Вакцинаның дұрысы – дертіңе дерт қоспағаны

Вакцинаның дұрысы – дертіңе дерт қоспағаны

Вакцинаның дұрысы – дертіңе дерт қоспағаны
ашық дереккөзі
Коронавирусқа қарсы вакциналардың сынағы бастал­ғаннан-ақ өтірік-шыны аралас ақпарат көбейді. Қай мәлімет рас, қай мәлімет шындыққа жанаспайды – анықтау қиын. Сол себепті де жалпы вакцинаға көп адам күдікпен әрі үреймен қарайтын болды. Көптеген елде жаппай вак­ци­нациялау басталып кетті. Жа­қында Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі биыл елімізде 10 мил­лион адамға коронавирусқа қар­сы екпе салынатынын мәлім­деді. Екпе мәжбүрлі түрде бола ма? Біз қолданғалы отырған ре­сей­лік вакцинаға әлем қандай ба­ға беріп жатыр, оның аме­ри­ка­лық вакциналардан қандай айыр­машылығы я артықшылығы бар? Неліктен таңдау Ресей вак­ци­насына түсті, өзіміз өндіретін вак­цина қайда қалмақ? Осы сияқ­ты сауалдарға жауап іздеп көр­сек.

Вакцина алу міндеттеле ме?

2 қаңтардағы жағдай бойын­ша, 29 елдің 10 миллион­нан астам адамы коронавирусқа қар­сы екпе алған.  Өткен жылдың қарашасындағы мәліметке сүйен­сек, әлем бойынша танымалы бар, рас­талғаны бар, жалпы 198 вак­цина әзірленіп жатыр. Олардың тек санаулылары ғана қолданыс­қа түсіп, сынақтан өткізіліп ж­а­тыр. Pfizer және Moderna ком­па­ниялары әзірлеген алғаш­қы екі вак­цина матрицалық РНҚ деп ата­латын жаңа технология ар­­қы­лы, рекордтық деңгейдегі ты­ғыз уа­қыт ішінде жасалды. Алай­да ма­мандар мұнымен вак­ци­наның қауіп­сіздігін теріске шы­ғарып, жет­кілікті дәрежеде сы­налмады деу­ге болмайтынын ай­тады. Вак­цинаның жасалу тех­нологиясына негіз болған зерт­теулер біраз уа­қыт­тан бері жүр­гізіліп келеді екен. Біздің елімізде де отандық QazCovid-in деп аталатын  ко­ро­на­­вирусқа қарсы вакцина шы­­ғарыл­мақ. Ол үшін Жамбыл об­­лысында вакцина зауыты са­лы­нып жатыр. Бірақ, 21 желтоқсанда Пре­мьер-Министр Асқар Мамин Қа­рағанды фармацевтикалық ке­шеніне барып, ресейлік Спутник V вакцинасының өндірісін іске қос­ты. Премьер-Министрдің рес­ми сайты осы кешенде кезең-ке­зеңі­мен 2 млн доза вакцина өнді­рі­летінін хабарлады. Ал 3 қаң­тар­да Денсаулық сақтау министрлігі биыл елімізде 10 миллион адамға ко­­ронавирусқа қарсы екпе салы­натынын мәлімдеді. Мәлімдемеде вак­цина алу міндеттелмейді, әркім­нің өз еркі екені айтылды. Де­­­ген­мен, 10 млн адам екпе сал­дыртуға келісе қоюы екіталай екенін ескерсек, бұл қаншалықты шындық екенін Денсаулық сақтау министрлігінен білген едік. – Вакцинаны 18-60 жас ара­лы­­ғындағы адамдар алады. Ақ­пан­­да басталатын вакцинация ке­­зінде ешкімге де еркінен тыс ек­пе салынбайды, мәжбүрлеу бол­май­ды. Ал айтылған 10 млн адам – вакцина қабылдауға мүмкіндігі бар адамдардың болжалды есебі. Қалған мәселелерді жауапты ма­ман­дар әлі де тексеріп жатыр, – дей­ді ведомствоның баспасөз хат­шысы Әсел Артакшинова. Ендігі кезекте таңдау не­ліктен басқа емес, Ресейдің Спутник V вак­цинасына түсті де­­ген мәселені анық­тасақ. Бұл вак­цинаның қан­дай артықшы­лық­тары бар? Ал өзі­міз өндіріп жатқан вакцина жайы не болмақ?

Неліктен Спутник V? Өзіміз өндіретін вакцина не болмақ?

Қараша айының басында Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлем бойын­ша 47 вакцинаны тіркеді, олар­дың 10-ы клиникалық зерттеудің соң­ғы са­тысында болатын, со­лардың қа­тарына біз тапсырыс бер­ген Спут­ник V вакцинасы да енді. Ре­сей ғалымдары Спутник V-дің тиім­ділігі 92 пайыз деп  мә­лім­­деме жасады. Қазір қоғамда не­­лік­тен Американың немесе бас­қа шетелдің вакцинасы емес, Ре­сей вакцинасын алмақпыз де­ген сұ­рақ көп адамды мазалайды. Со­ны­мен қатар, Pfizer вакцина­сын Қа­зақ­станға жеткізу жоспар­ла­­нып отырғаны туралы жаңа­лық та пайда болды. Осы мәсе­ле­лерге қатысты ҚазҰАУ жанын­дағы Ха­лықаралық Вакцинология ор­талығының директоры, про­фес­сор Қайсар Табыновтың пі­кірін біл­ген едік. Маман басқа вак­­­циналардың Қазақстанда қол­­да­нылу мүмкіндігі екіталай болуы Спутник V вакцинасын таң­дауға ықпал етіп отырғанын ай­тып, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. – Маман ретінде, Спутник V-дің ешқандай артықшылығын көріп отырған жоқпын. Дегенмен, бұл жердегі ең басты фактор – бұл вакцина қазіргі таңда біз үшін қолжетімді. Pfizer, Moderna ком­паниялары шығарған немесе Ұлыбритания, Индонезия елде­рінде тіркелген вакциналар қазір біз үшін қолжетімсіз болып тұр. Се­бебі, бұл вакциналар алдымен ал­дын ала тапсырыс берген мем­ле­кеттерге жеткізіледі. Мысалы, Moderna компаниясының мәлім­деуінше, алдын ала тапсырыс бе­ріп қойған Африка мемле­кет­терінің өзіне биыл вакцина жет­пейді. Яғни, осындай екпе қолже­тім­сіз болып тұрған уақытта, біз үшін тиімді Ресей вакцинасын таң­дап отырмыз. Ал жалпы, Ден­саулық сақтау министрлігінің ай­туынша, Pfizer вакцинасына да сұра­ныс жасалды. Ол тек осы жыл­дың екінші жартысында ғана ел­ге келуі мүмкін. Сондықтан, мұн­­дай жағдайда Ресей вак­ци­насы немесе өзіміздің өндіретін вакцинамыз туралы ғана сөз қозғауға болады. Бірақ Қазақстан вакцинасы енді ғана жалпык­ли­никалық зерттеудің үшінші саты­сына жетті. Оның нәтижесі осы жылдың наурыз айында белгілі болады деп жатыр. Алайда, бұның өзі ертеректеу болады деп ойлай­мын. Вакцина дайын болғанның өзінде бізде әлі зауыт салынып біткен жоқ. Ол зауыттың қашан іске қосылатыны белгісіз. Менің ойым­ша, зауыт  жақын арада жұмысын бастай қоймайды. Ресей вакцинасының қауіп­сіз­дігі жайлы айтар болсам, әлем бойын­ша әлі ешқай вакцина кең көлемде пайдаланып, тексе­ріл­ген жоқ. Эксперименталды түр­де, енді ғана пайдаланылып жа­тыр. Де­генмен, вакциналар ту­ралы то­лық мағлұмат жоқ. Бірақ, вакци­наны қауіпті деп те шорт кесіп ай­туға болмайды. Қауіпсіз болуы да мүмкін. Мен білетін ақ­парат бойынша, Ресей вакцинасы 19 мың адамға салынып, жал­пы­-к­­­ли­никалық зерттеулер саты­сы­нан өтіп жатыр. Осы сынақ ар­қы­лы вакцинаны тексеруге болады деп ойлаймын. Коронавирус инфекциясы әлі таралуын тоқтатқан жоқ. Ауырып жат­­қандар да, өлім-жітім де кө­бейіп жатыр. Бірақ, менің ойым­ша, жазға салым жалпы инфек­ция­ның таралуы бәсеңдейді. Сол кез­де ғана вакцинаның қанша­лық­ты әсер еткенін бағамдауға бо­лады. Вакцина алған адамдар­дың қаншасы ауырды, қаншасы жа­зылды, кімге қалай әсер етті – осы­ның барлығын нақтылау үшін уақыт керек, – деп маман сө­­зін түйіндеді. Pfizer вакцинасын өте тө­мен тем­пературадағы (-80°C) мұздат­қыш­тарда сақтау ке­рек. Бұл вак­ци­наны елімізге жет­кізуді едәуір қиындатады. Moderna вакцина­сын сәл жылы жерде, яғни -20°C температурада 6 ай және тоңа­зытқышта (ша­ма­мен 4°C) 30 күн сақтауға болады. Ал бізде мұндай мүмкіндігі бар ек­пе бөлмелері жоқ­тың қасы. Ал Спутник V -18 градус тем­пера­турада сақ­талуы керек. Яғни ре­сейлік вак­цинаны сақтау және тасымалдау процесі әлдеқайда жеңіл.

Спутник V туралы басқа нені білу керек?

Спутник V-дің BioNTech жә­не Moderna вакцинала­ры­нан басты  айырмашылығы – век­торлық тех­нологияны қолдана оты­рып жасалғанында. Яғни SARS-CoV-2 вирусының генети­ка­лық мате­риа­лын адам жасу­ша­ларына жет­кізу үшін адено­вирус­тар тұ­қым­дасы болатын басқа вирустың қ­а­бығы қолданылады. Жасушалар ақуыз шығарады, нәтижесінде им­мундық реакция пайда болып, ор­ганизм вируспен күресуге үй­ренеді. Иммундық реакция толық күшеюі үшін вакцинаны ара­сына 3 апта салып, 2 рет алу ке­рек. Бірінші екпе арқылы 26 се­ротип аденовирусы, ал екінші ек­пемен 5 серотип негізіндегі вак­цина енгізіледі. Спутник V  вакцинасын жа­сау­шылар мен препараттың да­муына демеушілік жасаған қор екі дозалы вакцинацияның құны ха­лықаралық нарықта 20 дол­лар­дан аз, ал Ресей азаматтарын им­мундау тегін болатынын мә­лімдеген еді.  Сонымен қатар, Ре­сейдің тікелей инвестициялар қоры вакцинаның 1,2 миллиард­тан астам дозасын сатып алуға 50-ден астам елден өтініш түс­кенін хабарлаған. Вакцинаның нұсқаулығы бойынша вакцинаның қан­дай да бір компонентіне аса жо­­ғары сезімталдық болса, ауыр ал­лер­гиялық реакциялар, ин­фек­циялық және инфекциялық емес аурулары бар адамдарға, созыл­малы аурулардың асқынуы, жүк­тілік және бала емізу кезеңінде, сонымен қатар 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен балаларға ек­пе салынбайды. Ал бауыр мен бүйректің со­зыл­малы аурулары, қант диабеті, қан түзу жүйесінің ауыр ауру­лары, эпилепсия, инсульт және жүрек-қантамыр жүйесінің ауру­лары, иммун тапшылығы, аутоим­мунды аурулар, өкпе аурулары және тағы да басқа сырқаты, ал­лер­гиялық реакциялары бар адам­дар сақтықпен вакци­на­ция­лануы қажет. Яғни вакцина алмас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек. Бір қарағанда, Спутник V мен басқа да сұранысы жоғары вакциналардың арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ сияқты көрінеді. Дерт дендеп кеткеннен кейін қауырт жұмыс істеген, өз өнімдерін нарыққа мүмкіндігінше тез шығаруға тырысқан компаниялардың вакциналары туралы нақты ешкім ештеңе деп тұжырым жасай алмасы анық. Бірақ, бұл – вакциналар қауіпті дегенді білдірмейді дейді мамандар. Отандық вакцинаның жаппай қолданысқа енуіне әлі талай уақыт керек сияқты. Жалпы, қай вакцинаға болмасын, жалпыклиникалық сынақ жеткіліксіз екенін түйдік. Барлығын уақыт сыны анықтайды.