Карьерлердің экологиялық талаптарды сақтауы қадағаланады

Карьерлердің экологиялық талаптарды сақтауы қадағаланады

Карьерлердің экологиялық талаптарды сақтауы қадағаланады
ашық дереккөзі
Апта басында ҚР Парламент Мәжілісі депутаты болуға үміткерлер Маңғыстау ауданында үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Науқандық жұмысқа кандидаттар мен сенімді өкілдері атсалысты. Кандидат Еділ Жаңбыршин кездесуді Шетпе ауылында ұйымдастырды. Серікбол Қондыбай атындағы мұражайда ауыл тұрғындарымен кездесіп, Nur Otan партиясының ауданға арналған бағдарламасы жайында айтты. Қатысушылар сұрақтарын жолдады. Ауыл тұрғындары Шетпедегі карьерлерден көтерілетін шаң таза ауамен тыныс алуға мүмкіндік бермей отырғанын жеткізді. Оған қоса азық-түлік бағасы қымбат деген шағымдарын айтты. Ауыл шаруашылығын дамыту, жер мәселесі, газ құю станциясының құрылысы бойынша да ұсыныс-пікірлерін білдірді. Е.Жаңбыршин карьерден көтерілетін шаң мәселесі партия назарында екенін жеткізіп, сайлауалды бағдарламада дәл осы мәселе қарастырылғанын тілге тиек етті. Ауданда қиыршық тас өндіріп жатқан карьерлердің экологиялық талаптарды сақтауы қадағаланатын болады. Басқа да қойылған сұрақтарға жауап беріліп, қадағалауға алынатыны айтылды. Е.Жаңбыршин Шетпе ауылы тұрғындарымен кездесуден кейін, ауыл ақсақалдарымен бөлек басқосты. Ардагерлер кеңесі ауылға, ауданға қатысты бірнеше мәселелерді қозғады. Әнес Сегізбай Шетпе ауылындағы теміржол өткеліне көпір салу, "Акционерлік қоғам туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы ұсынысын жеткізді. Ақсақалдар жер, экология мәселелерін қозғады. Аға буын бірауыздан сайлауға қатысатындықтарын айтып, ақ батасын берді. Шетпе сапарында кандидаттың сенімді өкілдері үй-үйді аралап, «Есіктен-есікке» акциясын жүзеге асырды. 73 отбасыны партия бағдарламасымен таныстырды. Мәжіліске облыс атынан ұсынылған тағы бір кандидат Самат Мұсабаев Маңғыстау ауданы сапарында Жыңғылды мен Шетпе ауылдарына табан тіреді. Жыңғылды ауылының сыйлы азаматы Баянғали Төлеубайұлының шаңырағына барды. Әңгіме барысында ауылдың жағдайы толық сарапталып, тегіс баяндалды. "Ауылдың басты мәселесі - медицина. Ауыл үлкен, дәрігерлік амбулатория ғана істеп тұр. Маман жоқ, бар маманның жасы ұлғайды. Енді бірер жылда мүлде дәрігер қалмауы да мүмкін. Сосын мына өзіміз "Қожагелді ауыл" деп атайтын көшеде инфрақұрылым жоқ. Сол бір шешімін тапса деген тілегім бар. Бастап қалдым ғой, бәрін айтып тастайын: бұл ауылдың клубы да ескі. 1956 жылы салынған сабан үй. Бір жаңа мәдениет үйі салынса қуанар едік. Ардагерлер үйіне ғимарат болса" деп жеткізді Б.Төлеубайұлы. 2022 жылы Жыңғылды, Сай-Утес ауылдарында 200 орынды кітапханасымен мәдениет үйі мен дәл осы жылы Жыңғылды ауылынан 160 көрерменге арналған спорт кешені бой көтереді. Медицина саласында да жұмыстар жасалып, қажетті мамандар кадрларды тарту арқылы шешімін табады. С.Мұсабаев сапар барысында ауыл үлкені Кәдірберді ақсақал, ғасыр жасаған кейуана Ақгілек әжеге амандаса барды. Кәдірберді ақсақал: - Сайлауыңды естіп отырмын. Барамын. Көзім көріп отырған бақытты ел үшін дауыс беремін, - деді. Үгіт-насихат жұмысы Шетпе орталық базарында, «Шаңырақ» сауда үйінде жалғасты. ҚР Парламент Мәжілісі депутатына үміткер Оспан Қазақбаев өзі Жаңаөзен қаласына жол тартып, ал сенімді өкілдері Шетпе ауылында үгіт-насихат шарасын жүргізді. Бірқатар ауыл үлкендерінің шаңырақтарында болып, ақсақалдардың хал-жағдайын сұрады. Ауыл шаруашылық саласының ардагері, 78 жастағы Нәсухан ақсақал: - Партия жұмысымен танысып, еліміздегі қандай да жұмыстың басы қасында «Nur Otan» партиясы жүретінін білеміз. Бұл жолғы бағдарламасы да көңілге қонымды. Науқан сайын жоспарлаған жұмыстарын жүзеге асырып, сенімді ақтап келеді, - деді. Бұдан бөлек О.Қазақбаевтың сенімді өкілдері 84 жастағы Қызылбай Бекмұрзин, мұнай саласының ардагері Ербол ақсақалдың да шаңырақтарында болып, партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген нақты бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауыл үлкендерін сайлауға шақырды.

 Nur Otan партиясы Маңғыстау облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді