Халық партиясының мүшелері талғарлықтардың талап-тілегін тыңдады
Халық партиясының мүшелері талғарлықтардың талап-тілегін тыңдады
Алматы облысындағы үгіт-насихат тек облыс және аудан орталықтарын ғана емес, шалғай ауылдарды да қамтуда. Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттар сайлаушылармен жеке кездесу үшін шалғайда орналасқан Талғар ауданына барды.
Алматы облысы бойынша сайлауалды штабтың активі Талғар аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Рафаэль Гайтиновты қолдау үшін Панфилов ауылына барды. Халықпен болған кездесуде Халық партиясының сайлауалды тұғырнамасы таныстырылды, оның әлеуметтік мемлекет құру жөніндегі бастамалары, партиялықтар жүзеге асыруға ұмтылатын мақсаттар мен міндеттер айтылып, түсіндірілді. Кандидаттың өзі ауыл тұрғындарына жақсы таныс. Рафаэль Гайтинов элиталық тұқым өсіру шаруашылығында – «Айршир» ЖШС-де директордың орынбасары болып жұмыс істейді.
Кездесуге аудан белсенділері, ауданның қоғамдық кеңесінің, ҮЕҰ мүшелері, ауыл ақсақалдары және еңбек ұжымының өкілдері қатысты. Ауыл тұрғындары партия бағдарламасын қолдады. Сонымен бірге өздерін толғандыратын мәселелерді талқылауға шығарды. Біріншіден, тұрғындар аудандық аурухананы жекеменшікке беруге келіспей отыр. Оның үстіне қандай да бір басқа балама жоқ. Енді науқастарды қабылдау «Айршир» ЖШС-ның акт залында жүргізіледі. Сондай-ақ кездесуде ауылдың, ауданның, облыстың шешуді талап ететін көптеген мәселелері қозғалды.
Экономикалық және әлеуметтік мәселелерден бөлек, өскелең ұрпақ пен жастардың болашағына қатысты проблемалар да назардан тыс қалмады. Кандидаттың республикалық спорт мектебінің директоры болып жұмыс істейтін сенімді өкілі Константин Муратиди өз сөзінде былай деді: «Ең үлкен кемшілік – жастардың тәрбиесіне мән бермеу. Мұнда керемет балалар өсіп келеді. Бастысы – оларды көре білу, түсіну, олардың дамуына шынайы қызығушылық таныту. Бұл жаңа буын!».
– Жастардың, біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін ҚХП өзгерістер қажет екенін жақсы біледі. Жас қазақстандықтар толыққанды өмір сүруі, дамуы және әрбір адам әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын, бақытты әрі гүлденген ел құруы үшін өзгерістерді қазірден бастау керек, – деп қорытындылады Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Сәуле Биғарова.