Сөзімізден кеткен қадір өзімізде қала ма?

Сөзімізден кеткен қадір өзімізде қала ма?

Сөзімізден кеткен қадір өзімізде қала ма?
ашық дереккөзі
«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын». Абай осылай дейді. Бұл тіліміздегі сөздің көптігін (ондай да жоқ емес) немесе қазақтың шешендігін емес, бос сөзіміздің көп болатынын білдірсе керек. Қазақ сөз баққан ел дей­міз де, сөзге қонақ беруді ұмытатынымыз жаман. Неге?  Бәрі «Басы бір пышақ, аяғы бір құ­шақ» сөз жарықтықтың тегін бол­ғанынан ғой. Одан қалса пә­ленше былай деген екен деп, сө­зімізге демеу, пікірімізге тия­нақ болар әлдебір шешеннің тап­қырлығы немесе бір ақын­ның өлеңін реті келген жерінде лебізімізге қыстыра кетіп, сәтті қиыстырған дәйексөзімізге мәз болып, жұрттың төбесінен қа­рап тұрамыз. Сөйтеміз де, Абай­дың «Қазаққа өлең деген бір қадірсіз» дегенін түсінуге өреміз жет­пей, «ақындар да айта бере­ді-ау» деп қабақ шытамыз. Оның қадірсіз болатындай не жазығы бар деп өзімізден сұрап та жат­пай­мыз? Сәл миымызды қина­сақ өлең қадірсіз емес, оны рет­ті-ретсіз пайдалана беріп, қа­дірсіз қылатын өзіміз екенін бі­лер едік те. «Сырт көз сыншы». «Қазақ қы­зыл сөзден қуырдақ қуырады» депті Герольд Белгер ағамыз. Дұ­рыс та шығар. Әйтеуір осы кезге дейін сөзден қалып, өзінің ар­тық кеткенін не жеңілгенін мойын­даған қазақ баласын көре қой­ған жоқпыз, шамасы, «екі ауыз сөзбен ердің құнын шешіп, бір ауыз сөзге тоқтаған» баяғы қа­зақи болмыс келмеске кеткен шы­ғар. Айтуға аса ыңғайлы бол­маса да айтайық, қа­зақ­та «Келеке – көтен қызар­та­ды» деген де сөз бар. Негізі, сар­казммен сөйлеу (кекету) қазақта бар-ақ нәрсе. Бірақ орнымен қолданылмаса ол жарықтықтан да қадір кетеді екен. Негізінен ол сөз ұқпас надандарға немесе қа­сақана қиямпұрыстық істеп, жорта түсінбей отырғандарға ай­ты­латын еді. Өйткені надан­дар­дан есе қайтарудың өзге жолы жоқ қой. Ал енді жөн сөзді мыс­қылдап, жөн істі кекетіп отыру адами қасиетке кереғар нәрсе. Бүгінде сәл нәрсеге кеке­сін айтып, тіпті болмай бара жатса ұялмай-қызармай боқтық ара­ластырып (өкініштісі, мұн­дай жағдай әйел адамдардың ара­сында көбейіп барады) сөй­леу­ден де қымсынбайтындар аз емес... Қалай болса солай сөй­лей­тіндер, қалай болса со­лай ойлайтындар дейді пси­хо­логтар. Демек, ойын анық, тү­сінікті жеткізе алмайтын­дар­дың ойлау қабілетінде гәп бар де­ген сөз. Бүгінгі қазақ қоғамында не нәрсе танымал, не нәрсе қы­зық, не нәрсе жиіркенішті де­ген мәселелерді әлеуметтік же­лідегі жазбалардан, анығыра­ғы оның астындағы пікірлерден оп-оңай-ақ біліп алуға болады. Шамадан тыс цитатшыларға қарап, олардың өз айтары аз еке­­нін немесе кімнің сөзін қас­тер тұтатынын білуге болады. Сол сияқты кез келген жерге діни канондық түсініктерді тық­палап отыратындардан дүм­ше­лікті танисыз. Ерлерді жа­ман­дайтын әйелдерді не әйелдерді жа­мандайтын ерлерді байқа­саңыз, өзіне қарама-қарсы жы­ныстағылармен ортада проб­ле­ма бар деген сөз. Бәрін жоққа шы­­ғарып отыратындарды көр­сеңіз өмірге өкпелі, яғни бо­ла­мын деп бола алмай қалғандар болуы әбден мүмкін. Сол секілді әл­дебіреулерге тиісіп, өзінің одан ақылды екенін көрсеткісі ке­ліп отыратын эгоистер аз емес. Егер қандай да бір қоғамда ауызбірлік аз болса, онда сол қоғамды құрып отырған адам­дарда ала-құлалық басым. Он­дай қоғамды белгілі бір істі жұрт­тың жұмыла көтеріп, же­ріне жеткізуі орындала бер­мей­тін арман. Өйткені «сөзінде бере­ке жоқтың ісінде де береке жоқ». «Судың да сұрауы барын» бі­ле­тін халық сөздің де обалы ба­рын сезуі керек. Жалғанда өл­шеу­сіз нәрсе жоқ. Той-тома­лақ­та, жиындарда көпірте сөйлеуді сөз білгендік санайтын бір әдет пайда болды. Асылы көп білетін адам аз сөйлейді дейді ғой, де­мек білгені аздардың сөздері көп болатыны – білімсіздік, на­дан­дықтың кесірі шығар. Ана бір жылы Маңғыстаудың Бейнеу ауданында әкелі-балалы Ба­рақ, Асау батырлардың 270-250 жылдық мерейтойы атап өтіл­ді. Әкім-қаралар сөйледі, ақ­сақалдар сөйледі, ақындар өлең оқыды, жыраулар жыр­ла­ды. Бәрі сөз ғой. Бірақ сонша жер­ден асқа келген халық шаң­да­тып дауыл соғып тұрса да шы­дап тыңдады. Ал енді содан кейін не болды дейсіздер ме? Бір кез­де қолына микрофон тиген бір жырау кісі (атын ұмыттым, жа­сы сол кезде алпыстан асқан) ба­та берді. Бата болғанда қан­дай, кілең ақ тілек, асыл сөз. Ай­тып жатыр, айтып жатыр... Анық бір жиырма минуттай айтты. Жалғанда қазақ сөзінен бата-тілекке бай тіл жоқ шығар дей­сің. Бірақ қанша керемет бол­са да, орынсыз созылған сөз де жалықтырады емес пе, адам­дар қозғалақтай бастады. Әй­теуір бата бітті. Жырауымыз оны­мен тоқтамай «ал енді ба­тыр­­лар рухына құран оқып жі­берейік» дегенде орнынан тұру­ға оқталған адамдар қайта отыр­ды. Қанша аят оқығанын кім білсін, ол да біразға созылып, әрең дегенде бітті-ау ақыры. Ете­гін қағып орнынан қозғалған адамдар киіз үйлерге қарай зыт­ты. Құдай біледі, жаңағы көл-кө­сір бата сөздерден ешкімнің есін­де ештеңе қалмаған шығар-ау... Ас-жиын деген жақсы әрине, бірақ соның бәрі бостекі сөз, бе­кер мақтау-мадаққа көміліп қал­май, жан-жақты болса қане­ки. Өкініштісі, елімізде өтетін түр­лі жыйындардың көп уақы­ты осы сөзге кетеді. Дәйексіз мақ­таулар мен қап-қап уәденің кім­ге пайдасы бар? Біздің елде аты ғылыми, за­ты сөзжарыс болып ке­ле­тін конференцияларға құ­ры­ғанда екі жүз адам жиналмаса, өт­кізушілердің көңілі көн­ші­мей­ді. Ал шетелдерде өтетін түр­лі халықаралық ғылыми кон­ференциялар әрі кетсе қы­рық-елу ғалымдардың қа­тысуы­мен ғана өтетін көрінеді. Бізге не­ге солардан үлгі алмасқа? Ғы­лы­ми конференциялардың өт­ке­ні жақсы, тек оған негізінен ма­ман адамдар қатысқаны дұ­рыс. Өйткені мамандардың ара­сында бос сөз емес, нақты ұсы­ныстар, лайықты талқылаулар болады. Сөздің адамға жаман әсер ете­тіні де бар, жылы тие­тіні де бар. Жаман сөзге, әрине, құлағымыз елеңдеп, ізі немен біт­ті екен деп назар аударамыз. Тіпті бақылап, ақырына дейін ес­тіп болғанша тағатымыз қал­майды. Ал енді бүгінде адам пси­хологиясындағы осы әлсіз­дікті тамыршыдай тап басып, өз пайдасына жарата қойғыштар көбейген. Қазір бүкіл телевиде­ние, сайт, әлеуметтік желі атау­лы осы әдісті пайдаланады. Кей­бір адамдар өздеріне назар ау­дару үшін ерсі қылық, ерсі сөз­бен назар аударту – хайпты пай­­­­даланады. Бір кезде адамдар жа­ман жағынан атымыз шық­пасын деп қашатын, қазір он­дай­ға өз еркімен барады. Жұрт айта берсін, танымал болсам болды деген өлермен эгойстік түрлі абыройсыздықты қолдан жасай береді. Оған қайтарым бо­латын нәрсе –  адамдардың түр­лі сөздері, бір-бірімен әңгі­ме­лескенде немесе желіде сені талқылауы. Бірақ ондай сөздерде жаман мағына ғана емес, жаман әсер де болатынын қаперіне ала бер­мейтіндер көп-ау. Сөздің ма­гия­лық қасиеті болады. Адам­дар­дың қарғап-сілеуі, жеккөрі­нішті сөздер айтуы, жамандауы, жаманат жапсыруы, өсектеуі түп­тің-түбінде текке кетпей зия­нын тигізуі әбден мүмкін. Діни кітаптарда «ең әуелі сөз болған» деп келетін тәм­­сіл бар ғой, бірақ, меніңше ең әуелі ой пайда болған. Сөз – ой­дың сыртқа шығуы. Демек ойды білдіретін сөзге айту­шы­ның ниет-пиғылы, тілектестігі не жеккөрушілігінің энергиясы сіңсе керек. Сондықтан кімді бол­са арналған сөз не қуандыра­ды, не қайғыртады. Қарапайым ғана мысал: не­ге адам қате жіберсе не біреуге қысастық қылса шын­дық-сөзден қорқады? Тіпті біреу­дің қарғысынан тітіркеніп «жа­ғыңа жылан жұмыртқа­ла­сын» деп сөз қайтарса, бата-ті­лекті естігенде «айтқаның кел­сін, әумин» деп құптап, қуанып қабылдап жатады. Осының бәрінде мән бар. Ол мән – сөздің кие­лілігі, құдіреттілігі. Сон­дық­тан сөзді орынсыз ысырап қыл­ған­дар, яғни, лайықсызды мақ­тап, лайықтыны даттағандар тү­бінде сөздің киесіне ұшыра­май кетпейтіні анық. Алғашқы сөзді алу, шын­дық-сөзді айту, тапқыр сөзбен қарпу, әдемі сөзбен тарту, қатқыл сөз­бен қорқыту, жаман сөзбен жы­лату, жылы сөзбен жұбату, сөзді сүйегінен өткізу, жан жарасын сөз­бен емдеу... Сөзге байланысты не деген таусылмайтын құбы­лыс­тар?! Бәрінің адам өмірінде орын бар, бәрінің әсер ету күші ора­сан! Демек, сөздің кепиеті бар жерде оған обал жасауға бол­майды. «Ел бастау қиын емес, қона­тын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, шаба­тын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бас­тау­дан қиынды көргенім жоқ», – деген екен атақты Бұқар жырау. Сол айтқандай, әркім сөзге келгенде абайлау ләзім. Қараспанды жерге түсіріп, за­манақыр басына түс­кен­дей зарлай бергенді қазақ жақ­тырмай «басыңа көрінсін» дей­ді екен. Ана бір қайта құру за­манында аузы бардың бәрі біл­­гішсініп, ел тек жаманшылық­ты теруге әдеттеніп кеткендей еді, сол қалпымыздан әлі арыла қой­маған сияқтымыз. Не нәр­се­нің болса да жақсысын көрмей жаманын тауып, жамандауға әуес­тігіміз басылмаса өз сөзіміз өзі­мізге жау болып, ілгері басқан ая­ғымыз кері кетуін тоқтат­пай­тын секілді ме? Соның бәрі ой­мыздың бүлініп, сөзіміздің бұ­зылғаны емес пе екен? Ендеше сө­зімізге абай болайықшы.