Әдебиеттегі сабақтастық: аға буыннан жастар жайлы сұраса, өздерін айтады
Әдебиеттегі сабақтастық: аға буыннан жастар жайлы сұраса, өздерін айтады
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары рухани өмірімізде көптеген белгісіздік белең алды. Ол – аграрлы қоғамнан индустриалды қоғамға, коммунизмнен капитализмге көшкен өлара шақта пайда болған вакуум секілді. Тәуелсіздікпен бірге жаңа мемлекет, жаңа низам басталды. Өмір өз ырғағымен дүниеге жаңа ұрпақ әкелді. Жүре келе руханиятта түрлі қайшылықтар, талас-тартыстар өрбіді. Мұны – жалпы адамзатқа тән алуан түрлі түсініктердің тартысы емес, ұрпақтар арасындағы қақтығыс деген жөн шығар. Әсіресе, әдебиеттің айналасында түрлі дау-дамай жиі болып жатты. Алдыңғылар кейінгілерді ықтырғысы келіп, кейінгілері алдыңғыларды ығыстырғысы келетін пиғыл баспа бетінде де, бейресми орындарда да айтылып жүрді.
Бақытбек ҚАДЫР
________________________________________________________________________
Әлдебіреуі: «соцреализм әдебиетін мүлде оқудың қажеті жоқ, түгелдей күресінге тастау керек» деп аттандаса, екіншісі «соцреализм әдебиеті – тарих пен тәжірибе, тіптен тіл құралы үшін маңызды орынға ие» деген пікірді алға тартты. Бұрын жазылған әдебиетті оқулыққа қайта сұрыптап енгізу қажет деген мәселе де әлсін-әлсін көтеріліп келеді. Ал жас әдебиетшілердің арасында аға буын елеп-ескермеді, шығармамызды оқымайды, оқыса да пікір білдірмейді деген ішінара өкпе-наз айтылып жатады. Осыған қарап бүгінгі әдебиеттегі аға буын мен жас әдебиетшілердің арасында сабақтастық пен байланыстың әлсірегенін бағамдау қиын емес секілді.Бұрын қалай еді?
Қазақ жазба әдебиетінде өткен ғасырдың 60-жылдары келген буынның орны ерекше. 60-жылғылар жайлы, яғни олардың алғашқы қадамына қазақ әдебиетінің классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» (1961 жылы) деп мақала жазды. Рухани ортаны дүр сілкіндірген әйгілі мақала 60-жылдың түлектерін қанаттандыра түсті. Расында олар әдебиетіміздегі ең өнімді буын болды. Одан кейін жастарға зер сала жүретін аға буын тағы да осы 60-жылғылардан шықты. Бұл ретте Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауинді айрықша атауға болады. Олар тек өз шығармашылығымен айналысып қана қоймай, жалпы әдебиетке қызмет етті. Олар жазумен бірге әдебиеттану және әдеби сынмен айналысты. Жазушы Әбіш Кекілбаев өз шығармашылығын өлеңнен бастаған соң ба, ол қазақтан шыққан ең ғажап ақындарын биіктен бағалап отырды және ең алғашқыларының бірі болып жазды. Кешегі Мұқағали Мақатаевтан бастап бүгінгі Тыныштықбек Әбдікәкімге дейінгі аралықтағы ең мықты ақындар әуелі Әбіш Кекілбаевтың қаламына ілікті. Ал прозада, шын мықты прозаик інілері жайлы Мұхтар Мағауин жеке-жеке тоқталып, әдеби рецензия арнап отырды. Олар Әкім Тарази, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік, Тобық Жармағанбетов, Қабдеш Жұмәділов, Смағұл Елубай т.б көптеген прозаиктердің шығармаларының кемшілігін де, артықшылығын да жазды. Одан кейін расында алдыңғы буын ағаларды елең еткізер ұрпақ келмеді ме, мұндай үрдіс біршама үзілген еді. Қайсыбір жылы жазушы, кинодраматург, сыншы Таласбек Әсемқұловтың «Қазіргі қазақ прозасының бағыт-бағдары» деген мақаласы әдеби қауымды елең еткізді. Руханияттың білгірі Әсемқұлов мақаласында өзінен кейінгі болашағынан үміт күтетін прозаиктер жайлы толғады. Онда Талғат Кеңесбаев, Нұрғали Ораз, Дидар Амантай, Мәдина Омарова, Айгүл Кемелбаева, Роллан Сейсенбаевтардың прозасындағы жаңа бағыттарын ашып көрсетеді. Таласбек Әсемқұлов тек проза ғана емес, поэзия өкілдерінің де шығармашылығын талдаудың тамаша үлгісін жасады. Одан бөлек ішінара жастар жайлы жазғандар бар шығар. Бірақ айрықша есте қалатыны осылар. Мұндай кезде ойға бір сұрақ оралады, «Мықтылар жайлы жаза алу – тек мықтылардың ғана қолынан келетін дүние ме?» деген. Ал бұл туралы бүгінгі аға буын, орта буын және жас қаламгер не дейді? Дидар АМАНТАЙ, философ, жазушы:Қарт жазушылар әдебиет өзімен бірге аяқталғанын хабарлайды
– Қазір қарт жазушылардан жастар жайлы сұрасаңыз, өзі туралы айтады. Әрі әдебиеттің өзімен бірге аяқталғанын хабарлайды. Қазақ прозасы, Құдайға шүкір, мәңгілік өмір сүргісі келеді. Сондықтан жастар шығармашылығы аса маңызды. Кейінгі толқын бізден, біздің алдымыздағылардан озуы тиіс, ізденістерінің тақырыбы, жазбаларының формасы өзгеруі қажет, жазу мәнері түрленгені жөн, сонда ілкіден ілініп келе жатқан дәстүр байып, көш ілгері тартады. Әрине, өнерде бәсеке жоқ, көркем-эстетикалық өзгешелік қана бар, ол жарыстың алаңы емес, биік ұғым-түсініктердің мекені. Бақталастық – таланттың жауы. Өнерде шығармашылық тұлға өзімен өзі жарысады, әсемдіктің шегі, кемелдіктің соңы жоқ. Мен қазақтан шыққан қалың жасқа таңғаламын: үйсіз-күйсіз жүрсе де, өнерге адал қызмет етіп келе жатыр. Кітабын қаламақысыз шығарады, бала-шағасын қарызға асырайды, атақ-даңқын алыстан күтеді. Нар тәуекел! Басын бәйгеге тігеді. Қатерге де. Ертеңі күмәнді, ерлігі – ерен. Өлең оқығаны орден алғандай, қалам тартқаны қамал алғандай! Өміржан Әбдіхалық, Ырысбек Дәбей, Серік Сағынтай, Ұларбек Дәлей, Қойшыбек Мүбәрәк, Мақсат Мәлік, Жадыра Шамұрат, Қанат Әбілқайыр, Мирас Мұқаш, Алмас Мырзахмет, Досхан Жылқыбай, Жандос Байділда, Динара Мәлік, Мирас Асан, Жадыра Байбұлан, Бауыржан Майтай, Әсел Кәрібай, Абзал Сүлеймен, Еділбек Дүйсенов, Абылайхан Қуанышев, Олжас Қасым, Айнұр Төлеу, Құралай Омар, Дүйсенәлі Әлімақын, Тілек Ырысбек, Данияр Әлімқұл, Әділ Әуезхан, Әділет Шопен, Батырхан Сәрсенхан... Менің жастар туралы жазғаным бір кітап болып қалды. Қазақ әдебиеті қарыштап дамып келеді. Келешекте кеңістігі ұлғайып, дербес заман алтын уақыты орнайды. Алтын уақыт қайталанып отыруы тиіс. Сол кезде Алаш ақын-жазушылары (Орталық – Орта – Еуро) азиялық өңірдің байрақты туына айналады, ту ұстағандардың ішінде қазіргі қазақ жастары қаптап жүруі тиіс, үлкен әдебиеттің саны да үлкен болады, жазған-сызғаны, тіпті үлкен, ұстаз тұтқандары Тұрандай үлкен тұлғалар – Махамбет, Мағжан, Мұқағали!