Жаңалықтар

Дастан ЖӘНІБЕК: Huawei-де жұмыс істеп, ауылдағы бауырларыма көмектесіп отырмын

ашық дереккөзі

Дастан ЖӘНІБЕК: Huawei-де жұмыс істеп, ауылдағы бауырларыма көмектесіп отырмын

2020 жылдың екінші жартыжыл­ды­ғында Huawei компаниясы өз тари­хында тұңғыш рет Samsung және Apple кор­по­ра­циясын артқа қалдырып, смартфон­дарды сатудың әлемдік нарығында көш басына шықты. Америка­лық­тар санкция енгізсе де, ком­панияның қыз­метіне жүгініп, құрыл­ғы­ларын сатып алушылар саны күрт өсті. Компа­ния­ның табысты болуына ықпалын тигізіп жүр­ген отандасымыз Дастан Жәні­бек бүгінде Huawei-дің Бахрейн еліндегі өңір­лік кеңсесінде қызмет етеді. Таяу Шығыс елдеріне түрлі сер­вис­ті ұсынуға жауапты команданың ме­нед­жері қыз­метін атқаратын, қазіргі таңда Ирак­та ісса­пар­мен жүрген Дастанға хабарласып, әң­гі­меге тартқан едік. – Колледжде қаржыгер ма­ман­дығын оқыған сенің ІТ сала­сы­на бет бұруыңа не түрткі бол­ды? – Негізі, жастайымнан компью­тер жөндеуге әуес болдым. Сөйтіп, ауданға қарасты ауылдарға барып, істен шығып қалған компьютерлерді жөндеп беретінмін. Сосын жаңа ком­пью­тер сатып алған ауыл тұрғын­дары қалаға барып, қымбат бағаға операциялық жүйе орнатады, ал мен мұны арзанға жасап беретінмін. Оның үстіне, мектепте математикаға жүй­рік болдым. Сосын Қытайда үшін­ші курс оқып жүргенде стартап ком­панияларда тағылымдамадан өт­тім. Төртінші курс оқып жат­қа­ны­мызда университетке Huawei ком­паниясының өкілдері келіп, жұмыс істеуге шақырып, өз жұмыстарын жарнамалап кетті. Бағымды сынап кө­рейін деп түйіндемемді жіберген едім, бір айдан соң компания әкім­шілігі хабарласып, сұхбаттасуға ша­қырды. Екі кезеңнен құралған сұх­баттасу процесінен сәтті өткен соң, жұмысқа қабылданғанымды ха­бар­лады. Сөйтіп, оқу бітірген бойда бір­ден жұмысқа кірісіп кеттім. – Бірден Бахрейнге жібере­ті­нін естіген кезде үрейленген бо­лар­сың? – Жоқ, себебі 14 жасымнан бас­тап интернатта тұрдым. 18 жасымда Қытайға көштім. Сол себепті жалғыз жүріп-тұруға үйреніп алғанмын. Бахрейнге келген күннен бастап жұмысқа қызу араласып кеттім. Жал­пы, компания басшылығы әр жарты жыл сайын өзіңді жұмыс барысында қалай көрсеткеніңе қарай бағалап отырады. Үздік баға алсаң, компания дәрежеңді де, лауазымыңды да өсі­реді. Сөйтіп, әуелде жұмысқа бас­тап­қы деңгейдегі бағдарлама жасақ­тау­шы болып араласқан мен қазіргі таң­да автоматтандыру мәселесіне жауап­ты бөлімнің менеждерімін. Қо­лас­­тымда он бес шақты жасақтау­шы жұмыс істейді. Мен олардың ат­қаратын жұмысын бақылауда ұстай­мын. Негізгі кеңсе Бахрейнде болға­нымен, өзім онда көп болмаймын. Көбіне іссапарда жүремін. Huawei-де істеп жүрген екі жыл жеті айдың ішін­де жұмыс барысымен он шақты елде болдым, көбінесе Таяу Шығыс елдеріне жұмыспен жиі барамын. Қазір Иракта іссапарда жүргеніме жиыр­ма күн болды. Мұнда автомат­тандыру ісі бойынша клиенттермен жұмыс істеудемін. – Тәжірибесі аз жас маманға үл­кен команданы сеніп тап­сыр­ғанына қарағанда тағылым­да­мада жинаған тәжірибең кө­мек­тескен сияқты... – Дәл солай. Бәлкім, басшымен жолым болған шығар. Мысалы, Бах­рейн­ге келгеніме бір ай уақыт бол­май жатып, мені Кувейт еліне іс­са­парға жіберді. Бастапқыда қорқақтап «Еш­теңе білмеймін ғой» деп уайым­даған едім, басшым «Жоқ, барып кел. Осы­лайша барлығын үйренесің» деді. Ол жақтағы шаруаны бітіріп кел­ген соң, маған ауқымды жобалар ұсы­на бастады. Мұның барлығын сәт­ті орындап жүргенімді байқап, қол­дау білдірді. 2018 жылы Бах­рейндегі кеңсеге әртүрлі депар­та­ментте жұмыс істеуге көп қызметкер кел­генбіз. Сол жылы олардың ара­сы­нан озып шығып, «Ең үздік жаңа қыз­меткер» атағын иелендім. Сосын 2019 жылы компанияның үздік қыз­меткерлеріне ұсынылатын Future Star жүлдесін алдым. Өткен жылдың бі­рінші жартыжылдығында High Performance жүлдесін еншіледім. Осылайша, үнемі үздіктер қатарынан кө­рініп жүргендіктен, басшылық ме­ні көтермелеп, тәжірибем аз болса да, жоғарыда айтып өткен коман­даны басқаруға тағайындады. – Бізге Huawei десе, тек теле­фон елестейді. Ал шынында ком­панияның телефон құрастыру­дан бөлек, көрсететін сервистері, жасап шығаратын құрылғылары көп екен. Түсінуімше, сенің қа­зіргі атқарып жүрген қызме­тің телефон құрастыруға қатысы жоқ, солай ма? – Huawei компаниясының негізгі табыс көзі телефон құрастырумен бай­ланысты емес. Телефон сатудан ке­ліп түсетін пайда тек 10 пайызды құрайтын шығар. Компания мо­биль­ді операторларға телекоммуника­ция­лық құрылғылар, сервистер са­тудан көп табыс табады. Ал біз іс­тейтін автоматтандыру жұмысын қа­рапайым тілмен түсіндіретін бол­сам, мобильді операторлардың желі та­рататын мұнарасы бар екенін біле­тін боларсыз. Сол мұнарада же­лінің жақсы жұмыс істеуіне септігін тигізетін арнайы құрал-жабдықтар болады. Мобильді операторлар әлгі жабдықтарды өздері жасақтап шығара алмайды, сондықтан олар бізден сатып алады. Жалпы, әлем бойынша мұндай құрылғыларды тек Huawei, Erikson және Nokia компа­ния­лары әзірлеп шығарады. Десе де, Huawei –  екеуімен салыстырғанда, ең ірі өндіруші. Қазақстандағы мұ­нараларда да  Huawei-дің жаб­дық­тары орнатылған. Сол жабдықтар бір­де қызып кетсе, енді бірде істен шы­ғып қалады. Сөйтіп, күніне мың­даған сигнал келіп түседі. Бұры­ны­рақ­та мұның барлығын диспетчер, ба­қылаушы маман істейтін, ал қазір бұл олқылықтарды түзетуге адамның мүм­кіндігі жете бермейді. Сол се­беп­ті мұны бұрынғыдай мамандарды жұмылдыру арқылы бәленбай сағат емес, компьютер арқылы бірнеше секунд ішінде түзеуге жауаптымыз. – Технология неғұрлым тез жаңа­рып отырған сайын, бағ­дар­­лама жасақтаушылар соған қарай соғұрлым шапшаң түрде бейім­­­делетінін білеміз. Сондай-ақ олардың жаңа шыққан техно­логияны меңгеруге аз уақыт жет­кілікті деп, позицияларын ауыс­тыруды құп санайтынынан ха­бардармыз. Сол секілді сен де менеджерлікті ауыстырғың ке­ліп жүрген жоқ па? – Ойымды дөп бастыңыз. Күн­де­лік­ті берілетін тапсырмалар ауқымы кең болғанымен, бір-біріне ұқсас, сол себепті қызығушылық кеміп бара жа­тыр. Жалпы, компанияда атқа­рылуы тиіс тапсырмалар көп. Мы­са­лы, бізде зерттеу жүргізіп, жаңа, тың дү­ниелер ойлап табатын депар­та­мент бар. Сол департаментке, соның ішінде Еуропадағы бөліміне ауысқым ке­ліп жүр. Қазір бір бөлімде менед­жер болсам да, бұған масайып, бір орында тұрып қалғым келмейді. Со­сын жұмыстан бө­лек құрас­тырғым ке­ліп жүр­ген же­ке жобала­рым бар. Ал­дағы уа­қытта сол жо­баларым сәтті жү­зеге асып кет­­­се деп ниет­­­теніп отыр­­­­­мын. – Huawei-дің Алматыда кең­се­сі бар екенін білеміз. Сен секілді маманның шетте істеп жүргенін білген ол жақтағылар жұмысқа шақырған болар... – Иә, шақырды. Шынымды айт­сам, Қазақстанды, әсіресе ауылымды қат­ты сағынып жүрмін. Еңбек дема­лысында елге барғанда ұшақтан түсе сала ауылға қарай тартып отырамын. Ауылға ештеңе жетпейді. Ауылда өсіп-өнген қазақтың баласы әлемнің қай жеріне барса да, бәрібір ауылдай әдемі жер таппайды! Сыртта осылай жүре бергенше, алдағы уақытта Қа­зақстанда жұмыс істегім келеді. Мы­салы, мен күнделікті тағамымды дұ­рыс­тап ішпеймін. Анамның өз қо­лымен әзірлеген тамағын ішкім ке­леді. Сосын елдегі достарым күн сайын ет жеп жүргендерін суретке түсіріп, қалжыңдап мазақ қылады. Тек осы жақтағы жағдай қолайлы, та­быс қомақты болған соң жүресің, амал жоқ. Мысалы, мен осы жұмы­сым­нан алатын бір айлық еңбе­ка­қым елдегі бірнеше айда жинайтын табысқа тең. Әкем жеті жыл бұрын дүние салған, сол себепті ауылда тұ­рып жатқан отбасым маған қарап отыр. Ал мен дәл қазір осында жүріп анам мен бауырларыма көп көмек бере аламын. Қазақстанда осындай жо­ғары жалақы алатын болсам, қай­тып барар едім. Сөйтіп, анам мен бауыр­ларымды қасыма алып, бір шаңырақтың астында тұрмаймын ба?! Дегенмен, 5-10 жылдан кейін тә­жірибе жинақтап, біліктілігімді арттырған соң, елге оралатынымды білемін. Тек айтарым, біз секілді тәжірибе жинап келген жастарға көмек беріп, стартап жобаларды іске асыруға көмектессе екен деймін. Біз­де ірі корпорацияларда небір жаңа­лық ашып жатқан мамандардан кем түспейтін ақылды жастар өте көп. Мысалы, ҰБТ-дан 123, 120 ұпай жи­на­ған достарым грантта оқып, дип­лом алған соң, жұмыс таба алмай, біраз жыл бос жүретіні бар. Сол ал­ғыр балалар қазір зауытта әртүрлі жұ­мыс істеп жүр. Ал мен олардың озық білімді, ұшқыр ойлы екенін жақ­сы білемін. Сол себепті елде жас­тарға мүмкіндігін молынан көр­се­тетін бағдарламалар іске асырылса деп ойлаймын. Қытайда «әйнектен жа­­салған шатырдан биікті көре ала­сың, бірақ әлгі шатырдан асып еш­қайда секіре алмайсың» деген мақал бар. Сол секілді елде алған білімің, жет­кен деңгейің аспанға дейін жетіп тұрса да, көздеген нысанаға жете алмайсың. Мен Қазақстанда жұмыс істеп көрген жоқпын, десек те дос­тарымның осындай мұңын жиі ести­мін. Тағы бір байқағаным, елде бар­лығы орыс тіліндегі мобильді қо­сымшаларды көп қолданады. Қо­сым­ша құрастырып шығарғым келсе, орыс тілінде жасауға мәжбүрмін, се­бебі өкінішке қарай елде қазақтар­дың басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Бұған қоса, Қазақстан халқының 20 пайызы – орыстар. Сосын бұл экономикалық жағынан ма­ған қолайлы, әрі қолданушылар қатарын көбейтуге мүмкіндік береді. Ал қытайлықтар ағылшын тіліндегі қосымшаны қолданбайды. Сол секілді алдағы уақытта елде қазақтіл­ді контентке баса мән беріп, қазақ тілінде құрастырылған ІТ өнімдерді қол­данатындар қатары көбейеді деп сенемін.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ