Талғат ТЕМЕНОВ: Халыққа қиянат, тарихқа күйе жағуды қою керек
Талғат ТЕМЕНОВ: Халыққа қиянат, тарихқа күйе жағуды қою керек
– 30 жыл дегеніміз – тарих үшін теңіздегі тамшыдай ғана уақыт, алайда мәдениет үшін ұшан-теңіз кеңістік, үлкен арақашықтық. Ең алдымен, 30 жылда мәдениетіміз қазақыланды. Бұрынғы кеңестік дәуірде кез келген концертте, жиын-тойда орысша өлең айтатынбыз. Әншілеріміз де орысша әндерді көп шырқайтын. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ өнері қазақыланды. Екіншіден, әрине қазақ тілінің аясы кеңейді. Ана тілімізде жазылған басылымдар көбейді. «Еларна», «Домбыра», «Той Думан», тіпті діни арналарға дейін қазақ тілінде сөйлеп отыр. Үшіншіден, кеңселер баяғыда орысша аталушы еді, қазір тек қазақ тілінде жазылады. Бұл баспасөздің қазақыланғаны.
Осы жылдары қазақ театрларының саны да, сапасы да өсті. Бұрын қазақ театры 5-6 облыста ғана болса, бүгінде Қазақстанның барлық өңірінде қазақ театрлары салынды. Қазақ өнері алға дамыды. Астана опера, Қ.Қуанышбаев театры секілді ғимараттардың болуы – Тәуелсіздігіміздің жетістігі. Облыс орталықтарында түгел қазақ театры бар. Шымкент, Қарағанды, ШҚО сынды кейбір өңірлерде бірнеше театр ашылған. Облыстық дәрежедегі жастар театры, әзіл-сықақ театрлары, драма театрлары, орыс-қазақ театрлары, опера театрларымен мақтана аламыз.
Кино саласында да көптеген өзгерістер болды. Кеңестік кезеңде Мәскеуден келген оншақты фильмге телмірсек, қазір киноға кеңестік кезеңге қарағанда әлдеқайда мол қаржы бөлінеді. Бұл – 30 жылдағы жетістіктеріміздің бірі ғана.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында ұлан-байтақ жерімізге көз алартатын сепаратистер көп екенін айтты. Қатардағы адамдар емес, Ресей Думасының депутаттары ар-ожданымыз бен ашуымызға тиіп жатыр. Бұл – тарихты бұрмалау, халыққа ғана емес, тарихқа күйе жағу. Бұл – арсыздықтың белгісі. Осы орайда Президентіміз тарихи киноларды көптеп түсіру керек деді. Қолдаймын. Өйткені қазақ халқының тарихы 1465 жылы Керей мен Жәнібектен басталмайды, одан ары сақтар, ғұндар заманына жалғасады. Қаңлы, керей, меркіт, наймандардың барлығы – көне рулар. Біздің тарихымыз – көне тарих. 70 жыл бойы большевиктердің қыликөз, қитаркөз, алакөз саясатының кесірінен қазақ халқы оқымаған, білімсіз, 1917 жылдан кейін ғана халық болды деген жалған үгіт-насихат жүрді. Бізге тарихты, тілін, ділін, дінін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын дәріптейтін кинолар керек. Мұқағалиша айтқанда, біз өнер адамдары ретінде қазақтың күпі киген тарихын халыққа шекпен жауып қайтаруға тиіспіз.