Қырғыз республикасы жол айрығында
Қырғыз республикасы жол айрығында
10 қаңтар – Қырғыз Республикасында президент сайлауы және бүкілхалықтық референдум күні. «Мен Қырғыз Республикасының президенті боламын!» деп 17 үміткер талпынып отыр.
Ал референдумға басқару жүйесін анықтайтын екі мәселе қойылған. Біреуі – президенттік басқару, енді біреуі – парламенттік басқару. 2010 жылдан бері елдің Конституциясы бойынша, Қырғыз Республикасы – парламенттік басқаруға басымдық берген парламенттік-президенттік республика. Бірақ, өткен он жылда Ата заңның ережелері сақталған жоқ, және оған бірнеше рет өзгерту енгізу арқылы республика президенттік басқаруда болды.
Сонымен, ел «президенттікке кімді таңдасақ, басқарудың қайсы жүйесін алсақ дұрыс» деп бас қатыруда. Егер, ел парламенттік басқаруды таңдаса, бұрынғы Конституция күшінде қалады. Президенттік басқару таңдалған жағдайға жаңа Конституцияның жобасы жасалды, ол бүкілхалықтық талқыға салынады.
Халықтың көңіл ауанына қарағанда, көпшілік президенттік басқаруды таңдайтын сыңайлы. Оған ең басты себеп – өткен жылғы қазан айында болған парламенттік сайлаудың нәтижесі. Халық Жоғарғы Кеңестегі 120 депутаттың 100-ге жақынының бес жылдық «қайраткерлігіне» наразы еді. Сайлауда партиялық тізіммен сол депутаттар Жоғарғы Кеңеске қайтадан келген. Төңкеріс сол себептен болып, ойламаған жерден от алып кетті. Осылайша, парламенттік басқару жаманатқа ұшырады. Елде парламенттік басқаруды жақтаған адамдар көп. Бұл тараптың көбі зиялы қауым өкілдері. Бірақ, парламенттік басқарудағы 10 жылдан жақсылық көрмеген қарапайым ел президенттік басқаруға ыңғай беріп отыр.
Президенттік сайлауда елдің көпшілігі 17 кандидаттың ішінен Садыр Жапаровты таңдайтынын ашық айтуда. Садыр Жапаров ел алдында беделге қалай ие болды? Қырғыз республикасында өткен жылдың қазан айындағы төңкерісте, бұқара халық билікті басып алып, бірақ бұл жоспарсыз, алдын ала әзірліксіз болғандықтан, ел басқарусыз қалған. Елді басқарып отырғандардың бәрі жасырынды, кейбіреулері шетелге қашып кетті. Әлеуетті органдардың бірінші басшылары әлі күнге дейін із-түзсіз, қайда екені белгісіз. Сол кезде саясат сахнасына түрмеде жатқан экс-депутат Садыр Жапаров және оның жақтастары шығып билікті қолға алды. Сөйтіп Садыр Жапаров лидер атанды.
Дәл қазіргі күндерде, сайлауға жақындаған сайын Садыр Жапаровты сынап-мінейтіндер көп. Оған, негізінен, екі дәлел айтылуда. Біріншісі, түрмеден сот процедуралары сақталмастан уақытынан бұрын босануы. Екіншісі, президенттің міндетін атқарушы болып тұрып, президенттікке кандидаттығын ұсынуы. Бұл – Конституцияға қайшы. Ол президент болған күнде де, «Жаңа Конституция қабылдағандықтан Президент қайта сайлануға тиіс» деген пікір бар. Өз ойымызды білдіре кетсек, төңкеріс, революция дұрыс таңдау емес. Революцияда қан төгіліп, заң аяққа басылады. Анық емес мәліметтерді есепке алмағанда, Қырғыз Республикасындағы қазан төңкерісі бір өрімдей жас жігіттің өмірін қиды.
Садыр Жапаров сайлауалды үгіт-насихат кезінде оппоненттерінің сауалдарына сенімді жауап қайтаруда. Бұл елдің сенімін күшейтуде. Садыр Жапаровтың өзі де басқарудың президенттік жүйесіне дауыс беретінін айтты. Оның ойынша, елдегі қазіргідей қиын кезеңде мемлекет басшылығын жауапкершілікті бір адам мойнына алуы керек. «Он жыл президент де, спикер де, мемлекет басшысы да, үкімет те өлкеміздің осындай жағдайға келгеніне жауап берген жоқ», – деген С.Жапаров. Ол өзінің парламенттік жүйеге қарсы емес екенін, бес жылдан кейін сондай жүйеге өтуге болатынын білдіруде. Сонымен бірге ол: «Біз төңкеріс күндерінде өлкеде тұрақтылықты орнаттық. Жұмыстарын тастай қашқан Президентті, Үкімет мүшелерін, депутаттарды шақырып алып, ісін жалғастырдық. Мен премьер-министр боларда үш рет парламенттің қолдауынан өттім», – деп ол өз аргументтерінде 2010 жылдағы төңкеріс жағдайын мысалға келтіруде. Ол кезде оппозициядағы 14 адам жиналып, уақытша үкімет құрып, үкімет басшылығына Роза Отынбаеваны өздері тағайындап, республика декрет шығарылу арқылы басқарылған еді. Сосын төңкеріс екпінімен президенттік сайлау өтіп, Р.Отынбаева уақытша президент болған. Сол сайлауда да Жаңа Конституция референдумға қойылып, сайлау мен референдум бюллетені біріктіріліп, жұрт Конституцияға қалай дауыс бергенін білмей қалған. Сол Конституцияда «Роза Отынбаева президент болып қалмасын, өзіміздің біреуіміз болайық» деген пиғылда 13 ер-азамат «уақытша президент президенттікке кандидаттығын ұсына алмайды» деп Конституцияға енгізген. Президенттікке кандидаттардың ішінде Адахан Мадумаров, Равшан Жеенбеков, Канатбек Исаев, Қаныбек Иманалиев, Кұрсан Асанов сияқты «ауыр салмақты» белгілі тұлғалар бар. Сондай-ақ әйелдер арасынан заңгер Клара Сооронкулова, өзбек халқынан белгілі азамат Бабыржан Төлбаев президенттікке атын ұсынуда.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)