Christian Dior-ды әлемге танытқан – қазақ қызы
Christian Dior-ды әлемге танытқан – қазақ қызы
Жиырма жылға жуық әлемге әйгілі кутюрье Кристиан Диордың музасы болған Алла Ильчунның ұлты қазақ екені соңғы жылдары ғана белгілі болды. Бұған дейін танымал өнертанушы, тележүргізуші, Ресей және Франция сән өнерінің тарихын зерттеуші Александр Васильев бірнеше мақаласында Алланың қазақ екенін жазса да, көпшілік бұған сене қоймаған. Ал дипломат, экономика ғылымдарының докторы, Франциядағы қазақ қауымдастығының негізін қалаушы Берлин Иришев мұны дәлелдеу үшін соңғы үш жыл бойы Алланың өмірін жіті зерттеген. Бүгінде Алла туралы үшінші кітабын жазып жатқан ол кісімен арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.
The famous French fashion designer Christian Dior (1905-1957) with his collection, April 1950. PP/CAT/47[/caption]
– Сіздің орныңызда мен болсам да, картинадағы модельді қазақ қызына ұқсатар едім...
– Иә, анық көрініп тұр ғой. Өзіміздің қазақ қызына ұқсайды. Тек басында қалпағы бар, шапанға ұқсайтын еуропалық киім киіп алған. Сосын «Бұл картинадағы модель қазақ қызы болса ше?» деп ойлап, ол туралы мәлімет іздестіре бастадым. Сөйтіп, танымал өнертанушы, сән тарихын зерттеуші ресейлік Александр Васильевтің сайтынан картинадағы әйелдің атақты модель болғаны туралы мақала оқыдым. Сосын Васильевтің өзімен хабарластым, ол: «Мен ол туралы бір-екі мақала жазғанмын, бірақ оған ешкім мән бермеді. Көпшілігі қазақ екеніне нанбады» дейді. Сосын әлемді әдемілігімен жаулап алған қазақ қызының картинасын Қазақстанға апарып көрсеткім келді. Сөйтіп, Алматыда Қастеев атындағы галереяның директорына хабарласып, жаңалығымды айттым. Ол менің ұсынысымды қабылдап, аталған галереяда салтанатты түрде іс-шара ұйымдастырдық. Бұған Олжас Сүлейменов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері мен елге танымал суретшілер келді. Сол кезде көпшілігі әлгі картинаны елге әкелгенімді қуана қабылдаса, кейбірі Алланың қазақ екеніне күмән келтіріп «Алла қазақ деген мәлімет қайдан алынды? Оны біресе якут, біресе қытайлық деп айтады» дейді, ал енді бірі «Алла тіпті де қазақ емес. Иришев мырза, тыныш жүрсін. Dior қайда? Қазақ қайда?» десті. Несін айтайын, тіпті «Берлин картинаны өзі сатып алған соң, ақшасын шығарып алу үшін көрмеге әдейі қойды» деп жазғандар да болды. Сосын мен мұның бір тиынына да таласпайтынымды айтып, ақырында келіп түскен қаражатқа қол сұқпайтынымды растау үшін галереядағыларға анықтама жаздыртып алдым.
– Ендігі кезекте Алланың әкесі туралы сөз етсек. Бір деректерде ол кісіні Алматыдан шыққан бай десе, екіншісінде Қытай қазағы делінген. Есімі де әртүрлі аталады. Ол кісі туралы нақты мәлімет бар ма?
– Васильев әкесінің есімін Жуанхал деп жазады. Бірақ ол естуі бойынша жаза салған. Негізі, шын есімі – Қуанхан. Ал тегі Ильчун емес, Елшін болуы керек. Совет үкіметі кезінде орыстар қазақтардың аты-жөнін қалай болса, солай жаза берген ғой. Визалық карталарынан білгеніміздей, Алла сән әлемінде жүрген жиырма жылда қытайлық деп жазылған. Алла түгілі, оның әкесі мен шешесі де қытайлық деп танылған. Себебі олар тұрған жердің үкіметі қытайлық атанбаса, жұмыс табу қиын деп мәжбүрлі түрде азаматтық алдыртыпты. Сол себепті бізге қазақ модель деп іздеу қиынға түсті. Айта кетерлік маңызды жайт, Алла қайтыс болардың алдында сол уақытта Парижде журналист қызметін атқарып жүрген Васильевке «Бейресми кездесу ұйымдастырайық. Маған фотоаппарат көтеріп келмей, құр өзіңіз келіңіз» депті. Сол кезде ол оған «Менің әкем – қазақ. Қазақтың әулетті отбасынан, Алматы деген қаладан шыққан» деп сырын айтыпты. Қуанханның жанұясы қиын кезең орнаған уақытта Қазақстаннан Қытайға, соның ішінде Харбинге қашқан. Ал анасы Тамараның әкесі әскери қызмет атқарған, ақ гвардияшы. Ол да Харбинге отбасымен қашып келген. Тамара Қытай шығыс темір жолына жұмысқа кіріп, онда Қуанханмен танысқан. Сөйтіп, Мәриямға ғашық болған Дүйсен (Дудар) секілді, Қуанхан оны ұнатып қалып, екеуі 1925 жылы үйленеді. Ол уақытта Тамара 15 жаста болған. Алла 1926 жылы 8 желтоқсанда дүниеге келген. Сосын 1936 жылы жапондықтар қытайлықтардың жерін жаулап алғысы келіп, соғыс ашқан. Сол кезде Қуанхан он жастағы қызы Алла мен әйелін норвегиялық кемеге салып, Парижге қарай аттандырып жіберген. Сол кеткеннен әкесімен байланыс үзіліп қалған. Бірде Алланың ұлы отбасылық суреттер жапсырылған альбом көтеріп келді. Байқасам, бес-алты сурет жұлынып қалыпты. Ал бірақ суреттердің астында «1935 жылы осында болғанбыз, 1936 жылы мында болғанбыз» деп жазылып тұр. Содан қолда бар ақпаратпен салыстырсам, олар дәл сол жылы Шанхайда болған. Болжауымша, әкесі секілді іздеуде жүрген адаммен байланысты үзу мақсатында Алланың шешесі Қуанханның суреттерін алып тастаса керек.
– Ал Алла анасы екеуі Парижге келген соң, екеуінің өмірі қалай өрбіген? Жиырма бір жасында Кристиан Диор ұйымдастырған кастингке қалай қабылданған?
– Негізі, Тамараға оңай болмаған. Десек те, Парижге келгенде қолында алтын заттар, зергерлік бұйымдар болған. Сосын ол осында келген соң, музыкаға бет бұрған. Ол Қытайда жүргенде дантист қызметін атқарған, ал Парижге келгенде француздар қытайдың дантистіне бармайтынын біліп, музыкамен айналысқан. Консерваторияны бітірген. Мейрамханаларда ән салған. Ал Алла мектеп бітірген соң, консерваторияның мейрамханасында даяшы болып жұмыс істеген. Бірде Диордың кастинг жасап жатқанын естіген бір құрбысы «Жалғыз баруға қорқамын, менімен бірге баршы» деп Алланы сол кастингке ертіп апарған. Сол кастингте Диор Алланың сары шашты аққұба келген әлгі құрбысына еш мән бермей, Аллаға баса назар аударып, соңында көмекшілеріне «Мына қызды киіндіріп көріңдерші» деп подиумға шығарған. Оның жүріс-тұрысын бірден ұнатқан ол «Болды, жұмысқа аламыз» деп өз сән үйіне жұмысқа қабылдаған. Сөйтіп, Аллаға арнап киім тігу арқылы 1947 жылда сән үлгілеріне айналған трендтерді шығара бастаған.
– Сосын күні бүгінге дейін сәнде жүрген көзге сүрмемен сызық салу үрдісінің пайда болуына Алланың ықпалы тиген деседі. Сол қаншалықты рас?
– Ол да рас. Алла көзге сүрмемен сызық салған алғашқы модель болған. Біз тіпті бір дереккөздерден кейбір әйелдердің Алланың көзіндей көз керек деп пластикалық ота жасатқанын білдік. Сол себепті сіздер күніне сызып жүрген сызық Алладан басталған деуге толық негіз бар.
– Сөз соңында өзіңіз туралы айта отырсаңыз. Қазақстанда лауазымды қызмет атқарған сіз Францияға қалай бардыңыз?
– Мені кезінде бұл елге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жіберген. Елде экономика мәселесі бойынша Президенттің кеңесшісі болып қызмет еттім. Оған дейін үш банк құрдым. Сосын 1996 жылы Елбасы мені Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындады. Елшілікте алты жылдай жұмыс істедім. 2000 жылдары Тұңғыш Президент осында келгенде «Елге қайтарсың, мүмкін» деп ұсыныс айтты. Алайда ойлана келе, осында жұмыс істеуді ұйғарып, Парижде қалып қойдым.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ