Ұстазға құрметтің үлкені – еңбегінің әділ бағаланғаны
Ұстазға құрметтің үлкені – еңбегінің әділ бағаланғаны
Ұстаздар қауымы ұзақ күткен «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына бір жылдан асты. Ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, материалды емес стимул тетіктерін қарастыру және материалдық ынталандыруды көздеген жаңа заң педагог мәртебесін айқындауды басты мақсат етіп қойды. «Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың реті қалай, мұғалімдердің жұмысында не өзгерді, қағазбастылық қаншалықты азайды?» деген сауалдарға сарапшылардан жауап іздеп көрген едік.
Данагүл СМАҚОВА,
«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекші сарапшысы:
Мұғалім мәртебесі қоғам болып білім саласына бет бұрғанда ғана көтеріледі
– «Педагог мәртебесі туралы» заңның бұрынғы «Білім туралы» заңда белгіленген VII тараудағы Мұғалім мәртебесі туралы баптардан ешқандай айырмашылығы, артықшылығы жоқ деп есептеймін. Мен осы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануына үзілді-кесілді қарсы болғанмын. Себебі 2007 жылдан бері жұмыс істемей келген «Білім туралы» заңда көрсетілген баптар дәл «Педагог мәртебесі» туралы заңда іске қосылатынына сене қоймаймын. Дегенмен 2019 жылғы тамыз конференциясында Президент Қ.Тоқаев төрт жыл қатарынан 25 пайыздан мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңмен екі есе артады деп айтқан болатын. Мен өз басым пайыздық мөлшермен немесе заң арқылы мұғалімнің мәртебесі көтерілмейді деп ойлаймын. Мұғалімнің мәртебесі қоғам болып білім саласына бет бұрғанда ғана көтеріледі.
Бүгінгі мұғалім – орындаушы. Ол оқушы жағынан да, ата-ана жағынан да, басшылық жағынан да орындаушы. Мұғалімнің ең басты міндеті – баланы оқыту, үйрету. Бұл жерде ең әуелі баланың сұранысын қанағаттандыру керек деген мәселе маңызды. Ал біздің мұғалімдер ең әуелі жоғары жақтан түсетін нормативті құжаттардың талабын орындайды. Бұл оның шығармашылығын шектейді. Қандай да болсын үсті-үстіне қабылданып жатқан құжат заң түрінде қабылданып жатқаннан кейін бір қолымен «беріп» тұрады да, екінші қолымен «алып» тұратын сияқты. Міне, сондықтан нормативті құжаттармен мұғалімнің мәртебесі артады, қызмет аясы кеңейеді немесе еркіндік береді дегенге өз басым сенбеймін.
Мен білетін әдістемені қолдана білетін мықты ұстаздар бар, олар баланы қызықтырады, білімге жетелейді, оқуға үйретеді, білімді жай бере салмайды, өз бетінше игеруге бағыттайды. Жаңартылған білім мазмұнының басты қағидасы – баланы оқуға үйрету, дағдыландыру, ынталандыру керек деп отырып, мұғалімге «Сен неге пәніңді білмейсің?», «Сен неге баланы оқыта алмайсың?» деп талап қояды. Баланы ғылымның негізін алғаннан кейін ары қарай өзі алып кететін жағдайға жеткізу керек еді, бірақ әртүрлі шектеулермен мұғалімді қайтадан орындаушы қылып қойдық. Сөйте тұра мұғалімнен сапалы білімді талап етеміз. Сапа төмендесе, сен жаман мұғалімсің. Сапа көрсеткіші төмен болмауы үшін мұғалім балаға, амал жоқ, балл қосады. Өйткені мектептің көрсеткіші төмен болмауы керек. Басшылық солай тапсырады, мұғалім тағы да орындаушы. Осындай шектеулер мұғалім мәртебесін арттырмайды. Ары тартса да, бері тартса да екі ортада шыбын өледі деп, кесірі мұғалімге тиеді. Барлық мұғалімді жақсы дей алмаймын, арасында жұмысына жауапсыз, селқос қарайтын, қате жіберетін, мұғалімдер бар. Бірақ сондай мұғалімдер бар екен депп, оларды бақылауда ұстаймыз деп нормативтік құжаттармен жұмысын, шығармашылық және академиялық еркіндігін шектеу білім саласының сапасын және мұғалімнің мәртебесін арттырмайды.