Дастан ЖӘНІБЕК: Huawei-де жұмыс істеп, ауылдағы бауырларыма көмектесіп отырмын

Дастан ЖӘНІБЕК: Huawei-де жұмыс істеп, ауылдағы бауырларыма көмектесіп отырмын

Дастан ЖӘНІБЕК: Huawei-де жұмыс істеп, ауылдағы бауырларыма көмектесіп отырмын
ашық дереккөзі
2020 жылдың екінші жартыжыл­ды­ғында Huawei компаниясы өз тари­хында тұңғыш рет Samsung және Apple кор­по­ра­циясын артқа қалдырып, смартфон­дарды сатудың әлемдік нарығында көш басына шықты. Америка­лық­тар санкция енгізсе де, ком­панияның қыз­метіне жүгініп, құрыл­ғы­ларын сатып алушылар саны күрт өсті. Компа­ния­ның табысты болуына ықпалын тигізіп жүр­ген отандасымыз Дастан Жәні­бек бүгінде Huawei-дің Бахрейн еліндегі өңір­лік кеңсесінде қызмет етеді. Таяу Шығыс елдеріне түрлі сер­вис­ті ұсынуға жауапты команданың ме­нед­жері қыз­метін атқаратын, қазіргі таңда Ирак­та ісса­пар­мен жүрген Дастанға хабарласып, әң­гі­меге тартқан едік.  width= – Дастан, әдетте бағдарлама жа­сақтаушылар Huawei секілді алпауыт корпорацияға жұмысқа тұрмас бұрын, көп сатыдан өтіп, ең­бек жолын кішігірім компа­ния­лардан бастап жатады. Ал сен оқу бітіре сала бірден Huawei-ге жұ­мысқа қабылданыпсың… – Иә, бірден қабылдандым. Ал­ды­мен өзімді таныстыра кетсем, мен 1994 жылы Қарағанды облысы, Шет ау­данына қарасты Талды ауылында дү­ние келдім. 5 жасымда отбасыммен бір­ге Қарағандыға көшіп келдік. Со­сын 2-сыныпты бітірген соң, ауылға қай­та көштік. Өйткені ауылдағы қа­ра­шаңырақты ұстап қалған әкем­нің ағасы дүние салып, үйдің кенжесі ретінде әкеме бізбен бірге ауылға оралу қажет болды. Оның үстіне, ауыл­шаруашылығымен айналысу ке­рек. Сосын 7-9-сынып аралығында Қа­рағандыдағы мамандандырылған «Да­рын» мектебінде оқыдым. Кейін осын­дағы кооператив колледжінде қар­жыгер мамандығы бойынша бі­лім алдым. Мұны аяқтаған соң, білі­мім­ді шетелде жалғастыру туралы ше­шім қабылдап, Қытай Үкіметінің гран­тын жеңіп алдым. Онда екі жыл тіл курсын оқып, сосын Бейжің по­литехникалық университетінде ком­пьютер ғылымдары және техно­логия саласы бойынша оқыдым.  width= – Колледжде қаржыгер ма­ман­дығын оқыған сенің ІТ сала­сы­на бет бұруыңа не түрткі бол­ды? – Негізі, жастайымнан компью­тер жөндеуге әуес болдым. Сөйтіп, ауданға қарасты ауылдарға барып, істен шығып қалған компьютерлерді жөндеп беретінмін. Сосын жаңа ком­пью­тер сатып алған ауыл тұрғын­дары қалаға барып, қымбат бағаға операциялық жүйе орнатады, ал мен мұны арзанға жасап беретінмін. Оның үстіне, мектепте математикаға жүй­рік болдым. Сосын Қытайда үшін­ші курс оқып жүргенде стартап ком­панияларда тағылымдамадан өт­тім. Төртінші курс оқып жат­қа­ны­мызда университетке Huawei ком­паниясының өкілдері келіп, жұмыс істеуге шақырып, өз жұмыстарын жарнамалап кетті. Бағымды сынап кө­рейін деп түйіндемемді жіберген едім, бір айдан соң компания әкім­шілігі хабарласып, сұхбаттасуға ша­қырды. Екі кезеңнен құралған сұх­баттасу процесінен сәтті өткен соң, жұмысқа қабылданғанымды ха­бар­лады. Сөйтіп, оқу бітірген бойда бір­ден жұмысқа кірісіп кеттім.  width= – Сонда сен алдымен Huawei-дің Бейжіңдегі кеңсесінде жұ­мыс істеп, сосын Бахрейндегі бө­ліміне ауыстың ба? – Негізі, Huawei-дің бас кеңсесі Қытайдың Шэньчжэнь қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, әлемнің 182 елінде кеңселері бар. Бастапқыда мені Қытайдағы кеңселерінің біріне жіберетін шығар деп ойлағанмын. Алайда мені бірден шетелдегі филиалына жіберу туралы шешім қабылдады. Әуелгіде жұмысқа орналасу туралы келісімшартты алған кезде, Бахрейн деген жазуды көріп, қай ел екенін, қайда орна­лас­қанын білмей, интернеттен қара­ғанмын (күліп). Сөйтсем, ком­па­нияның Таяу Шығыс елдері бойынша өңірлік кеңсесі сол мемлекетте ор­наласқан екен.  width= – Бірден Бахрейнге жібере­ті­нін естіген кезде үрейленген бо­лар­сың? – Жоқ, себебі 14 жасымнан бас­тап интернатта тұрдым. 18 жасымда Қытайға көштім. Сол себепті жалғыз жүріп-тұруға үйреніп алғанмын. Бахрейнге келген күннен бастап жұмысқа қызу араласып кеттім. Жал­пы, компания басшылығы әр жарты жыл сайын өзіңді жұмыс барысында қалай көрсеткеніңе қарай бағалап отырады. Үздік баға алсаң, компания дәрежеңді де, лауазымыңды да өсі­реді. Сөйтіп, әуелде жұмысқа бас­тап­қы деңгейдегі бағдарлама жасақ­тау­шы болып араласқан мен қазіргі таң­да автоматтандыру мәселесіне жауап­ты бөлімнің менеждерімін. Қо­лас­­тымда он бес шақты жасақтау­шы жұмыс істейді. Мен олардың ат­қаратын жұмысын бақылауда ұстай­мын. Негізгі кеңсе Бахрейнде болға­нымен, өзім онда көп болмаймын. Көбіне іссапарда жүремін. Huawei-де істеп жүрген екі жыл жеті айдың ішін­де жұмыс барысымен он шақты елде болдым, көбінесе Таяу Шығыс елдеріне жұмыспен жиі барамын. Қазір Иракта іссапарда жүргеніме жиыр­ма күн болды. Мұнда автомат­тандыру ісі бойынша клиенттермен жұмыс істеудемін.  width= – Ал қоластыңдағы маман­дар­ға сөзіңді өткізу, тыңдата білу қиынға соғып жатқан жоқ па? – Негізі, оңай емес. Командамда араб­тар, қытайлықтар, пәкістандық­тар мен үндістер жұмыс істейді. Әрқайсысының менталитеті, мәде­ниеті бөлек. Шамам жеткенше тың­дат­қызып жүрмін. Тіпті сөзім өтпей бара жатса, бастығыма жүгінемін, соңғы сөзді сол кісі айтады.  width= – Тәжірибесі аз жас маманға үл­кен команданы сеніп тап­сыр­ғанына қарағанда тағылым­да­мада жинаған тәжірибең кө­мек­тескен сияқты... – Дәл солай. Бәлкім, басшымен жолым болған шығар. Мысалы, Бах­рейн­ге келгеніме бір ай уақыт бол­май жатып, мені Кувейт еліне іс­са­парға жіберді. Бастапқыда қорқақтап «Еш­теңе білмеймін ғой» деп уайым­даған едім, басшым «Жоқ, барып кел. Осы­лайша барлығын үйренесің» деді. Ол жақтағы шаруаны бітіріп кел­ген соң, маған ауқымды жобалар ұсы­на бастады. Мұның барлығын сәт­ті орындап жүргенімді байқап, қол­дау білдірді. 2018 жылы Бах­рейндегі кеңсеге әртүрлі депар­та­ментте жұмыс істеуге көп қызметкер кел­генбіз. Сол жылы олардың ара­сы­нан озып шығып, «Ең үздік жаңа қыз­меткер» атағын иелендім. Сосын 2019 жылы компанияның үздік қыз­меткерлеріне ұсынылатын Future Star жүлдесін алдым. Өткен жылдың бі­рінші жартыжылдығында High Performance жүлдесін еншіледім. Осылайша, үнемі үздіктер қатарынан кө­рініп жүргендіктен, басшылық ме­ні көтермелеп, тәжірибем аз болса да, жоғарыда айтып өткен коман­даны басқаруға тағайындады. – Бізге Huawei десе, тек теле­фон елестейді. Ал шынында ком­панияның телефон құрастыру­дан бөлек, көрсететін сервистері, жасап шығаратын құрылғылары көп екен. Түсінуімше, сенің қа­зіргі атқарып жүрген қызме­тің телефон құрастыруға қатысы жоқ, солай ма? – Huawei компаниясының негізгі табыс көзі телефон құрастырумен бай­ланысты емес. Телефон сатудан ке­ліп түсетін пайда тек 10 пайызды құрайтын шығар. Компания мо­биль­ді операторларға телекоммуника­ция­лық құрылғылар, сервистер са­тудан көп табыс табады. Ал біз іс­тейтін автоматтандыру жұмысын қа­рапайым тілмен түсіндіретін бол­сам, мобильді операторлардың желі та­рататын мұнарасы бар екенін біле­тін боларсыз. Сол мұнарада же­лінің жақсы жұмыс істеуіне септігін тигізетін арнайы құрал-жабдықтар болады. Мобильді операторлар әлгі жабдықтарды өздері жасақтап шығара алмайды, сондықтан олар бізден сатып алады. Жалпы, әлем бойынша мұндай құрылғыларды тек Huawei, Erikson және Nokia компа­ния­лары әзірлеп шығарады. Десе де, Huawei –  екеуімен салыстырғанда, ең ірі өндіруші. Қазақстандағы мұ­нараларда да  Huawei-дің жаб­дық­тары орнатылған. Сол жабдықтар бір­де қызып кетсе, енді бірде істен шы­ғып қалады. Сөйтіп, күніне мың­даған сигнал келіп түседі. Бұры­ны­рақ­та мұның барлығын диспетчер, ба­қылаушы маман істейтін, ал қазір бұл олқылықтарды түзетуге адамның мүм­кіндігі жете бермейді. Сол се­беп­ті мұны бұрынғыдай мамандарды жұмылдыру арқылы бәленбай сағат емес, компьютер арқылы бірнеше секунд ішінде түзеуге жауаптымыз.  width= – АҚШ президенті Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздікке нұқ­сан келтіреді деп осы жылдың ма­мыр айына дейін Huawei және ZTE компаниялары өндіретін құрылғыларға қарсы санкция ен­гізді. Бұл жайында не айта ала­сың? – Негізі, бізге бұл жайында пікір білдіруге рұқсат жоқ. Бірақ қай ком­панияның өнімін алсаңыз да, ара­сында зияндысы да, пайдалысы да бар. Былтыр Қытай халқы Huawei-ге қолдау білдіру үшін компания жасап шығаратын телефондарды көптеп сатып алды. Өзге мемлекеттерден де клиенттердің көбейгенін білемін. Жалпы, компанияда екі түрлі бағыт бойынша жұмыс атқарылады. Бірі мен жұмыс істеп жүрген оператор­лармен байланыс орнатып, сервис­тер ұсынса, екіншісінде телефон, са­ғат, планшет, ноутбук әзірлеумен ай­налысады. Сол себепті телефонға қа­тысты дүниелерді біле бермеймін. Елдегі достарым «Қандай телефон жақ­сы?», «Жаңасы қашан шығады?» деп жиі сұрайды. Ал мен тіпті ком­панияның қандай жаңа телефон әзір­леп жатқанын да білмеймін. Біл­сем де, бұл ақпаратпен бөлісуге рұқ­сат жоқ.  width= – Технология неғұрлым тез жаңа­рып отырған сайын, бағ­дар­­лама жасақтаушылар соған қарай соғұрлым шапшаң түрде бейім­­­делетінін білеміз. Сондай-ақ олардың жаңа шыққан техно­логияны меңгеруге аз уақыт жет­кілікті деп, позицияларын ауыс­тыруды құп санайтынынан ха­бардармыз. Сол секілді сен де менеджерлікті ауыстырғың ке­ліп жүрген жоқ па? – Ойымды дөп бастыңыз. Күн­де­лік­ті берілетін тапсырмалар ауқымы кең болғанымен, бір-біріне ұқсас, сол себепті қызығушылық кеміп бара жа­тыр. Жалпы, компанияда атқа­рылуы тиіс тапсырмалар көп. Мы­са­лы, бізде зерттеу жүргізіп, жаңа, тың дү­ниелер ойлап табатын депар­та­мент бар. Сол департаментке, соның ішінде Еуропадағы бөліміне ауысқым ке­ліп жүр. Қазір бір бөлімде менед­жер болсам да, бұған масайып, бір орында тұрып қалғым келмейді. Со­сын жұмыстан бө­лек құрас­тырғым ке­ліп жүр­ген же­ке жобала­рым бар. Ал­дағы уа­қытта сол жо­баларым сәтті жү­зеге асып кет­­­се деп ниет­­­теніп отыр­­­­­мын.  width= – Қандай бағ­дарлама құ­­рас­тырмақ ойың бар, құ­пия бол­ма­са? – Негізі, еш­кім­­мен бөліспей жүр­ген­мін. Бірақ, ақыры бар­лы­ғын ашық әңгімелей бастаған соң, айта оты­райын. Бо­лашағын ІТ саласымен бай­ланыстырған әр маман үлкен кор­порацияда қызмет етіп, тәжірибе жи­нақтағысы келетіні белгілі. Ал кор­порация өкілдері сұх­бат­тасуға кел­ген жас маманға код жазып шы­ғуды тап­сы­рады. Сол код жа­зудың тәсі­лін, ал­го­ритмдерін білмесең, сұх­­баттасу процесінен өту қиын. Ал егер мұ­ны жаңғақша ша­­ғып тұрсаң, жұ­­мысқа бірден алады. Десек те, ІТ десе ішкен асын жерге қоя­тын­­дар­дың ара­сында мұны біл­мейтіндердің қа­ра­сы көп. Мен соны ескеріп, сту­дент­терге прак­тика жасауға қолай­лы платформа әзірлеп жа­тырмын. Ең алдымен Қытай студенттеріне жасап ұсынғым ке­леді, себебі Қытайда студенттер саны көп, оның үстіне өзім сонда оқыған соң, көп нәрсені жетік білемін. Жұмыс жүріп кетсе, Қазақстандағы студенттерге де үй­ретемін. Алайда, қазіргі таңда мұ­нымен тек демалыс күндері шұғыл­данып жүрмін, себебі басқа күндері негізгі жұмысымнан қол босамайды. Бірақ жұмысыма қарағанда сол жобам әлдеқайда қы­зы­ғырақ. – Ал код жазуды универ­си­тет­те үйретпей ме? – Университетте көп жағдайда ІТ-дың тарихын оқисың, ал техно­логия күн сайын дамып жатыр. Сол тех­нологияларды әзірлеп шыға­ра­тын бағдарлама да өзгеріп жатыр. Университетте мұны үйретпейді. Жұмыс берушілер бізден тарихты емес, жаңа трендтерді сұрайды. Жо­ғарыда айтып өткенімдей, үшінші курс­та стартап компанияда тағы­лым­дамадан өттім. Жарты жыл жұ­мыс істеген соң, деңгейім сол жерде штат­та еңбек ететіндермен тең еке­нін байқадым. Сөйтіп, оқу бітір­генге дейін үш жерде тағылым­дамадан өтіп, көп нәрсені біліп алдым. Huawei-ге жұмысқа орналасар кезде де «Не білесің? Не істей аласың?» деп сұра­ғанда үш жерден үйренгенімді айт­қан едім, мұның көмегі маған көп тиді.  width= – Huawei-дің Алматыда кең­се­сі бар екенін білеміз. Сен секілді маманның шетте істеп жүргенін білген ол жақтағылар жұмысқа шақырған болар... – Иә, шақырды. Шынымды айт­сам, Қазақстанды, әсіресе ауылымды қат­ты сағынып жүрмін. Еңбек дема­лысында елге барғанда ұшақтан түсе сала ауылға қарай тартып отырамын. Ауылға ештеңе жетпейді. Ауылда өсіп-өнген қазақтың баласы әлемнің қай жеріне барса да, бәрібір ауылдай әдемі жер таппайды! Сыртта осылай жүре бергенше, алдағы уақытта Қа­зақстанда жұмыс істегім келеді. Мы­салы, мен күнделікті тағамымды дұ­рыс­тап ішпеймін. Анамның өз қо­лымен әзірлеген тамағын ішкім ке­леді. Сосын елдегі достарым күн сайын ет жеп жүргендерін суретке түсіріп, қалжыңдап мазақ қылады. Тек осы жақтағы жағдай қолайлы, та­быс қомақты болған соң жүресің, амал жоқ. Мысалы, мен осы жұмы­сым­нан алатын бір айлық еңбе­ка­қым елдегі бірнеше айда жинайтын табысқа тең. Әкем жеті жыл бұрын дүние салған, сол себепті ауылда тұ­рып жатқан отбасым маған қарап отыр. Ал мен дәл қазір осында жүріп анам мен бауырларыма көп көмек бере аламын. Қазақстанда осындай жо­ғары жалақы алатын болсам, қай­тып барар едім. Сөйтіп, анам мен бауыр­ларымды қасыма алып, бір шаңырақтың астында тұрмаймын ба?! Дегенмен, 5-10 жылдан кейін тә­жірибе жинақтап, біліктілігімді арттырған соң, елге оралатынымды білемін. Тек айтарым, біз секілді тәжірибе жинап келген жастарға көмек беріп, стартап жобаларды іске асыруға көмектессе екен деймін. Біз­де ірі корпорацияларда небір жаңа­лық ашып жатқан мамандардан кем түспейтін ақылды жастар өте көп. Мысалы, ҰБТ-дан 123, 120 ұпай жи­на­ған достарым грантта оқып, дип­лом алған соң, жұмыс таба алмай, біраз жыл бос жүретіні бар. Сол ал­ғыр балалар қазір зауытта әртүрлі жұ­мыс істеп жүр. Ал мен олардың озық білімді, ұшқыр ойлы екенін жақ­сы білемін. Сол себепті елде жас­тарға мүмкіндігін молынан көр­се­тетін бағдарламалар іске асырылса деп ойлаймын. Қытайда «әйнектен жа­­салған шатырдан биікті көре ала­сың, бірақ әлгі шатырдан асып еш­қайда секіре алмайсың» деген мақал бар. Сол секілді елде алған білімің, жет­кен деңгейің аспанға дейін жетіп тұрса да, көздеген нысанаға жете алмайсың. Мен Қазақстанда жұмыс істеп көрген жоқпын, десек те дос­тарымның осындай мұңын жиі ести­мін. Тағы бір байқағаным, елде бар­лығы орыс тіліндегі мобильді қо­сымшаларды көп қолданады. Қо­сым­ша құрастырып шығарғым келсе, орыс тілінде жасауға мәжбүрмін, се­бебі өкінішке қарай елде қазақтар­дың басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Бұған қоса, Қазақстан халқының 20 пайызы – орыстар. Сосын бұл экономикалық жағынан ма­ған қолайлы, әрі қолданушылар қатарын көбейтуге мүмкіндік береді. Ал қытайлықтар ағылшын тіліндегі қосымшаны қолданбайды. Сол секілді алдағы уақытта елде қазақтіл­ді контентке баса мән беріп, қазақ тілінде құрастырылған ІТ өнімдерді қол­данатындар қатары көбейеді деп сенемін.

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ