Жаңалықтар

Бару керекпін емес – БАРУЫМ КЕРЕК

ашық дереккөзі

Бару керекпін емес – БАРУЫМ КЕРЕК

Қазір журналистің материалында да, мұ­ғалім­нің сабағында да, ауызекі сөзде де «айту ке­рекпін, бару керекпіз» деген қате көбейіп кетті. Бұған себеп – «керек» сөзі қазақ тілінде екі функция атқаратынында: «Сен маған керек­сің» мен «Сен осыны істеуің керек» дегеннің айыр­масын ұмытып, «Сен осыны істеу керек­сің» дейтін болдық. Осында ескеретін нәрсе, қарапайым тілмен айт­қанда: «керек» модаль сөзі етістікпен тіркесіп кел­генде, «керек» сөзі жіктелмейді, оның алдында тұр­ған етістік тәуелденеді. Бару керекпін емес – БАРУЫМ КЕРЕК Өтуіміз керекпіз емес – ӨТУІМІЗ КЕРЕК Етістік міндетті түрде тәуелденеді: Әкім істеу керек емес – ӘКІМ ІСТЕУІ КЕРЕК. Кейде «Баруымыз керекпіз» деп, етістікті де тәуелдеп, модаль сөзді де жіктеп жіберетіндер де бар. Ал «керек» сөзінен кейін тағы модаль сөз келсе, олар былай түрленеді: Келу керек едің емес – КЕЛУІҢ КЕРЕК ЕДІ Бару керек шығармын емес – БАРУЫМ КЕРЕК ШЫҒАР Куәлік ету керек болармын – КУӘЛІК ЕТУІМ КЕРЕК БОЛАР Айту керек сияқтымыз – АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК СИЯҚТЫ Жасау керек едім – Жасауым керек еді Жасау керек шығармын – Жасауым керек шығар Жасау керек сияқтымын – Жасауым керек сияқты Жасау керек болармын – Жасауым керек болар «Керек» жіктелген соң, «қажет» сөзі де жіктеледі деп адасу басталды: «Мен бару қажетпін» емес, «баруым қажет», «Осыны істеу қажетсің» емес, «істеуің қажет». Қазақ тілінде міндеттілікті білдіретін модаль  сөздердің (керек, қажет, тиіс) арасында тек «тиіс» қана жіктеледі: «Мен ол жерге баруға тиіспін», «Сен осы шаруаны аяқтауға тиіссің». Бұларға ілесіп «мүмкін» де жіктеліп, «Бару мүмкінмін», «Айту мүмкінсің» сынды қате қолданыс қылаң бере бастады. Мұнда да тура сол ережені ұстану керек: «мүмкін» сөзінің алдындағы етістік тәуелденеді: «Мен баруым мүмкін», «Айтуың мүмкін», «Келуі мүмкін». Осы қателердің бәрі стереотиптеніп бара жатқанда, «Үшін» сөзі жаппай жіктеліп кете жаздап, «Біз таза қала үшінбіз» (Мы за чистый город) дегеннен тоқтады. Оған да шүкір.

Назгүл ҚОЖАБЕК