Сөзімізден кеткен қадір өзімізде қала ма?
Сөзімізден кеткен қадір өзімізде қала ма?
«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын». Абай осылай дейді. Бұл тіліміздегі сөздің көптігін (ондай да жоқ емес) немесе қазақтың шешендігін емес, бос сөзіміздің көп болатынын білдірсе керек.
Қазақ сөз баққан ел дейміз де, сөзге қонақ беруді ұмытатынымыз жаман. Неге? Бәрі «Басы бір пышақ, аяғы бір құшақ» сөз жарықтықтың тегін болғанынан ғой. Одан қалса пәленше былай деген екен деп, сөзімізге демеу, пікірімізге тиянақ болар әлдебір шешеннің тапқырлығы немесе бір ақынның өлеңін реті келген жерінде лебізімізге қыстыра кетіп, сәтті қиыстырған дәйексөзімізге мәз болып, жұрттың төбесінен қарап тұрамыз. Сөйтеміз де, Абайдың «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз» дегенін түсінуге өреміз жетпей, «ақындар да айта береді-ау» деп қабақ шытамыз. Оның қадірсіз болатындай не жазығы бар деп өзімізден сұрап та жатпаймыз? Сәл миымызды қинасақ өлең қадірсіз емес, оны ретті-ретсіз пайдалана беріп, қадірсіз қылатын өзіміз екенін білер едік те.
«Сырт көз сыншы». «Қазақ қызыл сөзден қуырдақ қуырады» депті Герольд Белгер ағамыз. Дұрыс та шығар. Әйтеуір осы кезге дейін сөзден қалып, өзінің артық кеткенін не жеңілгенін мойындаған қазақ баласын көре қойған жоқпыз, шамасы, «екі ауыз сөзбен ердің құнын шешіп, бір ауыз сөзге тоқтаған» баяғы қазақи болмыс келмеске кеткен шығар.
Айтуға аса ыңғайлы болмаса да айтайық, қазақта «Келеке – көтен қызартады» деген де сөз бар. Негізі, сарказммен сөйлеу (кекету) қазақта бар-ақ нәрсе. Бірақ орнымен қолданылмаса ол жарықтықтан да қадір кетеді екен. Негізінен ол сөз ұқпас надандарға немесе қасақана қиямпұрыстық істеп, жорта түсінбей отырғандарға айтылатын еді. Өйткені надандардан есе қайтарудың өзге жолы жоқ қой. Ал енді жөн сөзді мысқылдап, жөн істі кекетіп отыру адами қасиетке кереғар нәрсе. Бүгінде сәл нәрсеге кекесін айтып, тіпті болмай бара жатса ұялмай-қызармай боқтық араластырып (өкініштісі, мұндай жағдай әйел адамдардың арасында көбейіп барады) сөйлеуден де қымсынбайтындар аз емес...
Қалай болса солай сөйлейтіндер, қалай болса солай ойлайтындар дейді психологтар. Демек, ойын анық, түсінікті жеткізе алмайтындардың ойлау қабілетінде гәп бар деген сөз.
Бүгінгі қазақ қоғамында не нәрсе танымал, не нәрсе қызық, не нәрсе жиіркенішті деген мәселелерді әлеуметтік желідегі жазбалардан, анығырағы оның астындағы пікірлерден оп-оңай-ақ біліп алуға болады. Шамадан тыс цитатшыларға қарап, олардың өз айтары аз екенін немесе кімнің сөзін қастер тұтатынын білуге болады. Сол сияқты кез келген жерге діни канондық түсініктерді тықпалап отыратындардан дүмшелікті танисыз. Ерлерді жамандайтын әйелдерді не әйелдерді жамандайтын ерлерді байқасаңыз, өзіне қарама-қарсы жыныстағылармен ортада проблема бар деген сөз. Бәрін жоққа шығарып отыратындарды көрсеңіз өмірге өкпелі, яғни боламын деп бола алмай қалғандар болуы әбден мүмкін. Сол секілді әлдебіреулерге тиісіп, өзінің одан ақылды екенін көрсеткісі келіп отыратын эгоистер аз емес.
Егер қандай да бір қоғамда ауызбірлік аз болса, онда сол қоғамды құрып отырған адамдарда ала-құлалық басым. Ондай қоғамды белгілі бір істі жұрттың жұмыла көтеріп, жеріне жеткізуі орындала бермейтін арман. Өйткені «сөзінде береке жоқтың ісінде де береке жоқ».
«Судың да сұрауы барын» білетін халық сөздің де обалы барын сезуі керек. Жалғанда өлшеусіз нәрсе жоқ. Той-томалақта, жиындарда көпірте сөйлеуді сөз білгендік санайтын бір әдет пайда болды. Асылы көп білетін адам аз сөйлейді дейді ғой, демек білгені аздардың сөздері көп болатыны – білімсіздік, надандықтың кесірі шығар.
Ана бір жылы Маңғыстаудың Бейнеу ауданында әкелі-балалы Барақ, Асау батырлардың 270-250 жылдық мерейтойы атап өтілді. Әкім-қаралар сөйледі, ақсақалдар сөйледі, ақындар өлең оқыды, жыраулар жырлады. Бәрі сөз ғой. Бірақ сонша жерден асқа келген халық шаңдатып дауыл соғып тұрса да шыдап тыңдады. Ал енді содан кейін не болды дейсіздер ме? Бір кезде қолына микрофон тиген бір жырау кісі (атын ұмыттым, жасы сол кезде алпыстан асқан) бата берді. Бата болғанда қандай, кілең ақ тілек, асыл сөз. Айтып жатыр, айтып жатыр... Анық бір жиырма минуттай айтты. Жалғанда қазақ сөзінен бата-тілекке бай тіл жоқ шығар дейсің. Бірақ қанша керемет болса да, орынсыз созылған сөз де жалықтырады емес пе, адамдар қозғалақтай бастады. Әйтеуір бата бітті. Жырауымыз онымен тоқтамай «ал енді батырлар рухына құран оқып жіберейік» дегенде орнынан тұруға оқталған адамдар қайта отырды. Қанша аят оқығанын кім білсін, ол да біразға созылып, әрең дегенде бітті-ау ақыры. Етегін қағып орнынан қозғалған адамдар киіз үйлерге қарай зытты. Құдай біледі, жаңағы көл-көсір бата сөздерден ешкімнің есінде ештеңе қалмаған шығар-ау...
Ас-жиын деген жақсы әрине, бірақ соның бәрі бостекі сөз, бекер мақтау-мадаққа көміліп қалмай, жан-жақты болса қанеки. Өкініштісі, елімізде өтетін түрлі жыйындардың көп уақыты осы сөзге кетеді. Дәйексіз мақтаулар мен қап-қап уәденің кімге пайдасы бар?
Біздің елде аты ғылыми, заты сөзжарыс болып келетін конференцияларға құрығанда екі жүз адам жиналмаса, өткізушілердің көңілі көншімейді. Ал шетелдерде өтетін түрлі халықаралық ғылыми конференциялар әрі кетсе қырық-елу ғалымдардың қатысуымен ғана өтетін көрінеді. Бізге неге солардан үлгі алмасқа? Ғылыми конференциялардың өткені жақсы, тек оған негізінен маман адамдар қатысқаны дұрыс. Өйткені мамандардың арасында бос сөз емес, нақты ұсыныстар, лайықты талқылаулар болады.
Сөздің адамға жаман әсер ететіні де бар, жылы тиетіні де бар. Жаман сөзге, әрине, құлағымыз елеңдеп, ізі немен бітті екен деп назар аударамыз. Тіпті бақылап, ақырына дейін естіп болғанша тағатымыз қалмайды. Ал енді бүгінде адам психологиясындағы осы әлсіздікті тамыршыдай тап басып, өз пайдасына жарата қойғыштар көбейген. Қазір бүкіл телевидение, сайт, әлеуметтік желі атаулы осы әдісті пайдаланады. Кейбір адамдар өздеріне назар аудару үшін ерсі қылық, ерсі сөзбен назар аударту – хайпты пайдаланады. Бір кезде адамдар жаман жағынан атымыз шықпасын деп қашатын, қазір ондайға өз еркімен барады. Жұрт айта берсін, танымал болсам болды деген өлермен эгойстік түрлі абыройсыздықты қолдан жасай береді. Оған қайтарым болатын нәрсе – адамдардың түрлі сөздері, бір-бірімен әңгімелескенде немесе желіде сені талқылауы. Бірақ ондай сөздерде жаман мағына ғана емес, жаман әсер де болатынын қаперіне ала бермейтіндер көп-ау. Сөздің магиялық қасиеті болады. Адамдардың қарғап-сілеуі, жеккөрінішті сөздер айтуы, жамандауы, жаманат жапсыруы, өсектеуі түптің-түбінде текке кетпей зиянын тигізуі әбден мүмкін.
Діни кітаптарда «ең әуелі сөз болған» деп келетін тәмсіл бар ғой, бірақ, меніңше ең әуелі ой пайда болған. Сөз – ойдың сыртқа шығуы. Демек ойды білдіретін сөзге айтушының ниет-пиғылы, тілектестігі не жеккөрушілігінің энергиясы сіңсе керек. Сондықтан кімді болса арналған сөз не қуандырады, не қайғыртады.
Қарапайым ғана мысал: неге адам қате жіберсе не біреуге қысастық қылса шындық-сөзден қорқады? Тіпті біреудің қарғысынан тітіркеніп «жағыңа жылан жұмыртқаласын» деп сөз қайтарса, бата-тілекті естігенде «айтқаның келсін, әумин» деп құптап, қуанып қабылдап жатады. Осының бәрінде мән бар. Ол мән – сөздің киелілігі, құдіреттілігі. Сондықтан сөзді орынсыз ысырап қылғандар, яғни, лайықсызды мақтап, лайықтыны даттағандар түбінде сөздің киесіне ұшырамай кетпейтіні анық.
Алғашқы сөзді алу, шындық-сөзді айту, тапқыр сөзбен қарпу, әдемі сөзбен тарту, қатқыл сөзбен қорқыту, жаман сөзбен жылату, жылы сөзбен жұбату, сөзді сүйегінен өткізу, жан жарасын сөзбен емдеу... Сөзге байланысты не деген таусылмайтын құбылыстар?! Бәрінің адам өмірінде орын бар, бәрінің әсер ету күші орасан! Демек, сөздің кепиеті бар жерде оған обал жасауға болмайды.
«Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ», – деген екен атақты Бұқар жырау. Сол айтқандай, әркім сөзге келгенде абайлау ләзім.
Қараспанды жерге түсіріп, заманақыр басына түскендей зарлай бергенді қазақ жақтырмай «басыңа көрінсін» дейді екен. Ана бір қайта құру заманында аузы бардың бәрі білгішсініп, ел тек жаманшылықты теруге әдеттеніп кеткендей еді, сол қалпымыздан әлі арыла қоймаған сияқтымыз. Не нәрсенің болса да жақсысын көрмей жаманын тауып, жамандауға әуестігіміз басылмаса өз сөзіміз өзімізге жау болып, ілгері басқан аяғымыз кері кетуін тоқтатпайтын секілді ме? Соның бәрі оймыздың бүлініп, сөзіміздің бұзылғаны емес пе екен? Ендеше сөзімізге абай болайықшы.