«Идеологиялық вирустың» бетін қалай қайтарамыз?
«Идеологиялық вирустың» бетін қалай қайтарамыз?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қалың қазақтың да, зиялы қауымның да көкейіндегі мәселелерді тап басыпты. Әсіресе Никонов, Федоров, Жириновский бастаған Ресей Думасы депутаттарының арандатушылық мәлімдемелеріне нақты, салиқалы, салмақты жауап қатыпты.
Бұл орайда қазақ тарихына, мемлекеттілігіне қатысты ойы мен бастамасы өте маңызды деп көреміз. Себебі Президентше айтсақ: «шетел азаматтарының», яғни Ресей шовинистерінің дәл қазақ тарихына, мемлекеттілігімізге қатысты шу шығарып жатқаны мәлім. Мақаладан нақты үзінді келтірейік:” Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы».
Ақиқатында, қазақ тарихының әлі де зерттелмей жатқан кезеңдері аз емес. Скиф-сақ, ғұн дәуірлерін қойып, Алтын Орда тұсын қазақ тарихшылары тарапынан жарытып зерттелмегенін 2019 жылы күзде («Алтын Орданы зерттейтін арнайы орталық ашу қажет» 19 қыркүйек, №37) осы Túrkistan газеті өткізген дөңгелек үстелде, Алматыдағы бір топ тарихшылар өздері айтқаны есімізде. Алтын Орда ыдырағанда оның орнында жеті мемлекет пайда болғаны белгілі. Олар: Қазақ хандығы, Ноғай ордасы, Сібір хандығы, Қасым хандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы, Мәскеу княздығы. Осылардың ішінде атын да, затын да сақтап, бүгінгі күнге жеткені – жалғыз Қазақ мемлекеті. Біз мұны мақтанышпен айтуымыз қажет. Аталған дөңгелек үстелде алматылық тарихшылар, тоқсаныншы жылдардан бастап Алтын Орданы зерттеуге бауырлас татар халқы үлкен маңыз беріп, жеке зерттеу институтын ашып, көптеген еңбек жариялағанын, біздің өзіміздің жайбасарлығымыздан үлесімізден құр қалып отырғанымызды өкінішпен айтқаны да жадымызда. Себебі кейбір татар ғалымдары мүмкін шовинистердің айтағымен айтса да, Алтын Орда дегеніміз татар мемлекеті, қазақтардың қатысы жоқ дегенге саятын пікір білдірген. Бұл әрине өте орынсыз, ұшқары пікір. Дегенмен Президент пәрмен бергесін, енді Алтын Орданы зерттеу де, жазу да қосақабат жүргізілетіні анық.
Бұйыртса сол ұлан-асыр істің бір басында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты тұрары да күмәнсіз. Ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмас, өткен отыз жылда азды-көпті негіз боларлық еңбектер де жасалыпты. Солардың бірі – аталған институттың бас ғылыми қызметкері болған, марқұм, белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлының еңбектері. Тарихшы «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты кітабында былай дейді: «...Ақ Орданың елдік дербес құрылым ретінде қалыптасу процесін төрт кезеңге бөліп қараса болғандай. 1. Ақ Орда алғаш шаңырақ көтеріп, Алтын Ордамен саяси арақатынасы қалыптасқан жылдар (1224-1243-1245 жж); 2. Орда Ежен ұрпақтарының ел дербестігі үшін жүргізген күресі кезеңіндегі Ақ Орда (1250-1370 жж); 3. Орыс хан билігі, Темір шапқыншылығы қарсаңындағы Ақ Орда (1370-1405-1410 жж); 4. Орыс хан ұрпақтарының Әбілқайыр билігіне қарсы жүргізген күресі нәтижесінде Ақ Орда «Қазақ хандығы» ат-атауымен қайта жаңғыру кезеңі (1428-1465-1466)».
Осындағы Орда Ежен есімі тегін аталып отырған жоқ. Ол Жошының тұңғышы. Есімі Орда. Эжен – күні бүгінге дейін монголдар Шыңғыс ханға қосып айтатын «эзэн» «ел иесі, ие, еге» деген мағынадағы сөз. Мұны да тарихшы дұрыс аңғарған. Ел иесі атануының себебі, қазақ даласында (Ертісте) әкесі көтерген Ақ Орданың шаңырағына ие болып қалды. Екіншіден, оның кіндігінен қазақ хандары тарады. Қазақ тарихын зерттеушілердің ішінде, Жошыдан кейін оның кенжесі Тоқай-Темірді атап, қазақ хандарын содан тарататын қате пікір де бар екендігін, тіпті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанындағы Абылай ханның көк тасында «1.Шыңғыс хан 2.Жошы хан 3.Тоғай-Темір 4.Өз-Темір, 5.Қожа, 6.Бағадұл-оғлан, 7. Орыс хан» деп қате жазылғанын ескертіпті. Әбілғазының «Түрік шежіресінен» басталған бұл қателіктің де әлі түзетілмегеніне қынжылады. Әрине қазақ тарихында қынжылатын нәрсе аз емес. Ақ Орданың орталығы Сасыбұқаның тұсында Ертістен Сығанаққа (қазіргі Сунақ ата) көшірілгесін, 1361 жылы Ақ Орданың тағына Шымтайұлы Орыс хан отыруымен Қазақ хандығы құрылды десек, төл тарихымызды әлі де арыға, кемінде жүз жылға созу қажеттігін бұрын да айтқамыз. Енді Президенттің пәрменімен шұғыл іске кірісетін тарихшы қауымның шешетін үлкен мәселесінің бірі де бірегейі осы деп білеміз.
Тегінде, шовинистер біздің тарихымызға босқа тиісіп жатқан жоқ. Өкініштісі өткен отыз жылда, Кремльдің көңіліне қарадық па, қазақ тарихындағы ең үлкен қасірет ашаршылыққа да саяси баға берілмеді. Президент мұны дұрыс пайымдаған. Ашаршылыққа саяси баға беру – ұлтымыз тарапынан үлкен қолдау табатын бастама.
Қаламгерлердің арасында кезінде Кеңес үкіметі қазақтың батырлар жырындағы, өзге фольклорлық туындыларындағы батырларымыздың, орысқа қарсы соғысқанын қалмаққа қарсы қылып өзгерткенін тегіннен-тегін айтып жүрген жоқ. Сол бұрмалаулар да әлі күн түзетілген жоқ. Орысқа қарсы соғысқан жалғыз Кенесары хан емес, өмірбойы сол патшалыққа қарсы арпалысып өткен Сыздық (кей деректерде Сыдық) төре, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған сандаған батырларды ресми тарихта атын атап, түсін түстеп көрсету керек. Өйткені Президентше айтқанда, «жеріміздің тұтастығына күмән келтірудің» артында, біздіңше осы жер үшін ата-бабамыздың кемінде бес мың жылдан бері қан төккенін өтірік білмегенсу тұр. Мұндай кемсітудің сырын әсіресе Ресейге қатысты мәселенің барлығында, кібіртіктеп бүгежектей беретінімізден де іздегеніміз жөн. Турасы – әбден басынғандық.
Сақ тайпаларының тілі түркі емес, иран тілді делінетін қасақана бұрмалау, Сталиннің бұйрығымен жасалған деген әңгіме де бекер емес. Қазақтың ғажайып ғалымы Серікбол Қондыбайдың еңбектеріне үңілген адам, қазақ тілінің арғытүркілерден басталатын, дүниедегі ең көне тілдердің бірі екеніне көз жеткізеді. Бұл ретте тарихымызды зерделеуде, археологиялық және әлемнің әр қиырынан жиналған деректер де қолғабыс болары анық. Дегенмен біздің тарихымызды жазған жаулаушыларымыз, қазаққа, қыпшаққа қатыстының барлығын бұрмалауға тырысқанын бір сәтке де ұмытуға тиіс емеспіз. Ежелгі Еуразиялық тілдерден қазақ сөздерін суырып алып танытатын, қазақтың даңқты ақыны Олжас Сүлейменовтің еңбегі де алабөтен. Қазақ орысты мойындату үшін тағы да Сүлейменовке сүйенеміз деп ойлаймын. Өйткені тілдік деректерді негіз ететін оның бағыты – ең бұлтартпайтын дұрыс бағыт. Түркі тілдерінен орыс тіліне «қазына», «базар» секілді санаулы ғана сөздер ауысқан деген сынды жалған пікірсымақтар сонау «Аз и я» жарық көрген жылдарда-ақ аяғы аспаннан келген.
Әлеуметтік желілерде қазаққа қарсы ақпараттық майдан ашқан Дума депутаттарын, психикалық ауытқуы бар адамдар ретінде көрсетуге тырысу байқалуда. Тәуелсіздігін алғанына отыз жыл болған елдің азаматтарына солай көрінетіні рас. Бірақ олар өте ақылды шовинистер. Солай сөйлеу арқылы ұлттардың ортасына от жағуға, түрлі пікірлер қалыптастыруға болатынын біледі. Міндеттерін мүлтіксіз орындап та отыр.
Не істей аламыз? Әрине, атқара алсақ шаруа шаш-етектен. Бір жағы Мысыр, Үндістан, Еуропада Лондонға дейін, Ресейдің ішіндегі ең шеткі өзіміздің Сақалардан ары қарай аттап, Америка асып кеткен үндістер, бәрі-бәрінің қазаққа қатысы барын бұрын жеке ғалымдар анықтап жүрсе, енді ресми түрде әлемге әйгілеу, яғни қазақтың бәлен мың жылдық тарихын дәлелдеу, тағы да дәлелдеу... Сондай қауырт та ғылыми бұлтартпайтын тегеурінді жұмыстар атқарылмаса, қазаққа қауіп төніп тұрғаны рас. Онсыз Президент айтқан «идеологиялық вирустардың» беті қайта қоймайды. Яғни, «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі». Іштен ірітетін бұдан үлкен қауіп болмаса керек. Демек, бізге сол вирусқа қарсы тұра алатын мықты идеология қажет.
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ