Қазақ киносына не жетпейді, қаржы ма, қабілет пе?
Қазақ киносына не жетпейді, қаржы ма, қабілет пе?
Бүгінгі қазақ руханиятында бас ауыртатын екі мәселе болса, бірі – қазақ киносы шығар. Себебі кино өнер ғана емес, бизнес, үлкен идеология! Оған көп мысал іздемей-ақ АҚШ-тың әйгілі киноиндустрия орталығы Hollywood-ты айтсақ та жеткілікті шығар. Ол тек кино шығаратын емес, кино арқылы Американың ұстанымдары мен саясатын әлемге таратып отырған орталық. Сол сияқты өнімдерін бүкіл әлемде көрсету арқылы үлкен қаржы тауып отырған мекеме. Демек, отандық киноның дамуы жайында ойлануымыз керек. Бұл орайда қазақ киносы туралы не айтуға болады?
1934 жылы Алматы кинохроника студиясы ашылды. 1937 жылы Ленфильмде Алматы кинохроника студиясы кинематографистерімен бірге «Амангелді» атты көркем фильмі түсіріліп (сценарий авторлары: Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Всеволод Иванов, қоюшы режиссеры: Мойсей Левин, операторы: Хечо Назарьянц), 1938 жылы экранға шықты. Ол – Қазақстан тақырыбындағы алғашқы дыбысты фильм болатын. Онда қазақтың атақты актерлары ойнаса да, фильмді ленинградтықтар түсіргендіктен оны ұлттық киномыздың басы деп айта алмаймыз.
1944 жылғы 25 қаңтарда Алматы киностудиясының аты Алматы көркем және хроникалық фильмдер студиясы деп өзгертілді. 1945-1952 жылдар аралығында осы студияда «Абай әндері», «Жамбыл», «Алтын керней» секілді фильмдер түсірілді. Қазақ киносының бастауы ретінде осыларды атауға болады.
Кеңестік дәуірде елімізде кино түсірудің қандай болғанын білеміз. Біз үшін барлық мәселе Мәскеуде шешілетін кезеңде өз еркімізше кино жасау мүмкіндігі болмағаны белгілі еді. Дегенмен сол кездің өзінде қазақ киногерлері «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Ана туралы аңыз», «Ел басына күн туса», «Тақиялы періште», «Менің атым – Қожа», «Алпамыс мектепке барады» секілді шедеврлер жасай алды. Бұлар, әрине, қазақ киносының керегесін жайып, шаңырағын көтеріп, уығын шанышқан аға буынның жұмыстары. Одан кейін өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап КСРО-дағы демократиялық жаңару кезеңінде еліміздің көркем фильмдер саласына «жаңа толқын» өкілдері келіп, өздерінің эстетикалық талғамына сай кинолар жасады. Бұл кезең туралы айтқанда, Қ.Салықовтың «Балкон» (1988), Р.Нұғмановтың «Ине» (1988), С.Апрымовтың «Қиян» (1989), Т.Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік» (1988), А.Әмірқұловтың «Отырардың күйреуі» (1991), Ә.Қарақұловтың «Әзәзіл қыз» (1991), Е.Шынарбаевтың «Сұр ұшбұрыштағы орын» (1993), С.Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» (1994), т.б. фильмдері еске түседі. Бұл кинолардың біразы шетелдерде көрсетіліп, жүлделерге де ие болды. Қалай дегенде де «жаңа толқын» өкілдері елімізден тысқары жерлерге қазақ киносы деген киноның бар екенін таныта алды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жерде қазақстандықтар әлемнің үздік киноларын еркін көруге мүмкіндік алып, өздері танысқан тарихи, экшн, фантастикалық, комедиялық, авторлық фильмдерден танып-білгенін отандық кинолардан іздей бастауы киноға деген сұранысқа, түсінікке де өзгеріс енгізді. Мұның дұрыс та, теріс те жағы бар. Әрине, өзге елдің киногерлерінің кино түсіру тәсілінен, ерекшелігінен үйрену қажет болар, бірақ әр ұлттың өз болмысы болатыны секілді ұлттық киноның да өз дәстүрі, даму заңдылығы болады. Дегенмен көрермендердің талап-тілегін ескерген қазақ кино өнері де заманауи кинодағы үрдістерді пайдаланып, фильмдер жасай бастады. Бұл орайда 2005 жылы шыққан «Көшпенділер» (режиссерлері Сергей Бодров, Талғат Теменов, Иван Пассер. Сценарий авторы Рустам Ибрагимбеков, операторы Дан Лаустсен, Уэли Стайгер), 2007 жылы шыққан «Рэкетир» (режиссері Ақан Сатаев), 2009 жылы шыққан «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (режиссері Қуат Ахметов, сценарий авторлары Ермек Тұрсынов, Қуат Ахметов, операторы Александр Рубанов), «Прыжок Афалины» (режиссері Эльдар Оразбаев, сценарисі Әділбек Жақсыбеков, операторы Болат Сүлеев), «Келін» (режиссері, сценарий авторы Ермек Тұрсынов, операторы Мұрат Әлиев), 2011 жылы шыққан «Жаужүрек мың бала» (режиссері Ақан Сатаев, сценарий авторлары Жайық Сыздықов, Мұхамед Мамырбаев, Тимур Жақсылықов, операторы Хасан Қыдыралиев), 2012 жылы шыққан «Шал» (режиссері, сценарий авторы Ермек Тұрсынов, операторы Мұрат Әлиев) секілді фильмдерді атауға болады. Бұлардың арасында елдің ықыласына бөленгендері де, жұртты наразы қылғандары да, көрсетілім жөнінен кассалық фильмге айналғандары да бар. Қалайда, тәуелсіздіктен бергі жерде қазақ киносында қозғалыс, серпіліс, ізденіс пайда болды. Тек олардың жұртқа әсер етуі жөнінде пікір әртүрлі.
Әрине, біздің киноларымыздың ішінде сапасы жақсы, ойы терең, режиссерлік шешімдері сәтті шыққан фильмдер жоқ емес, алайда олардың кейбіріне қазақ көрермендері моральдық тұрғыдан қарап қабылдай алмай жатады. Сол сияқты тарихи шығармалардан тура кітаптағыдай сюжет талап етіп жататын кездеріміз де бар. Тіпті, киноның бюджетіне кеткен қаражатты ақтамайды, ұлт тарихына қатысты фильмдердің сапасы жоқ, киноларымызды ұлттық идеологияға қызмет етпейді, қазақша сериалдарды қызықты, қызықты емес деп өзіміз толық білмейтін салаға да төрелік айтып жатамыз. «Халықтың көбі киноны түсіне бермейді. Интеллектуалдық, авторлық, эстетикалық, рухани терең дүниелерді түсіне бермейді. Өйткені біздің санамызды «кино тек ойын-сауықтық нәрсе» деген түсінік матап тастаған. Кино, меніңше үшке бөлінеді, ол – идеологиялық кино, ойын-сауықтық кино және авторлық-интеллектуалдық кино», – депті бір сұхбатында жас режиссер Елзат Ескендір. Соған қарағанда, біздің елде кино туралы айтатындардың көбі нақты мәселе жайында терең біле бермейтін секілді.
Алайда, киногерлердің бәрін сүттен ақ, судан таза деуге де келе бермес. Мәселен, елімізде көп көрілді деген кинолардың соншалықты керемет емесін білеміз. Себебі оны түсіргендер о баста ақша табуды мақсат еткен. Бұл орайда, Нұрлан Қоянбаевтың фильмдерінің көрсеткіші қызық: өткен жылғы дерек бойынша «Бизнес по-казахски в Африке» киносы – 772 386 445 теңге, «Бизнес по-казахски в Америке» киносы – 581 000 000 теңге, ал «Бизнес по-казахски в Корее» киносы 1 008 552 674 теңге қаражат тапқан. Бұл қаржылық жағынан алғанда аталған фильмдер продюссері үшін үлкен жетістік. Бірақ оның руханиятымызға пайдасы қандай?..
Осы арада заңды бір сұрақ туады: қазақ көрермендері қазақ тарихына қатысты кинолар аз» деп жиі шағынады, бірақ неге шыққан киноларды көріп фильмнің табыс табуына көмектеспейді? Рас қой, егер шынымен өз киномызды дамытқымыз келсе, неге оның көрсетілімі прайм-таймның уақытына қойылуын талап етіп, бәріміз барып көрмейміз?..
Жалпы, біздің елімізде кино саласының ойдағыдай дамуына кеселін тигізетін нәрсе жемқорлық пен ұрлық емес пе екен деп ойлайсың. Киноны дамытуға деп мемлекет ажыратқан қаржыны бөлуде алақолдық бары жөнінде киноның айналасында жүргендер жиі айтып жатады, сондай-ақ, арнайы мамандардан құралған комиссияның сүзгісінен өткен сценарийлер жеме-жемге келгенде қабылданбай қалады екен. Демек, сценарийлерді сараптан өткізетіндер әділдік жасамайтыны бір мәселе болса, продюссерлік жасайтын тұлғалар киноға ажыратылған қаржыны талан-тараж қылып, қолдан туғызылған қаржы тапшылығынан киноның сапасыз болатыны екінші мәселе деп болжам жасауға болады.
Кейінгі кезде «Қазақфильмге» қатысты даулардың жиілеуі нені білдіреді? Мәселен, қазақ киносын жасауға бөлінген қаржының бүкіл жабдығы бар «Қазақфильмге» берілуі азайып, керісінше, кино түсіруге қажетті керек-жарақтың бәрін жалға алатын жекеменшік студияларға көбірек ақша бөлініп жатқаны отандық БАҚ-тарда оқта-текте сөз болып қалып жүр.
Бұл жайында қазақ киносына қатысы бар белгілі тұлғалар өткен жылы 31 телеарнадан берілген «Неге?» ток-шоуында жан-жақты талқылап, ойларын ашық айтқан-ды. Сонда Мемлекеттік сыйлықтың иегері, танымал театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов: «Ұлттық құндылықтарды айтатын жағдайы бар ма? Оны ешкім қарамайды. Министрге барады да, «мен мынаны түсіремін, мұнша ақша бер, мына сомасын қайтарамын» дейді. Сосын ақша береді. Бизнес болған жерде ұрлық та бар», – деп кино айналасы жемқорлықтан ада емес екенін ашық айтса, «Қазақфильм» киностудиясында бір жылға жуық продюссер болған Қанат Төребай: «Қазақфильм» киноны қолдау орталығына 70 сценарий ұсынды. Олар соңғы 10 жылда жиналған сценарийлер. Он жыл бойы соны жинап жүрген кім? Арман Асенов те, мен де «Қазақфильмге» қызметке былтыр қыркүйек айында келдік. Біз жұмысқа кіріскен бойда толассыз тексеріс жүрді, сосын карантин басталды. Жұмыс істейтін уақыт болмады. Байқау жарияланды, біз редакциялық коллегияда не барын қарадық. Сөйтсек, кезінде студия сатып алған 70 сценарий жатыр екен. Соны ұсындық. Оны жинаған біз емеспіз, оны бірнеше жыл бойы сол редакциялық коллегияны басқарған Бекболат Шекеров жинаған. Қазір сол жігіт сараптама кеңесінде мүше болып отырып, кезінде өзі қабылдаған сценарийлерді құлатып, сосын сұхбат беріп, бізді сынап жүр», – деп «Ұлттық киноны қолдау орталығының» киносценарийлерді дұрыс қабылдамайтынын сынады. Бұл бүгінгі қазақ киносының дамуына кесірін тигізетін жайлардың көп екенін меңзейтіндей.
Жалпы айта берсек әңгіме көп, бірақ сырттан тон піше беру де дұрыс емес. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді оңтүстігіміздегі көрші елдің халқы. Сондықтан көкейдегі көп сұрақтың жауабын мамандардан естіген дұрыс шығар.
Қырғыз, Өзбекпен салыстырып, бізде киноға бөлінген қаржыға үркудің жөні жоқ
Данияр САЛАМАТ, кинорежиссер:
– Қазақ киносында даму жоқ деу артық сөз болар. Тек оның таралуы мен елге сіңіп, рухани әлемді байытуға кедергілер бар. Мәселен, біздің қоғам қазақтілді және орыстілді болып екі лагерьге бөлініп алған. Сосын халықтың қазақ әдебиеті туралы пікірлері қалыптасқандай, қазақ киносы жайында ойы орныға қоймаған. Содан кейін киноларында ұлттық бояу қанық, қазақ болмысы жарқырап тұратын Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов секілді режиссерлер дүниеден өтіп кеткен соң киномызды халықпен жалғап тұрған рухани арқау үзіліп қалды. Олардың орнын басқан толқын өкілдерінің басым көпшілігі қалада туған, асфальтта өскен, қазақ болмысына терең бойлай алмайтындар болды. Өйткені Мәскеудегі кино оқуына негізінен қалада өскендердің ғана қолы жететін. Оларға қазақ әдебиеті арқылы рухани әлемі қалыптасқан кейіпкерлер жат еді. (Әрине, қазақтың әдебиетін де, мәдениетін де терең білетін, сондықтан ұлтқа жақын кинолар түсіріп жүрген Сатыбалды Нарымбетов секілді бірді-екілі талантты режиссерлер жоқ емес, сондықтан менің пікірім олардан басқа киногерлерге айтылып отыр).
Жаңа айттым ғой, киногерлер де, көрермен де екіге бөлінген деп. Орыстілді ресжиссерлер шетелден көргенін өз туындыларына тықпалап, көрермендер шетелдің киноларын көре бергендіктен олар сондағы нәрселерді қазақ киносынан іздеп, ұлттық киноға жатырқай қарайды. Ал қазақтілді көрермен ұлттық тұрғыда ойлап, кино түсіретін режиссерлер аз болғандықтан киномыздан өзіне керекті нәрсені ала алмайды.
Тарихи фильмдер керек деп жатамыз ғой, оны түсіріп жүргендер ұлт тарихын, өзі түсіретін кезеңнің тұрмыс-салтын білмегендіктен тарихи киноны ертегі формасына әкеледі. Мысалы, «Көшпенділер» мен «Жаужүрек мың бала» фильмдерінде ертегілік сипат басым екені айқын көрініп тұр. Ал бүгінгі көрерменге тарих туралы реалистік кино керек!
«Ұлттық киноны қолдау орталығының» жаңа басшылығына ұлттық киноны түсінетін адамдар келіп жатыр. Солар енді реалистік бағыттағы тарихи фильмдер жасайды деп сенгім келеді. Сондықтан олар ұлттың бүкіл қасиетін бойына жинаған режиссерлермен бірлесе жұмыс істесе, халыққа керек, мемлекетімізге пайдалы кинолар шығар еді. Қазір киноға келіп жатқан жастардың арасында дүбаралық басым. Олардың түсірген киносындағы қисынсыздықты айтсаң, «бұл енді кино ғой» дейді. Кинода да әдебиеттегідей көркемдік категориялар үстемдік етуі тиіс. Сосын айта кететін бір нәрсе – киноның бюджеті қанша керемет болса да, оның ұлттық болуы сценарий мен режиссерға байланысты. Егер режиссер сценарийді қолына алып отырып, оған өз жанынан бірдеңе қоса алмаса, ол жай сценарийге байланған иллюстратор ғана! Режиссер сценарийге жан беруші. Егер ол оның қолынан келмесе, кейіпкерді сомдаушы актер барлық игерген нәрсесін қолдануға мәжбүр болады да, киноны пафос басып кетеді. Сондықтан режиссердің қолындағы материалды игеруі үшін ол жайында түсінігі терең болуы керек. Ол ұлттық тарихи киноға байланысты. Мен көз жеткізген нәрсе осы.