Қырғыздар Ата Заңына Құрылтай институтын енгізбек

Қырғыздар Ата Заңына Құрылтай институтын енгізбек

Қырғыздар Ата Заңына Құрылтай институтын енгізбек
ашық дереккөзі
«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ». Әлбетте, бұл ұлы ойшыл ақын, ағартушы Абайдың сөзі. Қырғыз елінің соңғы отыз жылда өткен жолына қырғыздың өз  саясатшыларының берген бағасы, сайып келгенде, дәл осы хакімнің сөзімен мағыналас. 10 қаңтарда елдің басқару жүйесін анықтау референдумында және президентті сайлауда дауыс беруге қатысқандардың  көпшілігі президенттік сайлау жүйесін және президенттік қызметке Садыр Жапаровты таңдауды жөн көрді. Өткен жылдың 20 қарашасында Қырғыз Республикасы президентінің міндетін атқарушы, Жоғарғы Кеңес төрағасы Талант Мамытов Қырғыз Республикасының жаңа Конституциясының жобасын кеңірек талқылау мақсатында «Конституциялық кеңес құру жөнінде» жарлық шығарған. Қолданыстағы заң­намалар бойынша Жоғарғы Кеңестің депутат­тары­ның үштен екі бөлігінің (80 депутаттың) не 300 мың қырғыз аза­матының ұйғарымымен Конституцияға өзгертулер, то­лықтаулар енгізуге, яки жаңа Конституцияны әзір­леуге болады. Бастаманы Жоғарғы Кеңес қолға алып, жаңа Конституцияның жобасын Конституциялық кеңеске ұсынғаны бүгінгі күнде белгілі болды. Конституциялық кеңес осы аптаның аяғында талқылауды аяқтап өз жобасын Жоғарғы Кеңеске қайта тапсырады. Жоғарғы Кеңес келесі апталарда оны үш рет талқылап, соңғы нұсқасын елдің талқысына ұсынбақшы. Заң жүзінде бұл кем дегенде бір айлық мерзім болуға тиіс. Оған сәйкес, республикада Конституцияны қабыл алу не қабыл алмау бойынша бүкілхалықтық референдум күні белгіленіп, сайлаушылар «мақұлдаймын» не «мақұлдамаймын» деген шеңбердің біріне белгі қояды. Жаңа Конституцияның жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жоқ. Конституциялық кеңестің мүшелері мұны жобаның күн сайын өзгеріп жатқандығымен түсіндіруде. Бірақ, кез келген адам жоба талқыланып жатқан Қырғыз Ұлттық ғылым академия­сындағы арнайы жабдықталған залға келіп, өз ойын білдіруіне, сондай-ақ, осы мекенжайға хат арқылы ұсыныс жолдауына болады. 1969 жылдан 2010 жылға дейін сот саласында қызметте жүріп, 1991– 1993 жылдары республиканың бас прокуроры, 1993-2007 жылдары Конституциялык соттың төрайымы болған Чолпон Баекова «Біз жаңа Конституцияны  жасауда 1993 жылғы Конституцияны негізге алсақ жөн болар еді. Оған кейіннен енгізілген өзгертулер мен толықтауларды алып тастап, орнына қазіргі заманның талабына сай баптарды кіргізсек, дұрыс болмақ» деген пікірін білдірді.Чолпон Баекова Конституциялық кеңестің құрамына шақырылған емес. Бұған себеп – «ол Ақаевтың кадры» деген стереотиптік көзқарас орын алса керек. Сайлау және референдум өте салысымен Қырғыз Республикасындағы белгілі мемлекет қайраткері, егемендіктің алғашқы жылдарында вице-президент, біраз жыл премьер-министр және Жоғарғы Кеңестің депутаты болған, сондай-ақ «Ар-Намыс» партиясын құрушы, заңгер Феликс Құлов: «Жаңа Конституция қабылданса, ел президенті қайта сайлануға тиіс»,– деп пікір білдірді. Ал енді оның партияласы, белгілі ғалым, бұрынғы шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің депутаты, білім беру және ғылым министрі болған Қаныбек Осмоналиев, оған фамилиялас саяси сарапшы Қайрат Османалиев және басқа да көптеген саясаткер: «Сайлау заңды өтті, президент қайта сайланбайды, оның үстіне халық президентті уақытша сайлаған жоқ, Құлов «бүйректен сирақ шығарып отыр» деген пікірде. Ал Конституциялық кеңестің мүшесі Қадыр Қошалиев: «Алда-жалда кейін талас-тартыс болмауы үшін бұл бойынша бір бапты жаңа Конституцияның жобасына енгіземіз», – деп мәлімдеді. Жаңа Конституциядағы ең үлкен жаңалық – Құрылтай институты енгізілмекші. Республиканың барлық аумағындағы тұрғындардан және әртүрлі кәсіп иелерінен жасақталған қоғамдық негіздегі бұл ұйым жыл соңында, не жыл басында жиын жасап, өлке пре­зидентінің есебін тыңдамақшы. Мұның қалай өте­тіні халықтық талқылаудан және жоба қабыл алынғаннан кейін нақты белгілі болады. Біздің ойымызша, пре­зи­дентке қарата импичмент жариялау құқығы Құрылтайға да берілуі мүмкін. Қазіргі заңнамалар бойынша импич­мент жариялауға Парламент құқылы. Сондай-ақ жобаға «Мемлекеттік хатшы» институты кіргізілуі мүмкін. 2007 жыл бұл институт жойылған. Жаңа Конституцияда мемлекет башысы, әрі атқару билігінің (Үкіметтің) басшысы Президент болары шешілген мәселе. Дегенмен, кеңес заманындағыдай, Министрлер кеңесінің төрағасы деген лауазымды енгізу мәселесі де айтылуда. Жаңа жобада қазіргі уақытта премьер-министрдің аппараты болмайтыны анық. Осы уақытқа дейін Президенттің аппараты мен премьер-министрдің аппаратының бөлім басшылары кез келген министрді кабинетіне шақырып алып, «бидайдай қуырып» жіберетін. Енді мұндай қос басқару болмайды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі

(Бішкек)