«Өте жедел!». Қазақстандық ғалым адамзатқа төнген жаһандық күйзеліс қашан болуы мүмкін екенін айтты

«Өте жедел!». Қазақстандық ғалым адамзатқа төнген жаһандық күйзеліс қашан болуы мүмкін екенін айтты

«Өте жедел!». Қазақстандық ғалым адамзатқа төнген жаһандық күйзеліс қашан болуы мүмкін екенін айтты
ашық дереккөзі
Күнделікті тұрмыста адам өзінің қоршаған ортаның, жер және оның қойнауының бөлшегі екенін сезіне бермейді. Өткен ғасырдың ортасында қарқын алған ғылыми-техникалық дамудың зардаптарынан, алғашқы адам пайда болған қоршаған ортаның бүгінде 70% жойылып кеткен. Бұрынырақ жер қойнауындағы өзгерістер миллиондаған жылдарға созылса, қазір 30-40 жыл жеткілікті. Ғылыми болжамдар бойынша, адамзат қоғамының бүгінгі даму  үрдісі сақталса, жаһандық күйзеліс 21-ші ғасырдың екінші жартысында орын алуы мүмкін, – деп жазады техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтамыс Мендебаев. Хабаршылары – жаһандық жылыну, тұщы су тапшылығы, лас ауа, тағам өнімдері, соңғы жылдары әлемдегі жиілеген табиғи апат түрлері – тайфун, циклон, орман өрті, су тасқыны. Салдары – обыр, жүрек тамыр ауруларының жасаруы, көбеюі, бұрын болмаған вирустардың пайда болуы, жануарлардың жаппай  қырылуы. Ғалымдар жаһандық жылынудың себептерін, көмір, мұнай, газ қалдықтары – көмірсутекті газдың ауаға тарап, күн сәулесі қыздырған жер бетінің қызуын ғарышқа жібермеуімен түсіндіреді. [caption id="attachment_136315" align="alignnone" width="500"] width= Тоқтамыс Мендебаев[/caption] РМК «Казгидрометтің» мәліметтерінше, соңғы 100 жылда жеріміздегі ауа қызуы 1,37 градусқа көтерілсе, алдағы 2050 жылға қарай  тағы 4 градусқа көтерілуі мүмкін. Әлемдік ауа-райын бақылау, зерттеу орталықтарының ақпараты бойынша, жер шарындағы ауа қызуы соңғы 50 жылда 2 градусқа өскен. Қазақстанда Каспий теңізінен басқа үлкен су қоймалары  жоқ,  сондықтан құрлықтағы ауа қызуының өсу үрдісі, мұхит жағалауына жақын орналасқан жерлерге қарағанда жоғары болуы мүмкін. Жаһандық жылыну – жаһандық құрғақшылық, есептеулерге сенсек, әсерінен өзен, көлдердегі тұщы судың 20% буға айналып, жоғалады. Жер шарындағы судың тек 1% ғана  ауызсу ретінде пайдалануға жарайтынын ескерсек, алдағы уақытта тұщы су үлкен геосаясы тартыс алаңына айналады. Табиғи қорларды пайдалануды  зерттеумен айналысатын халықаралық орталықтардың болжамдарынша, 2025 жылға қарай 5,5 млрд. адам су тапшылығының зардабын тартады. Саясаткерлердің пікірінше, бітімсіз Израиль-Араб жанжалының, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстардың, Африка халықтарының босқынға айналуының түпкі себебі – тұщы су дағдарысы. Дағдарысты күшейтіп, күрделендіретін жағдай, жаһандық жылынудың ықпалымен, планетадағы негізгі тұщы су қорлары Антарктида, Гренландия,  Гималаи, Памир тауларындағы миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан мұз қабаттарының еру мерзімі ұзарып, жылдамдығы жоғарылауда. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығысындағы тауларда мұздың  көлемінің бірыңғай азайып бара жатқаны, ол аймақтағы өзен, көлдер жоғалып, жерасты тұщы су кен орындары тартылады. Атырау мен Шығыс Қазақстан аралығындағы жүздеген жерасты су ұңғыларын бейнекөрініс арқылы зерттеу нәтижесі көрсеткеніндей, тау-кен жұмыстары жүргізілген кен орындарына жақын орналасқан аудандарда мемлекеттік қорға енген жоғарғы су қабаттары жоғалып кеткен, тереңдегілерінің көлемі сезінерліктей азайған. Бұл мәліметтер мемлекет басшылығына, мәжіліске жеткізілген. Сонымен бірге қызуы жоғарылаған ауа кеңейеді, тығыздығы төмендейді, ұшақтардың көкке көтерілуі қиындайды, жанармайды көп  тұтынатын қуатты қозғалтқыштар, ұзаққа созылатын көтеріліп-қону алаңдары қажет болады, салмақ көтеру мүмкіншілігі төмендейді. Рединг (Ұлыбритания) университеті ғалымдарының көрсетулерінше, егер ауадағы көмірсутекті газы екі есе ұлғайатын болса, Атлантида мұхитында ешқандай дауылсыз, ашық күннің өзінде, ауа ағыстарындағы құйын  жиілеп, ұшақтың қозғалысына кедергі 2,5 есе көбейеді. Ауа-райындағы өзгерістер, жер шарының 71% құрайтын мұхиттарға байланысты, зерттеулер бойынша ондағы судың 2000 метр тереңдікке дейінгі қызуы көтеріліп келеді. Судың қызуынан көтерілген бу атмосфераға жиналады, жер бетіне дауылдар әкелетін қуат пайда болады. Атмосферада көмірсутекті газдың ұлғаюына, жылына 4 млрд тонна көмір жағатын Аспан асты елінің үлесі мол. Бейжін қаласында ауаның ластануынан халық бетпердемен жүруге мәжбүр болса, өзгелердің жағдайын ойлап Қытайдың бас ауыртпайтыны белгілі.  width=Күн сәулесінен басқа, жер бетіне жақын ауаны қыздыратын және бір ошақ – жер қойнауының қызуы. Бұл әзірге ешжерде айтылмаған жәйт. Геологиялық зерттеулерде көрсетілген жер қойнауының қызуы әрбір 100 метр сайын 3 градусқа жоғарылайды. Жер ядросының қызуы, шамамен 6000 градус. Әлемдегі қазба-байлықтарды іздестіру, барлау жұмыстары жер қойнауына  тереңдей еніп барады. Мексика шығанағында, мұнай тереңдігі 11200 метр ұңғыдан өндіріледі. Жер шарындағы жалпы саны белгісіз әрбір ұңғы, тереңдегі қызуды, қысымды жер бетіне жеткізетін даңғыл жол. Егер жаһандық жылыну жалғаса беретін болса, алдағы 50 жылда ауа қызуы тағы 4 градусқа көтерілуі мүмкін. Ғылыми болжамдар бойынша, ауа қызуы 3 градусқа жоғарыласа, биосфера қайтарымсыз күйзеліске ұшырайды, жер бетіндегі тіршілік тоқтайды. Өкініштісі, келешекте орын алуы мүмкін ғаламат күйзелісті түсінуге, болдырмаудың алдын алуға әлемде бірыңғай  оң көзқарас жоқ. Қуатты ең көп тұтынатын АҚШ, Қытай, көмірсутекті газды ауаға таратуды шектейтін Париж келісіміне қол қоюдан бас  тартты. Президент тағындағы күні санаулы Дональд Трамп, келісімді  америка экономикасын тежеуге бағытталған шара ретінде бағалады. Бұл ретте, пайда табу жолында ешкіммен санаспайтын Қытай туралы әңгіме қозғау артық. Жаһандық жылынудың салдарынан, болашақта тұщы су  мемлекетаралық бөліске түспейді. Әрбір ел, бұл мәселені ішкі мүмкіншіліктеріне сүйеніп шешуге тырысады. Ежелгі қағида, бұлақтың басында кім отырса, судың қожайыны сол болады. Географиялық орналасуымызға орай, жеріміздегі ірі өзендер сырт  елдерден бастау алады. Көршілеріміз Қытай, Өзбекстанда тұщы су жетіспеушілігі жылдан жылға ұлғайып келе жатқанын ескерсек, олардағы  Сырдария, Іле, Ертіс өзендерінің суларымен толтыратын қоймалардың салынып жатқанына, көлемдеріне назар аударсақ, жаман айтпай, жақсы жоқ, келешекте аталған өзендердің қазақ жеріне жетуі екіталай. Ары қарай, Ертіс өзенінің арнасы тартылып, батпаққа айналады, суының 80% Іле өзені құрайтын Балқаш көлінің ауданы кішірейіп таязданады, судағы тұздың мөлшері ұлғайады. Халық санының өсімі жоғары Өзбекстанда суармалы жердің ауданы 4 млн гектар, тағы 9 млн. гектар құнарлы топырағы бар жерлер су болмағандықтан игерілмей жатыр. Ала  шапанды ағайындарды жаппай жұмыссыздықтан құтқаратын бірден бір жол, осы жерлерді суландыру. Өмірлік мәселенің шешімі – тәжік жерінен азайып жеткен Сырдария өзенін құбырлар жүйесімен қуаншылық зардабын тартып отырған солтүстік аймақтарын бойлай Арал теңізіне өзбектер жағынан құятын Әмударияның арнасына жіберу. Заманауи  техника, технология даму кезеңінде, бағасы арзан құбырларды, су айдағыштарды пайдаланып, бұл жобаны іске асыруға көп уақыт, мол қаржының қажеті жоқ. Өзбекстанның Сырдария ағысының жоғары жағында орналасқаны ескерілмей, 2005 жылы Көкарал бөгетімен Арал теңізін екіге бөліп тастағанымыз үшін, Өз ағамыздың бізге алғыстан басқа айтары жоқ. Сырдария өзенінсіз, онымен табиғи байланыстағы жерасты су  қоймалары сарқылады, халық тығыз қоныстанған Түркістан, Қызылорда облыстарының сусыз тіршілігін көзге елестетудің өзі қорқынышты. Қытай, бізбен Іле, Ертіс өзендерінің суын бөлісуге келісім берсе, оны басқалардың жеріне жымысқы әрекеттерімен жүргізетін жұмсақ ену саясатымен түсіндіруге болады. Онсыз Қытай болмайды. Соңғы 15 жылда, 3 рет саяси төңкеріс жасаған Қырғызстан, Шу, Талас өзендерінің суына келісіммен белгіленген бағаны, бірнеше  есе көтеруге аса ынталы. Қытайлық компаниялардың «көмегімен» жеріндегі басқа қазба-байлықтардың қоры сарқылуға айналған, егістікке жарамды жерлері аз қырғыздар үшін су саудасы негізгі табыс көзі болады. Өтпелі өзендердің суын бөліске салу мәселесінде көрші елдермен келіссөздер жүргізу қажет, тек олардың жомарттығына, түсінушіліктеріне үміт арту орынсыз. Болашақ әлемде тұщы су үшін талас (шайқас) жер бетінде ғана емес, жер қойнауында және ауа кеңістігінде жалғасады. Құрғақшылықты, жаңбыр бұлттарын, қар әкелетін суық ағыстарды тежеу, бағытын өзгертуін ұйымдастыру қиын шаруа емес. Америкалық Pyh-O-Mac фирмасы жасап шығарған полимер үгіндісінің әрбір бөлшегі, бойына салмағынан 2000 есе көп ылғалды тартып алады. Жел ағысымен басқа мемлекеттің ауа кеңістігіне тараған үгінді, жауын бұлттарынан ылғалды сорып алады.  width= Сонымен жаһандық жылыну дәуірінде, табалдырығыңызға тақап келген тұщы су  дағдарысын болдырмау жолында не істеуіміз керек. Басты үміт, табиғитума технологияға негізделген, отандық ғылымға берілетін тапсырыстың қоғам сезінетіндей нақты нәтижелері – жоғалуға айналған өзендер мен көлдердегі су деңгейін тұрақты қалпына келтіру, жерасты су қорларын толтыру, тазалығын және табиғи қасиеттерін сақтау, сырттан келетін өзендерге деген тәуелділіктен арылу. Нәтижелерге қол жеткізу үшін жедел іске асырылуы тиіс бағдарлама:
  • жер шарының айналу бағытын, бедерін, жердің тарту күшін, магнит алаңдарын, жауын-шашын шөгіндісінің қозғалыс бағыттары есепке алынып, ауадағы ылғалды тежейтін және реттеулі басқаратын жүйе жасау;
  • жерасты өтпелі су кен орындарында бағыттаулы ағыстар арнасын жасап, судың басым бөлігін иелену;
  • хан тәңірі тауындағы, шекараға жақын орналасқан биіктердегі қайтарымды су қабаттарын ашу, ішкі өзендерімізге бағыттау;
  • ірі су кен орындары бар аудандарда жер қойнауында жүргізілетін жұмыстарға тиым салу;
  • елді мекендерді орналастыру, жол салу, құбыр тарту жұмыстарын су кен орындарынан аулақ жүргізу;
  • атмосфералық жауын-шашын шөгінділерінің жер асты су кен орындарына баратын түтікшелеріне сүзгіштер орнату;
  • егістіктерді ылғалдандыруға жаппай жерасты суларын пайдалану;
  • экономикада суды аз тұтынатын бұйымдар, өнімдер шығаратын өндіріске үстемдік беру;
  • өзендердің бағытын өзгертуге, бөгет, гидроэлектрстансалар салуға заңмен тиым салу.
Себебі, бөгетте судың буға айналып жоғалуы күшейеді, жер бетіне жақын орналасқан лас судың деңгейі көтеріледі, цианабактериялы көкшіл-жасыл түсті балдырлар пайда болады, олар органикалық заттардың 300-дей түрін бөліп шығарады, біразы улы. Қуарған балдырлар шөгіндісі суда фосфор мен азоттың мөлшерін көбейтеді, өсулеріне ыңғайлы ортаны қалыптастырып, жәндіктер мен өсімдіктерді жойып жібереді. Жақында Камчаткада (Ресей) болған экологиялық апаттың салдарынан судағы тіршілік иелерінің жаппай қырылуының себепкері балдырлар екенін Ресей ғалымдары дәлелдеді. Жаһандық жылыну, тұщы су көздерінің азаюы, жер қойнауындағы  өзгерістермен тікелей байланысты. Жеріміздегі жалпы саны шамамен жүздеген мыңға жететін әрбір ұңғыдан қоршаған ортаға қызу, радиация көтерілмеуі қатаң бақылауға алынуы керек. Болашақты ойласақ, санамызда жер қойнауын пайдаланудан, жер қойнауын сақтау ұғымын бетбұрыс жасайтын уақыт жетті. Жер қойнауын жарылғыш заттармен қопарып, жерасты су жүйелерін құрдымға жіберетін, үлкен бос кеңістік пайда болатын, қазба-байлықтарды шахта, карьер арқылы өндірудің уақыты өткен. Бүгінде жерастынан тек қажетті заттарды таңдап өндіретін  технологиялар бар. Босаған кеңістіктерді, ортасына үйлесімді заттармен толтырады, жер қойнауы бұзылмайды. Және бір ескеретін нәрсе, металл бұйымдарын қолданыстан ығыстыра бастаған, аса берік, үйкеліске  шыдамды, электр тогын өткізу қасиеттері шексіз композициялық материалдар пайда болды. Есесіне жерімізден өндіріліп жатқан түсті металдар, сирек кездесетін элементтер, ертеңгі әлемдегі нарықта сұраныстан тыс қалуы ықтимал. Бұрынырақ қабылданған, берері жоқ, жауыр болған таяз шешімдермен, орашолақ қимылдармен елімізде су мәселесі шешілетін болса, еліміз бүгінгідей дағдарыстың табалдырығына жақындамас еді. Сондықтан уақыт оздырмай аталған іс-шара тізбесін жүзеге асыруға мемлекет мүмкіншіліктерін жұмылдыруымыз қажет. Сусыз өмір жоқ, ол экономиканы дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарламаның арқауы, ұлт ретінде сақталуымыздың табиғи кепілі.  Тұщы суға тәуелсіздік, еліміздің шынайы тәуелсіздігіміздің бір көрінісі. Жаһандық жылынуды тежеудің шешімі – қуаттың қалдықсыз, қайтарымды түрлерін (күн сәулесі, жел, ыстық су көздері) пайдалануға көшу. Ең тиімдісі қоршаған ортаға зиянсыз, арзан, жерасты ыстық су кен орындары. Көмір, мұнай, газды өртегеннен, уранды ыдыратқаннан  алынатын өнім – кернеулі бу, ол жылу, атом стансаларының турбинасын айналдырады, электр тогы пайда болады. Жер  қойнауында кернеулі буға айналатын ыстық су кен орындары тұрғанда, жерімізді қопарып, су жүйелерін жойып, тереңнен ауаға көтерілетін радиоактивті сәулелерге жол ашып, көмір, мұнай, газ, уранды өндіріп, тасымалдап, өңдеудің не қажеті бар. Жерасты ыстық су көздерінен алынатын қалдықсыз қуат мәңгілік, жер қызуының бір миллиард жылда 300-350 градусқа төмендеуімен өлшенеді. Ыстық су көздері, әлемнің экономикасы дамыған 80 мемлекетінде негізгі қуат ретінде қолданыс тапқан. АҚШ-та олардан өндірілетін электр қуаты, бес атом электр стансасының қуатымен пара-пар. Рейкъявик (Исландия), Клайнеда (Литва), Сан-Франциско қалаларының жылу жүйесі түгелдей дерлік жерасты ыстық су көздеріне қосылған. Жапон елінде қуаттың 15% ыстық су көздерінен өндірілсе, Қытай әлемдегі қуаттың бұл түрінің 19% пайдаланады. Қазақ жеріндегі 3500-4000 метр тереңдікке дейінгі анықталған ыстық су қорлары, шартты отын есебінде еліміздегі мұнай, газ қорларының қосындысынан 10 есе артық. Жердің терең қабаттарына барлау жүргізілсе, ыстық су қоры еселей ұлғаюы мүмкін. Таралуы – Батыс Қазақстанда - 75%, Оңтүстікте - 15%. Электр тогын өндіру, жылу жүйесіне жіберуден басқа, батыс аймақтарда, пайдалы минералдарға бай, ыстық суды жемістер өндіретін жылыжайларда тиімді пайдалануға болады, мұнай, газ кен  орындары күтулі жабылғанда, халыққа жұмыс орындары ашылады. Алматы қаласының іргесінде, осы аттас, жер бетіндегі қызуы 40-65 градусқа жететін ыстық су кен орны бар. Оны жылу электр стансасымен жалғастыру, тұйықталған сызба арқылы қаланың жылу  жүйесіне жіберу, электр қуаты мен жылудың өзіндік құнын біршама төмендетіп, ауаға тарайтын зиянды, лас қалдықтарды шектейтіні даусыз. Батыс Еуропада ыстық су көздерінің қызуы 20-30 градус болса, жылу жүйесіне жіберу тиімді болып саналады. [caption id="attachment_136319" align="alignnone" width="446"] width= Тоқтамыс Мендебаевтың Алматы қаласында ауаны тазарту сызбасы[/caption] Қалдықсыз, қуат өндірудің және бір мүмкіншілігі – еліміздегі қаңтарылып тұрған шахталар. Олардың жер қойнауына тік  бағытталған оқпандарында аса қуатты, арынды, жасанды жел ағыстарын тудырып, көрсеткіштері тұрақты электр тогын айналмалы жел қондырғыларымен жыл бойында өндіру қиын шаруа емес. Табиғи желдің қажеті жоқ. Жел қуатын жер қойнауында электр тогына айналдыратын бұл тәсілдің келешегі зор болуы мүмкін. Табиғитума технологияны қолданып, қалалардағы ауаны өмірге қатерлі қалдықтардан, жер бедері, ауа қозғалысы, физикалық заңдылықтар ескерілген сызбамен қалай тазартуға болатынын Алматы қаласының мысалынан байқауға болады. Қала таға бейнелі қазандыққа орналасқан, оңтүстік, оңтүстік батысында Іле Алатауы, солтүстікте  биік шоқылар, қоршаудың ашық аралығы – солтүстік шығыс. Сызба бойынша, тағаны айналдыра төмендегі ауа қысымы жоғары ойпаттар, биіктегі ауа қысымы әлсіз алаңдармен қара түске боялған, жылуды тартатын, шығар аузы қала аспанындағы қара түнекке бағытталған, құбырлар тізбегімен жалғастырылады. Тізбекті  бойлай, құбырдың бетіне күн сәулесімен ауа қыздыратын парабола линзалары орналастырылады. Сонда, құбырлар арнасында, қысым және қызу айырмашылығынан тығыз, қуатты, жасанды жел  өзені пайда болады. Түнгі мезгілде құбырдың қақпағы ашылғанда, оңтүстік батыстан соғатын табиғи желмен бағыттас болатын жасанды  жел өзені, қаратүнекті қала көшелеріндегі лас ауаны ілестіре таға қоршауының ашық аралығына, солтүстік шығысқа қарай ығыстырады. Ашық аралықта, есепті жобамен биік мұнараларға орнатылған сорғыш-сүзгіш қондырғылары ауаны зиянды қалдықтардан тазартады, ары қарай таза ауа Талғар, Есік, Қапшағай қалаларына, елді  мекендерге, жайылымдарға, егістіктерге тарайды. Сызбаның ерекшелігі, оның қызметінде қашықтан басқаруымен қақпақты ашу-жабудан басқа қозғалатын механизмдер жоқ, қуат шығындалмайды. Қоршаған ортаны, жер және жер қойнауын қорғауда, тұщы су дағдарысын болдырмаудың шараларын іске асыруға мүмкіндік беретін, жеріміздің ішкі ерекшеліктеріне негізделген, әлемдегі ғылыми жаңалықтар ескерілген табиғитума технология отандық ғылымды дамытудың басты бағыттарының бірі болуы шарт. Кешенді, әлем назарын аударатын жаңалықтарды өмірге әкелулері  мүмкін.