Ақан Ташметов: «Достық туы» – Өзбекстан қазақтарының талантын жарқырата ашқан газет болды

Ақан Ташметов: «Достық туы» – Өзбекстан қазақтарының талантын жарқырата ашқан газет болды

Ақан Ташметов: «Достық туы» – Өзбекстан қазақтарының талантын жарқырата ашқан газет болды
ашық дереккөзі
Осыдан тура 30 жыл бұрын Өзбекстанда «Достық туы» атты республикалық қазақ газетінің алғашқы саны жарық көрді. Екі жылдан аса уақыт шығып, кейін «Нұрлы жол» деген атпен қайта ұйымдастырылған сол газеттің тұңғыш басшысы Ақан Ташметовпен сұқбаттасып, көрші елдегі қандастарымыздың көзайым қуанышына айналған газеттің тарихы мен тағдыры туралы әңгіме өрбіткен едік.  width= – Ақан Рахманұлы, осыдан тура 30 жыл бұрын, яғни, 1991 жылдың 10-қаңтарында Ташкент қаласында Өзбекстан қазақтары ұзақ күткен республикалық газет «Достық туы» газетінің тұңғыш саны жарық көрді. Басылымды ұйымдастыру жұмыстары қашан басталды және қалай жүзеге асты? – О баста Кеңестер Одағы ыдырап, Балтық бойы мен Орталық Азиядағы бірқатар елдер өз тәуелсіздігіне жету жолында әрекеттеніп жатқан кезеңде кейбір көпұлтты мемлекеттердің басшылары арагідік туындап тұрған ұлтаралық кикілжіңдерді болдырмау мақсатымен сан жағынан басымдау ұлттар тілінде газет-журналдар шығаруға ұйғарды. Олардың арасында екі туысқан ел – Қазақстан мен Өзбекстан да бар болатын. Осылайша Н.Ә.Назарбаев пен И.А.Каримовтың өзара келісімімен Қазақстанда – өзбек тілінде «Дустлик байроғи», Өзбекстанда – қазақ тілінде «Достық туы» газеттері жарық көретін болды. Көп өтпей-ақ, анығырағы, 1990 жылдың  6 желтоқсаны күні Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесі ІІ және ІІІ сессияларының қаулылары негізінде Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы М.Ибрагимов пен Өзбек КСР Министрлер Кабинеті Төрғасының бірінші орынбасары И.Журабековтың  қолдары қойылған  «Об обеспечении выпуска газет  «Халқ сузи»,  «Народное слово», «Хақиқати Узбекистон», «Достык туы», «Ленин байрагъы» деген №175-ХІІ  санды қаулысы жарияланып, 1990 жылдың 31 желтоқсанына дейін бұл редакцияларды қажетті қаржымен, газеттерді шығаруға байланысты техникалық жабдықтармен, қағазбен және көліктермен қамтамасыз ету ісі тиісті министрліктер мен кеңселерге жүктелді. Кеңестік кеңістікте сол уақытта айрықша белең алған қайта құру саясатынан жігерленген біз де, яғни Өзбекстандағы бірқатар қазақ тілді журналистер мен қоғамдық белсенділер бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланып қалуға тырысып бақтық. Біздің Ташкент облысында қазақтар жиі шоғырланғандықтан, облыстық қазақ газетін ашу мәселесін бұрын да бірнеше рет көтерген болатынбыз. Сол кездегі Ташкент облыстық партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі Шавкат Яхяев деген азамат бұл талапты орынды санап, үкімет қаулысы қабылданғанға дейін мен басқаратын Бостандық аудандық «Коммунизм үшін» газетін басқа аудандарға да таратып, оқырмандар мұқтаждығын қанағаттандыра тұруды ұсынды. Бұл ұсыныс бізге де ұнап, облыстағы қазақтары басым 9 ауданда халықпен кездесулер өткізіп, жазылым жүргіздік. Сол 1989-90 жылдары біздің аудандық қазақ газетінің жалпы таралымы 11 мың данадан асып жығылды. Ал өзбек тіліндегі  «Коммунизм учун» газеті 1,5-2 мыңның төңірегінде қалып қойды. Содан болса керек, Жоғарғы Кеңес пен Кабминнің жоғарыдағы қаулысы қабылданған соң, обкомдағы жолдастар республикалық қазақ газетін ұйымдастыруға менің кандидатурамды лайық көрген сияқты. Республикалық қазақ газетін ашу жөніндегі қаулы 1990 жылдың соңғы айында қабылданғанымен, оны ұйымдастыру жұмыстарына дайындық жылдың басынан-ақ, яғни наурыз айында қолға алынған болатын. Республиканың қазақтар жиі шоғырланған аудандарындағы қазақша газеттердің өкілдері – Жүсіп Әлқожаев (Тамды ауданынан), Әбдәлім Тілеубеков (Мырзашөл ауданынан) және мен (Бостандық ауданынан) Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт-насихат және идеология бөлімдеріне апта сайын, кейде күнара қатынай беріп-ақ шаршадық. Жылдық, тоқсандық, айлық жоспарлар жасау, қамтылатын негізгі тақырыптарды белгілеу, штат кестесі және редакция бөлімдері бойынша енгізілген ұсыныстар сан рет қаралып, түзетіліп, айқындалып жатты. Осылайша апталар, айлар өтті. Ақыр соңында шешім қабылданып, қаулы да қолға тиді-ау. Редакцияның әлі басыбайлы баспанасы жоқ болғандықтан, өзіміз ақылдастар алқасының кеңесімен Республикалық Қазақ мәдени орталығының  Ташкент қаласының Лутфи көшесінде орналасқан ғимаратынан бір бөлмені жалға алдық. «Правда Востока» газетінде бірнеше рет «қазақша жазатын журналистер мен техникалық қызметкерлер керек» деп хабарландыру жарияладық. Арада бір апта өтпей жатып-ақ Мәдени орталықтың есігі алдында жұмыс іздеп келушілердің ұзын тізбегі пайда болды. Әрбір келушімен өзім тікелей сұхбаттасып, жарайды-ау дегендерін газет редакторының міндетін атқарушы етіп тағайындалған Қайболла Ерниязовқа жіберіп отырдым. Сол талапкерлердің ұзын саны 200-ден асып жығылғанын қолымда әлі де сақтаулы тұрған құжаттар мен өмірбаяндар дәлелдей алады. Ақыр соңында келушілер арасынан он шақтысын ғана іріктеп алдық. Жаза алатындарына тапсырмалар берілді. Сөйтіп, жарыққа шығаратын газетіміздің бастапқы үш-төрт санына мақала-суреттерді дайындап, папкіге салып та қойдық. Үкімет қаулысы желтоқсан айының басында қабылданғанымен, редакцияға қажетті баспана, техникалық жабдықтар, ең бастысы, қаржы жоқтығына байланысты газетті шығару мерзімі кешеуілдей берді. Басқа газеттер 1991 жылдың 1 қаңтарынан жарыққа шығуға дайын екендіктерін хабарлаған кезде біз үн-түнсіз жерге қарап тұнжырауға мәжбүр болдық. Тек Компартияның Орталық Комитетінің идеология хатшысы Жахонгир Хакимов араласып, арнайы жиында қазақ газетінің неге кешеуілдеп жатқанын талқылап, бірқатар жауапты қызметкерлерге шара қолданған соң ғана ісіміз алға басты. 30 желтоқсан күні өткен жиынның шешіміне орай Қ.Ерниязов ағамыз редактор міндетін атқарушы лауазымынан босатылып, оның орнына мен тағайындалдым. 1991 жылдың 2 қаңтары күні кузовына 10 тонна қағаз тиелген жүк машинасына мініп, Шымкентке қарай жол тарттым. Облыстық баспахананың директоры еңгезердей орыс жігіті екен. Мәселенің мән-жайын білген соң, цех бастығын шақырып алды да, «Мына жігіттің материалдарын алып қал. Липотипте тергізіп, версткасы дайын болған соң, телефон соғып, хабарын айтасың», – деп қатаң тапсырма берді. 5 қаңтар күні Шымкенттен қоңырау соғылған соң, ертеңіне таңертең нөмерге кезекші болатын Әбдәлім Тілеубековті, корректорлар Тұрсынай Жайлаубаева мен Зәмира Құдайбергеноваларды алып жолға шықтық. Бірақ баспахана күндіз өздерінің облыстық газеттері мен журналдарын дайындайтындықтан, бізге тек түнгі кезек қана тиді. Күндіз қаланы айналып, ары-бері сандалып жүреміз, түнде таң атқанша линотип машинасында терілген мақалаларды оқып, қате-кемшіліктерін түзетеміз. Сөйтіп арада тағы үш күн өтті. 9 қаңтардың түні. Сағат  тілі таңғы 3-терге таяп қалған. Міне, қазір ғана басылып, бояу иісі аңқып тұрған 4 беттік газетті қолыма ұстап тұрмын. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Япырмау, шынымен-ақ мынау біздің газет пе?!  Расында да сан жылдар бойы күтіп зарыққан «Достық туын» шығарып алдық па?!..  Қарап тұрмын, қос жанарымнан сорғалаған ыстық тамшылар газет бетіне тырс-тырс тамып тұр. Ойбуу, біреу-міреу байқап қалмады ма екен?..  Бетімді айғыздап өткен жасты қолымның сыртымен бір сүртіп жаныма қарасам, Әбдәлім де, Тұрсынай мен Зәмира да жылап тұрған екен. Иә, бұл – қуаныштың, әбден зарығып жеткен жетістігіміздің  жасы болатын. Осылайша «Достық туының» 10 саны Шымкент облыстық баспаханасында басылды. Содан соң... Содан соң тағы да қиыншылықтар басталып кетті. Қаржы жоқ, редакцияның басыбайлы баспанасы жоқ, көлігі жоқ, кадрлары жоқ, тіпті фирмалық бланкісі мен мөрі де жоқ. Осындай жоқ-жоқтардан мезі болған соң, жоғары жаққа талаптарымызды тікелей қойып, газетті Ташкентте басуға мүмкіндік болмайынша, шығаруды тоқтата тұрамыз деп шештік. Бұнымыз да орынды болған екен, көп ұзамай Ташкенттің қақ ортасындағы Ленинград көшесінен (бүгінде Матбуотчилар, яғни Баспагерлер көшесі деп аталады) үш қабатты ғимараттың екінші қабатына қоныстандық. Бірте-бірте көлік те, қаржы мен қағаз мәселесі де шешімін тауып, көңіліміз жайланғандай болды. – Газеттің саяси салмағын арттырып, оның жан-жақты дамытуға көптеген журналистер еңбек сіңіргенінен хабардармыз. Олар жайында да айта кетсеңіз.  width= СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай (тұрғандар) «Достық туы» газетінің бас редакторы міндетін атқарушы Ақан Ташметов, газеттің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, ақын Мекембай Омаров; (отырғандар) қазақтың көрнекті ақыны Төлеген Айбергеновтың жұбайы Үрниса Айбергенова, аудармашы Рысбай Анарбеков және Үрниса апайдың құрбысы. – «Достық туы» өзі дүниеге келген күнінен бастап-ақ өзбекстандық қазақтар арасындағы таланттарды, әсіресе қаламынан жыр құйылып, айдарынан жел ескен тілшілер мен әдебиетсүйер қауымды жаңа қырынан танытып, олардың бойларында тұнып тұрған ынта мен қабілетті жарқырата ашты, ел арасында білім нәрінен мол сусындап, оны кейінгі ұрпаққа бере алатын тың есімдерді атап берді. Мәселен, қарақалақстандық Дариябай Шарапиев, Балтабай Әділов, кенимехтық Нарбай Қожахметов, Ескендір Сәдуақасов, үшқұдықтық Полат Салқамов, сырдариялық Ілияс Айынов, Сейдуалы Оразалиев, жызақтық Пердебай Ергешов, Серік Жүнісов, тойтөбелік Дадажан Қажыбеков, қыбырайлық Қамбар Ахметов, Темір Қадыров, жоғарышыршықтық Әкім және Әбдуәлі Аманқұловтар, бостандықтық Дүйсен Сатаев, Мұсырман Орынбаев, тәшкендік Әбзелбек Шілдебайұлы  секілді қаламгерлер «Достық туының» арқасында байтақ елге танылып отыр.  Үнқағаздың пионерлері атанған Жүсіп Әлқожаев, Мұратбай Ұлықманов, Әбдәлім Тілеубеков, Үсен Асқаров, Мекембай Омаровтар бүгінде азулы журналистер ретінде ғана емес, бірнеше кітаптардың авторлары, балалар ақындары, саяси және қоғам қайраткерлері ретінде де қаламы қарымды журналист-жазушылар ретінде де танылып отыр. – «Достық туы» шығып тұрған кезде қандай идеялар жүзеге асты, қандай ойлар орындалмай қалды? – «Достық туы» өзі өмір сүрген 2 жылдан астам уақыт ішінде халықтың, анығырағы, оқырмандарының жүрегін толық жаулап ала білді. Өйткені бұл үнқағаз өзінен бұрынғы басылымдар салып кеткен ескі сүрлеумен жүрген жоқ, өз бағыт-бағдарын, өз соқпағын тапты, аз ғана уақыттың ішінде оны даңғыл жолға айналдыра алды. Сонысымен жұртты баурап алып, өзіне ілестіріп әкетті. Республикалық  газет-журналдар каталогына енбей тұрып-ақ таралымы 10 мыңнан  асқан, ал келесі жылы 25 мыңдық асуды иелеген «Достық туының» жетістігін  онымен бір жылда шыққан өзге орыс, тәжік, қырым татар тілдеріндегі газеттер де кезінде жоғары бағалаған. Алғашқы екі жылда оқырмандарға берген уәдесін толық орындаған үнқағаз 1993 жылға да талай-талай тұщымды тартулар дайындап қойған еді. Солардың ең бастылары – әдеби қосымша шығару, Төле би бабамыздың 330 жылдық мерекесін атап өту, мерейтойға қатысты шығармаларға өз бәйгесін тағайындау, халқымыздың адал ұлдарының бірі Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығын тойлау, бостандықтық жазушы Рахметолла Райымқұдлвтың 80 жылдығына арналған шығармалар мен мақалалар конкурсын ұйымдастыру, белгілі тарихшы ғалым М. Хасанидің Түркістанды Ресей отаршыларының қалай жаулап алғаны туралы жинаған тың деректерімен таныстыру,  Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетімен, Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам және Қазығұрт  аудандық газеттерімен беттер алмасу, сондай-ақ оқырмандарды шығыстық күрес өнері үлгілерімен таныстыру  тағысын тағылар... – 1993 жылдан бері шығып келе жатқан «Нұрлы жол» газеті туралы не айтасыз? Кезінде көптеген журналистер еңбек сіңірген газеттің бүгінгі қалпына көңіліңіз тола ма? – 1993 жылдың ақпанынан бері шығып келе жатқан «Нұрлы жол» газеті өз ағасы «Достық туының» шын мәніндегі ізбасары болды деуге толық негіз бар. Ол бұрын қабылданған жоспар-міндеттемелерден ауытқымай, өз жұмысын сол негізде жүргізіп келеді. Тек газет таралымының жылдан-жылға азайып келе жатқаны ғана көңілге қаяу салады. «Достық туынан» кеткен соң 10 жыл бойы «Узбекистон» мемлекеттік баспасында еңбек еттім. Шымыр Құрымбаев деген ағамыз сол баспаның құрамында қазақ тілінде кітаптар шығаратын «Асыл мұра» редакциясының негізін қалаған болатын. Өзім қатты сыйлайтын, нағыз ұлтжанды сол азамат біраз жылдан соң дүние салып, мен редакция меңгерушісі болып қалғанмын. 1995 жылдан бастап Өзбекстанда қазақ, тәжік, қырғыз, қарақалпақ және орыс  мектептері үшін оқулықтар шығару қолға алынып, біздің редакцияның штаты ұлғайды, жұмыс ауқымы да кеңейді. Енді өзбек тілінде дайындалған оқулықтарды өз тілімізге аударып, соған редакторлық ететін болдық.  Баспада редакторлық еткен жылдарымда 5 мың баспа табақтан астам оқулықтар мен қолданбаларды қарап, өз қолымнан өткізгенімді әлі де мақтанышпен еске аламын. 2003 жылы мен аяқ астынан Президент  аппаратына шақырды. Президенттің кеңесшісі Х.Сұлтанов (ол кісіні Ғ.Ғұлам атындағы көркем әдебиет баспасында қызмет істеген кезінен білетінмін) өте инабатты, әрбір сөзін салмақтап, сабырмен жеткізетін. Ол алдымен баспадағы баспадағы жұмыс жағдайымды тыңдап, біраз үнсіз отырда да, «Мен сізді көптен бері қаламы жүйрік журналист, тындырымды редактор ретінде жақсы білемін. Айтыңызшы, «Нұрлы жолға» қайта барғыңыз келе ме? – деп сұрақ қойды да, бетіме бажайлай қарап, менің жауабымды күтті. Қапелімде аузыма сөз түспей қалып, «Ол газетте мықты профессор, айтулы тілші-ғалым отыр ғой...» деп едім, кеңесші басын шайқап, «Әңгіме оның мықты редактор емес, ғалым болғандығында жатыр, – деді де, сөзін одан әрі сабақтады. – Соңғы 10 жыл ішінде газеттің таралымы 10 есе ғана емес, 20 есеге дейін төмендеп кетті. Бұның себебін оқырмандар жақсы біледі. Аппаратқа келіп жатқан оқырман хаттары соны айғақтайды. Бүгінгі таңда біз ол жерге барып, газеттің абырой-беделін көтеретін сізден басқа адамды көрмей отырмыз». Қысқасы, сол күні-ақ мені «Нұрлы жолдың» бас редакторлығына тағайындап, Қ. Сейдановты қызметтен босатуға Жоғарғы Кеңес Төралқасы мен Министрлер Кабинетінің біріккен қаулысы шықты. Тоқ етерін айтар болсам, газеттегі  ұйқысыз өтетін сансыз түндерге, сенбі-жексенбі, кезекті еңбек демалысы дегендерді білмейтін қым-қуыт қарбаласқа толы бей-берекет екінші өмірім осылайша басталды да кетті. Оның бәрі өз алдына бір дастан. Дегенмен «Нұрлы жолды» бір кездегі  «Достық туына» қайта айналдыру қиынға соқты. Көп еңбек сіңірдік, жас журналистерді тәрбиеледік, олардың қаламын ұштап, шығармашылық жұмыстармен айналысуына мүмкіндіктер туғыздық. Бірақ бүгінгі журналистердің ешқайсысының бойынан  баяғы «Достық туы» пионерлерінің құлшынысындай құлшынысты, табандылық пен қажыр-қайратты көре алмадым. Өкінішті, әрине. Әйтсе де өткенге топырақ шаша алмайсың... – Өзбекстандағы бүгінгі қазақтілді журналистердің жазу машығынан өзіңіз байқап жүрген олқылық бар ма, оларға аға ұрпақ өкілі ретінде қандай кеңес берер едіңіз? – Өзбекстандағы бүгінгі қазақтілді журналистердің бойында қандай кемшіліктер бар дегенге жауабым біреу-ақ, ол да болса – қазақ тіліндегі газеттер, теледидар мен радиодағы қазақша хабар редакцияларында еңбек ететін тілші журналистердің  ауызекі сөйлеу мәнерінде де, жазба хабар-мақалаларында да өзбек тілінің әсер-ықпалы үлкен. Өзбекстан қазақтары арасынан шыққан ғалымдарымыздың да, студенттер мен оқушылардың да тіл байлығы төмендеп бара жатқаны байқалады. Жас қаламгерлерге айтар кеңесім сол, барынша тіл тайыздығынан арылып, сөздік қорды байытып, қазақ әдеби тілін сақтауға барынша көңіл бөліңдер! Ғаламтор желісіне үңіле бермей, өз бойларың мен ойларыңа әдеби құндылықтарды дарытуға ұмтылыңдар! – Атажұртыңыз Қазақстанның даму үрдісінен хабардарсыз ба? – Әрине, бүгінгі ғаламтор заманында білгің келген нәрсеге қол жеткізу соншалықты қиын емес қой. Атажұртымыз Қазақстанның бүгінгі даму үрдісіне әрі қызығып, әрі риза болып қараймын. Әсіресе елде қазақ мектептерінің көбейіп, халқының әдеби, тарихи мұраларды оқып-үйренуге деген құлшынысының арта түскеніне қуанамын. – «Turkistan» халықаралық газетінде түбі бір түркі жұртына қатысты әдеби-мәдени, танымдық дүниелер, сондай-ақ алыс-жақындағы қазақтар туралы жиі жазылып, жарияланып жатады. Біздің газетіміз туралы пікіріңіз қандай? – «Түркістан» халықаралық газетіндегі әдеби-танымдық және мәдени дүниелерді қызыға да құмарта оқимын. Бір өкініштісі, газеттің тасқа басылған қағаз түріндегі үлгісі бізге жете бермейді. Тағы да сол, ғаламтор желісі, телефон арқылы ғана біліп жатамыз. Алыс-жақындағы қазақтар жөнінде көтеріліп жатқан тақырыптар көңілімді қатты алаңдатады. Газеттің форматы, дизайны көтеріп жатқан проблемалары, бәрі керемет. Кейінгі ұрпаққа қалдырарлық әдеби-мәдени мұралар көбірек болуына тілектеспін! – Әңгімеңізге рахмет!