Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Қол жеткен жетістіктерді әрбір қазақстандық сезінуі тиіс

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Қол жеткен жетістіктерді әрбір қазақстандық сезінуі тиіс

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Қол жеткен жетістіктерді әрбір қазақстандық сезінуі тиіс
ашық дереккөзі
1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясы салтанатты түрде өз жұмысын ашық деп жариялады. Қос палатаның алғашқы отырысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, халық қалаулыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жаңа сессияның ашылуы Қазақстанның Әнұранын орындаумен басталды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әнұранды өзі де қосылып, бірге шырқады. Ал қос палатаның кейбір депутаттары Мемлекеттік Әнұранды білмегені үшін ескерту алды. «Үкімет мүшелері, депутаттар Әнұран айтылғанда бірге айтып тұрғаны жөн болады», – деді Н. Назарбаев.  «Биылғы сессия қастерлі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлайтын кезеңге сай келіп отыр», – деп сөз бастаған Елбасы әлем аса күрделі кезеңдердің бірін бастан кешіп отырғанын, оның ішінде шекара талғамайтын терроризм мен экстремизм қауіпінің тыйылмай отырғандығын жеткізді. «Мұның бәрі жаһандық әлемнің ажырамас бөлігі Қазақстанға да ықпалын тигізбей қоймайды. Соған қарамастан, біз заманның сындарлы қатеріне жауап беру үшін зор қызметтер атқарып келе жатырмыз. Еліміз Тәуелсіздік тарихының екінші ширегін тың қарқынмен бастайды деп сенемін. Біз «Қазақстан-2050» стратегиясында көздеген мақсаттарымызға үздіксіз ұмтылатын боламыз. Алдымызда үлкен міндеттер мен ауқымды жұмыстар тұр. Бұл орайда Парламентке зор жауапкершілік жүктелетінін өздеріңіз білесіздер», – деді Мемлекет басшысы.  Алдымен, Бес институттық реформаның жүзеге асырылуын, Ұлт жоспарының қарқынды түрде жалғасуын тапсырған Н.Назарбаев былтырғы жаңа реформаларды жалғастырып, сөзбен емес, іспен жұмыс істеу қажеттігін еске салды. «Кәсіби Парламент өзіне жүктелген тарихи міндетті абыроймен атқаратынына сенемін. Дегенмен, кезек күттірмейтін заңдар деп, былтырғыдай заңның сапасын жоғалтып алмайық. Осы естеріңізде болсын», – деді ел Президенті. Елбасының тілге тиек етіп отырғаны – өткен жылы қабылданған Жер кодексі. Ол заң негізі ауыл шаруашылығына қосымша қаражат тартуды көздеген болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Жер кодексі бойынша арнайы құрылған комиссия жұмысына да баға берді. «Жер реформасы бойынша комиссия үлкен жұмыс атқарды, халықты толғандырған проблемалы мәселелерді талқылады. Жекелеген заң жобасында көрініс тапқан бірқатар ұсыныс әзірледі. Оны комиссия Парламент пен Үкіметке енгізеді», – деді Елбасы. Бұл ретте Мемлекет басшысы комиссия ұсынысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру процедураларын жетілдіру, жерді тиімді пайдалануға бақылауды күшейту мәселелерін қамтитындығын айтты. «Негізінде, біз бір қолға жүздеген мың гектар жерді бермеу керектігін ескермедік. Әлемнің еш жерінде мұндай жоқ. Жер алған адам ол үшін жауап беруі тиіс», – деді Н.Назарбаев. ҚР Президентінің пайымынша, жерді онымен жұмыс істей алатын адамдарға беру қажет. «Жер заңнамасына түзетулер енгізу туралы шешім қабылдау кезінде Үкіметтің агроөнеркәсіп саласына қаржы тарту мақсатын басшылыққа алғанын еске сала кеткім келеді. Ауыл шаруашылығын дамыту оған ілесе көптеген салалардың дамуына жағдай туғызбақ. Салаға ықпал жасау үшін мемлекеттің қаншалықты күш-жігер жұмсағанын барлық аграршылар біледі. Әр жыл сайын аграрлық секторға айтарлықтай қаржы салынады, бірақ олар барлық уақытта бірдей өзін-өзі ақтай бермейді. Қазіргі заманғы экономикада олай болуға тиіс емес. Себеп ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігінде жатыр, оны арттыру үшін қосымша қаржы салу қажет. Бүкіл әлемде аграрлық секторға инвестиция тарту үшін жұмыс істейді. Біздің мемлекетіміз де ауыл шаруашылығының деңгейі мен сапасын арттыру үшін көбірек капитал салымын тартқысы келді. Егер бұл жұмыс түсіндіруден басталып, одан кейін ғана заң қабылданғанда, онда ахуал басқаша болар еді. Бұл аспектілерді заң шығарушылар аграрлық саланы реттейтін заң жобаларымен жұмыс істеген кезде ескеруі керек», – деді Н.Назарбаев. Айта кетерлігі, жаңа сессияда депутаттар 50-ге жуық заң жобасын қабылдамақ. Ал жалпы, депутаттық корпус бес бағыт бойынша жұмыс атқарады. Біріншіден, ел қауіпсіздігінің заңнамалық негізін нығайту мәселесіне аса назар аударылмақ. «Әлемнің өзге елдері сияқты Қазақстан да тікелей террорлық қауіп-қатерге кез болды. Ақтөбе мен Алматыдағы террорлық актілердің салдарынан ұлттық ұлан сарбаздары, полиция қызметкерлері және ешбір жазығы жоқ азаматтар қазаға ұшырады. Осындай жағдайда мемлекет ұлттық қауіпсіздікті нығайтуы тиіс. Менің тапсырмам бойынша экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, қарсы барлау қызметі, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу, пробация, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша 7 заң жобасы жасалып, Мәжіліс қарауына енгізіледі», – деді Елбасы. Екіншіден, ұлт жоспарын жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ең алдымен, институттық реформаларды тереңдету үшін бағалау, коллекторлық және жеке детективтік қызмет, зардап шеккендердің шығынын өтеу қоры туралы заңнамалық актілерді қабылдау маңызды мәнге ие болмақ. «Назарбаев университетінің халықаралық практикасы мен тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін заңнамалық тұрғыда кеңейту қажет. Депутаттарға жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербес бюджетін енгізу бөлігінде заңнамаға қосымшалар қабылдау қажет болады. Электр энергиясы мәселелері жөніндегі заңнамаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қарастырылған. Олар энергияны тарату шығындарын төмендетуді және тиісінше, тұтынушылар үшін оның құнын азайтуды қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Сол сияқты, стандарттау туралы заңнамалар пакетінің де маңызы зор», – деп атап өтті Президент. Үшіншіден, алдағы уақытта Парламент үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қарап, қабылдамақ. Онда Елбасы атап өткен жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерді ескере отырып, 2017-2019 жылдарға арналған бюджет саясатының қағидаттары мен оған қатысты көзқарастар анықталатын болады. Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне ешбір жағдайда жол бермеуді тапсырды. Президент мемлекет тарапынан кепілдендірілген әлеуметтік пакетке шығыстар көлемін сақтауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету керек екенін қадап айтты. «Бұл ретте бәрінен бұрын зейнетақы, жәрдемақыларға, шәкіртақыларға және адамдар үшін басқа да әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр. Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне ешбір жағдайда жол бермеу үшін бюджеттік саясатты тиісті дәрежеде бағдарлау қажет», – деп тапсырды Н. Назарбаев. Парламент пен Үкімет бюджет қаржыларын игеру мәселесіне қатаң бақылау жасауы тиіс екендігін ескерткен Елбасы, бюджет шығыстарын игермеу проблемасы салалық та, өңірлік те деңгейлерде жалғасып отырғандығын ашып айтты. «Бөлінген қаржылар экономиканы дамытуға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеуі тиіс», – деді ол. Төртіншіден, депутаттық корпус Қазақстан бекіткен бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялау мәселелерін қарастырмақ. Бесіншіден, Парламент – халық өкілдігінің басты органы. Сондықтан Парламент палаталарының қызметі қоғам үшін барынша жариялы болуы тиіс. Заңдарға деген қажеттілік пен оларды қабылдаудың бүкіл қисыны қазақстандықтарға түсінікті болуының маңызы зор. Күзден бастап Сенат пен Мәжіліс жұмыстарын, сондай-ақ, Парламент палаталарының бірлескен отырыстарын онлайн режимінде тікелей тарату оған жағдай жасайтын болады. Бұған қоса, Елбасы заң шығару үдерісінің аясын кеңейте түсу қажеттігін ескертті. «Жобаларды дайындау сатысында оған қоғамдық сарапшыларды, парламенттік емес партиялар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерін тарту қажет. Заң шығару үдерісіне қатысатын мемлекеттік органдардың барлық басшылары, сондай-ақ, партиялық фракциялар қоғамды жоспарланып отырған заңнамалық бастамалар туралы тұрақты түрде ақпараттандырып отыруы керек. Бұл орайда парламенттік фракцияның бастамашылық рөлі және «Нұр Отан» партиясының барлық құрылымдары мен филиалдарының ырғақты іс-қимылы айрықша маңызды. Заңдарды қабылдау үдерісіне деген мұндай көзқарас қазақстандықтардың құқықтық мәдениетін арттыратын болады», – деді өз сөзінде Елбасы. Сөз арасында Елбасы бүгінгі күні әлемдік экономикалық, саяси ахуал күрделі күйде қалып отырғанына назар аударып, көптеген дамыған және дамушы елдер қиындықты бастан кешіп отырғандығын сөз етті. «Бағаның құлдырауы, әлемдік нарықтағы тұрақсыздықтар халықаралық сауданы әлсіретті. Инвестициялық ағымдар азайып, елдер арасындағы тауар айналымы, экспорт пен импорт алмасу төмендеді. Мұның бәрі Қазақстанға әсер етпей қоймайды, біз әлем экономикасының бір бөлшегіміз. Біз осыған байланысты барлық бағыттар бойынша қаржы үнемдеуге мәжбүр болдық. Экономикаға инвестициялар қысқарды, соның ішінде әлеуметтік нысандарды қаржыландыру азайды, кейбір қабылданған шешімдер қайта қаралып жатыр. Соған қарамастан, біздің бағдарламалар сөзсіз орындалады. Дегенмен, өмірдің өзі бізден қаражатты жұмсауда аса маңызды істерге көбірек көңіл бөлуді талап етіп отырғаны шындық. Осындай жағдайда Үкіметтің, Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы іс қимыл жоспары жалғасатын болады», – деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетінін айтып өтті. Отырыста халықты жұмыспен қамтуды қолдау және халықтың табысын арттыруға қатысты жаңа шаралар ұсынылмақ. Яғни, экономика терең тыныс алып, дамуы үшін жаңа қаражаттар тарту жолдары, банктердің жұмысын жандандыру және жергілікті жерлердегі мүмкіндіктерді кеңейту қарастырылатын болады.