Зейнетақы жинағы: тірнектеп жиғанымызды жырымдап қайтара ма?
Зейнетақы жинағы: тірнектеп жиғанымызды жырымдап қайтара ма?
2021 жылды асыға күткендер көп. Себебі биылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға, емделуге жұмсауға мүмкіндік тумақ. Президенттің бұл бастамасы қоғамда бір жыл бойы кеңінен талқыланып, заң жүзінде бекітіліп үлгерсе де, халықтың көкейінде әлі де сұрақ көп. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға кімдер құқылы, қаржыны қандай мақсатта пайдалануға болады, мерзімінен бұрын пайдалануға жинақтағы қаражаттың жеткілікті немесе жеткіліксіз екенін қалай білуге болады, 10 пайыздық салық қашан және қалай төленеді – оқырманды мазалаған осы сауалдарға кеңірек жауап бермекпіз.
700 мыңнан астам салымшыға берілген мүмкіндік
Елімізде алғаш рет жүзеге асырылғалы отырған тың шара жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында: «Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады», – деп атап көрсеткен болатын.
Аталған мақсатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында қажетті заңнамалық түзетулер пысықталып, 23 желтоқсанда Парламент құжатты қабылдады.
1 қаңтардан бастап күшіне енген заңға сәйкес, қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, ақысы қымбат емге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілді.
Десе де, мұндай мүмкіндікке зейнетақы қоры салымшыларының 94 пайызға жуығы қол жеткізе алмайды. Заң аясында салымшылардың 700 мыңнан астамы ғана жинақтағы ақшасының бір бөлігін алу құқығына ие болады. Мамандардың есебінше, ол құқықты барлығы бірдей пайдаланса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат 1,4 триллион теңгеге кемитін көрінеді.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда зейнетақы жинағы бар барлығы 10 млн 800 мың адамның шамамен 6 миллионының жинағындағы сома 500 мыңға да жетпейтінін айта кету керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, зейнетақы қорындағы қаржысын төмендегі үш санатқа жататын азаматтар ала алады:
Бірінші санат – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо-рында (БЖЗҚ) жинағы бар, тиісті жаста «жеткілікті шегінен» асатын сомасы бар жұмыс істейтін азаматтар. Елімізде бұл санатқа кіретін 560 мыңға тарта адам бар. Орта есеппен бір адамға 2,3 млн теңгеден келеді.
Екінші санат – зейнеткерлер. Олар зейнетақы жинағының 50 пайызын алу мүмкіндігіне ие. Бұл үшін базалық зейнетақы мен мемлекет тарапынан қосылатын зейнетақыны қоса есептегендегі сома зейнетке шығар алдындағы табыстың 40 пайызынан кем болмауы керек. Мұндай қазақстандықтардың саны – 170 мыңға жуық. Орта есеппен әрқайсысына – жарты млн теңгеден.
Үшінші санат – зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да жинағы бар азаматтар. Бұл санатқа жататын 23 мың адамның әрқайсысына орта есеппен 2,5 млн теңгеден келеді.
Зейнетақы қорында жинақталған қаражатының бір бөлігін алғысы келетін адамдарға қойылатын талап біреу-ақ: аударымдарының жалпы сомасы «жеткілікті шектен» асса болғаны. «Жеткілікті шек» – салымшының есебінде қалуы қажет жинақтағы қаражатының ең төменгі мөлшері. Салымшының зейнетке шыққанда зейнетақысыз қалмауы үшін есепшотында белгілі мөлшерде қаражат қалуы қажет болғандықтан, Үкімет «жеткілікті шекті» анықтау әдістемесін бекіткен. Яғни салымшы жинақтағы қаражатының «жеткілікті шектен» асқан бөлігін ғана жоғарыда аталған мақсаттарға пайдалана алады.
Алдын ала болжам бойынша, зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалану үшін 30 жастағы азаматтың шотында – 2 518 000 теңге, 35 жастағы азаматтың шотында – 2 961 000 теңге, 40 жастағы азаматтың шотында – 3 437 000 теңге, 45 жастағы азаматтың шотында – 3 947 000 теңге, 50 жастағы азаматтың шотында – 4 495 000 теңге, 55 жастағы азаматтың шотында – 5 084 000 теңге, 59 жастағы азаматтың шотында 5 586 000 теңге болуы тиіс.
Жинақ қаржысын пайдаланудың 8 мақсаты
Айта кетейік, зейнетақы қорындағы ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол да берілмейді. Қаражатты пайдалану бірыңғай оператор арқылы жүзеге асырылады. Тұрғын үй саласында бірыңғай оператор – Отбасы банкі. Аталмыш банк зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсауға ниетті азаматтардан өтініш қабылдайтын онлайн платформа әзірледі. Жақын күндері іске қосылатын сайтқа салымшы ЭЦҚ кілті арқылы тіркеліп, өтініш бере алады. Өтініш беруші азамат қаражатты пайдалану мақсатын көрсетіп, қажетті құжаттар тізімімен танысады. Әр мақсат бойынша жеке құжаттар тізімі бекітілген. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, ережеде 8 мақсат қарастырылған:
Бірінші мақсат – жеке баспана сатып алған кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша толық есеп айырысу. Бұл сатып алу-сату шарты, үлестік қатысу, жекешелендіру, тұрғын үй-құрылыс кооперативіне үлестік қатысу, бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау туралы келісім болуы мүмкін.
Екінші мақсат – адам жаңа үй сатып алып жатса, онда ақшасын ипотека бойынша алғашқы жарнаны төлеуге жұмсау.
Үшіншісі – кең қолданысқа ие ипотекалық несие бойынша қарызды ішінара немесе толық өтеу.
Төртіншісі – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша тұрғын үйге ипотекалық несие алу.
Бесіншісі – қайта қаржыландыру.
Алтыншысы – тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақмерзімді жалдау шарттары бойынша қарызды толық өтеу.
Жетіншісі – азаматтың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мұқтаж туыстарына беруі.
Сегізіншісі – емделу.
Осы тұста нақтырақ тоқталуды қажет ететін мәселелер бар. Мәселен, көпшілік арасында «Зейнетақы жинағының бір бөлігін үлестіруге жауапты Отбасы банкінен басқа банктер арқылы ипотека рәсімдеуге немесе рәсімделіп қойған ипотеканы өтеуге бола ма?» деген сауал туындады. Отбасы банкі басшылығының сөзінше, зейнетақы төлемдерін кез келген қазақстандық екінші деңгейлі банкте ипотека алу үшін бастапқы жарна ретінде немесе қолданыстағы ипотекалық қырызды өтеу үшін де пайдалануға болады.
Сонымен қатар зейнетақы жинақтарын жақын туыстарға талаптарда көрсетілген мақсаттар үшін пайдалануға табыстауға болады. Ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында одан әрі пайдалану үшін біріктіре алады. Алайда жылжымайтын мүлікті жұбайыңыздан немесе басқа жақын туыстарыңыздан сатып алуға тыйым салынады. Бұл жалған келісімдердің алдын алу үшін жасалған. Бұған қоса осы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерін қолдану арқылы сатып алынған жылжымайтын мүлікті оған меншік құқығы тіркелген күннен бастап 5 жыл ішінде сатуға болмайды. Бұл талап Президент айтқандай, зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы пайда көрудің, алыпсатарлық амалдардың алдын алу үшін және тұрғын үй бағасының негізсіз өсуіне әсер етпеуі үшін енгізілген. Ал жаңа жылға дейін рәсімделген, зейнетақы төлемдері арқылы ипотекалық қарызы өтелген тұрғын үйді сатуға болады.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін емделу үшін пайдалану тетігі де денсаулық сақтау жүйесіндегі бірыңғай оператор арқылы іске асады. Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының жанынан арнайы комиссия құрылады. Сол комиссиялар емдеу қажеттілігін айқындайды. Ал емделуге баратын адам клиниканы таңдағаннан кейін өз өтінішін бірыңғай операторға тапсырады. Оператор зейнетақы жинағының бір бөлігін сол емханаға аударып, ем шығынын өтейді. Яғни, азаматтар қағаз-құжат жинап, әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрмейді. Бәрі бірыңғай оператор арқылы шешіледі.
Ал зейнетақы жинағындағы салымның бір бөлігін сенімгерлік басқаруға бергісі келетін салымшы зейнетақы қорына өзі таңдаған жеке қаржы компаниясы көрсетілген өтінішті тапсырады. Бірақ сенімгерлік басқаруға беру қағидалары Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен белгіленетін болады.
Салық қашан және қалай төленеді?
Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде Салық кодексінің 320-бабының 1-тармағына сәйкес, соманың 10 пайызын салық түрінде төлеуге міндетті. Демек, бір миллион теңге алсаңыз, 100 мың теңгені жеке табыс салығы түрінде төлеуге тура келеді. Ал 2,5 миллион теңге алған жағдайда 250 мың теңге төлеуге тиіссіз. Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама көтерілгенде бөркін аспанға атқан жұрттың көңілін су сепкендей басқан да – осы салық. Пандемия жағдайында қаржылық қиындыққа тап болған халық алатын қаржысының 10 пайызын бірден қазынаға құюға дайын емес еді. Елдің жағдайын ескерген Парламент ұзақ талқылаудан кейін Салық кодексіне түзету енгізіп, азаматтарға зейнетақы жинағын алу кезінде жеке табыс салығын төлеуді кейінге қалдыру құқығын берді.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда Qazaqstan арнасына берген сұхбатында зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алған азамат 10 пайыздық салықты қалай төлей алатынын түсіндірді.
«Зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде қазіргі заңнамаға сәйкес, бәріміз 10 пайыздық табыс салығын төлеуіміз керек. Бұл бұрыннан келе жатқан норма. Зейнетақысын алған азаматтарымыз сол 10 пайызын төлеп жатыр. Қазір біздің азаматтарға соны төлеу қиындық тудырады. Осы мәселені қалай шешеміз деп ақылдасып, жаңа механизм ұсынып отырмыз. Ол механизм былай жұмыс істейтін болады: мысалы 2021 жылдан бастап азаматтарымыз өзінің зейнетақы қорынан 1 миллион теңгесін алатын болса, ол 10 пайыз салықты, яғни 100 мың теңгені бірден төлемей, зейнетке шыққаннан кейін 16 жылдың ішінде бөліп төлейтін болады. Инфляция бар, басқасы бар, ол кезде енді жеңілдеу болады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі мен салықты кейінге шегеру жеңілдігі Мемлекет басшысы айтқандай, еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізуге жол ашып, қазақстандықтарды зейнетақы жүйесіне белсенді қатысуға ынталандырарына сенім мол. Әйтпесе өзінің ертеңі үшін, қамсыз қарттығы үшін қажет екенін біле тұра, зейнетақы қорына ақша аударуды кейінге ысырып жүргендер аз емес.