Қазақстан Қытайға үш есе көп мұнай экспорттайды
Қазақстан Қытайға үш есе көп мұнай экспорттайды
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу барысында екіжақсы ынтымақтастықтың, сауда-экономика, инвестиция, көлік-транзит, отын-энергетика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту перспективаларының кең ауқымды мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, екі мемлекеттің басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге жұмыс сапарымен келуге, сондай-ақ G-20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.
– Қытай ұйымға күрделі кезеңде төраға болды. Сіздер әзірлеген күн тәртібі дамудың қазіргі кезеңінде өте өзекті. Бүгінде G-20-ның экономикалық проблемаларға мән беруі бүкіл әлем үшін маңызды міндеттерді шешуге септігін тигізетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастық орныққан жылдарда Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімнің айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.
– Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі бола алады. Стратегиялық серіктестіктің үлгілі моделін құрып, экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтердік. Қазақстан мен Қытайдың үкіметтері қол жеткен келісімдер қорытындысы бойынша алға қойылған міндеттерді орындау жұмысымен белсене айналысуда. Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын, ал келесі жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтетін боламыз, – деді Елбасы.
Си Цзиньпин еліміздің жаһандық диалогқа елеулі үлесін қосып келе жатқанына ризашылық білдіріп, Қазақстанның өңірдің және бүкіл әлемнің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Былтыр осы уақытта Бейжіңде біздің кездесуіміз өтіп, оның қорытындысы бойынша қарым-қатынастың жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қойылған болатын. Қазір барлық саладағы екіжақты серіктестік қарқын алып келеді, оның одан әрі дамуы жолындағы міндеттер айқындалды. Біздің қарым-қатынасымыздың орнағанына келесі жылы 25 жыл толатынын ескере отырып, өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайта түсу қажет. Сондай-ақ, бірлескен күш-жігер арқылы адалдық, өзара сенім, ауызбіршілік және өзара көмек рухындағы қарым-қатынасты қалыптастыра отырып, стратегиялық үйлесімді, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу керек, – деді ҚХР төрағасы.
Екі ел басшылары алдағы саммит әлемдік экономиканың даму жолдарын айқындайды деген пікірде. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтсақ, 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөнiндегi комитет құру туралы келiсiмге толықтырулар енгізу туралы хаттама, «Нұрлы жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын жылқы тұқымдас жануарлар үшін қойылатын карантин және денсаулығын қорғау талаптары жөніндегі хаттама және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Сапаны қадағалау, инспекция және карантин бас басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын соя бұршағы партияларына қойылатын фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттама.
Ханчжоу сапары сәтті болды
Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-ға жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуды ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Құжатқа Қазақстан тарапынан Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Қытай тарапынан – ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сюй Шаоши қол қойды.
Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастығының стратегиялық сипатын және осы елдің инвестициялық әлеуетін ескере отырып, Жоспарды іске асыру екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсендендіруге және кеңейтуге мүмкіндік береді. Аталған құжат инфрақұрылым, инвестициялар және сауда, өнеркәсіп, көлік және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың айтарлықтай кеңеюін қамтиды.
Сонымен қатар автожолдар салу және Қазақстан аумағындағы автожол инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы-Еуропа және кері бағдар бойынша теміржол магистралін салу мен жаңғыртуға кәсіпорындардың қатысуын белсенді түрде көтермелеуге бағытталды. Одан басқа, құжат екі елдің аумағында, сол сияқты үшінші елдерде логистикалық терминалдарын дамытуда кәсіпорындарға қолдау көрсетуді қамтамасыз етпек, үшінші елдер Қазақстан мен Қытайдың экспорттық-импорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал ететін болады.
Тараптар әуежайларға арналған инфрақұрылымды құру және әуе қозғалысын басқару жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға, ақпарат алмасу үшін бірлесіп алаңдар қалыптастыруға және екі елдегі әуе компанияларының бизнес жүргізуі үшін қолайлы орта жасау жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Құжат сауда саласын кеңейтуге, сауда құрылымын оңтайландыруға, сауда ауқымын ұлғайтуға, сондай-ақ екіжақты сауда айналымында жоғары технологиялы өнімдердің үлесін арттырады.
Қол қойылған Жоспар шеңберінде, Қазақстан мен Қытай индустрияның жаңа буын биотехнологиясы, энергияның жаңа көздері және жаңа материалдар сияқты салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Елдер инжиниринг техникасы мен автомобиль өнеркәсібін өндіру саласындағы ынтымақтастық ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, құжат туризм және коммуналдық шаруашылық пен сумен жабдықтау жүйелері саласындағы инфрақұрылымды салу аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Қытай тарапы Қазақстанның қалалық жылу және сумен жабдықтау желісін реконструкциялауды және жаңғыртуды қолдайды.
Жалпы, ең алдымен, мемлекет және үкімет басшыларының тұрақты кездесулері арқылы, сондай-ақ «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының шеңберіндегі Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобалары бойынша жұмыстың басталуына байланысты, Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жандана түскенін атап өткен жөн.
Қытайға тасымалданатын мұнай көлемі артады
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына сапарының қорытындысына арналған брифингте аса ірі кен орны – Қашағанның іске қосылуына байланысты Қазақстан мұнайын жеткізу мүмкіндігі артатынын айрықша атап өтті. "Қазіргі уақытта біз ҚХР-ға 7 млн тоннаға жуық мұнай жеткіземіз, бұл көрсеткішті 20 млн тоннаға дейін арттыруға, сондай-ақ Қазақстаннан Қытайға газ жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Осының бәрі елдеріміз арасындағы тауар айналымын жаңа деңгейге көтереді", – деді Мемлекет басшысы.
Отандық БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында G-20 саммитіне өзінің екінші рет қатысып отырғанын және биыл ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен келгенін айтты. "Жер шары тұрғандарының 70 пайызын және әлемдік экономиканың жартысын құрайтын мемлекеттердің басшылары бас қосатын осындай ірі іс-шараға қатысу – Қазақстан үшін зор мәртебе. Мұнда жаһандық экономика мен саясаттың салмақты мәселелері талқыланады, ірі өңірлік және әлемдік мәселелер, соның ішінде қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар әзірленеді. Бірінші сессияда сөз сөйлеген кезде мен осы барлық мәселелер жөніндегі Қазақстанның көзқарасын ұсындым. Саммиттегі пікірсайыс барысында ғаламның тынысын сезініп, әлемнің дамыған және дамушы елдерін алаңдатқан проблемаларын ұғынасың. Қазақстанға да осында көтерілген мәселелерді ескеріп, онымен алдын ала айналысуы керек", – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның индустрияландыру және инвестициялар тарту бағытында уақтылы күш-жігер жұмсағанын айтып, оның қайтарымды болатынына сенім білдірді. "Қазір жұмыссыздықтың төменгі деңгейін сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашуды ойластыру қажет, дағдарыспен күрестен экономикалық өсімге қадам басу керек. Біз 9 қыркүйекте өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы туралы айтатын боламыз", – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы саммитпен қатар оның ҚХР-ға жұмыс сапары болып өткенін еске салды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз көтерген екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселесіне Қытай тарапы қызығушылық пен мүдделілік білдіріп отырғанын айтты. "Біз бұған дейінгі уағдаластықтың барлық мәселесі бойынша, мәселен, Қазақстан аумағында бірлескен заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келдік. Бұл тізімге 51 нысан кіреді, бүгінде оның екеуі салынды, жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын төрт нысанның құрылысы биыл аяқталады. Бес жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд доллар болатын 5 кәсіпорын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы жұмысты қолдау үшін компаниялар арасында да, мемлекеттер арасында да бірлескен Қазақстан-Қытай қоры жұмыс істейді. Жібек жолын дамыту қорын да мысалға келтіруге болады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-коммуникация байланысы екіжақты күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болып қала береді. "Жыл сайын Қазақстан мен Қытай аумағынан өтетін жүк транзиті көлемінің артып келе жатқаны байқалуда. Ақтау портын пайдалану айтарлықтай жанданды, осыған дейін олай болмаған еді. Бұл жағдай Қорғас құрғақ портының, ұзындығы 300 шақырымға жететін Қорғас-Алматы теміржолының және Батыс Еуропа - Батыс Қытай торабының құрылысына байланысты болып отыр. Логистикалық орталықтар құрылды. Бұл көлік тораптары өсім нүктесі болып саналады. Сондай-ақ, біз энергетика және технология салаларындағы ынтымақтастық туралы уағдаластық", – деп атап көрсетті брифинг барысында. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылға талқыланды. "Алғаш рет Қытайға азық-түлік бидайын, басқа да дәнді-дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Бұған дейін бізде мұндай болмаған еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр. Меніңше, бұл – қуанышты жағдай. Сонымен бірге, Қытай тарапының тауар мен фитосанитарлық сапа жөнінде қатаң талаптары бар. Біздің шаруалар соған дайын болуға тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қол жеткен уағдаластықтардың нақтылануына назар аударып, екі ел үкіметтерінің оны іске асыру үшін тиісті жұмыс жүргізу керек екенін атап өтті. "Жақын арада Мемлекеттік Кеңестің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарлануда. Келіссөздер барысында елдеріміз бірлесе шешетін мәселелерді қосымша талқылайтын боламыз", - деді Қазақстан Президенті.
Брифинг қорытындысы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясында басқа да мемлекеттер мен делегациялар басшыларымен екіжақты жемісті кездесулер өтіп, оның барысында өзара мүдделілік қалыптасқан түрлі мәселелер жөнінде мазмұнды пікір алмасулар болғанын айтты.
Ханчжоуда басқосқан алыптар
Нұрсұлтан Назарбаев Ханчжоу қаласында Үлкен жиырмалық кездесулерінен өзген қаланың мәдени нысандарын аралады. Сиху көлінің жағасында орналасқан Лэйфэнт будда ғибадатханасы мен Чжэцзян провинциясының мұражайын көрді. Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Ханчжоу қаласының Лайфэнта пагодасы 977 жылы салынған, ал 1924 жылға дейін ол толығымен бұзылып кеткен. Қазір ол қалпына келтіріліп, туристер үшін ашылған.
Ханчжоу қаласында Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында АҚШ президенті Барак Обамамен кездесті. Кездесу барысында тараптар бірқатар маңызды салалардағы екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Б.Обаманың президенттігі кезінде екі ел арасындағы ынтымақтастық басым бағыттар бойынша, соның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.
Б.Обама Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың сенімді серіктесі екенін айтып, өзінің президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де өзара тығыз қарым-қатынас орнатуға әзір екенін жеткізді. Кездесу соңында Елбасы АҚШ Президенті Б.Обаманы елімізге сапармен келуге шақырды.