одан бірден арыла қою қандай қиындықтар туғызса,  ескінің орнына келген жаңа өркениеттік ұстанымды қабылдай қою да сондай қиындықтар туғызғанын бәріміз білеміз. Соған қарамастан жаңа ұстаным­ның толық жеңіске жетуі отандық тарих ғылымындағы ең үлкен жетістік деуге болады. Екі ұстаным арасында қандай басты айырмашылық бар десеңіз, ол мынада. Бұрынғы методология таптық принципке негізделіп, халықтың бір бөлігінің тарихы қарастырылды. Соның нәтижесінде қазақ халқының небір асыл­дары – хандар мен сұлтандарға, билер мен батырларға, ақындар мен шайыр­ларға, дін қайраткерлеріне, XX ғасыр ба­сындағы ұлт қайраткерлеріне ел тари­хынан орын берілмеді. Ал өркениеттік ұста­ным деге­німіз таптық ұстанымға қар­сы халықтық, ұлттық ұстаным дегенді білдіреді. Тәуел­сіздігіміздің алғашқы жылдары қоғамтану саласындағы негізгі теориялық мәселе оң шешілгендіктен, та­рих­шыларымыз да жаңа ұстанымға сүйеніп, тарихымызды зерттеуге белсене кіріседі. Тәуелсіздік жылдары жаңа ұстанымға сай шынайы зерттеліп, оң бағасын алған тарихи мәселелерді атап айтсақ, 1920-1930 жылдардағы Қазақстан тарихының саяси, әлеуметтік, экономикалық мәсе­ле­лерін нақты айтар едім. 1937-1939 жыл­дары жаппай саяси репрессия мен оның құрбандары, 30-шы жылдары басындағы елдегі аштық пен өлім, ұжымдастыруға қарсы көтерілістер мен бас көтерулер, Голощекиннің «кіші октябрь» саясаты, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қыз­меттеріне арналған тақырыптар болды. Осы тақырыптарға байланысты тарих­шы­ларымыз өте қарқынды зерттеулер жүр­гізіп, ғылыми нәтижелері бірнеше жүз­де­ген жеке кітаптар болып жарыққа шық­ты. Тәуелсіздік арқасында ел үшін тер төгіп, жа­нын берген небір тарихи тұлғалар өз хал­­қына қайта оралды. Олардың көп­ші­лігі­нің есімдерін мәңгі есте қалдыру үшін олар­ға ауылдар мен елді мекендерге, мектептер мен көшелерге олардың есімдері берілді, ес­керткіштер орнатылды. 1993 жылы «Орбұлақ шайқасының» 350 жыл­дығына орай арнайы Үкіметтің қау­лы­сы шығып, тарихи мереке арнайы той­лан­ды. Соның аясында қазақ-жоңғар соғыс­та­рын­да ел билеген хандар мен сұлтан­да­ры­мыздың, қол бастаған батырларымыздың, ел бірлігін ту еткен билеріміздің тұлғалық бол­мыстары да зерттеле басталды. Жалпы, XVII-XVIII ғасырлардағы тарихымызға те­реңдеу арқылы қаншама тарихи тұл­ға­ларымыз қайта тірілді. Қазіргі кезеңде олар­дың да есімдерін мәңгі сақтау үшін көп­теген іс-шаралар жүзеге асырылды. Тәуелсіздігіміздің екінші және үшінші он­ж­ылдықтарында мемлекетіміз тари­хы­мызға қатысты бірнеше ауқымды бағ­дар­ла­маларды қолға алды. «Мәдени мұра», «Ха­лық тарих толқынында», «Мәңгілік ел», «Ру­­хани жаңғыру» бағдарламалары тарих­шыларымызды бір жағынан қолдау болса, екінші жағынан олардың ізденістеріне тың серпін бергізді. Олардың нәтижесінде қан­шама шетелдердегі тарихымызға қатысты жә­дігерлер елге әкелінді, қаншама зерттеу ең­бектері жарық көрді, қаншама тарихи та­қырыптарға арналған телехабарлар тү­сірілді. Мұның бәрі халқымыздың тарихи са­насын байытты десем артық айтқандық емес. Осы 30 жыл ішінде тарихтың бір сала­сы – археологтарымыздың қол жеткізген же­тістіктері ұшан-теңіз. 1969 жылы Есік қор­ғанынан табылған бір «Алтын адам» та­рихи санамызды бір байытса, қазіргі ке­зең­де олардың саны 5-6 болды. Әсіресе, Шы­ғыс Қазақстан өңірінде қазба жұ­мыс­тарын жүргізіп жатқан әл-Фараби атын­да­ғы ҚазҰУ археологтарын ерекше айтуға бо­­лады. Олардың ғылыми зерттеу жұмыс­тары әлі жалғасуда. Болашақта әлі де талай ғылыми сенсациялардың болуы ғажап емес. Тәуелсіздік жылдары тарихшы­ла­ры­мыз­­дың қолға алған маңызды тақы­рып­тары­ның біріне қазақ мемлекеттілігі тақы­ры­бы жатады. 2015 жылы мемлекеттің қол­дауымен Қазақ хандығының 550 жыл­дығы арнайы түрде бір жыл бойы елімізде атап өтілді. Осыған орай, осы жолдар ав­торы өзінің ұзақ жылдар бойғы зерт­теулерінің нәтижесін үш монография етіп жа­рыққа шығарды. Одан басқа тағы да қа­зақ, орыс тілдерінде он шақты еңбек жа­рық көрді. Еліміздің бас және ірі қала­ларында, барлық облыс орталықтарында осы мереке­ге арналған ғылыми шаралар өткізілді. Өткен жылы да Алтын Орданың 750 жыл­дығын атап өту аясында тарих­шы­лары­мыз белсенді түрде ғылыми ізденістер жүр­гізді. Әлемде қалыптасқан қиын жағ­дайлар біршама қолбайлау жасағанымен тарих­шыларымыздың ізденістеріне тежеу қоя алмады. Қаншама мақала газет-журнал беттерінде жарияланды, қаншама онлайн форматта ғылыми жиындар өткізілді, теле-радиохабарлар түсірілді. Кезінде бір ғұламаның «Ұлттық сананы оя­тып, дамытуда тарихтың атқарар рөлін еш­бір қоғамдық ғылым атқара алмайды» деген сөзінің растығына тарихшы­лары­мыздың 30 жылда атқарған істеріне қарап көз жеткізгендей боласыз.  width= Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА, Тарих ғылым­дары­ның кандидаты, қауымдастырыл­ған профессор, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ тарих факультетінің деканы:

Тарихты зерттеу ісі науқаншылдықтан арылуы тиіс

– Тәуелсіздігімізді жаңадан алып, алға қа­дам басқан алғашқы сәттен қолға алын­ған әлеуметтік-экономикалық және саяси ре­формалармен қатар өткен тарихымызға де­ген сұраныс та басты назарда болды. Со­нау 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық та­рих» жылы деп жариялаудан бастап, ке­ше­гі «Мәдени мұра», «Халық тарих тол­қы­нын­да», бүгінгі «Рухани жаңғыру» жал­пыұлт­тық бағдарламаларының барлығы өт­кенімізді түгендеп, келешекті айқындауға бағытталды. Тарихи таным мен санамызды түгендеп, қалпына келтірдік деген тұста мә­­селенің мәні әлі де болса тереңде жатқ­а­ны айқын біліне бастады. Себебі, күн өткен сайын әлемдегі, көрші аймақтардағы жағ­дай­лар өзгеріп, тіпті кейбір мәселелер ушы­ға түсуде. Осы орайда жекелеген мүдделі топ­тардың арандату әрекеттері бой көр­сет­ті, қоғамға «ақпараттық арандатушылық» көрі­ністері ұсыныла бастады. Кешегі РФ Мем­лекеттік Думасының депутаты және т.б. ше­неуніктердің Қазақстан аумағына қа­тысты ешбір негізсіз пікірлері жайдан-жай туындап отырмағанын түсінуіміз қажет. Дегенмен, қоғамда осындай аран­дату­шы­­лықтарға қарсы тұратын күшті «им­му­нитет» қалыптасуы тиіс. Мұндай «им­му­ни­тет» қоғамдық сананы толықтай жаңғыр­тып, қазақстандық құндылықтар әрбір аза­матының жеке құндылығымен астасқан сәт­те ғана мүмкін болмақ. Ел мен жердің өт­кеніне құрметпен қарайтын, оны терең бі­летін және сыйлайтын, өзгеге сыйлата білетін ұрпақтың ғана бойында болмақ. Олай болса, бүгінгі тарих ғылымының ал­дында үлкен міндеттер тұрғанын мойын­дай отырып, қандай шаралар мен қа­дам­дарды жүзеге асыруға міндеттіміз деген сауал­дар туындайды. Ең алдымен жазылуы тиіс көп томдық ака­демиялық тарихымызды қолға алу қа­жеттілігі. Бұл мәселе бұрын да көтерілді. Бел­гілі институтқа тиісті қаржы да бөлініп, 20 томдық еңбек басталғаны хабарланды. Нәти­же қайда? Неге қайтадан академиялық ба­сылымның қажеттілігі туралы тағы да сөз қозғауға мәжбүр болып отырмыз. Өйткені тарихымыздағы кейбір күрделі проб­ле­малар осы күнге дейін жабулы қазан күйін­де қалып отырғанын мойын­дауы­мыз қажет. Басқа проблемаларды айтпағанда ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-эко­но­микалық және демографиялық, саяси оқи­ғаларға толық баға бердік деп айта ал­май­мыз. Өткен жылы ғана жер-жерде күнде кон­ференция жа­сап «ұранға үн қосқан» Ал­тын Орда немесе Ұлық Ұлыс тарихын те­реңдетіп зерт­теу мен дәріптеуге бай­ла­ныс­ты нақты ше­шім қабылданған жоқ. Алтын Орда тарихын зерттеу орталығын құру мен арнайы зерттеу тобын құру, бола­шақ мамандар дайындау ісін барынша тал­қылаған едік... Сонау тас, қола дәуірінен, сақ, ғұн, түр­кілер мен айбынды түркі-моңғолдар дәуі­рі­нен, айшықты Қазақ хандары, орыс отар­шылдығына қарсы азаттық күрес пен ұлт­тық жаңғыруға бет бұрған Алаш арыс­тары дәуірін, қайшылықты кеңес заманы мен бағасын әлі толық бере алмай отырған Тәуелсіздік жылдарының кез келген проб­ле­маларын зерттеу үшін әр салаға ма­ман­данған, шет тілдерін (еуропа пен шығыс) меңгерген, білімді, білікті мамандар қажет. Алысқа ұзамай-ақ, кешегі Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдығы мен Алтын Орда та­ри­хы­на қатысты дүбірде айқын көргеніміздей елі­мізде осы сала бойынша бірен-саран ға­на мамандар болмаса зерттеушілердің то­лық буыны жоқ екенін айқын көріп отырмыз. Мәселені, жаттанды пікір мен белгілі тарихнамалық ойларды қайталап, «кезекшілерден сұхбат» алу, «есептік кон­ференция өткізумен» жаба беру кәсіби ортада наразылық тудырып отырғаны рас әрі мұндай науқаншылдық қоғам алдында тұр­ған күрделі пробламаларды шешуге емес, керісінше дилетантизмді күшейтіп отыр. Сондықтан, тарихтың белгілі бір да­тасы мен проблемасы төңірегінде ғана «ке­зекті науқанды» «табысты» өткізу­ден бас тар­тып, қазақстандық тарих ғы­лы­мын жүйелі, жан-жақты дамыту үшін нақ­ты бағ­дарлама қажет. Президент мақаласын оқығаннан кейін­гі туындаған және бір ой. Соңғы жыл­дар­дағы шешім бойынша жоғарғы оқу орын­дарында Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәні ХХ ғасыр басынан бастап қана оқы­тылып келеді. ХХ ғасырға дейінгі ұлт­тық тарихымызға тірек болғани кезеңдер «мек­теп бағдарламасында бар» деген сыл­таумен алынып тасталған. Әлемдік тен­ден­ция бойынша еліміздегі үздік ЖОО-да шет елдерден білім алатын студенттер саны ар­туда. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың өзінде бүгінгі таңда бес мыңға жуық шетелдік студенттер білім алады. Сол шет­­елдіктерге біз саналы түрде тарихы­мыз­ды келте оқытып отырғанымыз қалай? Осы арқылы «КСРО шеңберінде ғана қалып­тас­қан шекараны заңсыз иемденіп, көр­шіміз­дің «сыйлығының» арқасында ел болып отыр­ғанымызды» өзіміз айтып отырған жоқ­пыз ба? Президентіміздің өзі шетел­діктерге арналған қазақтың ағылшын ті­ліндегі қысқаша оқулығы туралы мәселе кө­теріп отырған тұста бұл мәселе де ше­шімін табуы тиіс. Сананы жаңғыртудың тағы бір жолы тарихи жер-су атауларын қайта қалпына кел­тіру ісінде де кешеуілдеп жүрміз. Сон­дықтан бұл істі тездету қажет. Президент мақаласында айтылғандай, Түркістан атауы­мен қатар, бізге Сырдария, Жетісу, Сарыар­қа, Ұлытау тәрізді қасиетті атау­ла­ры­­мыз да қайта оралуы тиіс деп санаймыз.

Материалды дайындаған

Бақытбек ҚАДЫР