Зей­не­тақы жинағы: тірнектеп жиғанымызды жырымдап қайтара ма?

Зей­не­тақы жинағы: тірнектеп жиғанымызды жырымдап қайтара ма?

Зей­не­тақы жинағы: тірнектеп жиғанымызды жырымдап қайтара ма?
ашық дереккөзі
2021 жылды асыға күткендер көп. Себебі биылдан бастап зей­­нетақы жинағының бір бөлігін бас­па­на алуға, емделуге жұмсауға мүм­кін­дік ту­мақ. Президенттің бұл бастамасы қо­ғам­да бір жыл бойы кеңінен талқы­ла­нып, заң жүзінде бекітіліп үлгерсе де, ха­лық­тың көкейінде әлі де сұрақ көп. Зей­не­тақы жи­на­ғының бір бөлігін алуға кім­­дер құқылы, қаржыны қандай мақ­сат­та пайдалануға болады, мерзімінен бұрын пай­далануға жинақтағы қаражаттың жет­­кілікті немесе жеткіліксіз екенін қа­лай білуге болады, 10 пайыздық салық  қа­­шан және қалай төленеді – оқырманды ма­зала­ған осы сауалдарға кеңірек жауап бер­мекпіз. 700 мыңнан астам салымшыға берілген мүмкіндік Елімізде алғаш рет жүзеге асырылғалы отырған тың шара жайлы Президент Қасым-Жо­март Тоқаев өткен жылғы Жолдауында: «Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындары­ның зейнетақы жинағының бір бөлігін пайда­лану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың са­лымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе бас­қарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкі­метке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңы­на дейін барлық қажетті нормативтік-құқық­тық актілерді қабылдап, дайындық жұ­мыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұл ре­фор­ма еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүр­гізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынта­лан­дыра­тын пәрменді құралға айналады», – деп атап көр­сеткен болатын. Аталған мақсатта «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­на­малық актілеріне экономикалық өсу­ді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тыру­лар енгізу туралы» заңы ая­сында қажетті заңнамалық тү­зе­ту­лер пысықталып, 23 желтоқсанда Парламент құжатты қабылдады. 1 қаң­тардан бастап күшіне енген заңға сәйкес, қазақстандықтарға зей­нетақы жинақтарының бір бө­лігін тұрғын үй жағдайларын жақ­сартуға, ақысы қымбат емге немесе же­ке басқарушы компанияларға бас­қаруға беруге пайдалану құқығы берілді. Десе де, мұндай мүмкіндікке зей­­н­етақы қоры салымшы­ларының 94 пайызға жуығы қол жеткізе ал­майды. Заң аясында са­лым­шы­лардың 700 мыңнан астамы ғана жи­нақтағы ақшасының бір бө­лігін алу құқығына ие болады. Ма­ман­дардың есебінше, ол құ­қық­ты барлығы бірдей пайдаланса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат 1,4 триллион теңгеге кемитін көрінеді. Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда зейнетақы жи­нағы бар барлығы 10 млн 800 мың адамның шамамен 6 миллионының жинағындағы сома 500 мыңға да жетпейтінін айта кету керек.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің дерегіне сүйенсек, зейнетақы қорындағы қаржысын тө­мендегі үш санатқа жататын аза­маттар ала алады: Бірінші санат – Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қо-рын­да (БЖЗҚ) жинағы бар, тиісті жаста «жеткілікті шегінен» асатын со­масы бар жұмыс істейтін азамат­тар. Елімізде бұл санатқа кіретін 560 мыңға тарта адам бар. Орта есеп­пен бір адамға 2,3 млн теңгеден ке­леді. Екінші санат – зейнеткерлер. Олар зейнетақы жинағының 50 пайызын алу мүмкіндігіне ие. Бұл үшін базалық зейнетақы мен мем­лекет тарапынан қосылатын зей­не­тақыны қоса есептегендегі сома зей­нетке шығар алдындағы та­быс­тың 40 пайызынан кем болмауы керек. Мұндай қазақстандықтардың саны – 170 мыңға жуық. Орта есеп­пен әрқайсысына – жарты млн тең­геден. Үшінші санат – зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да жинағы бар азаматтар. Бұл санатқа жататын 23 мың адамның әрқайсысына орта есеппен 2,5 млн теңгеден келеді. Зейнетақы қорында жинақ­тал­ған қаражатының бір бө­лігін алғысы келетін адамдарға қойылатын талап біреу-ақ: ауда­рым­дарының жалпы сомасы «жет­кі­лікті шектен» асса болғаны. «Жет­кілік­ті шек» – салымшының есе­­бін­де қалуы қажет жинақтағы қара­жа­тының ең төменгі мөлшері. Салым­шы­ның зейнетке шыққанда зей­не­та­қысыз қалмауы үшін есепшотын­да белгілі мөлшерде қаражат қалуы қажет болғандықтан, Үкімет «жеткі­лікті шекті» анықтау әдістемесін бе­кіткен. Яғни салымшы жинақтағы қаражатының «жеткілікті шектен» ас­қан бөлігін ғана жоғарыда атал­ған мақсаттарға пайдалана алады. Алдын ала болжам бойынша, зей­нетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалану үшін 30 жас­тағы азаматтың шотында – 2 518 000 теңге, 35 жастағы азаматтың шо­тында – 2 961 000 теңге, 40 жастағы азаматтың шотында – 3 437 000 тең­ге, 45 жастағы азаматтың шо­тында – 3 947 000 теңге, 50 жастағы аза­маттың шотында – 4 495 000 тең­ге, 55 жастағы азаматтың шо­тын­­да – 5 084 000 теңге, 59 жастағы азаматтың шотында 5 586 000 теңге болуы тиіс. Жинақ қаржысын пайдаланудың 8 мақсаты Айта кетейік, зейнетақы қорын­дағы ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол да берілмейді. Қаражатты пайдалану бірыңғай оператор арқылы жүзеге асырылады. Тұрғын үй саласында бірыңғай оператор – Отбасы банкі. Атал­мыш банк зейнетақы жи­на­ғының бір бөлігін жұмсауға ниетті аза­маттардан өтініш қабылдайтын он­лайн платформа әзірледі. Жақын күн­дері іске қосылатын сайтқа са­лым­шы ЭЦҚ кілті арқылы тіркеліп, өтініш бере алады. Өтініш беруші азамат қаражатты пайдалану мақ­сатын көрсетіп, қажетті құжаттар тізімімен танысады. Әр мақсат бойынша жеке құжаттар тізімі бе­кітілген. «Отбасы банк» АҚ басқарма тө­райымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, ережеде 8 мақсат қа­рас­тырылған: Бірінші мақсат – жеке баспана са­тып алған кез келген аза­мат­тық-құқықтық мәмілелер бойын­ша толық есеп айырысу. Бұл са­тып алу-сату шарты, үлестік қа­тысу, жекешелендіру, тұрғын үй-құ­рылыс кооперативіне үлестік қа­тысу, бөліп төлеу, тұрғын үйді айыр­бастау туралы келісім болуы мүмкін. Екінші мақсат – адам жаңа үй сатып алып жатса, онда ақ­ша­сын ипотека бойынша алғашқы жарнаны төлеуге жұмсау. Үшіншісі – кең қолданысқа ие ипотекалық несие бойын­ша қарызды ішінара немесе толық өтеу. Төртіншісі – тұрғын үй құ­ры­лыс жинақ жүйесі бойынша тұрғын үйге ипотекалық несие алу. Бесіншісі – қайта қаржылан­дыру. Алтыншысы – тұрғын үй құры­лы­сы бағдарламалары мен дағ­да­рысқа қарсы бағдарламалар шең­берін­де сатып алу құқығымен тұр­ғын үйді ұзақмерзімді жалдау шарт­тары бойынша қарызды толық өтеу. Жетіншісі – азаматтың зей­нетақы жинақтары­ның бір бөлігін мұқтаж туыстарына беруі. Сегізіншісі – емделу. Осы тұста нақтырақ тоқ­талу­ды қажет ететін мәселелер бар. Мәселен, көпшілік арасында «Зей­нетақы жинағының бір бөлігін үлес­тіруге жауапты Отбасы бан­кінен басқа банктер арқылы ипо­тека рәсімдеуге немесе рәсімделіп қой­ған ипотеканы өтеуге бола ма?» деген сауал туындады. Отбасы банкі басшылығының сөзінше, зейнетақы төлемдерін кез келген қазақстандық екінші деңгейлі банкте ипотека алу үшін бастапқы жарна ретінде неме­се қолданыстағы ипотекалық қы­рыз­ды өтеу үшін де пайдалануға бо­лады. Сонымен қатар зейнетақы жи­нақтарын жақын туыс­тар­ға талаптарда көрсетілген мақ­саттар үшін пайдалануға та­быс­тауға болады. Ерлі-зайыптылар мен жақын туыстар зейнетақы төлем­дерін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында одан әрі пайдалану үшін біріктіре алады. Алайда жыл­жымайтын мүлікті жұбайыңыздан немесе басқа жақын туыстарыңыз­дан сатып алуға тыйым салынады. Бұл жалған келісімдердің алдын алу үшін жасалған. Бұған қоса осы жыл­дың 1 қаңтарынан бастап зей­не­тақы төлемдерін қолдану арқылы сатып алынған жылжымайтын мү­лікті оған меншік құқығы тір­келген күннен бастап 5 жыл ішінде са­туға болмайды. Бұл талап Пре­зи­дент айтқандай, зейнетақы жи­нақ­тарын қолма-қол ақшаға айналдыру ар­қылы пайда көрудің, алыпса­тар­лық амалдардың алдын алу үшін және тұрғын үй бағасының негізсіз өсуіне әсер етпеуі үшін енгізілген. Ал жаңа жылға дейін рәсімделген, зей­нетақы төлемдері арқылы ипо­текалық қарызы өтелген тұрғын үйді сатуға болады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін емделу үшін пайда­лану тетігі де денсаулық сақтау жүйе­сіндегі бірыңғай оператор ар­қылы іске асады. Өңірлердегі ден­саулық сақтау басқармаларының жа­нынан арнайы комиссия құры­лады. Сол комиссиялар емдеу қа­жет­тілігін айқындайды. Ал емделуге бара­тын адам клиниканы таңдаған­нан кейін өз өтінішін бірыңғай операторға тапсырады. Оператор зейнетақы жинағының бір бөлігін сол емханаға аударып, ем шығынын өтейді. Яғни, азаматтар қағаз-құжат жинап, әр мекеменің табалдырығын тоздырып жүрмейді. Бәрі бірыңғай оператор арқылы шешіледі. Ал зейнетақы жинағындағы са­лымның бір бөлігін сенімгерлік басқаруға бергісі келетін салымшы зей­нетақы қорына өзі таңдаған же­ке қаржы компаниясы көрсетілген өтінішті тапсырады. Бірақ сенім­гер­лік басқаруға беру қағидалары Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен белгіленетін болады. Салық қашан және қалай төленеді? Қазақстандықтар зейнетақы жи­нағының бір бөлігін ал­ған кезде Салық кодексінің 320-ба­бы­ның 1-тармағына сәйкес, сома­ның 10 пайызын салық түрінде тө­­­леуге міндетті. Демек, бір мил­лион теңге алсаңыз, 100 мың тең­гені жеке табыс салығы түрінде тө­леуге тура келеді. Ал 2,5 миллион теңге алған жағдайда 250 мың теңге тө­леуге тиіссіз. Зейнетақы жина­ғы­ның бір бөлігін мерзімінен бұрын пай­далану туралы бастама көте­ріл­ген­де бөркін аспанға атқан жұрт­тың көңілін су сепкендей басқан да – осы салық. Пандемия жағдайында қаржылық қиындыққа тап болған халық алатын қаржысының 10 пайы­зын бірден қазынаға құюға дайын емес еді. Елдің жағдайын ес­керген Парламент ұзақ талқылаудан кейін Салық кодексіне түзету енгі­зіп, азаматтарға зейнетақы жи­на­ғын алу кезінде жеке табыс салығын төлеуді кейінге қалдыру құқығын берді. Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев жуырда Qazaqstan ар­насына берген сұхбатында зей­не­т­ақы жинағының бір бөлігін шешіп алған азамат 10 пайыздық салықты қалай төлей алатынын түсіндірді. «Зейнетақы жинағының бір бө­лігін алған кезде қазіргі заңнамаға сәй­кес, бәріміз 10 пайыздық табыс са­лығын төлеуіміз керек. Бұл бұрын­нан келе жатқан норма. Зей­не­тақысын алған азаматтарымыз сол 10 пайызын төлеп жатыр. Қазір біздің азаматтарға соны төлеу қиын­дық тудырады. Осы мәселені қа­лай шешеміз деп ақылдасып, жаңа механизм ұсынып отырмыз. Ол механизм былай жұмыс істейтін болады: мысалы 2021 жылдан бас­тап азаматтарымыз өзінің зей­не­тақы қорынан 1 миллион теңгесін алатын болса, ол 10 пайыз салықты, яғни 100 мың теңгені бірден тө­ле­мей, зейнетке шыққаннан кейін 16 жылдың ішінде бөліп төлейтін болады. Инфляция бар, басқасы бар, ол кезде енді жеңілдеу болады», – деді Мәулен Әшімбаев. Зейнетақы жинағының бір бө­лігін пайдалану мүмкіндігі мен са­лықты кейінге шегеру жеңілдігі Мемлекет басшысы айтқандай, ең­бек қатынастарын ашық әрі заңды жүр­гізуге жол ашып, қазақ­стан­дық­тарды зейнетақы жүйесіне белсенді қа­тысуға ынталандырарына сенім мол. Әйтпесе өзінің ертеңі үшін, қам­сыз қарттығы үшін қажет еке­нін біле тұра, зейнетақы қорына ақ­ш­а аударуды кейінге ысырып жүр­гендер аз емес.