«Бүгін біздің өмірімізде екі есе маңызды күн». Астананың сайлау учаскесінде жас жұбайлар дауыс берді
«Бүгін біздің өмірімізде екі есе маңызды күн». Астананың сайлау учаскесінде жас жұбайлар дауыс берді
Нұр-Сұлтан қаласындағы №144 сайлау учаскесінде жас жұбайлар дауыс берді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Жаңадан бас құраған ерлі–зайыптылардың пікірінше, ел үшін мұндай маңызды күні таңдау жасау — әркімнің азаматтық борышы. Сондықтан үйлену тойының дайындығына қарамастан, Фахат Жанбеков пен Ботагөз Калтаева учаскеге келу туралы шешім қабылдаған.
Осылайша, 10 қаңтар тек неке күні ғана емес, сонымен қатар алғашқы отбасылық сайлау күні ретінде де есте қалады.
«Бүгін біздің өмірімізде екі есе маңызды күн. Еліміз үшін осындай айтулы күні отбасымыздың құрылғанына өте қуаныштымын», — дейді Ботагөз.
Жас жұбайлар дауыс берген сайлау учаскесінде 2 706 адам тіркелген.
Жалпы, елордада 283 сайлау учаскесі орналасқан. Барлық учаскелер дайын және қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған.