Әдебиеттегі сабақтастық: аға буыннан жастар жайлы сұраса, өздерін айтады

Әдебиеттегі сабақтастық: аға буыннан жастар жайлы сұраса, өздерін айтады

Әдебиеттегі сабақтастық: аға буыннан жастар жайлы сұраса, өздерін айтады
ашық дереккөзі
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары рухани өміріміз­де көп­­теген белгісіздік белең алды. Ол – аграрлы қоғамнан индустриал­ды қоғамға, коммунизмнен капитализмге көш­кен өлара шақта пайда болған вакуум секілді. Тәуелсіздікпен бірге жаңа мемлекет, жаңа низам басталды. Өмір өз ырғағымен дүниеге жаңа ұрпақ әкелді. Жүре келе руханиятта түрлі қайшылықтар, талас-тартыстар өрбіді. Мұны – жалпы адамзатқа тән алуан түрлі тү­сініктердің тартысы емес, ұрпақтар арасындағы қақтығыс деген жөн шығар. Әсіресе, әдебиеттің айналасында түрлі дау-дамай жиі бо­лып жатты. Алдыңғылар кейінгілерді ықтырғысы келіп, кейін­гілері алдыңғыларды ығыстырғысы келетін пиғыл баспа бетінде де, бейресми орындарда да айтылып жүрді.

Бақытбек ҚАДЫР

________________________________________________________________________

Әлдебіреуі: «соцреализм әде­биетін мүлде оқудың қажеті жоқ, түгелдей күресінге тастау ке­рек» деп аттандаса, екіншісі «соц­реа­лизм әдебиеті – тарих пен тәжірибе, тіп­тен тіл құралы үшін маңызды орын­ға ие» деген пікірді алға тарт­ты. Бұрын жазылған әдебиетті оқу­лыққа қайта сұрыптап енгізу қажет деген мәселе де әлсін-әлсін көтеріліп келеді. Ал жас әдебиетшілердің ара­сын­да аға буын елеп-ескер­меді, шығар­ма­мызды оқымайды, оқыса да пікір біл­дірмейді деген ішінара өкпе-наз ай­тылып жатады. Осыған қарап бүгін­гі әдебиеттегі аға буын мен жас әде­биетшілердің арасында сабақ­тастық пен байланыстың әлсіреге­нін бағамдау қиын емес секілді.

Бұрын қалай еді?

Қазақ жазба әдебиетінде өт­кен ғасырдың 60-жыл­дары кел­ген буынның орны ерекше. 60-жылғылар жайлы, яғни олардың ал­ғашқы қадамына қазақ әде­бие­тінің классик жазушысы Мұхтар Әуе­зовтің өзі «Жыл келгендей жаңа­лық сезінеміз» (1961 жылы) деп ма­қала жазды. Рухани ортаны дүр сіл­кіндірген әйгілі мақала 60-жыл­дың түлектерін қанаттандыра түсті. Расында олар әдебиетіміздегі ең өнім­ді буын болды. Одан кейін жастарға зер сала жүретін аға буын тағы да осы 60-жылғылардан шықты. Бұл ретте Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Ма­ғауинді айрықша атауға болады. Олар тек өз шығармашылығымен ай­налысып қана қоймай, жалпы әде­биетке қызмет етті. Олар жазу­мен бірге әдебиеттану және әдеби сынмен айналысты. Жазушы Әбіш Ке­кілбаев өз шығармашылығын өлең­нен бастаған соң ба, ол қазақ­тан шыққан ең ғажап ақындарын биіктен бағалап отырды және ең алғашқыларының бірі болып жазды. Кешегі Мұқағали Мақатаевтан бас­тап бүгінгі Тыныштықбек Әбдікә­кім­ге дейінгі аралықтағы ең мықты ақындар әуелі Әбіш Кекілбаевтың қаламына ілікті. Ал прозада, шын мықты прозаик іні­лері жайлы Мұхтар Мағауин жеке-жеке тоқталып, әдеби рецен­зия арнап отырды. Олар Әкім Тара­зи, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік, То­бық Жармағанбетов, Қабдеш Жұ­мәділов, Смағұл Елубай т.б көптеген про­заиктердің шығармаларының кем­шілігін де, артықшылығын да жаз­ды. Одан кейін расында алдыңғы буын ағаларды елең еткізер ұрпақ келмеді ме, мұндай үрдіс бір­шама үзілген еді. Қайсыбір жылы жазу­шы, кинодраматург, сыншы Та­ласбек Әсемқұловтың «Қазіргі қ­азақ прозасының бағыт-бағдары» де­ген мақаласы әдеби қауымды елең ет­кізді. Руханияттың білгірі Әсем­құлов мақаласында өзінен кейінгі бо­лашағынан үміт күтетін про­заик­тер жайлы толғады. Онда Талғат Кеңес­баев, Нұрғали Ораз, Дидар Аман­тай, Мәдина Омарова, Айгүл Ке­мелбаева, Роллан Сейсен­баев­тар­дың прозасындағы жаңа бағыт­та­рын ашып көрсетеді. Таласбек Әсем­құлов тек проза ғана емес, поэзия өкіл­дерінің де шығармашылығын тал­даудың тамаша үлгісін жасады. Одан бөлек ішінара жастар жай­­лы жазғандар бар шы­ғар. Бірақ айрықша есте қалатыны осылар. Мұндай кезде ойға бір сұрақ ора­лады, «Мықтылар жайлы жаза алу – тек мықтылардың ғана қолы­нан келетін дүние ме?» деген. Ал бұл туралы бүгінгі аға буын, ор­та буын және жас қаламгер не дей­ді?  width= Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург:

Жастардың көбіне көңілім толмайды

– Қазір Нұрғали Ораз, Асқар Алтай­лар да 60-қа келіп қалыпты, соларды оқып тұрушы едім. Өздері де біледі, шығармаларын оқып, пі­кірімді айтып отырамын. Бұрын жастарды түгел біліп тұрушы едік, қа­зір біле алмай қалдық. Бір жағы га­зет-журналдардың көп болғаны да адамды шатастырып тастайды екен. Қазір қай газетте кімнің қандай әң­гімесі, қандай өлеңдері шығып жатқанын білмей қаласың. Кезінде жастардың шығармасын көбінде «Ле­ниншіл жас» газеті басатын. «Қа­зақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» жур­на­лы үлкендерден артылмайтын. Жастардың газетке шыққан шығармасын оқып отыра­мын. Бірақ аты-жөндері есте тұр­май­ды. Кейбір шығармалар оқып бола бере естен шығып кетеді. Үлкен проблема көтере алмай ма, адамның жан дүниесін қозғайтын жазу­шы­лық шеберлігі жетісіңкіремей ме, әй­теуір сырттай еліктеу, басқаларға ұқ­сау басым сияқты. Көбіне көңілім то­ла бермейді. Одан кейін жастар бір-екі әң­гімеден кейін тоқтап қала­ды. Тұрақты жазып тұрмаған соң, тез ұмытылады. Қазір үздіксіз бұр­қы­ратып жазып жатқан жазушы жоқ. Оның үстіне ол кезде кітап оқи­тын заман еді ғой. Бір әңгіме шық­са ол оқылмай қалмайтын. Сон­дықтан заманға сай сәл қол үзіп қал­ғанымыз болмаса, жастармен бай­ланыс үзілмейді. Менің ең бір жаман жерім – ин­тернетті қолдана алмай­мын және бәрін оқып шығу мүмкін емес. Өз жазуым бар. Шәкірт­терім­нің көбі жазған пьесаларын маған әке­ліп береді. Біреуінің пьесасы екі күн уақытымды алады. Бұрынғыдай таңға дейін отыра алмаймын. Күні­не 3 сағатымды ғана жазуға арнай­мын. Жастар үлкендерге ренжулі де­генді қою керек. Әркім өз жұмысын істей берсін. Жақсы шы­ғарма оқымасаң да бір күні дү­бірі құлағыңа жетеді. Сосын амалсыз оқи­сың. Мәселе бізде ондай шығар­малар шықпай жатыр ғой. Оралхан, Төлен бәріміз шық­тық. Сол кезде бір әңгімеңді оқымасын, екіншісін оқымасын, жақсы жаза берсең бәрібір оқымауға лажы қалмайды. Сафуан Шаймерден ағамыздың бір жиналыста айтқаны бар: «Осы Дулат, Төлен, Оралхан жай­лы көп айтылып кетті. Менде оқиын­шы деп оқыдым» деп. Ол кезде біз қырықтың ішіндеміз. Кей­де солай да болады. Біздің кезімізде «ағалар бізді оқы­майды» деген өкпе-наз бол­ған жоқ. Жазуымызды жазып жү­ре бердік. Күндердің күні назар ау­дар­ды. Біздің ағалар да сон­ша­лық­ты мәпелей қойған жоқ. Бас­та­бын­да менсінбей «Кім осылар?» деген секіл­ді сын естіп жүрдік. Кейін оқы­ды, пі­кірлерін айтты. Мен туралы алғаш Та­хауи Ақтанов жы­лы пікір білдірді. Мен қазір универ­си­тетте жас­тар­­ға сабақ беремін. Жас­­тар шығар­ма­ларын алып ке­леді. «Сен­дер өз стиль­­деріңде жа­зың­дар» деп айтамын. Қа­зір карым-қатынас, кейіп­кері, махаб­баты да басқа. Біз­дің кезде бір қызбен 1-курс­та та­ныс­саң, 3-курста киноға баруға рұқ­­са­тын ала­сың, ал қа­зір оның бә­рін бір күн­де бітіріп тас­тауы мүмкін. Осы­ны жазыңдар деймін. Көбі тарихи тақырыпқа жүргіреді. Жастардың көбі ізденбейді. Мысалы, Мұқағали Мақатаев жайлы 5 пьеса бар. Шәмші туралы қаншама роман, қаншама пье­са жазылды. Тағы да қолға алып жатыр. Бір нәрсені көрсек, «түйенің та­нығаны – жапырақ» содан айы­рылмаймыз. Сондағы Мұқағалидың проб­лемасы – «үй ала алмады, кіта­бы шықпады» деген драматургия бола ма?! Мұқағалимен «Жұлдыз» жур­налында бірге істедім, кітабы шық­паған жылы болған жоқ. Опера теат­рының қасында үй болды. Ол кез­де жұрттың арманы еді ғой, Опе­ра театрының қасынан үй алу деген. Әлемнің мықты ақындарына қа­раңыз, орыстарға қараңыз, мысалы Ахматованың тағдыры қандай тра­гедия. Ол туралы пьеса жоқ. Орта буыны бар, кішісі бар із­дену аясы тар. Кезінде Әуе­зов театрында Абылай хан туралы төрт пьеса болды. Мұны шетелден келген бір зерттеуші көрсе, ол театрға бармай қояр еді. Гай Юлий Цезарь жайлы бір-ақ пьеса бар. Ал егер тарих жайлы жазылу қатты қа­жет болып тұрса, кез келген тарихи тақырыпта бүгінгі күннің мәселесі көтерілуі керек қой. Ал енді жастардан мен білетін Мейір­жан Жылқыбай деген жігіт бар. Кітабына алғысөз жазып бердім. Одан кейін Қолғанат Мұрат деген жігіт қазір кәдімгідей драматург бо­лып шықты. Театрларда пье­са­лары қойылып жатыр. Мырзабек деген жігіт бар киносценарий жазатын, кеше бір сценарийн әкеліп беріп кет­ті.  width= Дидар АМАНТАЙ, философ, жазушы:

Қарт жазушылар әдебиет өзімен бірге аяқталғанын хабарлайды

– Қазір қарт жазушылардан жас­тар жайлы сұрасаңыз, өзі туралы ай­тады. Әрі әдебиеттің өзімен бірге аяқ­талғанын хабарлайды. Қазақ про­засы, Құдайға шүкір, мәңгілік өмір сүргісі келеді. Сондықтан жас­тар шығармашылығы аса маңызды. Кейінгі толқын бізден, біздің ал­дымыздағылардан озуы тиіс, ізденістерінің тақырыбы, жаз­баларының формасы өзгеруі қа­жет, жазу мәнері түрленгені жөн, сонда ілкіден ілініп келе жатқан дәстүр байып, көш ілгері тартады. Әрине, өнер­де бәсеке жоқ, көркем-эстети­ка­лық өзгешелік қана бар, ол жарыс­тың алаңы емес, биік ұғым-түсінік­тер­дің мекені. Бақталастық – та­лант­тың жауы. Өнерде шығармашылық тұлға өзімен өзі жарысады, әсем­дік­тің шегі, кемелдіктің соңы жоқ. Мен қазақтан шыққан қалың жасқа таңғаламын: үйсіз-күй­сіз жүрсе де, өнерге адал қызмет етіп келе жатыр. Кітабын қала­ма­қы­сыз шығарады, бала-шағасын қарыз­ға асырайды, атақ-даңқын алыстан күтеді. Нар тәуекел! Басын бәйгеге ті­­­г­еді. Қатерге де. Ертеңі кү­мән­ді, ерлігі – ерен. Өлең оқығаны ор­ден алғандай, қалам тартқаны қа­мал алғандай! Өміржан Әбдіхалық, Ырысбек Дәбей, Серік Сағынтай, Ұлар­бек Дәлей, Қойшыбек Мүбәрәк, Мақ­сат Мәлік, Жадыра Шамұрат, Қа­нат Әбілқайыр, Мирас Мұқаш, Ал­мас Мырзахмет, Досхан Жыл­қы­бай, Жандос Байділда, Динара Мәлік, Мирас Асан, Жадыра Байбұлан, Бауыр­жан Майтай, Әсел Кәрібай, Абзал Сүлеймен, Еділбек Дүйсенов, Абы­лайхан Қуанышев, Олжас Қа­сым, Айнұр Төлеу, Құралай Омар, Дүй­сенәлі Әлімақын, Тілек Ырысбек, Да­нияр Әлімқұл, Әділ Әуезхан, Әді­лет Шопен, Батырхан Сәрсенхан... Менің жастар туралы жазғаным бір кітап болып қалды. Қазақ әдебиеті қарыштап да­мып ке­леді. Келешекте кеңіс­­­­тігі ұлғайып, дербес заман ал­тын уақыты орнайды. Алтын уақыт қайталанып отыруы тиіс. Сол кезде Алаш ақын-жазу­шы­лары (Орталық – Орта – Еуро) азиялық өңірдің байрақты туына айналады, ту ұстағандардың ішінде қазіргі қазақ жастары қаптап жүруі тиіс, үлкен әдебиеттің саны да үлкен болады, жазған-сызғаны, тіпті үлкен, ұстаз тұтқандары Тұрандай үлкен тұлғалар – Махамбет, Мағжан, Мұқағали!  width= Әлішер РАХАТ, жас жазушы-драматург:

Аға буын өздері көрген қамқорлықты айтып, кейінгілерге салғырт қарайды

– Әдебиетке қадам басқан әр жас қаламгер үшін жасы үлкен әде­биет­­шілердің пікірі қашанда маңыз­ды. Себебі ардагер қалам­гер­лер әде­биет майданындағы құнды­лық­тар­ды, құбылыстарды, әдіс-тәсіл­дерді жақ­сы біледі. Қанаты қатаймаған жас әдебиетшіге дем берсе, бағытын бағ­дарласа, сын айтса, жалпы әде­биет­­ке қосылған үлес болар еді. Алай­­да бұл нәрсенің екінші жағы та­ғы бар. Ол – аға буын өкілінің жас әде­биетшіге қатты ықпал етіп, өз кө­леңкесінде қалдыруы. Жалпы, өзім байқайтыным, бізде екіншісі жиі кездеседі. Үлкен қаламгерлер жа­­нына жақындаған жастарды ал­дымен өзіне «тәу» еткізіп, артынша та­бындыруға тырысады. Кейде, мұ­ның шекарасы әдебиеттен шығып, же­ке қарым-қатынасқа өтіп, әде­биет­­ке деген адалдық жоғалады да, «мақ­тау мен марапатқа» ұласады. Ал егер бізге қазақ әдебиетін дамыту ке­рек болса, мұндай байланыстың бол­мағаны жөн шығар деп ойлай­мын. Сосын «үлкендер жастарды оқы­майды» деген бар. Оның себебі неде екенін білмеймін. Бірақ орта буында да, аға буын өкілдерінің де арасында кітапты өз қолына әкеп бер­месең, өзі барып, іздеп оқу деген жоқ. Алдынан өту керек сияқты әй­теуір. Онда да, оқыса, пікір айтса, жақ­сы. Өз замандарындағы «аға буын­ның қамқорлығын» айтады да, өздері жастарға салғырт қарайтын сыңайлы. Кейде ойлаймын, сол кі­сілер қазақ әдебиетінің болашағын көрмей ме деп... Біздің алдымызда әдебиетте ор­та буын бар (35-45 жас ара­лы­ғындағы), аға буын бар (45-тен ары). Аға буынның жастар әде­бие­тіне қатысты бірді-екілі пікірін, ма­қаласын көргенім болмаса, тұ­рақ­ты оқып тұратындарына күмәнім бар. Бәлкім, мен көрмеген болармын, бірақ өзім білетін оқиғаларды ай­тайын. Мысалы, Дулат Исабеков аға­мыз Мейіржан Жылқыбай деген жас жазушыға батасын берген. Кейін Мейіржан бірнеше бәйгелерден орын алды (әрине, мәселе онда емес), балаларға арнап бірнеше кі­тап жазды, Оңтүстік Кореядағы әріп­тестерімен кәріс тілінде кітап шы­ғарды. Сол Дулат ағамыз Ақжан Аман­жолқызы деген жас ақынның да­рынын елден бұрын таныды. Қа­зір Ақжан жаңашыл жас ақындар­дың бірі болып танылып келеді. Со­сын ақын ағамыз Сұраған Рах­метұлының жастар шығарма­шы­лы­ғы жайлы мақалаларын оқып, қуан­дым. Өзім Сұлтанәлі Балғабаевтың шә­кіртімін, әрі менің алғашқы қа­дам жасауыма сол кісі көп көмек­тес­ті. Кейін Әннес Бағдат (драматург), Тоқтарәлі Таңжарық (ақын), Қанат Әбіл­қайыр (жазушы), Қанат Тілеу­хан (жазушы), Ырысбек Дәбей (жазу­шы), Жәнібек Әлікен (дра­матург), Жадыра Шамұратова (жазу­шы) т.б. орта буын өкілдері шығар­ма­шылығыма байланысты сын пі­кір­лерін, ойларын айтып, бағаларын берді. Әрі мен үшін ол өте қымбат. Қазіргі аға буын мен жастардың ара­сындағы нағыз алтынкөпір кім десе, ойланбастан Тоқтарәлі Таң­жа­рық деп жауап берер едім, мұныма жас қаламгерлер де қосылады деп ой­лаймын. Себебі ол кісі шығармаға қатысты пікірін айтқанда жеке қарым-қатынасты қатыстырмайды. Әрі солай болуы керек-ті.