Қазақстан жеріне 100 миллион қазақ сиятын әлеуеті бар

Қазақстан жеріне 100 миллион қазақ сиятын әлеуеті бар

Қазақстан жеріне 100 миллион қазақ сиятын әлеуеті бар
ашық дереккөзі
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар қандастардың атажұртқа көшіп келе бастағанына да 30 жыл толды. Қазақ көшін жүйелі жүргізуге бірқатар тарихи құжаттар мен оң шешімдердің ықпал еткені белгілі. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №711 Қаулысы қабылданды.  Ал 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы ашылды. Сол Құрылтай аясында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды. 1997 жылы 13 желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш рет қазақ тілінде «Халықтың көшi-қоны туралы» заңы қабылданды. Сонымен қатар 2016 жылғы 18 ақпанда Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін Қазақстан Үкіметінің №83 қаулысы қабылданды. Сондай-ақ 2020 жылғы 13 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне көші-қон процестерін рет­теу мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойып, «Оралман» атауының «Қандас» деп өз­герту шешімі де қоғамның қолдауына ие бол­ды. Міне, мұның бәрі қазақ көші-қон жыл­намасындағы тарихи құжаттар. 1991 жылы Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев дүниежүзіне тарыдай ша­шы­раған қазақтарды атамекенге шақырып, ар­найы үндеу жолдады. Содан бері 1 мил­лион­нан астам қандасымыз елге оралды. Олар қазір қоғамның әртүрлі саласында еңбек етуде. Олардың ішінде әрине, ғалымдардың жө­ні бөлек. Осы орайда белгілі түрколог ғалым Қар­жаубай Сартқожаұлын 30 жыл­дық тарихы бар қазақ көшінің жүріп өткен жолына бір көз жүгіртіп өту үшін әңгімеге тартқан едік. Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану және алтайтану орталығының директоры, филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, «Күлтегін» сыйлығының иегері: – Тарихшы ғалым ретінде сізден сұ­райық­шы, тәуелсіздік дегеніміз не? Оның қадіріне жетіп отырмыз ба? – Жалпы, адамзат үшін ең қымбат нәрсе – ол тәуелсіздік. Тәуелсіздік дегеніміз – бір тіл­де сөйлейтін қауымның бостандықта ер­кін өмір сүруі деп білемін. Ал осы тұрғыдан ал­ғанда қазіргі шетелдегі қазақтардың тағ­дыры өте ауыр. Бабаларымыз ежелден дербестігінен айырылып қалған күннің өзінде бодан­дықты мойындамаған. Тәуелсіздік алу үшін күрескен. Соның нәтижесінде Ғұн, Сяньби, Жужан одан кейін Түрк және Ұйғыр қағанаттары құрылды. Ұйғыр қағанаты деген қазіргі ұйғырға қатысы жоқ. Ұйғыр – сүттей ұю, ұйысу дегенді білдіреді. Бұл қағанаттың не­гізгі құрамы – керей және найман тай­палары. Содан бастап, кешегі 1991 жылға дейінгі небір алмағайып тарихымыз – тәуел­сіздікті сақтау, тәуелсіз ел болу үшін болған ұлы күрестердің шежіресі. – Ал енді атажұртқа қандастарымыз қалай көшіп келе бастады? – 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алды. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев бастап, қазақ­тың зиялы қауымы қостап қазақ елінің дер­бес­тігін нығайту үшін білек сыбана қызметке кіріс­ті. Әуелі дүниежүзіне шашырап кеткен қан­дас қазақтарды жинау керек болды. Бұл істі ең алғашқы болып қолға алған адам – Елбасы Н.Назарбаев. Біз оны ұмытпаймыз. Осы ретте де ол кісінің еңбегі зор. Сөйтіп, Ел­басы қандастарды атажұртқа шақырып, үндеу жолдады. Біз осы үндеуді оқып «Ал енді елге қа­лай жетеміз?» деп ойландық. Ол кезде мен Моңғолияның Жоғарғы Құрылтайының депутаты болатынмын. Президентке кіріп, ол кісінің рұқсатын алып, жаныма қосып берген екі адамды ертіп Қазақстанның Ал­маты, Талдықорған, Қостанай, Қарағанды, Ақ­мола, Павлодар, Семей, Өскемен сынды 8 об­лысын аралап, жер шолып шықтық. Біздің Баян-Өлгей қазақтарын Мақаншы, Үржар, Зайсан, жалпы Шығыс Қазақстан жеріне қо­ныстандырсақ деп, Елбасына хат жол­да­дық. Содан бері 150 мыңнан астам ағайын көшіп келген екен. Оның өсімі және бар. Мысалы, мен, кемпірім және үш ұлыммен бес адам кө­шіп келдік. Қазір отбасымызда жиырмадай адам бар. Төрт есе өсіппіз. Төрт есе өсу деген тәуел­­сіздіктің арқасы, мемлекеттің дұрыс сая­­сат жүргізуінің нәтижесі. Қазір ел халқының 70 пайызын құрай­тын ұлттың өкілі болып шыға келдік, айналдырған 30 жылдың ішінде. Осы 30 жыл оңай болған жоқ. Қиын кезеңдерден өттік. Ең әуелі ұйыса білдік. Бейбітшіл халық еке­німізді, ұйысқан ұлыс екенімізді әлемге паш еттік. Бұл да тәуелсіздік пен дұрыс жүргізген саясаттың нәтижесі. Міне, осыған 30 жыл толыпты. – Осы 30 жылда қандастар тарихи Отан­ға не бере алды? – 1 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында «Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа ша­қырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәти­жесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухы­мыз көтерілді», – деп жазды. Ал енді осы 30 жыл­да расында елдің ұлттық рухын көте­ретін мықты азаматтар елге келді. Тек алуды ғана ойлаған жоқ. Көп нәрсе бере білді. Біз­бен бірге тіл, ғылым келді. Жұмыс күші келді. Адам капиталын байыта түстік. Тек осы елор­даның құрылысын тұрғызған жұмыс­шылар (Түркістан облысынан кейінгі) Баян-Өлгей қазақтары екенін кезінде Дүниежүзі қазақтарының ІІІ Құрылтайында Елбасының өзі айтқан еді. Тарих ғылымы бола ма, жалпы жара­тылыстану ғылымы дейсіз бе, елге ғылым әкелдік. Ал ақпарат саласында қызмет етіп жүрген Баян-Өлгейден келген 250-ден ас­там азамат бар екен. Мықты-мықты дә­рігерлер шықты. Әлемдік деңгейге көтерілген математиктеріміз бар. Биыл шеттен келген қандастар арасынан алғашқылардың бірі болып ғылым саласы бойынша әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықты алған Сұраған Дөрбетханды айрықша айтуымыз керек. Тарих жағынан Зардыхан Қинаятұлы ағамызды айтамыз. Басқа мәдениет және әдебиет саласында көптеген азаматтарды айтуға болар еді. Қазақ елінің сөз өнеріне, ән өнеріне үлкен үлес қосып жүргендер көп. Бұл, әрине шеттен келген қазақтардың бір бө­лігі ғана. Басқа да елдерден келген ағайын­д­арды айта берсек, ұзақ әңгіме. Бұл да сол тәуелсіздігіміздің арқасы. Енді не істеуіміз керек? Сол тәуел­сіз­дігімізді нығайтып, елімізді дамытып, әлемдік биік деңгейге көтере білуіміз керек. Оған біздің берік қаланған тарихи таға­ны­мыз бар. Материалдық құндылық дейсіз бе, байлық та бар. Жерімізде көл-көсір қазына жатыр. Кезінде әлемнің көптеген олигархтары біздің жеріміздің арқасында байыды. Қазақтың жерінің асты көлкілдеген мұнай, былқылдаған көк ақша. Кілем құсап жатыр. Сонымен бірге Менделеев кестесінің 112 элементінің барлығы қазақ жерінде. Осы­ны біз өзіміз іске асыруымыз керек. Қа­зіргі жағдайда еліміз шикізатқа байланып отыр. Енді өзіміз өңдейтін елге айналу үшін ат­салысуымыз керек. Сонда біз өркениетті ел­ге айналамыз. Қазірдің өзінде еліміз Орта Азиядағы бастаушы мемлекет болып отыр. Осы биігімізден түсіп қалмауымыз қажет. Мына жағымызда ала шапанды ағайын қатты келе жатыр. Оларда қазір жемқорлық азайды. Бірінші президенті Ислам ақсақал екінші президентке елін қарызсыз тапсырып кетті. Бұл тұрғыда бізде шетке берешек қарызымыз мол. Осыны ертерек өтеп, елімізді алға қарай жылжытуымыз керек. Қазақ өзінің табан тіреп тұрған же­рі­нен айырылып қалмауы үшін, оны игеруі үшін ұлтшыл болған жөн. Алдымызда әлі үлкен асулар тұр. – Осы 30 жылда шетелден 1 мил­лион­нан астам қандас көшіп келді. Енді тағы 30 жылда қаншасын көшіріп алуға қау­қары­мыз жетеді деп ойлайсыз? – Қазір жылына бір миллион қазақ кө­шіріп әкелсек те елдің әлеуеті жетеді. Он сегіз-ақ миллион халқың бар. Жер жағынан әлем­де 9-орындамыз. Көңіл жетсе, көшке жетеді... – Келешекте шетелде этникалық қа­зақ диаспорасы қала ма? Жалпы, иісі қа­зақ атажұртқа түгел көшіп келуі мүм­кін бе? – Бұл еліміздің шетелдегі қандастарға қа­тысты жүргізетін саясатына байланысты шешілетін шаруа. Биліктің қандастарға деген саясаты дұрыс болса, 100 пайыз болмаса да, 60-70 пайызы осында келеді. Қу құлқынның қамымен жүрген адамдар да көп қой. Ұлттық сезімі жоқ, тек нан үшін жүрген. Жақсы өмір сүргісі келетіндер бар. Мысалы, Америкаға, Түркияға барып, сонда сіңіп кеткісі келетін қазақтар бар. Солар қалады. – Шетелдегі қазақтардың тілі жойы­лып барады деген мәселе айтылып жүр. Бірақ олай десең соған кейбір ағайын қар­сы. Бұл жалған намыс емес пе? Бұған сіз не дейсіз? – Шетелдегі қазақтар ауызекі (ком­муни­кативті) тілді ғана біледі. Онда ғылыми тіл және әдеби, мәдени тіл жоқ. Рухани мәйектен ажырап барады. Мәйек деген жер астындағы магна сияқты нәрсе. Сондықтан шеттегі қа­зақтардың ұлттық болмысын сақтап қалу мүмкіндігі өте аз деп айтуға болады. Сол себепті ұлтым, ұрпағым деген азамат ертерек елге келу керек. Біреу үшін емес, өзі үшін, ұрпақ үшін. Екінші, ноғайлар, қарақалпақтар да біздің қандастарымыз, өз туысымыз. Оларды да тартуымыз керек. Мына кең байтақ жерімізге 100 миллион қазақ келсе де еркін сияды, оны ұйыстыруға қазақ елінің әлеуеті жетеді. Ішкі демографияны да ұмытпаған жөн. Мына өзбек ағайындар жұмыс істеп анда-мұнда сабылып жүреді, бірақ үйіндегі қатындары 10-15 бала туып, өзбек санын 30 миллионнан асырды. Қазір Қытай елі неге әлемнің алдына шығып келеді? Себебі халық саны өсті, халқымен бірге экономикасы да өсті. Олардың бізден ештеңесі артық емес. Бізде солай өсе аламыз. Ол үшін аналардың жағдайын жасайық. Бізге де сан керек, саннан сапа туады.