Christian Dior-ды әлемге танытқан – қазақ қызы

Christian Dior-ды әлемге танытқан – қазақ қызы

Christian Dior-ды әлемге танытқан – қазақ қызы
ашық дереккөзі
Жиырма жылға жуық әлемге әйгілі кутюрье Кристиан Диор­­дың музасы болған Алла Ильчунның ұлты қазақ екені соң­ғы жылдары ғана белгілі болды. Бұған дейін танымал өнертанушы, теле­жүр­гізуші, Ресей және Франция сән өн­е­рі­нің тарихын зерттеуші Александр Ва­сильев бірнеше мақаласында Алланың қа­зақ екенін жазса да, көпшілік бұған се­не қоймаған. Ал дипломат, эконо­ми­ка ғылымдарының докторы, Франция­да­ғы қазақ қауымдас­ты­ғының негізін қалаушы Берлин Ири­шев мұны дәлел­деу үшін соңғы үш жыл бойы Алланың өмірін жіті зерттеген. Бүгінде Алла тура­лы үшінші кітабын жа­зып жатқан ол кісімен арнайы ха­барласып, сұх­бат­тасқан едік.  width= – Берлин аға, бүгінде 1950 жыл­дардың ортасында Кристиан Диор­дың музасы атанған қазақ қы­зы Алла Ильчунның өмірін ег­жей-тегжейлі сіз бен оның ұлы Марк де Дюльмен ғана біле­ті­ні­нен хабардармыз. Білуімше, Алланың өміріне қызыға бас­тауыңызға өзіңіз көшеде сатып ал­ған, Алланың бейнесі са­лын­ған картина себеп болыпты. Сол кар­тинаны көргенге дейін Алла ту­ралы естіп пе едіңіз, әлде азия­лық келбеттегі сымбатты әйел салынған картинаның қасынан бейжай өтіп кете алмадыңыз ба? – Алдымен «сіз бен оның ұлы ғана біледі» дегеніңізге жауап берсем. Ұлы да көп нәрсені білмейді. Бас­тапқыда бір білсе, сол ұлы біледі ғой деп ойласақ, қателесіппіз. Қайта ұлының көзін ашып, көп ақпаратты біз айтып бердік. Сонда ол туралы мен және маған көмектескен командамнан басқа ешкім білмейді. Ал сұрағыңызға жауап беретін болсам, бірнеше жыл бұрын Facebook желісіндегі жеке парақшама «Естуімше, Парижде Dior сән үйінде қазақ қызы жұмыс істеген екен. Оның әкесі қазақ, ал шешесі қазақ немесе қытайлық» деп жаздым. Бас­тапқыда бұл тек болжам болды, бұған ешкім мән бермеді. Осыдан екі жыл бұрын Париж қаласының қақ ортасында орналасқан Монсо пар­кіне бардым. Мұның бір ерекшелігі – ішінде орнатылған композитор, жазушылардың ескерткіштерінің қасында олардың музаларының да ескерткіштері қойылған. Мысалы, рояльда ойнап отырған Фредерик Шо­пеннің мүсінінің қасында оның музасы болған әйелдің мүсіні бар. Біз­де қазақта қыз-келіншектерді ша­бытына шабыт қосатын, жігер бе­ретін тұлғадан гөрі, ұрпақ жал­ғас­тыратын, уақытында шайын беріп, тамақтандыратын адам ретінде көреді ғой. Ал шындап келгенде үлкен жетістікке жеткен адамдардың тарихына көз жүгіртсек, олардың мұндай табысты болуына музасы болған әйелдің себепкер болғанын түсінеміз. Сол музалар орналасқан парктің ішінде антиквариат заттар сатады. Сол жерде бір қатарда кар­тиналар сатылып тұр екен. Кар­тиналарды көріп шығайын деп сол қатармен жүріп келе жатқа­ным­да Алланың суреті салынған портрет көзіме оттай басылды. Сосын сату­шыдан мұның кімнің портреті еке­нін сұрасам, ол «Менде бұл кар­ти­наны кім және қашан салғаны тура­лы құжаттар ғана бар. Біреулер азиат­тық келбеттегі модель деп ай­тып еді, бірақ нақты білмеймін» дей­ді. Сөйтіп, қызығушылығым туын­дап, әлгі картинаны сатып ал­дым. [caption id="attachment_135465" align="aligncenter" width="696"] width= The famous French fashion designer Christian Dior (1905-1957) with his collection, April 1950. PP/CAT/47[/caption] – Сіздің орныңызда мен бол­сам да, картинадағы модельді қа­зақ қызына ұқсатар едім... – Иә, анық көрініп тұр ғой. Өзі­міздің қазақ қызына ұқсайды. Тек басында қалпағы бар, шапанға ұқсайтын еуропалық киім киіп алған. Сосын «Бұл картинадағы мо­дель қазақ қызы болса ше?» деп ойлап, ол туралы мәлімет іздестіре бастадым. Сөйтіп, танымал өнер­танушы, сән тарихын зерттеуші ресейлік Александр Васильевтің сайтынан картинадағы әйелдің атақ­ты модель болғаны туралы мақала оқыдым. Сосын Васильевтің өзімен ха­барластым, ол: «Мен ол туралы бір-екі мақала жазғанмын, бірақ оған ешкім мән бермеді. Көпшілігі қазақ екеніне нанбады» дейді. Сосын әлемді әдемілігімен жаулап алған қазақ қызының картинасын Қа­зақ­станға апарып көрсеткім келді. Сөйтіп, Алматыда Қастеев атындағы галереяның директорына хабарла­сып, жаңалығымды айттым. Ол менің ұсынысымды қабылдап, атал­ған галереяда салтанатты түрде іс-шара ұйымдастырдық. Бұған Олжас Сүлейменов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері мен елге танымал суретшілер келді. Сол кезде көпшілігі әлгі картинаны елге әкелгенімді қуана қабылдаса, кейбірі Алланың қазақ екеніне күмән келтіріп «Алла қазақ деген мәлімет қайдан алынды? Оны біресе якут, біресе қытайлық деп айтады» дейді, ал енді бірі «Алла тіпті де қазақ емес. Иришев мырза, тыныш жүрсін. Dior қайда? Қазақ қай­да?» десті. Несін айтайын, тіпті «Берлин картинаны өзі сатып алған соң, ақшасын шығарып алу үшін көрмеге әдейі қойды» деп жазғандар да болды. Сосын мен мұның бір тиынына да таласпайтынымды ай­тып, ақырында келіп түскен қара­жатқа қол сұқпайтынымды растау үшін галереядағыларға анықтама жаздыртып алдым.  width= – Расымен сенімсіздік таныт­қан көпшілікке Алланың ұлты қазақ екенін қалай дәлел­де­діңіз­дер? – Мұны дәлелдеуге үш жыл уақы­тым кетті. Қазір оның ұлты қазақ екенін толығымен дәлелдеп шықтық. Ал­дымен Facebook-ті ақтарып шық­тық. Бірінші күйеуінің аты-жөнін білетіндіктен, оған туыс болатын адам­дарды іздедік. Командамда Париж­де оқып жүрген қазақ сту­денттері әлеуметтік желіден Алла­ның ұлы Марк де Дюльменді тап­қанын айтты. Олар оған хат жазған еді, ол еш сөз жазбай, тек смайлик жіберіпті. Сосын ұлынан еш көмек болмаған соң «Ол кісі Париждің тү­бінде жерленген болар деп, дұрысы зиратын іздейік» дедім. Зиратын табу оңайға соқпады. Себебі дәл қай жер­де жерленгенін білу үшін оның туысы екеніңді растайтын анықтама болуы керек. Содан не керек, Париж­дің айналасындағы барлық зиратты тексеріп шықтық. Командамыздағы Максим деген жігіт екі апта бойы зираттарда орнатылған көктас­тар­дан Алла деген жазуды іздеп, әуре-сар­саңға түсті. Соңында Алланың зира­тын Париждің маңынан емес, одан алыс орналасқан аймақтан таптық. Зират әкімшілігіне Алланың қандасы екенімізді айтып, жатқан жерін тауып беруін өтіндік. Сөйтіп, ондағылар бізді Алланың жерленген жеріне алып келді. Бір қызығы, ба­сына көктас орнатылмаған, тек пли­та тұр. Қасында шырша тәріздес тал өсіп тұр. Әлгі плитада үш есім жа­зыл­ған. Тегі, туған және қайтыс бол­ған жылы жазылмаған. Алланың зи­раты екеніне күмәнданып қалдық. Со­сын ертесі бізге жауап бергісі кел­меген Алланың баласы Марктен хат келді. Оны кездесуге мейрам­ха­наға шақырдық. Әңгіме барысында «Марк, біз сенің анаңның зиратын тауып, басына гүл қойдық» дегенде Марк бозарып, өңі қашып кетті. «Бұл біз үшін маңызды, тарихи жайт. Айт­шы, анаңның зиратын дәл тауыппыз ба?» дегенде ол Алланың жатқан жері сол біз барған зират екенін растады. Сөйтсек, Алланың қасында шешесі Та­мара мен Тамараның Парижге кел­генде табысқан күйеуі жатыр екен. Негізі, бастапқыда Алла танымал адам­дар жерленетін зиратқа қойыл­ған. Кейіннен баласы мәйітін қаз­дырып алып, әжесінің қасына қойып­ты. Негізі, Марк төрт жаста бол­ғанда Алла оның әкесімен ажы­ра­сып, он тоғыз жыл бойы жалғыз өмір сүрген. Біз оның өмірі туралы тағы басқа мәліметтер табу үшін өз беті­мізше зерттеу жүргіздік. Түрлі елді аралаған Кристиан Диордың ба­ғыт-бағдарын тексеріп, сапар­ларының көпшілігінде қасында Алла жүргенін білдік. Негізі, Диордың қасында үнемі жүретін сегіз шақты модель болған. Десек те көпшілігі Австралия, Оңтүстік Африка секілді алыс орналасқан елдерге барғысы кел­мей, қашқақтаған. Ал Алла үнемі қасында жүрген. Сөйтіп, Dior сән үйіне қандай да бір мәлімет алу үшін барып, ол туралы бар білгенімізді жайып салғанда ондағылар біздің сонша ізденгенімізді көріп таңға­лысын жасырмады. Олар бізге Алла туралы құжатқа толы бір папка берді, бірақ ішінде анау айт­қандай ақпарат жоқ. Сөйтсек, олар Алланың қайдан шыққанын, кейін­нен қайда кеткенін, тіпті баласының барын да білмеген. Олардың бар білетіні – Алла 1947-1957 жылдар аралығында Dior-да модель қызметін атқарған, Диордың үнемі қасында жүрген. 1957 жылы Диор қайтыс бол­ған соң, оның шәкірті әлемге әйгілі сәнгер Ив Сен-Лоран Алланы бірге жұмыс істеуге шақырған. Онда 1960 жылдың ортасына дейін жұмыс істеген. Басқа мәлімет жоқ. Сөйтіп, бұ­дан да ауқымды мәлімет алу үшін үлкен жұмыстар атқардық. Сұрас­тырмаған адамымыз қалмады. Алла­ның өкіл қызын тауып алдық. Сөй­тіп, ол Алланың жақын құрбысы бол­ған тоқсан екі жастағы өз ана­сымен байланыстырды. Алламен бірге жұмыс істеген модельді тауып алдық. Жасы тоқсан үште. Қарттар үйінде тұрып жатыр. Былтыр ол кісі­ден сұхбат алдық. Зерттеу жалғасып жатыр. Пандемия кедергі келтіріп тұр, әйтпегенде қазір Қытайда жүре­тін едік. Бір қызығы, англосаксондық елдердегі басылымдардан Алла туралы қырық шақты мақала тап­тық. Досым Сәтпаевтың қолдауымен шығарған кітапта сол мақалалар топтастырылған. Сонымен қатар Мәскеуде Алла туралы екінші кітап­ты басып шығардым. Қазір француз тілінде үшінші кітапты әзірлеп жатырмын. Сондай-ақ «Алла – Dior-дың шығыс маржаны» атты деректі фильм түсірдік.  width= – Ендігі кезекте Алланың әке­­сі туралы сөз етсек. Бір де­рек­тер­де ол кісіні Алма­ты­дан шыққан бай десе, екіншісінде Қытай қа­за­ғы делінген. Есімі де әртүрлі ата­­лады. Ол кісі туралы нақ­ты мә­лімет бар ма? – Васильев әкесінің есі­мін Жуан­хал деп жа­зады. Бірақ ол естуі бойын­­ша жаза салған. Не­гізі, шын есімі – Қуан­хан. Ал тегі Иль­чун емес, Ел­шін болуы керек. Совет үкіметі кезінде орыстар қазақ­тардың аты-жө­нін қалай болса, солай жаза бер­ген ғой. Визалық кар­таларынан біл­гені­міздей, Алла сән әле­мінде жүр­ген жиырма жылда қытайлық деп жа­зыл­ған. Алла түгілі, оның әкесі мен шешесі де қытайлық деп таныл­ған. Себебі олар тұрған жердің үкі­меті қытайлық атанбаса, жұмыс табу қиын деп мәжбүрлі түрде азаматтық алдыртыпты. Сол себепті бізге қазақ модель деп іздеу қиынға түсті. Айта кетерлік маңыз­ды жайт, Алла қай­тыс болардың ал­дын­да сол уақытта Париж­де жур­на­лист қыз­метін атқа­рып жүрген Ва­сильев­ке «Бейресми кездесу ұйым­дас­ты­райық. Маған фотоаппарат көтеріп кел­мей, құр өзіңіз келіңіз» депті. Сол кезде ол оған «Менің әкем – қазақ. Қазақтың әулетті отбасынан, Алматы деген қа­ла­дан шыққан» деп сырын айтып­ты. Қуанханның жанұясы қиын кезең орнаған уақытта Қазақстаннан Қы­тайға, соның ішінде Харбинге қаш­қан. Ал анасы Тамараның әкесі әс­кери қызмет атқарған, ақ гвар­дияшы. Ол да Харбинге отбасымен қашып кел­ген. Тамара Қытай шығыс темір жо­лына жұмыс­қа кіріп, онда Қуан­хан­мен таныс­қан. Сөйтіп, Мә­риям­ға ға­шық болған Дүйсен (Дудар) се­кілді, Қуанхан оны ұнатып қалып, екеуі 1925 жылы үй­ленеді. Ол уа­қытта Тамара 15 жаста болған. Алла 1926 жылы 8 желтоқ­санда дүниеге кел­ген. Сосын 1936 жылы жапон­дықтар қытайлық­тардың жерін жаулап алғысы келіп, соғыс ашқан. Сол кезде Қуанхан он жастағы қызы Алла мен әйелін норвегиялық кемеге салып, Парижге қарай аттандырып жіберген. Сол кеткеннен әкесімен байланыс үзіліп қалған. Бірде Алла­ның ұлы отба­сылық суреттер жапсы­рыл­ған аль­бом көтеріп келді. Байқа­сам, бес-алты сурет жұлынып қалып­ты. Ал бірақ суреттердің астында «1935 жылы осында болғанбыз, 1936 жылы мында болғанбыз» деп жазы­лып тұр. Содан қолда бар ақпаратпен салыс­тырсам, олар дәл сол жылы Шан­хайда болған. Болжауымша, әкесі секілді іздеуде жүрген адаммен бай­ланысты үзу мақсатында Алла­ның шешесі Қуанханның суреттерін алып тастаса керек.  width= – Ал Харбинде жалғыз қалып қойған Қуанханның өмірі тура­лы қандай да бір дерек біле ал­дыңыз ба? ГУЛАГ-қа қамалды де­гені рас болып шықты ма? – Жақында ол кісінің атқарған қыз­меті жайында ақпарат алдық. 1930 жылдары Қытай шығыс темір жолының экономика жөніндегі бөлімін басқарған, сосын 1932 жылы сол мекеменің президент көмекшісі қызметін атқарған. Айта кетерлік жайт, «Транссібір экспрессі» деген ки­нода Асанәлі Әшімов 1927 жылы Харбинде тұрған Қасымханнын рөлін сомдайды. Кинода ол «Мен Қа­зақстаннан келгенмін, қазақтың ба­ласымын» дейтін тұсы бар. Ал Қуан­хан да сонда болған, ол да те­мір­жолда жұмыс істеген. Сәйкестікті қараңыз. Тек есімдері екі түрлі. Бірақ өзгертіп беруі әбден мүмкін. Ал ГУЛАГ-қа қамалуы туралы болжамды мен жасадым. 1936 жылы қолға түс­кен азаматтарды сол лагерьге жі­берген. Ол жақтағы музейге де хат жаз­дық. Оған ұқсас есім табылғаны­мен, туған жылы сәйкес келмеді. Жал­пы, Алланың әкесі өте сауатты жігіт болған.  width= – Ал Алла анасы екеуі Париж­ге келген соң, екеуінің өмірі қа­лай өрбіген? Жиырма бір жасын­да Кристиан Диор ұйымдастыр­ған кастингке қалай қабылдан­ған? – Негізі, Тамараға оңай болмаған. Де­сек те, Парижге келгенде қолында ал­тын заттар, зергерлік бұйымдар бол­­ған. Сосын ол осында келген соң, му­зыкаға бет бұрған. Ол Қытайда жүр­генде дантист қызметін атқар­ған, ал Парижге келгенде француз­дар қытайдың дантистіне бармай­тынын біліп, музыкамен айналыс­қан. Консерваторияны бітірген. Мейрам­ханаларда ән салған. Ал Алла мектеп бітірген соң, консер­ваторияның мей­рамханасында даяшы болып жұмыс істеген. Бірде Диордың кас­тинг жасап жатқанын естіген бір құр­бысы «Жалғыз баруға қорқамын, менімен бірге баршы» деп Алланы сол кастингке ертіп апарған. Сол кас­тингте Диор Алланың сары шаш­­ты аққұба келген әлгі құрбы­сына еш мән бермей, Аллаға баса назар ауда­рып, соңында көмек­шілеріне «Мына қызды киіндіріп кө­ріңдерші» деп подиумға шы­ғар­ған. Оның жүріс-тұрысын бірден ұнат­қан ол «Болды, жұмысқа ала­мыз» деп өз сән үйіне жұ­мыс­қа қабылдаған. Сөйтіп, Аллаға арнап киім тігу арқылы 1947 жылда сән үлгілеріне айнал­ған трендтерді шығара бас­таған.  width= – Алланың әр по­диум­ға шық­қаны ха­лық­ты тамсандырып қана қой­май, оның әр киген киімі Dior сән үйіне қомақты табыс әкелген. Сол себептен де Крис­тиан Диор Алланы «Менің жеке талисманым» деп ерекше құр­меттеген екен... – Ол рас. Алла дүниежүзіне Диор­дың атын шығарды. Өйткені Диор ойлап шығарған ең әдемі көй­лектер Алла арқылы танылды. Мы­салы, Диордың «Юнон» деп аталатын көй­легі бар. Ол мұны арнайы Аллаға арнап тіккен. Сенбессіз, бірақ сол көй­лек арада жетпіс жыл өтсе де қазірге дейін Dior сән үйінің жыл сайын ұйымдастыратын рейтингтегі үздік ондықта екінші орында тұр. Диорға танымалдылық әкелген бас­қа да көйлектері жетерлік. Жал­пы, Алла қандай көйлекті кисе де, еш­кімге ұқсамайтын ерекшелігі бай­қалып-ақ тұрады. Сосын ол тек әдемі ғана емес, сонымен қатар өте ақыл­ды, қайратты жан болған. Кербез әйел атанған ол әлемді әсемдігі, бойы­мен қатар, ойы, ақыл-параса­тымен «жаулап» алған. Еш оқу орнын да бітірмеген. Әдетте адамдар әйел­дерге сән әлемінде жоғары көтерілу үшін я көңілдесі я демеушісі болуы керек деген ой түйеді ғой. Ал Алла бар­лығына ешкімнің көмегінсіз қол жет­кізген. Жоғарыда ақыл-парасаты мол дегенді бекерге айтып тұрғаным жоқ. Өйткені Диордың өзі бес тіл біл­ген Аллаға тамсанып «Тіл меңгеруі жа­ғынан өте мықты. Құдды бір сол ел­дерде туғандай сөйлейді» деп айт­қан. Сосын бет-әлпетіне қарасаңыз, әкесінің қаны күшті екенін байқай­сыз. Анасы орыс деп айта алмайсың, таза қазақ отбасында туған секілді. Кейде аралас отбасыда туған бала­лар­дың ұлтын түсінбей, дал боласың ғой. Ал мұнда қазақ қызы екені ай­дан анық көрінеді. Алпыс жылдығын ба­ласымен бірге тойлатқан мерей­тойда түскен суреті бар.  width= – Сосын күні бүгінге дейін сәнде жүрген көзге сүрмемен сы­зық салу үрдісінің пайда болуы­на Алланың ықпалы тиген де­седі. Сол қаншалықты рас? – Ол да рас. Алла көзге сүрмемен сы­зық салған алғашқы модель бол­ған. Біз тіпті бір дереккөздерден кейбір әйелдердің Алланың көзіндей көз керек деп пластикалық ота жа­сатқанын білдік. Сол себепті сіздер күніне сызып жүрген сызық Алладан басталған деуге толық негіз бар.  width= – 40 жасына дейін подиумнан түспей, әлем фотографтарының объективіне ілініп, суретке түскенді жақсы көретін Алла соң­ғы 23 жылда әлемнен оқшау­ланып, тыныштықта өмір сүріп­ті. Десек те оның сән әлемінен кеткен соң немен айналысқанын біле алдыңыз ба? – Иә. Подиумнан кеткеннен кейін экспорт, импортпен айна­лысатын компанияда жұмыс істеген. Ал тыныштықта өмір сүру себебі – кө­п­шіліктің есінде жас әрі әдемі қал­пында қалу үшін аса ешкімнің көзіне көрінгісі келмеген, әсіресе фотографтардың объективіне түсіп қалуды қаламаған.    width= – Сөз соңында өзіңіз туралы ай­та отырсаңыз. Қазақстанда лауа­зым­ды қызмет атқарған сіз Францияға қалай бардыңыз? – Мені кезінде бұл елге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жіберген. Елде экономика мәселесі бойынша Пре­зиденттің кеңесшісі болып қызмет еттім. Оған дейін үш банк құрдым. Сосын 1996 жылы Елбасы мені Қа­зақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне та­ғайын­дады. Елшілікте алты жылдай жұмыс істедім. 2000 жылдары Тұң­ғыш Президент осында келгенде «Елге қайтарсың, мүмкін» деп ұсы­ныс айтты. Алайда ойлана келе, осын­да жұмыс істеуді ұйғарып, Париж­де қалып қойдым.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ