«Өлтіріп аламыз ба деп қорықтым»: тәртіп сақшысы толғағы келген әйелді босандырып алды

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл фельдшері мен тәртіп сақшысы толғағы келген әйелді аман-есен босандырып алды.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Жұмабаев ауданы Рощино елдімекенінің фельдшері сағат кешкі 19.00 шамасында көрші Хлеборобное ауылындағы сайлау учаскесінде кезекшілікте тұрған полиция қызметкерінен көмек сұрайды.

Медицина қызметкерінің айтуынша, ол аудан орталығы Булаев қаласына толғағы басталған 34 жастағы келіншекті алып шыққан. Алайда аудандық ауруханаға жете алмайтындығына алаңдап, жақын маңдағы медициналық пунктке тоқтаған.

Жергілікті фельдшер-акушерлік пункті мен сайлау учаскесі мектеп ғимаратында орналасқан екен. Фельдшер сол жерде жүрген полиция капитаны Ольга Кангозинадан көмек сұрайды. Тәртіп сақшысы дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда келіншек босанатын болғасын, аудандық ауруханадағы дәрігерге қоңырау шалып, соның нұсқауы бойынша әрекет ете бастайды. Нәтижесінде өмірге шекесі торсықтай ұл дүниеге келді.

«Мен әлі күнге дейін өз-өзіме келе алмай жүрмін. Қайшыны дезинфекциялап, баланың кіндігін кестім. Ер бала екен. Өлтіріп аламыз ба деп қорықтым. Бала туғаннан кейін еш дыбыс шығармады. Арқасынан қаққаннан кейін ғана шыр ете түсті. Сонда ғана келіншекті аман-есен босандырғанымызға көзім жетті», – дейді 8 қаңтар күні кешке болған оқиға жайлы Ольга Кангозина.

Ольга өзі 11 жыл бұрын дүниеге қызын әкелген екен. Акушер-дәрігерлердің айтқандарын есіне түсіріп, соларды әйелден босану кезінде орындауын сұраған. Сәби дүниеге келгеннен соң, бірнеше минуттан кейін ауданнан жедел жәрдем келіп жетті. Шақалақты бауырына қысқан жас ана дәрігер және полиция капитанымен тіпті естелікке суретке түсіп те үлгерді.

Жедел уәкіл Ольга Кангозинаның айтуынша, оның бұл құқық қорғау органдарына келгеніне 5 жыл болған. Осы аралықта жұмыс барысында түрлі оқиғаларды бастан кешірген. Тергеуші болып жұмыс істеп, қылмыскерлермен де бетпе-бет келген.

«Осы қызмет еткен жылдардағы ең қиыны әйелді босандыру болды. Шынымды айтсам, қатты қорықтым. Қолымнан келе ме, жоқ па деген ой мүлдем болған жоқ», – дейді тәртіп сақшысы.

Ал, дүниеге келген нәресте ерлі-зайыптының үшінші баласы, әке-шеше есімін Даналы деп қойған екен. Сәби анасымен бірге ауруханадан шығып, үйіне баруға дайындалып жатыр.

 

Back to top button