Мерейлі жылдың межесі биік
Мерейлі жылдың межесі биік
Жылдағы дәстүр бойынша газетіміздің жылашар нөмірі жаңа жылға жоспарланған айтулы шараларға, атаулы күндер мен мерейтойларға шолудан басталады. Сөз жоқ, осы жылдың ең басты оқиғасы – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Егемен ел өміріндегі мерейлі мезетті абыроймен өткізудің мән-маңызын, жөн-жобасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апта басында egemen Qazaqstan газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында шегелеп берді. Президент айтқандай, Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола орнығып, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Демек, ата-бабамыз аманат еткен азаттықтың 30 жылдық белесі той-томалаққа емес, тағылым мен танымға арналуы қажет.
Егемен елдің мерейлі белесі
Сөз жоқ, биылғы басты оқиға – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балауымыз заңдылық. Егемен еліміздің өміріндегі кезекті мерейлі белес – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құруға атсалысқан қазақтың ардақты ұл-қыздарының, бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қазан айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Алайда Президент қазіргі күрделі кезең той тойлайтын уақыт емес екенінде айтты.
«Келесі жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, ол экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, адам құқығын қорғау, денсаулық сақтау және білім беруді дамыту, экологияны қорғау белгісімен өтуі тиіс. Қазір осы маңызды тарихи күнге орай көптеген салтанатты іс-шара өткізетін уақыт емес, істі ұзақ уақытқа қалдырмай, біз ең қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуге міндеттіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші онжылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші онжылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші онжылдықта Қазақстан жаңа мақсат-міндеттерге ұмтылып, жаңа белестерді бағындыруға барын салуы қажет.
«Жаңғырудың жан-жақты болғаны жөн. Бүкіл халқымыз заман ағымына ілесе білуі тиіс. Өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады. Біз білімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет. Бұл ұлы Абай айтқандай, «толық адамның» айқын көрінісі», – деп Президент бағытымызды айқындап та берді. Өзгермесек болмайды. Қатерлі вирус осал тұсымыздың бәрін көрсетіп берді. Мінімізді түзейтін, өзгеретін, түлеп салатын кез жетті.
Халық санағы – онжылдық таразысы
Үш күннен кейін өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы да биылғы негізгі оқиғалардың бірі екені даусыз. Алдағы 5 жылда елдегі елеулі өзгерістер мен тұғырлы реформаларға 10 қаңтарда сайланатын халық қалаулылары бастамашы болатынын ескерсек, мемлекет ертеңіне жауапкершілікпен қарап, дұрыс таңдау жасаудың маңызы зор.
Бұл сайлау соңғы он алты жылда алғаш рет Конституцияда бекітілген мерзімде – депутаттардың құзыреті аяқталатын уақыттан екі ай бұрын өткізілгелі отыр. Саяси додаға бес партия қатысады: «Nur Otan», «Ақ жол», «Ауыл», Adal және Қазақстан Халық партиясы. Партиялардың үгіт-насихаты 9 қаңтарда түнгі сағат 00:00-де тоқтатылады. Ал 10 қаңтарда таңғы сағат 7:00-де дауыс беру басталады.
Әрбір партия өз үміткерлерінің тізімін тіркеді. Заңға сәйкес, онда әйелдер мен жастардың 30 проценттік квотасы ескерілуі шарт, яғни, партиялық тізімде әйелдер мен жастардың нақты үлесі сақталуы қажет. Мәжіліске 107 депутат өтеді. Оның тоғызы – Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері. 10 қаңтарда Мәжіліс пен мәслихат депутаттары партиялық тізіммен сайланса, 11 қаңтарда Ассамблея мүшелері өз үміткерлеріне дауыс береді. Ал облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға барлығы 3 276 депутат сайланады. Олар да партиялық тізіммен өтеді.
2021 жылы өтетін тағы бір маңызды шара – ұлттық халық санағы. 2019 жылы жүргізілуі тиіс болған санақ ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты 2020 жылғы ақпан-наурыз айларына ауыстырылған болатын. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты халық санағы тағы да шегеріліп, биылғы қазанға белгіленді. Бұл науқанға бюджеттен 8,2 миллиард теңге жұмсалады деген ақпарат таратылған еді. Оған санақ жүргізетіндердің жалақысы, планшеттер және тағы басқа шығындар кіреді.
Қазақстанда ұлттық халық санағы он жылда бір рет өткізіледі. Соңғы рет 2009 жылы өткен санақта елімізде 16 миллион адам болды. Ол 1999 жылғы санақпен салыстырғанда 1 миллионға артық.
Ұлт мақтаныштарының мерейтойы
Биыл 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл толады. Кіші жүздің беріш руынан шыққан батыр – Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. XIX ғасырдың 30-жылдары әртүрлі алым-салықтан күйзелген, жайылым жерден айырылған халықты көтеріліске шығып, әділетсіздікпен күресуге үндеген Исатай Тайманұлы еңсесі езілген қазақтың рухын көтеріп, намысын қайрады. Ержүрек қолбасшы 1838 жылы Ақбұлақ өзенінің жағасындағы кескілескен шайқаста қаза тапты.
Сондай-ақ 2021 жылы елімізде қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы атап өтіледі. «Кел, балалар, оқылық!» деп қазақ бүлдіршіндерін білім алуға шақырған ұлағатты ұстаздың «Қазақ хрестоматиясы» оқулығы ұрпақтың игілігіне айналды. Ыбырай Алтынсарин қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөліп, 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастырды. Қаламгердің «Қарға мен түлкі», «Әй, достарым», «Әй, жігіттер», «Өзен» өлеңдері мен «Асыл шөп», «Ақымақ дос», «Бір уыс мақта», «Білгеннің пайдасы», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Жаман жолдас», «Жамандыққа жақсылық» секілді әңгімелері әлі күнге дейін өзектілігін, ұрпақ тәрбиесіндегі құндылығын жоймай келеді.
2021 жылды мерейтойларға толы жыл деуге толық негіз бар. Биыл қазақтың дүлдүл ақыны, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының һәм Алашорда үкіметінің жетекшісі, ғұлама ғалым, публицист Әлихан Бөкейханның 155 жылдығын, халқымыздың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын, Алаш зиялысы, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаевтың 145 жылдығын лайықты атап өту міндеті тұр.
Ұлылар ұлықталар жыл
Қазақ мәдениеті мен өнерінің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан бірқатар қайраткерлердің де мерейтойы сиыр жылына дөп түсіп тұр. Биыл ұлттық театр өнерінің және қазақ кинематографиясының дамуына еңбегі сіңген белгілі режиссер, актер Серке Қожамқұловтың туғанына 125 жыл толады. Ол 1896 жылы 5 мамырда Қостанай облысы Қарабалық ауданына қарасты он үшінші ауылда дүниеге келген. Тройцк қаласындағы медреседе білім алған Серке Қожамқұлов кейін Азамат соғысы кезінде Әліби Жангелдиннің партизандық отрядында болады. Орынбор қаласында білім алуды жөн көрген ол 1923 жылы оқуын бітіріп, Қостанай қаласында сот тергеушісі болып жұмысқа орналасады. Онда әртістік қабілетімен танылып, 1925 жылы тұңғыш Қазақ театрына режиссерлік қызметке жіберіледі. Серке Қожамқұлов Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі болды. Театрда режиссерлік етіп қана қоймай, сахнада Мырқымбай, Қоңқай, Көбікті, Қарабай, Еспембет сияқты образдарды сомдады. Сондай-ақ «Амангелді», «Ақ раушан» фильмдерінде, Шәкен Аймановтың «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық комедиясында басты рөлдерде ойнады.
2021 жылы ұлттық музыка өнеріндегі елеулі есімдердің бірі, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың 115 жылдығы атап өтілмек. Ахмет Қуанұлы қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп тануда, жорып түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр-қайрат көрсеткен тұлға. Өз кезіндегі музыкалық білім сатыларының бәрінен өткен кемел білім иесі, оған қоса Тәңірі тал бойына ғажайып қабілет пен ұлтжандылық сезімін дарытқан А.Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті деген жалпылама ұғымды ұлт болмысындағы нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдыру үшін тыным таппастан еңбек етті. Алғашқы музыкалық әліппе, қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыкалық сынақ шеберханасы, Ғылым академиясындағы өнертану секторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет жөне өнер институтының музыка бөлімі, Қазақтың халық аспаптары оркестрі, Қазақтың мемлекеттік филармониясы, Қазақ консерваториясы, ондағы халық аспаптары кафедрасы, Қазақтың музыкалық театры, қазақ музыкасы туралы оқу құралдары – міне, осының бәрінің ұйтқысы А.Жұбанов болды. Мұның сыртында дирижерлік, ұстаздық, ғылыми-зерттеушілік, қоғамдық, әсіресе шығармашылық жұмыстарының өзі сала-сала болып, өнегелі, өмірлі арналарға ұласты.
Биыл белгілі композитор, педагог, Қазақ КСР-інің халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халық музыкасын жинаушы Латиф Хамидің туғанына да 115 жыл толады. Латиф Хамиди Қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері болды, П.Чайковский атындағы музыкалық училищеде, Қазақ консерваториясында ұстаздық етті. Композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Аттаныңдар майданға», «8-гвардия дивизиясының әні», «Батыр қыз», «Нүркен» әндері тыңдарманын қаһармандық сезімге бөледі. Ол қазақ музыкасына тұңғыш вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін шығарған. Сондай-ақ оның әсем әуенімен ерекшеленетін вальстері, хорлары, симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі үшін камералық-аспаптық шығармалары, қойылымдар мен кинофильмдерге арналған туындылары өміршеңдігін дәлелдеді. Композитор қазақтың опера өнерін өркендетуге де үлкен үлес қосып, «Абай», «Төлеген Тоқтаров», «Жамбыл» операларын, «Жамбыл мен Айкүміс» музыкалық пьесасын, «Балбұлақ» опереттасын жазды.
115 жылдық мерейтойы атап өтілетін қазақтың тағы бір мақтанышы – ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хәкімжанова. Қаламгер 1906 жылы 16 қарашада Қостанай облысы Қостанай ауданы Қобыланды ауылында туған. Алғашқы өлеңдері 1929 жылы «Әйелдер теңдігі» журналында жарық көрді. «Жеңешем өлеңдері» деген алғашқы жинағы 1935 жылы басылып шықты. Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметов жайлы жазған «Мәншүк» поэмасы 1945 жылы қазақ тілінде, 1947 жылы орыс тілінде жарық көрді. Ақын 1995 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті.
Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дауылпаз ақыны, көркем әдебиеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар дарын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына арналған шаралар да әдебиет өкілдерінен, жырсүйер қауымнан зор жауапкершілік талап етеді. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп жырлаған ақын өмірден ерте кеткенмен, болашақ ұрпаққа мол мұра қалдырды. Бейбіт өмірді, қан майданды, туған жер мен ата-ананы, достық пен махаббатты, табиғатты биік парасаттылықпен, шынайы сезіммен, зор тебіреніспен жырлады. Ақынның шығармашылық мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды. Қаламгердің шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясы әр буын оқырмандарының ықыласын жаулап, қай кезеңде де өзектілігімен, өміршеңдігімен тамсандырып келеді.
Қасым Аманжолов – көркем аударма өнерінің де шебері. Ол орыс, Батыс және Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын – лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне зор шабытпен аударды.
Тағылымға толы ғасырлық тойлар
Сиыр жылы ғасырлық мерейтойлар легімен есте қалғалы тұр. Осыдан дәл 100 жыл бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Қапан Мусин дүниеге келген. Қапан Әубәкірұлы 1943-1953 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері болды. 1960 жылдарға дейін Алматы консерватиясында ұстаздық қызмет атқарған. Композитор халық аспаптары оркестріне поэмалар, симфониялық оркестрге арналған үш симфония және атақты «Жайлауда» атты симфониялық поэмасын, «Халық бақыты үшін», «Мереке» поэмаларын жазды.
Өнер қайраткері 1970 жылғы 21 сәуірде Алматы қаласында қайтыс болды.
Биыл қоғам қайраткері, белгілі заңгер, ғалым Салық Зимановтың туғанына 100 жыл. Ол 1990-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесіне халық депутаты болып сайланған. Жоғарғы кеңес төралқасының, сыртқы қарым-қатынастар мен парламентаралық байланыстар комитетінің мүшесі, ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитет төрағасы болды. Заңгер ретінде тәуелсіздік алған Қазақстанның халықаралық қарым-қатынасын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне араласқан.
Сонымен қатар биыл «Ақиқат» журналының шыққанына 100 жыл толмақ. Ұлттық қоғамдық-саяси журнал ең алғаш 1921 жылы 15 қыркүйекте «Қызыл Қазақстан» деген атаумен Орынборда жарық көрген еді. 1925 жылы шілдеден бастап 1929 жылдың соңына дейін «Қызыл Қазақстан – Красный Казахстан», 1930-31 жылдары Алматыда «Қазақстан большевигі – Большевик Казахстана», 1932-38 жылдары «Ауыл коммунисі», 1938-41 жылдары «Коммунист», 1952-57 жылдары «Қазақстан коммунисі – Коммунист Казахстана», 1958-91 жылдары «Қазақстан коммунисі» деген атпен шығып отырды. 1991 жылдан бастап басылым «Ақиқат» журналы деген атауға ие.
«Жас Алаш» газетінің алғашқы саны да осыдан 100 жыл бұрын жарық көрген болатын. 1921 жылы 22 наурызда Ташкентте шыққан басылымның ұйымдастырушысы әрі бас редакторы Ғани Мұратбаев болды. Ал газеттің жауапты хатшысы Ілияс Жансүгіров болған. Газет әр жылдары түрлі атпен шығып тұрды, оған сол кездегі қаржы тапшылығы себеп. Басылым 1927 жылғы 22 қыркүйектен «Лениншіл жас» деген атпен шыға бастады. Газетте Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов және Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов секілді белді қаламгерлердің мақалалары жарияланып тұрды. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін басылымға «Жас Алаш» атауы қайтарылды.
Қысқа қайырсақ, сиыр жылы – елдің ертеңі үшін мән-маңызы зор шараларға, тарихымыз ұлықталып, рухани байлығымыз түгенделер тағылымды мерейтойларға толы жыл. Өткенге құрметіміз, болашаққа деген жауапкершілігіміз сыналар уақытты даңғаза мен даурықпаға емес, даму мен тануға жұмсасақ игі.