«Өте жедел!». Қазақстандық ғалым адамзатқа төнген жаһандық күйзеліс қашан болуы мүмкін екенін айтты
«Өте жедел!». Қазақстандық ғалым адамзатқа төнген жаһандық күйзеліс қашан болуы мүмкін екенін айтты
Күнделікті тұрмыста адам өзінің қоршаған ортаның, жер және оның қойнауының бөлшегі екенін сезіне бермейді. Өткен ғасырдың ортасында қарқын алған ғылыми-техникалық дамудың зардаптарынан, алғашқы адам пайда болған қоршаған ортаның бүгінде 70% жойылып кеткен. Бұрынырақ жер қойнауындағы өзгерістер миллиондаған жылдарға созылса, қазір 30-40 жыл жеткілікті. Ғылыми болжамдар бойынша, адамзат қоғамының бүгінгі даму үрдісі сақталса, жаһандық күйзеліс 21-ші ғасырдың екінші жартысында орын алуы мүмкін, – деп жазады техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтамыс Мендебаев.
Хабаршылары – жаһандық жылыну, тұщы су тапшылығы, лас ауа, тағам өнімдері, соңғы жылдары әлемдегі жиілеген табиғи апат түрлері – тайфун, циклон, орман өрті, су тасқыны. Салдары – обыр, жүрек тамыр ауруларының жасаруы, көбеюі, бұрын болмаған вирустардың пайда болуы, жануарлардың жаппай қырылуы.
Ғалымдар жаһандық жылынудың себептерін, көмір, мұнай, газ қалдықтары – көмірсутекті газдың ауаға тарап, күн сәулесі қыздырған жер бетінің қызуын ғарышқа жібермеуімен түсіндіреді.
[caption id="attachment_136315" align="alignnone" width="500"]Күн сәулесінен басқа, жер бетіне жақын ауаны қыздыратын және бір ошақ – жер қойнауының қызуы. Бұл әзірге ешжерде айтылмаған жәйт. Геологиялық зерттеулерде көрсетілген жер қойнауының қызуы әрбір 100 метр сайын 3 градусқа жоғарылайды. Жер ядросының қызуы, шамамен 6000 градус. Әлемдегі қазба-байлықтарды іздестіру, барлау жұмыстары жер қойнауына тереңдей еніп барады. Мексика шығанағында, мұнай тереңдігі 11200 метр ұңғыдан өндіріледі. Жер шарындағы жалпы саны белгісіз әрбір ұңғы, тереңдегі қызуды, қысымды жер бетіне жеткізетін даңғыл жол.
Егер жаһандық жылыну жалғаса беретін болса, алдағы 50 жылда ауа қызуы тағы 4 градусқа көтерілуі мүмкін. Ғылыми болжамдар бойынша, ауа қызуы 3 градусқа жоғарыласа, биосфера қайтарымсыз күйзеліске ұшырайды, жер бетіндегі тіршілік тоқтайды.
Өкініштісі, келешекте орын алуы мүмкін ғаламат күйзелісті түсінуге, болдырмаудың алдын алуға әлемде бірыңғай оң көзқарас жоқ.
Қуатты ең көп тұтынатын АҚШ, Қытай, көмірсутекті газды ауаға таратуды шектейтін Париж келісіміне қол қоюдан бас тартты. Президент тағындағы күні санаулы Дональд Трамп, келісімді америка экономикасын тежеуге бағытталған шара ретінде бағалады. Бұл ретте, пайда табу жолында ешкіммен санаспайтын Қытай туралы әңгіме қозғау артық.
Жаһандық жылынудың салдарынан, болашақта тұщы су мемлекетаралық бөліске түспейді. Әрбір ел, бұл мәселені ішкі мүмкіншіліктеріне сүйеніп шешуге тырысады. Ежелгі қағида, бұлақтың басында кім отырса, судың қожайыны сол болады.
Географиялық орналасуымызға орай, жеріміздегі ірі өзендер сырт елдерден бастау алады. Көршілеріміз Қытай, Өзбекстанда тұщы су жетіспеушілігі жылдан жылға ұлғайып келе жатқанын ескерсек, олардағы Сырдария, Іле, Ертіс өзендерінің суларымен толтыратын қоймалардың салынып жатқанына, көлемдеріне назар аударсақ, жаман айтпай, жақсы жоқ, келешекте аталған өзендердің қазақ жеріне жетуі екіталай. Ары қарай, Ертіс өзенінің арнасы тартылып, батпаққа айналады, суының 80% Іле өзені құрайтын Балқаш көлінің ауданы кішірейіп таязданады, судағы тұздың мөлшері ұлғайады.
Халық санының өсімі жоғары Өзбекстанда суармалы жердің ауданы 4 млн гектар, тағы 9 млн. гектар құнарлы топырағы бар жерлер су болмағандықтан игерілмей жатыр. Ала шапанды ағайындарды жаппай жұмыссыздықтан құтқаратын бірден бір жол, осы жерлерді суландыру.
Өмірлік мәселенің шешімі – тәжік жерінен азайып жеткен Сырдария өзенін құбырлар жүйесімен қуаншылық зардабын тартып отырған солтүстік аймақтарын бойлай Арал теңізіне өзбектер жағынан құятын Әмударияның арнасына жіберу. Заманауи техника, технология даму кезеңінде, бағасы арзан құбырларды, су айдағыштарды пайдаланып, бұл жобаны іске асыруға көп уақыт, мол қаржының қажеті жоқ.
Өзбекстанның Сырдария ағысының жоғары жағында орналасқаны ескерілмей, 2005 жылы Көкарал бөгетімен Арал теңізін екіге бөліп тастағанымыз үшін, Өз ағамыздың бізге алғыстан басқа айтары жоқ.
Сырдария өзенінсіз, онымен табиғи байланыстағы жерасты су қоймалары сарқылады, халық тығыз қоныстанған Түркістан, Қызылорда облыстарының сусыз тіршілігін көзге елестетудің өзі қорқынышты.
Қытай, бізбен Іле, Ертіс өзендерінің суын бөлісуге келісім берсе, оны басқалардың жеріне жымысқы әрекеттерімен жүргізетін жұмсақ ену саясатымен түсіндіруге болады. Онсыз Қытай болмайды.
Соңғы 15 жылда, 3 рет саяси төңкеріс жасаған Қырғызстан, Шу, Талас өзендерінің суына келісіммен белгіленген бағаны, бірнеше есе көтеруге аса ынталы. Қытайлық компаниялардың «көмегімен» жеріндегі басқа қазба-байлықтардың қоры сарқылуға айналған, егістікке жарамды жерлері аз қырғыздар үшін су саудасы негізгі табыс көзі болады.
Өтпелі өзендердің суын бөліске салу мәселесінде көрші елдермен келіссөздер жүргізу қажет, тек олардың жомарттығына, түсінушіліктеріне үміт арту орынсыз.
Болашақ әлемде тұщы су үшін талас (шайқас) жер бетінде ғана емес, жер қойнауында және ауа кеңістігінде жалғасады. Құрғақшылықты, жаңбыр бұлттарын, қар әкелетін суық ағыстарды тежеу, бағытын өзгертуін ұйымдастыру қиын шаруа емес. Америкалық Pyh-O-Mac фирмасы жасап шығарған полимер үгіндісінің әрбір бөлшегі, бойына салмағынан 2000 есе көп ылғалды тартып алады. Жел ағысымен басқа мемлекеттің ауа кеңістігіне тараған үгінді, жауын бұлттарынан ылғалды сорып алады.
Тоқтамыс Мендебаевтың Алматы қаласында ауаны тазарту сызбасы[/caption]
Қалдықсыз, қуат өндірудің және бір мүмкіншілігі – еліміздегі қаңтарылып тұрған шахталар. Олардың жер қойнауына тік бағытталған оқпандарында аса қуатты, арынды, жасанды жел ағыстарын тудырып, көрсеткіштері тұрақты электр тогын айналмалы жел қондырғыларымен жыл бойында өндіру қиын шаруа емес. Табиғи желдің қажеті жоқ. Жел қуатын жер қойнауында электр тогына айналдыратын бұл тәсілдің келешегі зор болуы мүмкін.
Табиғитума технологияны қолданып, қалалардағы ауаны өмірге қатерлі қалдықтардан, жер бедері, ауа қозғалысы, физикалық заңдылықтар ескерілген сызбамен қалай тазартуға болатынын Алматы қаласының мысалынан байқауға болады. Қала таға бейнелі қазандыққа орналасқан, оңтүстік, оңтүстік батысында Іле Алатауы, солтүстікте биік шоқылар, қоршаудың ашық аралығы – солтүстік шығыс. Сызба бойынша, тағаны айналдыра төмендегі ауа қысымы жоғары ойпаттар, биіктегі ауа қысымы әлсіз алаңдармен қара түске боялған, жылуды тартатын, шығар аузы қала аспанындағы қара түнекке бағытталған, құбырлар тізбегімен жалғастырылады. Тізбекті бойлай, құбырдың бетіне күн сәулесімен ауа қыздыратын парабола линзалары орналастырылады. Сонда, құбырлар арнасында, қысым және қызу айырмашылығынан тығыз, қуатты, жасанды жел өзені пайда болады. Түнгі мезгілде құбырдың қақпағы ашылғанда, оңтүстік батыстан соғатын табиғи желмен бағыттас болатын жасанды жел өзені, қаратүнекті қала көшелеріндегі лас ауаны ілестіре таға қоршауының ашық аралығына, солтүстік шығысқа қарай ығыстырады. Ашық аралықта, есепті жобамен биік мұнараларға орнатылған сорғыш-сүзгіш қондырғылары ауаны зиянды қалдықтардан тазартады, ары қарай таза ауа Талғар, Есік, Қапшағай қалаларына, елді мекендерге, жайылымдарға, егістіктерге тарайды.
Сызбаның ерекшелігі, оның қызметінде қашықтан басқаруымен қақпақты ашу-жабудан басқа қозғалатын механизмдер жоқ, қуат шығындалмайды.
Қоршаған ортаны, жер және жер қойнауын қорғауда, тұщы су дағдарысын болдырмаудың шараларын іске асыруға мүмкіндік беретін, жеріміздің ішкі ерекшеліктеріне негізделген, әлемдегі ғылыми жаңалықтар ескерілген табиғитума технология отандық ғылымды дамытудың басты бағыттарының бірі болуы шарт. Кешенді, әлем назарын аударатын жаңалықтарды өмірге әкелулері мүмкін.