Ақан Ташметов: «Достық туы» – Өзбекстан қазақтарының талантын жарқырата ашқан газет болды
Ақан Ташметов: «Достық туы» – Өзбекстан қазақтарының талантын жарқырата ашқан газет болды
Осыдан тура 30 жыл бұрын Өзбекстанда «Достық туы» атты республикалық қазақ газетінің алғашқы саны жарық көрді. Екі жылдан аса уақыт шығып, кейін «Нұрлы жол» деген атпен қайта ұйымдастырылған сол газеттің тұңғыш басшысы Ақан Ташметовпен сұқбаттасып, көрші елдегі қандастарымыздың көзайым қуанышына айналған газеттің тарихы мен тағдыры туралы әңгіме өрбіткен едік.
СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай (тұрғандар) «Достық туы» газетінің бас редакторы міндетін атқарушы Ақан Ташметов, газеттің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, ақын Мекембай Омаров; (отырғандар) қазақтың көрнекті ақыны Төлеген Айбергеновтың жұбайы Үрниса Айбергенова, аудармашы Рысбай Анарбеков және Үрниса апайдың құрбысы.
– «Достық туы» өзі дүниеге келген күнінен бастап-ақ өзбекстандық қазақтар арасындағы таланттарды, әсіресе қаламынан жыр құйылып, айдарынан жел ескен тілшілер мен әдебиетсүйер қауымды жаңа қырынан танытып, олардың бойларында тұнып тұрған ынта мен қабілетті жарқырата ашты, ел арасында білім нәрінен мол сусындап, оны кейінгі ұрпаққа бере алатын тың есімдерді атап берді. Мәселен, қарақалақстандық Дариябай Шарапиев, Балтабай Әділов, кенимехтық Нарбай Қожахметов, Ескендір Сәдуақасов, үшқұдықтық Полат Салқамов, сырдариялық Ілияс Айынов, Сейдуалы Оразалиев, жызақтық Пердебай Ергешов, Серік Жүнісов, тойтөбелік Дадажан Қажыбеков, қыбырайлық Қамбар Ахметов, Темір Қадыров, жоғарышыршықтық Әкім және Әбдуәлі Аманқұловтар, бостандықтық Дүйсен Сатаев, Мұсырман Орынбаев, тәшкендік Әбзелбек Шілдебайұлы секілді қаламгерлер «Достық туының» арқасында байтақ елге танылып отыр. Үнқағаздың пионерлері атанған Жүсіп Әлқожаев, Мұратбай Ұлықманов, Әбдәлім Тілеубеков, Үсен Асқаров, Мекембай Омаровтар бүгінде азулы журналистер ретінде ғана емес, бірнеше кітаптардың авторлары, балалар ақындары, саяси және қоғам қайраткерлері ретінде де қаламы қарымды журналист-жазушылар ретінде де танылып отыр.
– «Достық туы» шығып тұрған кезде қандай идеялар жүзеге асты, қандай ойлар орындалмай қалды?
– «Достық туы» өзі өмір сүрген 2 жылдан астам уақыт ішінде халықтың, анығырағы, оқырмандарының жүрегін толық жаулап ала білді. Өйткені бұл үнқағаз өзінен бұрынғы басылымдар салып кеткен ескі сүрлеумен жүрген жоқ, өз бағыт-бағдарын, өз соқпағын тапты, аз ғана уақыттың ішінде оны даңғыл жолға айналдыра алды. Сонысымен жұртты баурап алып, өзіне ілестіріп әкетті.
Республикалық газет-журналдар каталогына енбей тұрып-ақ таралымы 10 мыңнан асқан, ал келесі жылы 25 мыңдық асуды иелеген «Достық туының» жетістігін онымен бір жылда шыққан өзге орыс, тәжік, қырым татар тілдеріндегі газеттер де кезінде жоғары бағалаған. Алғашқы екі жылда оқырмандарға берген уәдесін толық орындаған үнқағаз 1993 жылға да талай-талай тұщымды тартулар дайындап қойған еді. Солардың ең бастылары – әдеби қосымша шығару, Төле би бабамыздың 330 жылдық мерекесін атап өту, мерейтойға қатысты шығармаларға өз бәйгесін тағайындау, халқымыздың адал ұлдарының бірі Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығын тойлау, бостандықтық жазушы Рахметолла Райымқұдлвтың 80 жылдығына арналған шығармалар мен мақалалар конкурсын ұйымдастыру, белгілі тарихшы ғалым М. Хасанидің Түркістанды Ресей отаршыларының қалай жаулап алғаны туралы жинаған тың деректерімен таныстыру, Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетімен, Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам және Қазығұрт аудандық газеттерімен беттер алмасу, сондай-ақ оқырмандарды шығыстық күрес өнері үлгілерімен таныстыру тағысын тағылар...
– 1993 жылдан бері шығып келе жатқан «Нұрлы жол» газеті туралы не айтасыз? Кезінде көптеген журналистер еңбек сіңірген газеттің бүгінгі қалпына көңіліңіз тола ма?
– 1993 жылдың ақпанынан бері шығып келе жатқан «Нұрлы жол» газеті өз ағасы «Достық туының» шын мәніндегі ізбасары болды деуге толық негіз бар. Ол бұрын қабылданған жоспар-міндеттемелерден ауытқымай, өз жұмысын сол негізде жүргізіп келеді. Тек газет таралымының жылдан-жылға азайып келе жатқаны ғана көңілге қаяу салады.
«Достық туынан» кеткен соң 10 жыл бойы «Узбекистон» мемлекеттік баспасында еңбек еттім. Шымыр Құрымбаев деген ағамыз сол баспаның құрамында қазақ тілінде кітаптар шығаратын «Асыл мұра» редакциясының негізін қалаған болатын. Өзім қатты сыйлайтын, нағыз ұлтжанды сол азамат біраз жылдан соң дүние салып, мен редакция меңгерушісі болып қалғанмын. 1995 жылдан бастап Өзбекстанда қазақ, тәжік, қырғыз, қарақалпақ және орыс мектептері үшін оқулықтар шығару қолға алынып, біздің редакцияның штаты ұлғайды, жұмыс ауқымы да кеңейді. Енді өзбек тілінде дайындалған оқулықтарды өз тілімізге аударып, соған редакторлық ететін болдық. Баспада редакторлық еткен жылдарымда 5 мың баспа табақтан астам оқулықтар мен қолданбаларды қарап, өз қолымнан өткізгенімді әлі де мақтанышпен еске аламын.
2003 жылы мен аяқ астынан Президент аппаратына шақырды. Президенттің кеңесшісі Х.Сұлтанов (ол кісіні Ғ.Ғұлам атындағы көркем әдебиет баспасында қызмет істеген кезінен білетінмін) өте инабатты, әрбір сөзін салмақтап, сабырмен жеткізетін. Ол алдымен баспадағы баспадағы жұмыс жағдайымды тыңдап, біраз үнсіз отырда да, «Мен сізді көптен бері қаламы жүйрік журналист, тындырымды редактор ретінде жақсы білемін. Айтыңызшы, «Нұрлы жолға» қайта барғыңыз келе ме? – деп сұрақ қойды да, бетіме бажайлай қарап, менің жауабымды күтті. Қапелімде аузыма сөз түспей қалып, «Ол газетте мықты профессор, айтулы тілші-ғалым отыр ғой...» деп едім, кеңесші басын шайқап, «Әңгіме оның мықты редактор емес, ғалым болғандығында жатыр, – деді де, сөзін одан әрі сабақтады. – Соңғы 10 жыл ішінде газеттің таралымы 10 есе ғана емес, 20 есеге дейін төмендеп кетті. Бұның себебін оқырмандар жақсы біледі. Аппаратқа келіп жатқан оқырман хаттары соны айғақтайды. Бүгінгі таңда біз ол жерге барып, газеттің абырой-беделін көтеретін сізден басқа адамды көрмей отырмыз».
Қысқасы, сол күні-ақ мені «Нұрлы жолдың» бас редакторлығына тағайындап, Қ. Сейдановты қызметтен босатуға Жоғарғы Кеңес Төралқасы мен Министрлер Кабинетінің біріккен қаулысы шықты. Тоқ етерін айтар болсам, газеттегі ұйқысыз өтетін сансыз түндерге, сенбі-жексенбі, кезекті еңбек демалысы дегендерді білмейтін қым-қуыт қарбаласқа толы бей-берекет екінші өмірім осылайша басталды да кетті. Оның бәрі өз алдына бір дастан. Дегенмен «Нұрлы жолды» бір кездегі «Достық туына» қайта айналдыру қиынға соқты. Көп еңбек сіңірдік, жас журналистерді тәрбиеледік, олардың қаламын ұштап, шығармашылық жұмыстармен айналысуына мүмкіндіктер туғыздық. Бірақ бүгінгі журналистердің ешқайсысының бойынан баяғы «Достық туы» пионерлерінің құлшынысындай құлшынысты, табандылық пен қажыр-қайратты көре алмадым. Өкінішті, әрине. Әйтсе де өткенге топырақ шаша алмайсың...
– Өзбекстандағы бүгінгі қазақтілді журналистердің жазу машығынан өзіңіз байқап жүрген олқылық бар ма, оларға аға ұрпақ өкілі ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
– Өзбекстандағы бүгінгі қазақтілді журналистердің бойында қандай кемшіліктер бар дегенге жауабым біреу-ақ, ол да болса – қазақ тіліндегі газеттер, теледидар мен радиодағы қазақша хабар редакцияларында еңбек ететін тілші журналистердің ауызекі сөйлеу мәнерінде де, жазба хабар-мақалаларында да өзбек тілінің әсер-ықпалы үлкен. Өзбекстан қазақтары арасынан шыққан ғалымдарымыздың да, студенттер мен оқушылардың да тіл байлығы төмендеп бара жатқаны байқалады.
Жас қаламгерлерге айтар кеңесім сол, барынша тіл тайыздығынан арылып, сөздік қорды байытып, қазақ әдеби тілін сақтауға барынша көңіл бөліңдер! Ғаламтор желісіне үңіле бермей, өз бойларың мен ойларыңа әдеби құндылықтарды дарытуға ұмтылыңдар!
– Атажұртыңыз Қазақстанның даму үрдісінен хабардарсыз ба?
– Әрине, бүгінгі ғаламтор заманында білгің келген нәрсеге қол жеткізу соншалықты қиын емес қой. Атажұртымыз Қазақстанның бүгінгі даму үрдісіне әрі қызығып, әрі риза болып қараймын. Әсіресе елде қазақ мектептерінің көбейіп, халқының әдеби, тарихи мұраларды оқып-үйренуге деген құлшынысының арта түскеніне қуанамын.
– «Turkistan» халықаралық газетінде түбі бір түркі жұртына қатысты әдеби-мәдени, танымдық дүниелер, сондай-ақ алыс-жақындағы қазақтар туралы жиі жазылып, жарияланып жатады. Біздің газетіміз туралы пікіріңіз қандай?
– «Түркістан» халықаралық газетіндегі әдеби-танымдық және мәдени дүниелерді қызыға да құмарта оқимын. Бір өкініштісі, газеттің тасқа басылған қағаз түріндегі үлгісі бізге жете бермейді. Тағы да сол, ғаламтор желісі, телефон арқылы ғана біліп жатамыз. Алыс-жақындағы қазақтар жөнінде көтеріліп жатқан тақырыптар көңілімді қатты алаңдатады. Газеттің форматы, дизайны көтеріп жатқан проблемалары, бәрі керемет. Кейінгі ұрпаққа қалдырарлық әдеби-мәдени мұралар көбірек болуына тілектеспін!
– Әңгімеңізге рахмет!