Жаңалықтар

Суретшілердің Алматының 1000 жылдығына тартуы

ашық дереккөзі

Суретшілердің Алматының 1000 жылдығына тартуы

Алматыда «Ұлы дала бояулары» атты суретшілердің халықаралық симпозиумының жұмысы қорытындыланып, «Мега» ойын-сауық орталығында пленэрлік жұмыстардың көрмесі өтті. Бұл туралы  «Қыздар университеті»  медиа орталығынан хабарлады. Көрмеге өз елімізбен қатар, Ресей, Корея, Польша, Армения, Қырғызстан, Венгрия, Финляндия және т.б. 12 елден бас қосқан 30-дан астам қылқалам шеберлері мен фотосуретшілердің 60-қа жуық туындылары қойылды. Еске сала кетейік, симпозиум 26 тамыз күні бастау алған болатын. Симпозиум барысында суретшілер мен фотосуретшілер «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, Шарын шатқалында, «Таңбалы тас» қорығында, Үшқоңырда, Алатау бөктерінде және т.б. Алматы және Алматы облысының көрікті жерлерінде болып, ұлы дала - Қазақ елінің әсем жерлері мен табиғатын, әр тауы мен даласын суретке түсіріп, ғажап көрінісін әр қырынан салды. Шетелдік қонақтар қазақ жерінің әсем орындарын тамашалаумен қатар, саябақтар мен қорықтардың тарихымен, өсімдіктері мен жануарлар дүниесімен де танысып, көрігіне тамсанып, саяхат жасап қайтты. Көрменің ашылуында аталмыш шараның ұйымдастырушысы, ҚазМемҚызПУ ректоры Динар Нөкетаева: «Қазақстанның қай өңірін алмайық, тұнып тұрған інжу-маржан. Табиғаты әр алуан елімізде жазық дала да, орман да, тау да, өзен де, көл де, шөлді аймақтар да бар. Көздің жауын алар әсем табиғатымыз кез келген адамды, кез келген саяхатшыны таң қалдырмай, таңдай қақтырмай қоймайды. Мұнда көк аспанмен таласқан әсем таулар,  тап-таза бұлақтар мен өзендер, ну ормандар, сан алуан өсімдіктер мен аң-құстар бар. Қанша жылдар өтсе де, дәуірлер дәуренінен сыр шертетін игіліктер жалғасы үзілген емес. Бүгінгі көрмеде шетелдік суретшілермен қатар, қазақстандық суретшілердің де тың туындылары қойылып отыр. Қазақ даласының әсем бейнесін, көркемдігі мен кереметтілігін кенепке түсірген нағыз таланттар - қылқалам шеберелерінің суреттері тарихымызға қосқан үлкен үлес пен Алматы қаласының 1000 жылдығына үлкен тарту болмақ. Сіздерге мол шығырмашылық табыс тілей отырып, шексіз алғысымызды білдіреміз!» - деді. Көрменің ашылуына сонымен қатар, «Astana Group» компаниясының президенті, еліміздің ірі қалаларында ашылған «Мега» ойын-сауық орталықтарының басшысы, белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның Директорлар Кеңесінің төрағасы Александр Павлов арнайы қатысып, қылқалам шеберлерінің көрмесін тамашалады.  Суретшілердің туындыларына жоғары баға берген қонақтар, көрмеден ерекше әсер алғандықтарын атап өтті. «Мен қашанда бейнелеу, сурет өнерін қадірлеймін, әрқашанда қолдаймын. Алматы қаласының 1000 жылдығына орайластырылып отырған бұл шараға біз де атсалысып,  жұртшылыққа танытуға үлес қосып отырғанымызға қуаныштымыз. Бірінен-бірі ерекшеленетін суреттердің барлығы көңілімнен шықты, ерекше әсер алдым», - деген кәсіпкер, өнер жанашыры, коллекционер Нұрлан Смағұлов суретшілердің туындыларын ойын-сауық орталығында сатылымға қоюды ұсынды. Атап өте кетейік, елімізге белгілі екі тұлға көрмені тегін өткізуге және ұйымдастыруға мұрындық болды. Бір аптаға жалғасатын көрмеге келушілер суретшілердің туындыларын тамашалап қане қоймай, сатып алуға да мүмкіндік ала алады. Көрмеге пленэрде салынған суреттермен қатар, қылқалам шеберлерінің бояуы кеппеген туындылары да қойылды. Фотосуретшілер де өз елдерінен ала келген таңдаулы деген өз суреттерін өнерсүйер қауым назарына ұсынды. Шара соңында симпозиумға қатысқан суретшілер сертификаттармен және арнайы дипомдармен марапатталды.