Жаңалықтар

Apple iPhone 7-ні таныстырды

ашық дереккөзі

Apple iPhone 7-ні таныстырды

Apple бүкіл ғаламшар тұрғындары асыға күткен жаңа смартфондарды таныстырды. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында iPhone 7 және iPhone 7 Plus телефондарының тұсаукесері өтті.

 Жаңа гаджеттер алғаш рет су және шаң өткізбейтін корпуспен шығарылған. Процессоры аса қуатты смартфонның камерасы 12 мегапиксельді және алты қабатты линзамен жабдықталған.

Таныстырылған телефондардың басты жаңалығы – әдеттегі құлаққабының болмауы. Оның орнына AirPods деп аталатын жаңа гарнитура ұсынылып отыр. Яғни, сымсыз құлаққап. Оның жеке бағасы 159 АҚШ долларының маңайында болмақ.

Жаңа iPhone-ның аккумуляторы бұған дейінгі модельден қуаттырақ, ол 2 сағатқа артық жұмыс істейді. Егер гаджетте Wi-Fi қосулы болса - 14 сағат, ал егер 4G нүктесі арқылы интернетке қосылса 12 сағат жұмыс істейді. iPhone 7 Plus смартфоны болса кез-келген интернет көзімен 15 сағат бойы жұмыс істейтін қуатқа ие.

Аса қуатты Apple A10 процессорының көмегімен iPhone 7 смартфоны iPhone 6s смартофндарына қарағанда 40%-ға жылдам ойланады. Ал, жаңа гаджеттердің сатылымы 16 қыркүйекке жоспарланған. iPhone 7 гаджетінің бастапқы құны — 649 доллар, iPhone 7 Plus-тің бастапқы бағасы —  769 доллар деп бағаланып отыр.