Талас ОМАРБЕКОВ: Тарихы түгенделмеген елдің болашағы бұлыңғыр

Талас ОМАРБЕКОВ: Тарихы түгенделмеген елдің болашағы бұлыңғыр

Талас ОМАРБЕКОВ: Тарихы түгенделмеген елдің болашағы бұлыңғыр
ашық дереккөзі
– 2020 жыл жұртты біраз әуре-сарсаңға сал­ды. Жаңа Президент реформаларды бас­тап жі­берді, Парламент сайлауына дайындық жүр­ді, саяси өмірімізде болашаққа үміт кү­шейді. Бірақ қайшылығы сол, мына ко­ро­навирус деген ауру келіп, елді жұмыстан қу­ғызып, күнделікті тіршілікке көзқарасты өз­гертуге мәжбүр етті. Соған байланысты биыл өте ауыр жыл болды. Сонымен қатар та­рихшы ретінде айтсам, биыл Абай ата­мыздың, әл-Фараби бабамыздың ме­рейтойы ата­лып өтті. Мерейтойлар бұрынғыдай дүр­мек­пен емес, нақты істермен атқарылды. Әл-Фараби орталығын, Абайға қатысты ғы­лыми орталықтарды күшейту мәселесі қолға алы­нып, бірсыпыра жұмыстар істелді. Олардың еңбек­тері насихатталды. Мүсіндері бой көтерді.  Жұмыс нәтижесі көзге көрініп тұр. Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуі­міз керек еді, сол жағы олқы болып қал­ды. Бізде шын мәнінде Алтын орданы қазақ ті­лінде жазып жүрген маман жоқтың қасы. Жүйелі түрде емес, тиіп-қашып орыс тілінде жазатын бірлі-жарым адамдар бар. Сол себепті Алтын Орданың кім­нің мемлекеті екені дә­лелденбей қалды. Орыстар біздікі дейді, та­тарлар біздікі дейді, тағы басқалар таласады. Оның ішінде біз де бармыз. Тоқаев кезінде бұл датаның маңызды екенін атап айтты. Жошының бейіті біздің даламызда жатқанын ескертті. Бізде барлық мәселені шешу мүмкін емес. Әри­не, мереке біткенді бірдей деңгейде атап өту қиын шығар. Меніңше, Алтын Орданың ме­рейтойына немкетті қарауымыздың өзі ма­мандардың жетіспеуінен болды деп ой­лаймын. Осы тақырыпты зерделеу үшін ар­найы шаралар қолдануымыз керек еді. Мұны зерттейтін орталық ашу керек пе еді әлде осы­ны зерт­теумен айналысатын шетел ға­лымдарымен белгілі бір мәмілеге келіп, бел­гілі бір жоба жасау керек пе еді? Оны кім қар­жыландырады деген сұрақ туындайды. Жал­пы, Алтын Орда мәселесі алдымыздан ыл­ғи да шығып отырады. Өйткені бізде Жо­шы ханның, Орда Еженнің қабірі жатыр. Оның үстіне қазақ мемлекетінің бастауы са­налатын Ақ Орда мемлекеті – Алтын Орда­ның шығыс бөлігі. Қазақ хандығымен тай­таласқа түскен Өзбек ұлысы да Алтын Ор­даның құрамынан шыққан. Біз мұндай та­қырыптан қашпай, ғалымдарды бағыттауға тиіс­піз. Себебі бұл – әлемдік тақырып. Орыс мем­лекетінің, қа­зақ мемлекетінің қа­лып­тасуы, басқа да бір­қатар елдің тарихы осы Алтын Орда мем­лекетімен тығыз байла­нысты. Өзбекстан та­рихы Алтын Ордасыз та­рих бола алмайды, өйткені Әмір Темірдің жорықтары Алтын Ор­даға  бағытталған. Міне, осындай халықаралық деңгейдегі үл­кен тақырыпты біз түсіне қойған жоқпыз. Бұл нені білдіреді? Келешекте тарихқа баса көңіл бөлуіміз керек дегенді білдіреді. Егер Қа­­зақстанның алдағы жылдардағы болашағы айқын болсын десек, қазақ жерінің, қазақ мем­лекетінің тарихын жақсылап зерттеуіміз керек. Өзіміз хандар туралы әлі айтысып жүр­міз. Мысалы, Әбілқайырды біреулер даттайды, біреулер мақтайды. Мен ойлаймын шын­дық ортасында деп. Мұны неге көтеріп отыр­мын? Себебі Ресей Думасының депу­таттары, тарих ғылымдарының докторы атағын алған Никонов сияқтылар солтүстік өңірге көз аларта бастады. Бұл саясат алдағы уа­қытта да жалғаса береді. Әбілқайырдың хаты, Абылайдың ант бергені, Төле бидің елшілер жібергені Ресейге белгілі. Ал енді осындай деректерді ертең орыстар көтерсе, не істейміз? Біз соған дайынбыз ба? Қарсы тұратындай, қарсы пікір айтатындай ғы­лыми негіздеріміз жасалған ба? Ірі-ірі мо­нографиялар жазылды ма, зерттеулер жүр­гізілді ме дегендей сансыз сауал бар. Қазақ жерін қорғау үшін оның тарихын қорғауы­мыз керек. Тарихи тұл­ғалардың жетістігін ғана емес, мемлекеті­мізді нығайтуға үлес қос­қан, сонымен қатар сол заман­дағы объек­тивті һәм субъективті себеп­терге байланысты жіберген қателіктерін де мойындауымызға тура келеді. Тарихпен ойнау­ға, оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Айтыл­ған әрбір шетелдік пікірге мән беруіміз керек. Әсіресе, Ресей, Қытай сияқты көршілердің тарих­­шылары мен саясаткерлерінің көзқарасы бізде талқылануы қажет. Өз басым Тоқаев бастаған еліміздің бола­ша­ғынан үлкен үміт күтемін. Бірақ жасыра­тыны жоқ, Қазақстан әлі толық демокра­тиялық жолға түсе алмай отыр. Біз ұзақ жыл тоталитарлық жүйеде өмір сүрдік. Автори­тарлық жүйеден демократиялық жүйеге өтуге әрекет қылып жатырмыз. Қоғамда әртүрлі реніштер, әртүрлі көзқарастар бар. Біз де Еуропа мен Америка сияқты демок­ра­тияға бет бұрып, өркениетті елге ай­налуымыз керек. Сол үшін күресуіміз керек. Өткен жыл ғылымға аса мән беру керек екенін көрсетті деп ойлаймын. Ғылымы, ме­дицинасы дамымаған, тарихы түгенделмеген елдің болашағы бұлыңғыр. Біз мемлекет құрушы халықтың, қазақ хал­қының сапасын арттыруымыз керек. Қа­зақстанның болашағы қазақпен байланысты екенін ашық айтуымыз керек. Өзге ұлттарға, Ассамблея сияқты ұйымдарға Президен­тіміз­дің өзі «мемлекет құрушы халық – қазақ, ендеше қазақтың төңірегіне топтасыңдар, мем­лекетті ұстап тұратын негізгі тұтқа, ру­хани-этникалық тұтқа – қазақ қоғамы» деп ұран тастауымыз керек. Құр бірігейік деген жалаң ұранға ешкімнің басы бірікпейді. Қазақ халқының айналасына шоғырланайық десе, мәселенің басы айқындалады. Бола­шақта мен осындай жетістіктерге қол жет­кіземіз деп үміттенемін.